Бұғып қалған 69-дың мұнысы несі?

Байділдә АЙДАРБЕК

13.05.2022, 07:56

2515

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлына,

мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровқа

27 сәуірде өткен парламент мәжілісінде Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, Конституцияның 7-ші бабын өзгертіп, мемлекеттік тілдің статусын жеке дара айқындау, еліміздің ақпарат алаңын шетел телеарналарынан тазарту, елімізге көршілес елдерден ағылып жатқандарға тосқауыл қою мақсатында – Қазақстан Азаматтығын алу үшін қазақ тілі мен ел тарихынан емтихан тапсыру туралы Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі, ақын Қазыбек Исаның көтерген сауалын қолдап, 107 депутаттың 38-і ғана қол қойып, қалған 69 депутаттың қолдаудан бас тартқаны белгілі болды. Ал сол «бұғып қалған» 69 депутаттың ішінен Берік Әбдіғалиұлы, Құдайберген Ержан, Дархан Мыңбай, Берік Оспанов, Ерлан Саиров, Айдос Сарым секілді халық сенім артып келген тұлғалардың да табылуы 30 жылдан кейін алғаш рет ертеңіне сенім артып, ұлттық рухы мен намысы там-тұмдап болса да ояна бастаған халықтың ашу ызасын тудырды.  

Арада көп өтпей әлеуметтік желіде Берік інім, сенің, артынша Ерлан інім, сенің жазбаларың пайда болды. Онда екеуің де жай халық түсіне бермейтін өз дәлелдеріңді алға тартып, ақталуға барынша күш салғандарыңды байқадым. Екеуінен де жасымның әлдеқайда үлкендігін, сондай-ақ өздеріңді сайлаған халықтың бір бөлшегі екенімді пайдаланып, сендерге (алдағы кезде де ақталуға тырысатын басқа депутаттарға да) мынаны айтқым келеді: Сендер «Жау кеткен соң қылышыңды..» дегендей тым кеш ақталып отырсыңдар. Өйткені сендер бар, сендермен бірге бұғып қалған басқалары бар, жалпы 69 депутатқа халық берер бағасын беріп те қойды. Қандай баға бергенін өздерің де оқып жатқан шығарсыңдар. Мен де тіл жанашырының бірі ретінде оларды толық қостай отырып, сендердің елге, тілге деген сүйіспеншілік сезімдеріңнің тым жоғары екеніне күмәнмен қарайтынымды жасыра алмаймын. Неге? Өз ойымды айтайын. Мейлі, депутат Қазыбек Иса жолдаған сауал өздерің айтқандай тым маңызды құжатқа жатпай-ақ қойсын, бірақ ол сауалда мемлекетіміз үшін өте маңызды мәселе – қазақ елінің, қазақ тілінің тағдыры, болашағы жайлы айтылды болды ғой. Олай болса, басқа емес, қазақ елі мен қазақ тілінің аты аталып, тағдыры сөз болып жатқан жерде жалтақтық, күмән, сенімсіздіктің бәрін жиып қойып, еш ойланбастан білекті түріп жіберіп, сол құжатқа қол қоя салуларыңа болмас па еді? («Отан үшін отқа түс, күймейсің» Бауыржан Момышұлы). Өздеріңді сайлаған қара халық саясатты жетік біле бермейтін де шығар, әйтсе де, жұдырықтай жұмылып, бәрің бірдей қол қойғанда, олар сендерге шын ризашылық танытып, мәз болып қалатын еді ғой… Неге екенін білмеймін, бірақ сендер үнсіз қалдыңдар. Әлде өз ана тілдеріңді менсінбедіңдер ме? Әлде «Жаңа Қазақстанның» ертеңіне күмәнмен қарап, өз тілдеріңді қолдап, қорғап қол қоюға күш-жігер, батылдарың жетпей, әлдекімдерге жалтақтап, үнсіз қалуды жөн көрдіңдер ме? («Жұрттың көбіне ақыл берілгенмен, жүрек бәріне бірдей берілмеген» Бауыржан Момышұлы). Иә, білемін, әлеуметтік желіде өз дәлелдеріңді алға тартып, (сауал жолдаған Қазыбек Исаны кіналап) сауалды неге қолдамағандарыңды түсіндіріп, тереңнен ойлайтын, ақыл-пайымы жоғары жан екендеріңді көрсетуге тырыстыңдар. Мүмкін, солай да шығар… Олай болса, сол депутаттық сауалды жолдаған Қазыбек Иса, оны қолдап, қол қойған 38 депутат та барып тұрған саяз ойлы, ақылсыз жандар болғаны ғой?! Жоқ! Егер, олай ойласаңдар, қателесесіңдер. Өйткені қаңтар қырғынынан кейін кішкене болса да көзі ашылып, оң-солын танып қалған қалың жұрттың көзқарасы мүлдем басқаша. Олар – елдің, тілдің тағдырын, ертеңін ойлап, ойланбастан қол қойған 38 депутатты Отаны үшін отқа түсуден тайынбайтын нағыз жау-жүрек, хас батырлардай дәріптеуде. Ал сын сағатта басын құмға тыққан түйетауықтай үнсіз қалған 69 депутатты, яғни сендерді аямай айыптап, қара жерге тығып жатыр. Қазақстан азаматы бола тұра, мемлекеттік тілді қолдауда қорқақтық, жалтақтық танытты деген ауыр айып тағып, 69 депутаттың да парламент мәжілісінен кетуін талап етуде. Иә, кеше өздеріңді сайлаған халық бүгін сендерге сенімсіздікпен қарап, айтуға ауыз бармайтын ауыр сөздерді де айтып жатыр. Киімге жұққан кірді жуып кетіруге болады. Ал арға жұққан кірді қалай кетіруге болады? Екеуің арларыңа жұққан кірден, тағылған ауыр айыптан қалай тазармақсыңдар? Өз басым, ол кірден тазарып, халықтың сеніміне қайта кірулеріңе әлі де мүмкіндіктерің бар деп ойлаймын. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, ең алдымен саналы түрде жіберген қателіктерің үшін – халықтың алдында кешірім сұраңдар. Сонан соң сол жіберген қателіктеріңді өз қолдарыңмен қайтып түзетуге барынша күш салыңдар. Ол үшін бүгінде қолға алынып жатқан мемлекеттік Конституциямызға (Ата заңымыз деп айтуға да болады) өзгерту мен толықтырулар енгізу кезінде белсенділік қана емес, өлермендік, жанкештілік мінез танытып, «мемлекетіміздің атауы – Қазақ елі, мемлекеттік тіліміз – бір ғана Қазақ тілі (Қазақ елінің азаматтары сондай-ақ көршілес елдерден келушілер ұлты, діні, шеніне қарамастан мемлекеттік тілді білуге және сол тілде сөйлеуге міндетті, т.б.) деген сөз жолдарын енгізуге қол жеткізсеңдер, соның өзі де сендердің халық сеніміне қайтып ие болуларыңа әбден жетіп жатыр.

«Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел. Күйреген рухты қайта қалпына келтіру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы» Шерхан Мұртаза.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Күлтегін БЕК 06.06.2023, 09:46
Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 12:42
Жұмыссыз ерлер Қызылордада, жұмыссыз әйелдер Маңғыстауда көп
Күлтегін БЕК 31.05.2023, 09:42
Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 31.05.2023, 04:57
Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.05.2023, 16:26
172 мың түлектің үміті желге ұшты
Күлтегін БЕК 30.05.2023, 10:03
ЕАЭО жиынындағы екеу және басқалар

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11