15.03.2023, 05:38
1480
Өткен жылдың сәуір айында Қ.Тоқаевтың басшылығымен өткен үкімет отырысында президент тағы да бюджет қаржысын талан-таражға түсірген LRT құрылысы жөнінде сөз қозғап, Астана қалалық жолаушылар тасымалдау қызметін сынға алды.
Қаланың көптеген бағыттарында сыйымдылығы жоғары автобустардың жеткіліксіздігін айтып, аялдамалар арасындағы межелі уақыттың сақталмауын, автобус аялдамаларының дұрыс жабдықталмауын атап өтті. Осы жағдайларға байланысты жолаушылар тасымалдау қызметіне қарқын беру үшін LRT құрылысын жандандырып, тез арада іске қосуға пәрмен берді. Аталмыш жобаның бастапқыдан қате болғанын президент өзі мойындағанымен, құрылыс қайтадан жалғасатын болып шешіліп, үкіметтің бюджет қаржысынан тағы да 50 млрд теңге бөлінетін болды. Кезінде кімдер және қандай мақсаттармен шығындары өтелмейтін жеңіл рельсті көлік жобасын, бірнеше ғана шақырым құрайтын қаланың жолаушылар тасымалдау бағытына енгіземіз деп жоба жасағанын әзірге білмейміз. Бір ғана білетініміз – ол осы жобаны насихаттап өткізген лауазымды шенеуніктер құрылысқа бөлінген миллиардтаған халық қаржысын қолды қылғаны!
LRT құрылысын қатаң бақылауда ұстауға жауапты болған Астана қаласының бұрынғы басшылары жауапкершіліктен құтылып, қазіргі кезде басқа үлкен лауазымды қызметтерге ауысты. Қыруар бюджет қаржысын ұрлап, шет ел асып кеткен тұлғалар қылмысты жауапкершілікке тартылған жоқ. Соған қарамастан, президент Қ.Тоқаев LRT құрылысына балама жоба жоқ екендігін алға тартып, құрылысты жалғастыру керек деген уәж айтты.
Мен өзім жолаушылар тасымалдау қызметінде тәжірибе жинақтаған маман ретінде айтарым, дүниежүзінде жолаушылар тасымалдау саласы артық табыс әкелмейтін, ел бюджетінен субсидия тартып қаржыландыратын қызмет екендігін естен шығармау керек. Сондықтан қалалық автобус маршруттарын жобалаған кезде, бірінші кезекте бағыттың тиімділігі ескерілуі қажет. LRT алыс қашықтыққа тәулік бойы үздіксіз қатынайтын жолаушылар көлігі емес, сондықтан қысқа қашықтықта қала шеңберінде мезгілді уақытта ғана жолаушы тасымалдайтын көлік болғандықтан, өзін-өзі өтейтіндей табыс әкелмейді. Жобаға салынған шығынды жаба алмайды.
LRT жобасына бірден-бір балама жоба – ол экологиялық таза троллейбус көлігі. Еуропа елдерінде метродан басқа жолаушылар тасымалдау қызметін троллейбустар мен трамвайлар атқарады. Аталмыш троллейбус көлігі шығыны өте аз және сыйымдылығы үлкен болғандықтан, өзін-өзі қаржыландыра алады. Троллейбус желісін салу қымбатқа түспейді. Бұл көлік түрлерін әйел адамдар да жақсы меңгеріп, жүргізуші жетіспеушілігі болмайды. Соңғы кездері ақпарат көздерінде Алматы қаласында да LRT жобасын енгізу туралы жобалар жасалуда деген әңгімелер пайда болды. 2,5 млн тұрғыны бар оңтүстік астанада жолаушылар тасымалдауға ең тиімді экологиялық таза көлік – ол жерасты метро құрылысын одан әрі дамытып, тасымалдау бағыттарын барынша көбейту. Метроға салған қаражат міндетті түрде бюджетке қайтарылады.
Сонымен қатар сейсмикалық қауіп-қатері бар аймақта салынған қалада метро тұрғындар қауіпсіздігіне өте қажет құрылым болып саналады. Қазіргі таңда көптеген әлеуметтік мәселелер (ауыз сумен қамту, ауылдарды газдандыру, мектеп жетіспеушілігі, т.б) шешімін таппай жатқан жағдайда, ел бюджетін шығыны өтелмейтін жобаларға жұмсап, зейнеткер экс-президент Назарбаевтың кеңсесін қаржыландыруға 2022-2023 жылдарға 4 млрд 278 млн теңге бөлінгенін және 2024 жылға 1 млрд 994 млн теңге жоспарланғанын біздің «Еститін үкімет» қарапайым халыққа қалай түсіндіріп береді? Парламент сайлауынан кейін, жаңа мәжіліс құрамы ел бюджетін мақсатты жұмсауды қатаң бақылауға алу туралы заң жобасын қабылдап, үкіметтен қаржы есебін сұрап отыратын өкілеттікке қол жеткізеді деп сенейік!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР