Домбырам басы дың, дың!

Жарлы БАЙҒАНИН

08.10.2020, 03:13

899

Тұрған түйенің құлағына шығып кетіп, пысықайлығының арқасында жыл басы атанған тышекеңнің биыл талайды тыштыратын түрі бар. Тықыр таянбаған ел қалмаған сияқты.

Әсіресе, әбігерге түскен бұрын посткеңестік аталған елдер.

Тышқанның туған күні ертерек басталып, елдің бәрін кәрантинге қуып тыққан. Елді екі мәрте дүрліктіріп індет деп «індеріне» қамаса да сайқал саясатынан жаңылмаған «жамағайындарымыздың» жағдайы ауырлай бастады ма, әлде жатып ішкенге жаман үйреніп, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» аздыра бастады ма қайдам, не бір оқиғалар етек ала бастады.

Әлеуметтік желілерде желдей ескен ас үйдегі әңгімеден басталып, неше түрлі саяси сараптамалар да жасалып жатыр. Бірін – дұрыс, екіншісін – бұрыс дей алмаймыз. Дей тұрғанмен, біз Неге? деген сұрақтарға ғана жауап іздеп көрелікші.

Алдымен әлгі біздің басшымызды қаралаймын деп жаманатты болған Алмазбек, шоң бәйкем Соронбайдың сорына бола қамалмаса игі еді. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері келіп, ҰҚК-нің қамағынан босатылып шыққан Атамбаев та енді аянып қалмас. Не болар екен?

Ел тынышта баспана беріп, бауырына басқан батькасының басына бұлт үйірілгенде, Беларусьтан да безінген Бәкиевтің түрі анау. Бассауға сұрап бұл қайда бармақ?

Осы қырғыздар қызық. Қит етсе болды «Оған да жетіп барады, бұтқа қолды салады» деп 5 бірдей президентін ауыстырып үлгерді. Бір қызығы, бір де бірін алпыс бір жас, яғни бесінші мүшелден асырмасқа белді бекем буғандай. Орталарындағы ойлы қатун Отунбаевадан басқа абыроймен кеткені Атамбаев еді, оның да көрсеткен үлгісі «көршілеріне» ұнамай жазықты болып қалды. Жазалаған Жәнібектің өзіне тықыр таянды. Неге?!

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қағиданы естен шығарып Бәкиевті бауырына басқан Беларусьтың батькасы туралы жазыла-жазыла жауыр болған дүниені «көңірсітпей-ақ» қоялық. Бірақ айтпай кетпеуге болмайтын екі мәселе бар, бірі – ол жоғарыдағы мәтелдің мәні, екіншісі – жалпы мәдениеттілік! Ештеңені аударып-төңкеріп, өртеп, үптеп-сүптемей-ақ шерулету. Халық қанша наразы болса да өз елін, өз жерін ойрандағысы келмеді. Өз ойларын ашық білдіру үшін алаңға шықты.

Бірақ сайлауының сайқали өткендігінің нәтижесін өз көзімен көріп тұрып, елін, халқын басыну, бұл барып тұрған айуандық!

Мейлі, осы елге еңбегі сіңген-ақ болсын. Басқа да түрлі жолдарын табуға болар еді?..

Өз халқын ұрып-соғуға орыс пен қытайдан көмек сұрайтын басшыны ешқандай себеппен ақтауға тырысуға болмайды. Мен мұны біз Желтоқсаншы ғана емес, шеру атаулылардың талайын көзбен көрген пенде ретінде айтамыз және айыптаймыз!    

Ал армян мен әзірбайжан арасындағы алауыздық неден басталды деген сұрақ қоюдың өзі ақымақтық.

Қай жылдары Гейдар Әлиев Кремльде сөз сөйлеп тұрып:

  • Мен 1967 жылы Қарабақта суға шомылып жүргенмін, жағаға шықсам киімдерімді армяндар ұрлап кетіпті, – дейді.

Сонда залда отырған армян диаспорасының өкілі:

  • Өтірік айтпаңыз, ол жылдары Қарабақта армян мүлдем болмаған, – депті.

Сонда Гейдар Әлиев күліп: болды-болды, менің де айтпағым осы болатын. Оны міне, өздеріңіз де мойындап отырсыздар деген екен.

Бұдан шығатын қорытынды не? Есіктен кіріп, төр менікі деп жүрген осындайлар! Қазақ жерінде қаптаған анклавтар мен аудансымақтар! Соңы отқа ұласпай тұрғанда осы мәселені шешіп алған дұрыс. Ақыры жаман болмасын десек, осы сұрақтың жауабын қазір қарайластырғанымыз жөн болар. Мөде бабамызды атқа қондырған Жер дауын ешқашан естен шығармайық.

Бұл жерге Неге?! деген сұрақ қоюдың да өзі артық.

Шешенстан, Украина, Грузия, Абхазия, Армения, Әзірбайжан т.т.б. соғыс өрті тұтанбаған посткеңестік ел қалды ма өзі, Неге?!

Ең үлкен неге деген сұрақ осы араға қойылуы керек сияқты. Неге?!

Ал бізде бәрі тамаша!

Өкіметтен алған 42 мыңын қайда жаратып тауысарын білмей дал болған қазекем де «Жұмысы жоқтық пен тамағы тоқтықтан» ықылық ата бастағандай еді «көрші ауылдағы» көтерілістер көңілдерін алай-дүлей еткендей, ойын онға бөліп жіберсін...

Сосын, жер-жерді су басып, апай-топай болып жатқанда, құрылмаған МЧС пен оған тиесілі 25 мың «сарбаз» тап осы уақытта қандай зәруліктен қажет болды екен деп те ойлады…      

Әлгі праймериз деп шала бүлініп шабынып, құлаққа шыққан тышқанның тірлігін істеуге тырысқан пысықтар осындай түрлі жолдармен билік жағына өтіп кетуге жанталасуда деп ойлады.

«Түйе бойына сенемін деп жылдан құр қалыпты» демекші, күйісін қайырып тұра берер текті түліктің ұрпағы мұндайға түкіргені бар деп алдаусырата бермейік. Жағалай жантаққа мойын бұратын кез келген сияқты деп те ойлады...

Пы.Сы.

Айтпақшы, тақырыпқа сұранған Әжемізден қалған әуен ғой әлгі:

«Домбырам басы дың, дың.

Фашист өлсін мың, мың!

Орыс өлсін, бес-алты-ау,

Қазақ қалсын аман-сау» деп ыңылдап отырушы еді, жарықтық. Соғыста барын жоғалтқан жесір кемпірдің Бесік жырындай жатталып еді жадымызда.

Бізде солай әндетіп отыра береміз бе, қайтеміз?..

Тек ешкімге де өлім тілемейікші!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ЖАҚАШ 09:25
Маминның «малы» мұхит асты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.11.2020, 16:48
Ауылда отырып айына 300 мың теңге табатын 13 жастағы баланың арманы не?
Бифат ЕЛТАЕВА 19.11.2020, 13:11
COVID-19: Дәрумендер шынымен дертке дауа ма, дәрігерлер қандай кеңес береді?
Қарлығаш Зарыққанқызы 17.11.2020, 09:32
Зейнетақы қоры ма, әлде маңдай тердің соры ма?
Тоқтар ЖАҚАШ 12.11.2020, 12:40
Алматының мәселесін шешуге әкім Сағынтаевтың әлі жете ме?
Қарлығаш Зарыққанқызы 12.11.2020, 10:27
Қош бол, инвестор!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56