Даудың басы - мектеп

Айдын ОЛЖАЙ

28.07.2022, 08:43

3306

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігінің (QR Oqu-ağartu ministrlıgı) кешегі хабарламасына сенсек, биыл 400 мыңға жуық баланы бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтініш берілген екен. Бұл әзіргісі ғана.

Шүкір, дейік. Жә, елімізде бала көп, алайда ел мектептерінде әлі 265 мың оқушыға орын жетіспей тұр. Болжам бойынша, осы түрімізбен 2025 жылға қарай мектептегі орын жетіспеушілігі миллионға жетіп қалуы да бек мүмкін.

Бірер жыл бұрын «И» мен «К» сыныптарын көрген Алматы маңайындағы халық тығыз ауылдар таяу жылдары үш ауысыммен оқитын «Э», «Ю», «Я» сыныбы деп, әліппедегі әріптерді тауысатын түрі бар.

Бұл сөзсіз, мектептегі білім сапасының одан сайын төмендеуіне әкеледі. Онсыз да біліміміздің сапасы оңбай төмендеп жатқанда. Соңғы он жылда PISA бойынша Қазақстанның көрсеткіштері әбден төмендеп, енді Панама мен Ливанның деңгейіне дейін түскенін несіне айтайық. Ал ары қарай не болмақ? Сапалы білімнің жоқтығы жас буынның болашағын жоқ қылып, жастардың заңсыз жолға түсуіне себепкер болады ғой?!

Міне, бұл «ескі Қазақстандағы» елбасының «сарабдал саясаты» мен білім беру жүйесі, денсаулық сақтау, ғылым мен басқа да елге маңызды салаларға шын қажет ақшаның оңды-солды ұрлануының ащы жемісі. Біз енді шын «жаңа Қазақстан» болсақ, шынымен, бірдеңе етуіміз керек. Енді қимылдамасақ, онда қашан? Нені күтіп отырмыз?

Кеше астана әкімі, «ескі Қазақстаннан» «аман қалған» «көптің бірі» — Алтай Көлгінов көлгірсіді. Оның Нұр-Сұлтан атауынан әлі арылмаған «астанасында» биыл 25 мың бала мектеп табалдырығын аттайын деп отыр екен. Енді екі-үш жылдан кейін бірінші сыныпқа баратын ұл-қыздардың саны 35 мыңға оңай жететінін астанадағы билік біліп отыр ма екен? Астана да Алматы сияқты атасы мен әкесі отырған қара жерін тастап, қазақ пен қалған халықтың бәрі жиналып жатқан миграция орталығы болды. Көлгінов енді 5 мың орындық мектептер салу арқылы мәселені шешейік депті. Ондай тым үлкен мектептерде жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыс жиілейтінін, білім сапасының тым төмен болатынын біз білсек те, біздің әкімдер неге білмейді?

«Ей, билік, мектеп қайда, мектеп?», деп «Жас Алаш» газеті былтыр-ақ дабыл қаққан-ды. Былтырғы деректерде елімізде мектеп жасындағы 3,48 миллион бала болған. Соңғы 10 жылда елдегі мектеп оқушыларының саны миллион балаға көбейген. Егер Қазақстанда салынатын кәдімгі үлкен типтік, 1200 оқушыға арналған мектептермен санасақ, соңғы 10 жылдың ішінде билік ел бойынша 775 мектеп салуы тиіс болған. Бірақ өкінішке қарай, батыстағы төрт облыста, оңтүстіктегі төрт облыста мектеп құрылысының қарқыны тым бәсең, тіпті, Алматы, Шымкент пен астанада да мектеп құрылысының қарқыны демографиялық өсімнің соңына ілесе алмай, қатты қалыс келеді.

Зерттеуші-демограф Мақсат Имандосовтың сөзінше, Қазақстанға басқасын айтпағанда, тек қазіргі оқушы орындарының тапшылығын жою үшін кемінде, 10 жыл бойы тоқтамай, мектеп сала беруіміз қажет. Оның өзі тек мектепте оқушыларды үш ауысыммен оқыту деген масқараны жойып, шамадан тыс тығыздалған екі ауысымдық мектептерді жеңілдету үшін ғана. Қысқасы, мына мемлекет алдағы 10 жылда қазіргі мектептегі орын тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен бірге, осы уақыт ішінде қосымша миллион оқушыға арнап 850-ден астам жаңа мектеп салуы тиіс.

Тегтер: мектеп білім шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41