«Екінші қол» қайдан келген?

Айнұр ӘЛИ

02.08.2022, 14:07

1425

Ауылдан қалаға арман қуып келген кез. Студент болған соң оңды-солды ақша шашу деген жоқ. Бір айға есептеп берген соманы түгел жеткізуің керек. Жас болған соң түрлі-түрлі киім киіп, сән-салтанат құрғың келеді. Бірде сол қалада тұратын құрбым киімдер дүкеніне апарды. Аздап иісі біртүрлі демесеңіз, қаз-қатар жиналған әйелдер көйлегі, жейде, не керек, бәрі бар. Әлгі құрбым керегін тарсылдатып таңдап алды да салмағын өлшетіп, келісіне есептеп төледі.

Өте арзан бағада алған киімін кешкі серуенге киіп келді. Тіпті бөлек, сапасы да жақсы. Қызыққан соң жинаған ақшама мен де әлгі дүкенге бардым. Сол кезде барып «секонд-хэнд» деген атауды алғаш естіп едім. Дүкенге кірген бойда қалаған дүниеңді асықпай қарай аласың. Түрлі стильде, түрлі сәнмен тігілген киімдер. Өлшемі келсе болды, киесің де кете бересің. Бірнеше көйлек пен жейде алған мен арзан бағаға түскеніне мәзбін. Одан бері бірнеше жыл өтті ғой. Сол дүкеннен алынған киімдер әлі күнге дейін бар. Кеңейіп, не тарылып, бір бұрышы да сөгілмепті. Соған қарап, шетелден келген бұл киімдердің сапасы жақсы екенін аңғарасың. Қош. Бұл өзі қандай дүкен? «Екінші қол» аталған секонд-хэнд бізге қайдан келді?

Second hand 1943 жылы ең алғаш Англияда пайда болған. Қолданысқа енуінің бірнеше факторын атап өтуге болады. Алдымен, еуропалықтардың экономикалық жағдайы әлдеқайда жоғары. Сондықтан олар әр маусым сайын гардеробын жаңартады, тіпті киімдер көнеріп үлгермейді. Ал жаңа кейпін сақтап тұрған киім немесе басқа да мүлікті екінші қолға сату тиімді. Одан бөлек, жоғары сапалы мүлікті дүкеннен жаңа күйінше аса қымбат бағада алуға көпшіліктің жағдайы келе бермейді, ал оларға қолдан алған арзанырақ. Second hand – ағылшын тілінен аударғанда екінші қол дегенді білдіреді. Яғни, әр түрлі мүліктің екінші қолданушысына апаратын жол десек болады.

Әлемжелідегі түрлі жарнама сайттарында Қазақстанның әрбір қаласындағы әрбір нүктеде аталған үлгідегі сатылымдар жарияланған. Жарнамасы жер жаратын шетелдік қолданылған киімдердің бір қапшығының бағасы 10 мың теңге көлемінде тұрады. Бұл сірә, қалтаға жеңіл түсері анық. Мәселен, қазіргі таңда базарда тұрған сапасы төмен кеудешенің өзі кем дегенде 5 мың теңгеден басталады. Ал өлшенген кезде мұндайдың сапалысын небәрі 1500 теңге шамасында қолға түсіреді екенсіз. Бірде осы дүкеннен киінген қыздың басынан өткерген оқиғасын естіп едік. Ол бұрын-соңды мұндай тауарды тұтынған екен. Алайда бір оқиғадан соң мүлдем әлгі дүкенге жоламаған.

– Студент шақта сапалы киім алу үшін секонд-хэндке баратынбыз. Әлі күнге сол кезде алған киімдер тұр. Көнерген жоқ. Материалы төзімді. Бірде өзім ертіп апарған әпкем көздің жауын алар көйлек алды. Содан түрлі отырыстарға киіп баратын болды. Бірде түнде ол түс көріпті. Түсіне әлгі көйлектің иесі кіріп, мазалайды екен. Сөйтсе, әлгі қыз сол көйлекпен қайтыс болыпты. Осы оқиғадан соң мен де секонд-хендке бармайтын болдым, – дейді ол.

Әрине, сапасына сөз жоқ. Бірақ ойда бұған дейін мына киімді кім киді деген сауал туындайтыны заңдылық. Оның үстіне, оның денсаулығы қалай болды, жұқпалысы жоқ па еді?! Кім білсін?!

The Boston Consulting Group (BCG) жақында жүргізген зерттеуге сілтеме жасай отырып, секонд-хэнд сегменті сән-салтанат нарығын 21 миллиард еуроға байытқаны туралы жазды. Дүниежүзілік сән-салтанат индустриясында жылдам дамып келе жатқан жаңа сегмент пайда болды. Көптеген брендтер мен сатушылар соңғы жылдарға дейін нарықтың бұл сегментіне назар аудармады. Сарапшылар нарықтың осы сегментінің жылдам қарқынмен өсуіне бірнеше фактор себеп екенін айтуда. Офлайн сатылым каналдары осы сегментте әлі де танымал, дегенмен сарапшылар жақын арада онлайн-өсуді болжап отыр. Сән-салтанатқа деген сұраныс бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде. BCG италияндық Altagamma сәнді тауарлар өндірісі қауымдастығымен бірлесе жүргізген зерттеуі сән-салтанат тұтынушыларының 62%-ы секонд-хэнд арқылы сатып алуды жоспарлағанын айтқан. Респонденттердің 25%-ы өткен жылы сәнді екінші қолды сатып алғанын атап өтті.

Сәнді брендтер мен бөлшек сау­дагерлер екінші нарықты әр­түрлі тәсілдермен жаулап алуға мүмкіндіктердің туып отырғанын айтып отыр. Оңтайлы стратегияны табу үшін BCG талдаушылары компанияның ұзақ мерзімді мақсаттарын анықтауды ұсынады. Кейбір брендтер өздерінің имиджін қалай нығайтуға болатынын ойластырады. Басқалары пайданы көбейту немесе жаңа клиенттерді тарту туралы алаңдайды. Бұрын нарықтың бұл сегменті елеусіз, тіпті кейбіреулер үшін жиіркенішті болатын.

Еуропа мен АҚШ-та сән-салтанат сатылымы ежелден келе жатыр. Пайдаланылған киімдердің көп бөлігі бутиктерден және дүкендерден сатып алынады, бірақ онлайн сатылымдар да қарқын алуда. Сарапшылардың пікірінше, сәнді және қолданылған заттарды сатуға арналған онлайн-канал жастарға қатты ұнайды екен.

Мамандардың айтуынша, екінші қолдағы дүкендер, киіммен алмасу, қайырымдылыққа заттарды беру – бұл сән индустриясының ең қызықты тенденцияларының бірі.

Осы күні Англия мен Германия мұндай мүліктерді (киім, көлік, т.б. заттар) бірінші пайдаланушыдан ары қарай өткізуде алдыңғы қатарда тұр. Олардың заттарына тұтынушылардан сұраныс та жоғары. Зат оралар алдында санитарлық өңдеуден өтеді. Бұл жағынан қауіп төндіре қоймасы анық. Секонд-хэндтегі баға заттың категориясына қарай бекітіледі. Мәселен, келісіне 3-17 еуро аралығында.

Еуропада көбіне қайырымдылық көмек ретінде берілген киім-кешек секонд-хэндке өткізіледі. Өйткені қайы­рымдылық қабылдайтын ор­талық­­тарға көп жағдайда қар­жы­­лай көмек қажет болады. Қай­ырымдылықтан түсетін заттарды өт­кізуде алдыңғы кезекте Африка елдері тұр. Бұрындары бір үйдің балалары мектепке бару үшін екі ауысымда оқып, біреуі сабаққа бару үшін екіншісі біріншісін күтуге мәжбүр еді. Өйткені заман қос бүйірден қысқанда, етік алуға қаражат жетпеді. Тауқымет тартқан жылдары бір үйдің балалары осылай киінді. Ал қазір құдды бір тұтас әлем бір үйдің баласындай ма деп қаласың. Өйткені бірі киген киімді, екіншісі алып кие береді. Қызық, иә?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:28
1 млн 119 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 12:36
«300 мал аштан қырылып қалды»: Сарыбастау ауылында жем-шөп, су мәселесі шешілмей отыр
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:29
Әкімдік арзан қантты өзі қалаған кәсіпкерлерге үлестіріп берген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:04
«Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 10:36
"Мазақ қылып отыр". Ата-аналар мемлекет беретін мектеп формасынан жаппай бас тартуда
Бифат ЕЛТАЕВА 08.08.2022, 15:49
Жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары жемісін беруде

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49