Былыққа батқан ҚТЖ

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

19.10.2022, 00:24

1714

Бүгінде экономикамыздың  күретамыры саналуы тиіс «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ына қарата айтылатын сын өте көп. Қазақстан теміржол паркіндегі вагондардың әбден тозғандығы, сатып алынған жаңа вагондардың да талапқа сай еместігі, жалпы саладағы қызметтің сапасыздығы, ҚТЖ-ны жайлаған жемқорлықтың тым тереңдеп кеткені айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Бірақ айтпасқа тағы болмайды...

   Жалпы, теміржол саласының экономиканы алға сүйреуші негізгі күш екені белгілі. Қазір әлеуметінің ахуалын көтергісі келген елдердің дені теміржолға қатысты заманауи жобаларды қолға алып, ел мен елді елдестіретін транзит тасымалының өркендеуіне барынша назар аударуда. Болашақта біздің үкімет те президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай ҚТЖ-ны трансформациялауға едел-жедел кірісуі керек. Бұған қатысты өткен аптада үкімет басшысы Әлихан Смайылов арнайы кеңес те өткізді. Кеңес барысында ҚТЖ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев трансформациялау жоспарын таныстырды.

 ҚТЖ болашақта теміржол, авто және теңіз көлігін тарта отырып, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ терминалдар желісін дамыту нәтижесінде шетелде жүктерді жинақтау орындарында логистикалық қызмет көрсетумен айналысатын болады. «Бұл трансұлттық көлік дәліздерінің дамуына, жаңа логистикалық тізбектердің қалыптасуына серпін береді және отандық бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады» деді төраға Нұрлан Сауранбаев.

   Алайда  компания төрағасы осылай дегенімен бірқатар мамандар ҚТЖ-ның тынысы ашылып, қанатын кеңге жаятынына аса сенбейді. Себебі мамандар бүгінде бұл саланың былыққа әбден батқанына ашынып отыр. Мысалы, теміржол саласында сұранысы көп билеттерге алыпсатарлық жасалып, жасанды тапшылық арқылы билет бағасын көтеру жүйелі тірлікке айналған. Жолаушылар вагондарының жалпы тозуы бүгінде  28 пайызды құрайды, оның ішінде 20 жылдан артық қолданылып жүрген жолаушылар вагондарының тозуы 55 пайызды құрайды. ҚТЖ-ға қатысты бұл есеп-қисаптарға қарап, бейне бір «мемлекеттен ешқандай қолдау көрмейтін, өз көшін өзі сүйреп жүрген компания ма» деп те қаласың. Бірақ теміржол тасымалдаушысының басқа да жобалар арқылы табыс тауып отырғаны белгілі. Әуежайлар, автожол секторы, халықаралық «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығы күні кешеге дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқаруында болғаны мәлім. Бұған қоса, соңғы бес жылда ҚТЖ-ға мемлекеттік субсидия да бөлініп келді. Бұдан бөлек, зейнетақы қорынан да теміржол саласын жаңғыртуға қомақты қаражат берілді. Осылайша, үкімет ҚТЖ-ны қолдауды бір сәтке де ұмытқан емес. Бірақ ҚТЖ үкіметтің осынша қолдауына қарамастан, дамып, алға серпіліп кете қойған жоқ. Керісінше, есеп комитетінің есебінше, ҚТЖ-ның   сыртқы қарызы қазір 1, 9 трлн теңгеге жеткен.

Бұл ретте сала мамандарының «ҚТЖ жемқорлардың жемсауына айналған компания болып барады, ол жақсы нышан емес, қарызға бату, қаражатты сауатсыз жұмсау кез келген саланы құрдымға батыратын әрекет» деген пікірлерін ескермеске тағы болмайды.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, алдағы уақытта ҚТЖ-ның транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылуы өте сауатты жүргізілуі керек.

Маманның айтуынша, ҚТЖ қазірде Maersk, Evergreen, Deutsche Bahn AG сияқты транзиттік-логистикалық корпорациялардың тәжірибесін негізге алып, қайта құруды жоспарлап отыр. 

— Бұл арада айта кететін жайт, аталмыш компаниялар маусымдық кезеңдер үшін қосымша төлемдер енгізіп отырады. Бұл олардың тасымалдау бағасының 4-5 есе өсуіне және жеткізілім мерзімдерінің тұрақсыздығына әкелді.  ҚТЖ-ның трансформациясы бастапқы кезеңде демпингке (бәсекелестерді жою мақсатында), ал одан әрі тарифтердің өсуіне не қызметтер құнына басқа да үстемақылар қосылуына әкелуі мүмкін. Мұның арты бизнестің наразылығын тудырып, түрлі қайшылықтарға соқтырады. Сондықтан осы арада әбден зерттеу керек. Монополистердің бағаны негізсіз өсіруіне жол бермеген жөн, – дейді қаржыгер Арман Мусин.  

Негізінен, мамандардың пайымдауынша, ҚТЖ компаниясы бұдан бұрын да 2016-2019 жылдары бизнесті трансформациялау, одан кейін цифрлық трансформациялау тәрізді өзгерістерге жүгініп көрді. Бірақ мұның нәтижесі де аса бір көңіл қуантарлықтай болмады. Керісінше, мұндай жаңашылдықтар арқылы жемқорлардың жемсауы толып, ҚТЖ арқылы базбіреулер әбден шіріп байып та алды.

Ал бұл жолғы трансформациялау былыққа батқан ҚТЖ-ны биікке шығара ала ма?! Оны да әзірге  уақыт еншісіне қалдыруға тура келіп тұр.  Жалпы, «мешкей деген ат жақсы емес». ҚТЖ-ны кезінде басқарғандар мен қазіргі басқарушылар – бір сәт осыны ұқса етті...

Тегтер: ҚТЖ теміржол қызмет лауазым кандидат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16