Дизель отынын таппай жүр талай ауыл баласы...

Мариям МАҚСАТ

08.10.2021, 14:28

557

Елдегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі орналасқан Павлодар облысында дизель отыны жоқ. Шөп шауып, көмір таситын жұрт жанармай таппай сандалып жүр. Отын болмаған соң, облыс ішінде жүретін автобустар да тоқтады. Ал әкімдіктегілер «тапшылық жоқ» деп бет бақтырмайды.

Павлодар облысында дизель отынының бағасы ай сайын аспандап барады. Тамызда бір литрі 196 теңге болса, қыркүйекте 270 теңгеге дейін көтерілді. Ал қазан айындағы бағасы 290 теңгеге дейін жетті. Бірақ мұндай қымбат дизель отынын табудың өзі мұң болып отыр. Жанармай бекеттері қолма-қол ақша түгілі, алдын ала сатып алынған арнайы талондар арқылы сұйық отын жіберуден бас тартады.

Мұндай қиындық қыстың қамына кіріскен ауылдағы ағайынға әжептеуір салмақ салады. Шөп, көмір сатумен айналысатын кәсіпкерлер де отынның тапшылығы мен бағаның күрт қымбаттағанын негізге алып, өнімдердің бағасын өсірді. Мәселен, былтыр көмірдің бір тоннасы 10-15 мың теңге болса, қазір 15-20 мың. Шөп те солай. Өткен жылы ауыл халқы мал азығының бір тіркемесін 30-35 мың теңгеге алса, бүгінде 40-45 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Ол аздай, Павлодар мен Екібастұз арасында жүретін автобустар тоқтап тұр. Себеп: дизель отыны жоқ. «Сапаржай-Павлодар» ЖШС басшысы Павел Браславский бұған дейін «Helios»-пен келісімшарт жасалып, талондар сатып алынса да, бекеттегілер жанармай құйып беруге құлықсыз екендігін айтады

– Екібастұзға күніне 12 автобус қатынайтын. Әрқайсысының бір рейс жасауы үшін 90 литр дизель отыны керек. Бірақ мұндай көлемдегі жанармай жоқ. Базынамызды білдіріп, әкімдікке хат жаздық. Ал басқармадағылар «ондай проблема жоқ» деп айды аспанға шығарды. «Талонмен бермесе, қолма-қол ақшаға сатып алыңдар» дейді. Бірақ ол мүмкін емес. Талон бойынша бізге жанармайдың бір литрі 208 теңгеден берілуі керек. Қолма-қол ақшаға сатып алар болсақ, әр литрге 270-280 теңге төлеуіміз керек. Бұл – тиімсіз. Сондықтан үлкен автобустардың орнына шағын автобус қойып, рейстер санын екіге дейін қысқартуға тура келді. Енді қазір екі қала арасында автобус екі-ақ рет жүреді, –дейді Павел Браславский.

Бәрінен де ең сорақасы: мұндай қымбатшылық іргесінде мұнай өңдеу зауыты тұрған өңірде болып жатыр. Дизель отыны – шеттен келетін тауар емес. Сондықтан оның мол қорын жасап қоюға да болар еді. Бірақ қолдан тапшылық пен қымбатшылық жасалып, қарапайым халықты қанап тұр.

– Қит етсе болды, шенеуніктер мен кәсіпкерлер Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуге жабылғанын айтып, ақталады. Бұл өңдеу орнын басқа уақытта жөндеуге жабуға болмас па еді? Міндетті түрде ауылдағылар қыстың қамына кірісіп, қара суық түскенде құрылғыларды қалпына келтіру керек пе еді? Жұмыстардың жоспарын дұрыс түзіп, жаз уақытында тиісті шараларды қолға алса, тапшылық та, қымбатшылық та болмас еді. Ал қазіргі жағдай қасақана жасалып жатқанға ұқсайды, – дейді Манарбек Сләмбек есімді тұрғын.

Шынымен, Павлодар мұнай-химия зауытының бірінші қазаннан бастап жөндеуге жабылатыны туралы ақпараттың жалт еткені сол еді, бекеттердегі баға бірден көтеріліп кетті. Жұрт дизель отынын таппай әуре-сарсаңға түсті. Жергілікті әкімдік болса, алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, сендірмек болды. Шенеуніктердің есептеуінше, өңдеу орны 27 мың тонна дизель отынын дайындады. Бұл, шамамен, жарты айға жетуі тиіс. Алайда жарты ай түгілі, бірнеше күннің өзіне жеткен жоқ. Сондықтан Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығы бастапқы мұнай өңдеу құрылғысын жөндеуді 10 күнге шегеріпті. Бірақ бұл нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға онша-мұнша әсер етіп тұрған жоқ. Жұрт әлі де дизель отынын таппай, сандалып жүр. Қаланың қақ ортасында зауыты бар аймақтың арзан жанармайға жарымауы «парадокс» емей немене?!

Тегтер: жанармай мәселе баға нарық экономика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 11:04
Жанар-жағармай тапшылығы тағы қайталана ма?!
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 15:28
ЕАЭО электронды коммерциясының бірыңғай операторы

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31