Думан РАМАЗАН: Бұлар қазақты ойлайтын, халықты рухани түлететін тұлғалар емес

Жарас КЕМЕЛЖАН

20.10.2022, 11:09

3377

«Ашық әңгімеге» ашық сөйлейтін азаматтардың сұхбат бергеніне жаның сүйсінеді ғой, шіркін! Бүгінгі қонағымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Думан Рамазан. Саясатпен басталған әңгімеге біраз тақырыптың басын шалды.

— Думан мырза, жазушымен әңгіме әдебиет хақында басталуы керек екенін білемін. Бірақ дәл қазір қазақты елдік тақырыптар алаңдатып отыр. Мысалы, көрші Ресейдің көзі қанға толып алған. Сізді осы соғыс мазаламай ма?

— Мазалағанда қандай? Биылғы жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кірді. Қанды қырғын әлі жалғасып жатыр. Екі жақтан да шығын көп. Әсіресе, өрімдей жастардың өмірін жалмап жатқаны қатты қынжылтады. Бірақ не істейсің? Соғыстың аты – соғыс. Аяушылық болмайды. Бәріне кінәлі Ресейдің империялық саясаты. Уыстарынан шығып кеткен сол бұрынғы он бес республиканы қайтадан өздерінің қоластына қайтарып алмақшы. Енді ол мүмкін емес қой! Оны Ресей басшылары осы жолы анық түсініп-сезінген шығар. Кім оп-оңай беріле қойсын?! Шыны керек, Қазақстанның тағдыры да Украинада шешіліп жатыр. Өз басым осы соғыста Украинаның жеңгенін жан-жүрегіммен қалаймын.

— Сөзіңіз аузыңызда, қалай ойлайсыз, Украина жеңуі мүмкін бе?

— Әбден мүмкін. Рухы асқақ ұлт екен. Елі, халқы, жері, Отаны үшін күресіп жатқандарын біледі. Бұл оларға ерекше күш-қуат береді. Сол үшін жандарын салады. Оның үстіне, Америка мен Батыс қолдап, қаржы-қаражатпен, қарумен қамтамасыз етіп отыр. Бір Хаймарстың өзін айтсаңшы! Дегенмен украин сарбаздарының рухы мен Хаймарстың күш-қуаты сай келіп тұр ғой! Әйтпесе, нәтижеге жете қоюлары неғайбыл еді. Менің байқауымша, соғыстың ұзаққа созылар түрі бар. Ресей жаңа жерлерді басып аламыз деп, ал украиндер қайтарып аламыз деп жанталасады. Яғни, өліспей-беріспейді. Сондықтан кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Әрине, өз басым украиндердің тілеуін тілеймін. Ресейдің тас-талқан боп жеңілгенін қалаймын. Себебі, олар Украинаны өздеріне қаратса, бізге де міндетті түрде келеді. Әрине, соғыстың бетін аулақ қылсын. Бірақ жау жеріңе басып кірсе, қолыңды көтеріп, қарап отырмайсың ғой! Біреулер, қорқады. Қорықпау керек. Осы бастан жатпай-тұрмай соғысқа дайындала беру керек. Егер келсе, Отан үшін, қадым жеріміз үшін қасықтай қанымыз қалғанша, аянбай соғысамыз. Қазір көбінесе, адам емес, техника соғысады. Сондықтан қымбатсынбай, мықты қаруларды осы бастан сатып ала беруіміз керек. Рухы мен қаруы мықты елді ешқандай жау ала алмайды. Туған елің мен жеріңді қорғағаннан асқан қасиетті нәрсе жоқ. Енді мына ұлан-байтақ жерді қазақ ешкімге бермейді. Тіпті дәмеленбей-ақ қойсын. Украиндардан үлгі алу керек. Сондықтан әліге шейін сол жаққа елеңдеп, әр жеткен хабар-ошарды жіті бақылап отырамын. Әрине, бұл соғыс, жалпы алғанда, әлемге тиімсіз. Бізге де салқыны тиіп жатыр. Дегенмен егер Ресей күйрей жеңілсе, біздің күніміз оңынан туады. Соны тілеймін. 

— Қазақстан екі оттың ортасында қалғандай. Ашық түрде Мәскеудің сойылын соқса, АҚШ пен Еуропаға жақпайтыны белгілі. Санкция салып, экономикалық соққының астына алады. Ал Кремльге ашық қарсылық көрсету тәуелсіздігімізге қатерлі. Қазіргі ұстанып отырған саясатымыз, таңдаған жолымыз, сіздіңше дұрыс па?

— Меніңше, дұрыс. Бұл жағынан алғанда, Ел басшылығы жүргізіп отырған саясат көңіліме қонады. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» келеді. Мен алғашында, Беларусь басшысы Лукашенко сияқты Ресейді ашық қолдап кетер ме екен деп, қорқып едім. Жоқ, керісінше, Мемлекет басшысы соғысты айыптап, ДНР мен ЛНР-ды мойындамайтынын ашық айтты. Қалай болғанда да, қандай жағдайда айтса да, бұл жақсылық қой! Бұны мойындауымыз керек. Ресейді ашық қолдап, әскерімізді орыс әскеріне қосып жібергенде, әлемге масқара болар едік қой! Бұл жағынан алғанда, Қазақстанның бүгінгі ұстанып отырған саясатын толығымен қолдаймын. Ресеймен ашық жауласудың да қажеті жоқ.

— Түйсік деген болады. Көп жағдайда жазушылардың түйсігі алдамайды деп жатады. Бұл соғыстың ақыры немен аяқталуы мүмкін? Мәскеудің шаңырағы шайқалып, Ресей бірнеше мемлекетке бөлініп кетеді деген ел ішіндегі әңгіме қаншалық қисынды?

— Әрине, бұндай жайттарға болжам жасауға онша құштар емес едім. Дегенмен соғыстың осыған дейінгі барысын ой таразысына салып, айтар болсақ, украиндардың жеңісімен аяқталатын секілді. Әрине, бір жағынан, соғыс, екінші жағынан, санкциялар Ресейді қатты әлсіретіп, титықтатады. Меніңше, украиндер жерлерін толық қайтарып алмай, соғысты тоқтата қоймайды. Сондықтан бұл соғыста «Ресей жеңеді» дегенге өз басым сенбеймін. Соғыс украиндер жерін толық азат еткенше, жалғасады. Дегенмен Ресей өзінен-өзі ыдырап, бірнеше мемлекетке бөлініп кетеді дегенге сенбеймін. Негізі, бөлініп кеткенін қалаймын. Бірақ қазір Ресейде бас көтере қоятын ұлттар да қалған жоқ. Путин бәрін оңдырмай, құлдыратты, әлсіретті. Сондай саясат жүргізді. Тіпті, осы соғыстың өзінде көп қырылғандар да сол аз ұлттардың өкілдері. Бұның бәрі бақайшағына шейін есептелген секілді. Қатпарлы саясат. Осы жағынан алғанда да Ресей басшысының сұрқия саясаты толығымен өзін-өзі ақтады. Автономдық республикаларда қазір Ресей басшылығына қарсы көтерілетін сарбаздар да қалған жоқ шығар. Қалған-құтқан бар болғанымен де, Путин өзінің асқан қатыгездігімен бәрінің сағын сындырып, мысын басып тастады. Тіпті, ержүрек халық саналатын шешендердің өзін айтқанын екі етпейтін, құлақкесті құлына айналдырып жіберді. Қазір олар Путинге қарсы шықпақ түгілі, ол «шаш ал десе, бас алатын» басыбайлы баскесерлерге айналды. Тіпті, Путин үшін өлуге дайын. Ал сіз бөлінуді айтасыз! Қайдағы бөліну?!.

— Соғысқа барғысы келмеген орыстар бізге қашып келіп жатыр. Бейресми ақпарат бойынша елімізге 2 миллиондай ресейлік кірген көрінеді. Солардың келуімен бірге пәтердің жалақысы қымбаттады, азық-түлік бағасы көтерілді. Тағы қандай зардабы тиюі мүмкін?

— Қай жағынан алғанда да орыстардың бізге ағылып келуі — жақсылық емес. Басым көпшілігі басқа мемлекеттерге кетіп қалды деген де ақпар бар. Рас-өтірігін бір Құдай біледі. Ең алдымен, елімізде қылмыс көбейеді. Бұндай келімсектердің қылмысты көп жасайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан бұл процесті тоқтатпаса болмайды. Кейде Қазақстан басшылығының солқылдақ саясатын түсінемін де. Жаралы аюдың шамына тие бермеу де керек шығар. Бірақ қалауын тапса, қар да жанады ғой! Мәселен, соғыстан қашып келген орыстардың бәрін ұстап, Ресей өкіметінің қолына тапсыру керек. Путинге осылай көмектесіп, екі қоянды бір оқпен атып алуға да болады. Бар шаруаны осындай ақылды һәм ұтымды жолдармен бітіру керек. Кейде осы Ресей басшылығы орыстарды бізге бақайесеппен әдейі жіберіп жатқан жоқ па екен деп те ойлаймын. Олардың ішінде әскерилер мен тыңшылар да бар ғой. Өткенде, басқа жер құрып қалғандай, Астанадағы Қорғаныс министрлігінің ғимараты маңында дрон ұшырған екі Ресей азаматы ұсталғанын білесіздер. Не үшін ұшырып жүр дейсіз, тыңшылар ғой! Көрдіңіз бе, сондықтан Ресейден келген әр азаматты көзден таса қылмай, қатаң бақылауда ұстау керек. Кім екендіктерін анықтауға күш салу керек. Қазақ «іштен шыққан жау жаман» деп тегін айтпаса керек. «Тағы қандай зардабы тиюі мүмкін?» деген сұрағыңызға айтарым, бәрінен де бұрын елдігіміз бен ұлттығымызға, тәуелсіздігімізге, тыныштығымызға балта шабылуы да ғажап емес. Ең сорақысы – осы. Екі миллион орыс Қазақстанда қалып қойса, елдігіміз бен ұлттығымызға аса қауіпті. Қазақтардың ғана емес, Қазақ мемлекетінің де аяғына оралғы болып, қадамын аштырмай қоюы әбден мүмкін. Сондықтан Қазақстанға келген орыстарды қайтадан шығарып жіберу — кезек күттірмейтін мәселенің бірі болуы керек деп ойлаймын.

— Күні кеше ғана Астанада АӨСШК саммиті өтті. Оған 11 елдің мемлекет басшысы қатысты. Осындай халықаралық жиындардан не күтесіз? Бізге тиер пайдасы бар ма?

— Ел болған соң, бұндай халықаралық қауымдастықтар мен жиындардан қашып құтыла алмайтын шығармыз. Өз басым, оның не пайда беретінін білмеймін. Осының аясында ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі өтті. Жалпы, мен осындай аты бар да, заты жоқ қауымдастықтарға мүлде қарсымын. Евразиялық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ОДКБ), Кедендік одақтардың біздің елге пайдасынан гөрі зияны көп. Мың жерден ақталып айтса да, біз ешқашан Ресеймен теңқұқылы одақ бола алмаймыз. Олардың бізге құлақкесті құлдары ретінде қарайтындары бесенеден белгілі. Жыл сайын осы ұйымдарды ұстап тұруға қаншама қаржы-қаражат бөлінеді. Одан бөлек, қаншама пайдамыздан қағылып жатырмыз. Бірақ көнуге тура келеді. Тұңғыш президентіміз өзінің бас пайдасы үшін бізді Ресейге байлап-матап қойды. Ресей осылай-ақ бізді тырп еткізбей, экономикалық құрсауда ұстап отыр. Енді бұл шырмауықша шырмаған одақтардан шығу өте қиын… өте қиын… Шығып көр… сол күні-ақ басып кірсін. Әрине, санымыз көбейіп, мықты мемлекетке айналғанда, шығармыз… Ол үшін уақыт керек. Әрине, өкінішті.

НАТО мен Еуроодақ сияқты аты мен заты бар одақтарға қашан мүше болады екенбіз?! Сол күнді армандаймын. Тым құрыса, Түркі одағын құра алмадық қой! Әрине, әзір оны Ресей құрғызбайды. «Үмітсіз – шайтан» деген, бәлкім, болашақта құрылып қалар. Жоқ дегенде, Түркия бастаған түркі мемлекеттерімен әскери одақ құра алсақ та жаман болмас еді. Бірақ әзірше, оның да іс жүзіне асуы неғайбыл болып тұр-ау!

— Енді әдебиетке ойыссақ. Жақында ғана мемлекеттік сыйлық иегерлері анықталды. Лайықты адамдар алды деп жатыр. Дегенмен Тұрысбек Сәукетайды лайықты еді дегендердің дауысы басымдау шығуда. Исрайыл Сапарбаев та бұрын мемсыйлықтан сүрінген, нағыз лайықты ақын еді. Жалпы, мемсыйлыққа лайықты, бірақ әлі күнге дейін жолы болмай жүрген қаламгерлерден кімдерді атай аласыз?

— Қайта бұл жолы дұрыс берілген сияқты. Әдебиеттен Кәдірбек Сегізбаев бен Ғалым Жайлыбай, ал өнерден Секен Тұрысбеков пен Кенжеғали Мыржықбаев ағаларымыз алды. Меніңше, бәрі лайықты. Әдебиет те болсын, өнерде болсын, өз орындары бар. Ал Исрайыл аға мен Тұрысбек аға да мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық қаламгерлер. Өзімнің Тұрсын (Жұртбай) ағам тағы бар. Ендігі кезек осы кісілердікі. Негізі, сіздің сөзіңізді де түсініп отырмын, мемлекеттік сыйлық тек жүйріктерге ғана берілуі керек. Өткен жылдары лайықты тұлғалар құлап кетіп, жабылардың да алып кеткені белгілі. Оған өзіміз де кінәліміз. Осындай әділетсіздіктерге қарсы тұрып, жаппай шу көтеруіміз керек қой! Жоқ, көне береміз, көне береміз. Мәселен, менің Жәркен Бөдеш ағам да ала алмай кетті. Мемлекеттік сыйлықты алуға нағыз лайық ақын еді ғой!  Қайсыбірін айтайын?! Көп қой ондайлар. Марқұм, Несіпбек Дәутайұлы ағамыздың шығармашылығы да лайық еді. Амал қанша, бұйырмады. Нақтылап айтсақ, бұйыртпады.

— Нобель сыйлығы саясиланып кетті деп айтылады. Біздің мемлекеттік сыйлық қандай критерий бойынша беріледі, негізі? Мысалы, қарым-қабілетінен тыс, руы, туған жері, жасы, қоғамдық-саяси ұстанымы, әлеуметтік статусы ескерілетін сияқты. Осыған келісесіз бе?

— Келіспей қайда барамын?! Негізі, мемлекеттік сыйлық қазақ әдебиетіне олжа салған үздік шығармаға берілуі керек қой! Ал бізде көбіне-көп шығармаға емес, адамға беріледі. Кімнің құрығы ұзындау болса, қызметі жоғары болса, тамыр-танысы күшті болса, халыққа емес, билікке адал қызмет етсе, солардың жолы болғыш келеді. Кейде жасы да ескеріледі, «енді қанша өмірі қалды дейсің, бір қуанып кетсін», деген уәждер де айтылады. Тіпті, мемлекеттік сыйлықты неше түрлі қулық-сұмдықпен алғандар да бар. Бұл ешкімге жасырын сыр емес. Ел бәрін біледі. Мен осыны түсіне алмаймын. Не нәрсені болсын, абыройыңа кір жұқтырмай, лайықты, өз жөн-жобасымен, қасқайып жүріп алғанға не жетсін! Сенің ар-ұятың мен абыройыңның жанында мемлекеттік сыйлық деген не тәйірі! Осынау қарапайым қағиданы түсіне алмайтындарға таңым бар. Тектілік пен тексіздік те осы жерден андағайлап көрінеді. Тектілер ондай арзан-құрзан қадамдарға бара қоймайды. Ал тексіздерге бәрібір, тек мемлекеттік сыйлықты алса болды. Былайша айтқанда, талантты жазушыға мемлекеттік сыйлықтың түкке де керегі жоқ. Әйтеуір, елден қалмайық деп, ұмтыламыз ғой! Себебі, сен үлкен әдебиетте мемлекеттік сыйлықты алу-алмауыңмен қалмайсың, талантты шығармаларыңмен ғана қаласың. Мәселен, Жәркен Бөдеш ағам әдебиет тарихында мәңгі қалады, ал көптеген мемлекеттік сыйлықтың иегерлері қалмайтынына, тіпті, бәс тіге аламын. Ұтылмайтыныма кәміл сенемін.

— Кезінде Оралхан Бөкей мемсыйлықты қырықтан асқанда алыпты. Есенғали Раушанов 25-30 жасында жазған өлеңдері үшін елуінен кейін алды. Қазір қаламы қуатты жастар бар. Бірақ мемсыйлық туралы ауыз аша алмайды ешкім. Мысалы, сіз де орта жастан астыңыз. Мемсыйлық алу үшін жетпіс жасқа жетуіңіз керек пе?

— Менің де айтып отырғаным сол ғой! Тағы да қайталап айтамын, мемлекеттік сыйлықты жасқа қарап емес, шығарманың құндылығына орай беру керек. Жетпіс жасқа жету міндетті емес. Кейбір талантты жандар жетпіске толмай, өмірімен қош айтысып жатады. Жасына бола, бағаланбай кетсе, не болғаны?! Оралхан ағамыз мемлекеттік сыйлықты 1986 жылы алды, яғни 43 жасында. Бұл да жақсы жас. Ерте алған боп есептеледі. Есенғали ағамызды да салыстырмалы түрде ерте алды деп айтуға болады. Екеуі де әдебиетте өз орындарын еншілеген, өлмес-өшпес шығармалар жаза алған талантты қаламгерлер. Кітаптары төрімде тұр, әркез оқып отырамын, өздері өмірден өтіп кетсе де, есімдерін қадірлеймін, құрметтеймін.

— Қазақ қашан ұлттық деңгейде ойлап, қашан ұлт болып ұйысып, ұлттық деңгейге көтеріледі? Әлі күнге дейін рушылдық, жершілдік, жікшілдікпен ауыратындар көп. Қазақты осы індеттен құтқарып, ұлт ретінде өсіретін қандай идеология немесе реформа керек деп ойлайсыз?

— Осыны мен де үнемі ойлаймын. Дұрыс айтып отырсыз, бізде әлі рулық деңгейде ойлайтындар жетерлік. Ұлтымызға тіл тигізіп жатқанда, селт етпейтін кейбіреулер руының бір адамына сын айтсаңыз, ол жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, бұрыс па, бәрібір, өретүрегеледі. Осыған таңғаламын. Жүрегім ауырады. «Қазақ әдебиетінің» бір бас редакторы болды, сондай жүзшіл һәм рушыл. Бізді газеттің маңайына жолатпады. Өз маңайының, жүзінің, руының халтурщиктерінің жазғанына дейін үсті-үстіне төпелеп беріп жатты. Бәрін көріп отырасың ғой! Әрине, ыза боласың! Не керек сол?! Газетіңе шығармағанмен, талантты адам бәрібір бір жерден жарып шығады ғой! Керісінше, мен таланттарды іздеп жүремін. Маған оның жүзі, руы, қай жерде туғаны, кім екені маңызды емес. Маңыздысы, таланты ғана. Жақсы шығарма жазатын жасты көрсем, қолдағым келіп тұрады. Қолдап та жүрмін. Әдеби байқауларға әділқазы болсам да, ешкімге дес бермей, талантты жазылған шығарманың авторына бәйге алып бергім келіп тұрады. Талай мәрте алып та бердім. Оны кейін жастардың өздері айта жатар. Кім болса, ол болсын, талантты жанды бағалау, қолдау керек. Ал халтурщиктер өздері жол тауып алады. Ал біздің көп ағаларымыз халтурщик болса да, өз жүзі мен руының адамына бәйге алып бергісі келіп тұратыны жасырын сыр емес. Осыдан кейін қайдан оңамыз?! Принцип қайда?

«Балық басынан шіриді» демекші, бізде отыз жыл бойы күн көсем өз руының адамдарына жағдай жасап, кең жол ашып, талтаңдатып қойды ғой. Өз кланын құрды. Солай басқарды. Қазақстанды тырп еткізбей, ұстап тұрды. Содан кейін қалай оңсын бұл қазақ?! Бұл індетті идеология немесе реформамен жою қиын. Ел басшылығы үлгі-өнеге көрсету керек. Бар қазақты тең көру керек. Оған жүрегінде иманы бар әр қазақ атсалысуы керек. Сонда мүмкін ретке келер… Бірақ әй қайдам… Бұл пәлекеттің тамыры тым тереңдеп кеткен секілді көрінеді де тұрады.    

— Жаңа Қазақстан туралы Ақорданың өзінде айтылып жатыр. Бірақ жаңалық байқалмайтындай. Нағыз Жаңа Қазақстан құру үшін не істеу керек? Бізді бастайтын Ганди, Дың Шиаупиң сияқты идеологтар бар ма, кімдерге мүмкіндік беру керек деп ойлайсыз?

— Сөзіңнің жаны бар. Кеңес дәуірінен бергі кезеңді алайықшы, Қазақстанды басқарғандар көп, бірақ бірде-біреуі қазаққа көсем бола алған жоқ. Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Жәкішевтерге де өз басым сенбеймін. Өйткені, оларды беске білемін. Премьер-министр болып жүрген кезінде Қазақстандағы бүкіл мәдени ошақтарға қырғидай тиген осы Әкежан Қажыгелдин емес пе?! Қаржы үнемдейміз деген желеумен бүкіл қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларды жапқызған да сол. Ал Жақияновтың Семей облысын басқарып жүргенде, халыққа не істегенін мен білмейді дейсіз бе?! Еш қайыры болған жоқ. Облыс халқы қоңыз теріп кетудің аз-ақ алдында қалды. Сондықтан оларды мақтай алмаймын. Өздері жеді… ішті… кетті… Меніңше, бұлар қазақты ойлайтын, ұлтты көтеретін, халықты рухани түлететін тұлғалар емес. Оларға қарағанда, Ерлан Қарин мен Ерлан Қошановтар жаныма жақындау. Соларға көбірек сенемін. Қазақша сөйлейді, қазақша ойлайды, қазақша түс көреді.

Ал Жаңа Қазақстан деген терминнің өзі түбірімен қате. Жаңарған, жаңғырған Қазақстан десе, бір сәрі. Әрине, жақсы бір бастамалар мен бетбұрыстар бар сияқты көрінеді. Дегенмен түбегейлі өзгерісті байқай алмай жүрмін. Өзің айтқандай, сол баяғы жүйе, баяғы қадр, баяғы саясат. Бұнымен ештеңені де жаңарта да, жаңғырта да алмайсың! Қазақстанды жаңартқысы келген адам – ең алдымен, қазақ ұлтының жаңғыруына, материалдық һәм рухани түлеуіне кең жол ашып, барынша, жағдай жасап, мүмкіндік тудыру керек. Онсыз бәрі бекер. Сыртты сылап-сипамай, ішке үңілу керек. Қазір қазақ – дімкәс, қоғамы – сырқат. Жаңаруды қазақ пен қоғамды емдеуден бастау керек. Дәл әзір оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Сыртқы түктерін қампайтқысы келеді, одан не пайда, іштері қуыс. Былайша айтқанда, отыз жыл бойы бүкіл мемлекеттік мекемелер мен құрылымдар бір-ақ адамға ғана қызмет етіп келді. Сол кісінің көңілін тапса болды, биліктегілер креслоларында ұзағынан отыратын болды. Ал ол ойына келгенін істеді… Халықпен шаруалары да болған жоқ. Сөзіне құлақ асып, талабын орындамақ түгілі, «Өз күніңді өзің көр!» деп, жеріген малдай теріс айналды. Бұл бізді әбден тығырыққа тіреді. Осы дәстүр әлі де жалғасып келеді. Халықтың талап-тілегін әлі де болса, билік ескермей жатқандай көріне береді. Шын мәніндегі «еститін һәм тыңдайтын мемлекет» құра алмай жатырмыз. Енді бұлай кете беруге болмайды. Тағы да тығырыққа тіреліп, «Қаңтар қырғынын» қайталаймыз.

— Сонда енді не істеу керек? Сіз жақында фейсбуктегі парақшаңызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық жазуды бастаймын деп жаздыңыз. Оныңыздан бірдеңе шығады деп ойлайсыз ба?

— Дәл қазір бәлен деп айту қиын. Билікті бас-көз жоқ сынамаймын, тек шетін мәселелерді айтып отырамын. Яғни, билікпен беталды текетіреске бармай, бірлесе жұмыс істегім келеді. Бәлкім, сонда құлақ асар деген үмітім бар. Әйтпесе, мені кім тыңдайды?! Ашық хат формасын таңдап алғаным да сол.

— Кешіріңіз, сонда, мәселен, қандай мәселелерді көтересіз?

— Орынды сұрақ. Қазаққа, елге керек-ау деген кез келген мәселені көтеремін. Мәселен, алғашқы хатты дайындап қойдым. Құдай бұйыртса, жақын күндері фейсбуктегі парақшамда жариялаймын. Көшіріп басып отырамын десеңіздер, мархабат! Алғашқы хатымда ұрпақ жайын сөз етемін. Қазір желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдердің бәрінің де бірдей қолында қалта телефон бар. Ғаламтор күндіз-түні қосулы тұрады. Жасөспірімдер түгілі, үлкендердің психикасына кері әсер ететін неше түрлі порно сайттар мен бейәдеп бейнежазбалар бар. Мектеп оқушыларының жаппай спорттық жарыстарға онлайн түрде бәс тігетінін де естіп қалып жүрмін. Өте қауіпті құбылыс. Бұл жастарды құмар ойындары сияқты тәуелділікке алып келеді. Жеке тұлға ретінде бар мүмкіндігінен айырады. Сондықтан ғаламтордағы бәс тігулер мен порнографиялық бейне көрсетілімдердің бәріне қатаң түрде тыйым салу керек. Бұл ұрпағымыздың болашағына балта шабу деген сөз. Осыны біз айтпасақ, кім айтады. Тағы бір айтарым, барлық адам жаппай айтып жүрген жай-жапсарларды қайталамауға тырысамын.  

— Думан аға, ашылып-шешілген әңгімеңізге рақмет!

— Осындай әңгімелерді айтуға мүмкіндік тудырған өздеріңе де рақмет! «Жас Алаш» газетінің ұжымына табыс тілеймін!

Тегтер: сұхбат пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16