Елордадағы LRT-ның жыры бітпеді...

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

19.01.2022, 12:00

1762

Астанадағы LRT құрылысының «жырға» айналғанына он жылдан артық уақыт болды. Құны 1,5 млрд долларға бағаланған жобаның қаражаты баяғыда талан-таражға түсті. Жеңіл рельсті трамвай елімізде сонау халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында-ақ іске қосылуы керек еді, бірақ олай болмады. Ал оған жауапты болған адамдар әлі күнге дейін кінәні бір-бірінің мойнына артып әлек. Шетелге қашып кеткен Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен екі жылдан «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданды жауап алу үшін қалалық прокуратура БАҚ арқылы елге шақырып жатыр. Алайда Қанат Сұлтанбеков күні кеше әлеуметтік желіде «LRT-ның жоғалған ақшасын Әділбек Жақсыбеков пен Нұрәли Әлиевтен сұрау керек» деп «сәлем» айтып жіберіпті. Кімнің сөзіне сенеміз?          

         Бір қызығы өткен айда ғана Астана қаласының әкімі Көлгінов онсызда елордалықтардың ашуын келтірген LRT-ның құрылысын аяқтау үшін тағы 1 миллиард доллар қажет екенін айтып айды аспанға бір-ақ шығарған. Бірақ бұл жобаны 11 қаңтар күні өткен парламенті мәжілісінің отырысында президент Қ.Тоқаев сынға алды. Мұның о бастан қате жоба болғанын және бұл жерде жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрғанын айтып, енді тығырықтан шығудың бір амалын қарастыруды тапсырды. «Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қаншама қаражат жұмсалды, заем (қарызға ақша) тартылды, шетелдік әріптестер алдында көлемді келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет, өйткені жай бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалту дегенді білдіреді», – деді.

         Сол күні кәсіпкер Айдын Рахымбаев іле-шала LRT-ны, «BI Group» есебінен бұзып беруге дайын екендерін жазды. Кейінірек оның құрылысын қайта жалғастыруды қолдамайтынын сәйкесінше оған кететін бәленбай сомманың есеп-қисабын шығарып сараптама жасады. Қазір бұл жоба бойынша қалалық урбанистика орталығы халықтан ұсыныстар қабылдап жатыр.   

         Солай-ақ болсын ал қолды болған 5,8 млрд теңгенің сұрауы кімнен? Шыны керек бұл жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Бастауын 2005 жылдан алатын LRT құрылысының айналасынан бірнеше адам байқалады. Идея сол 2005 жылы туған. Бірақ 2008 жылы бас шаһарға әкім болған Асқар Мамин LRT-ден бас тартып, оның орнына BRT (Busrapidtransit) – жүрдек автобустар жүйесін іске асыруды ұсынған. Алайда Мамин өз ұсынысын жүзеге асырып үлгерместен басқа лауазымға ауысып кетеді. Оның орнына сол жылы Иманғали Тасмағамбетов келіп, жоба бір әкімнен екінші әкімнің қолына өткен. Жаңа әкім жобаға жауапты «Astana LRT» ЖШС мекемесін құрған, Франция үкіметі жобаны мақұлдап, 570 мың еуро көлемінде грант бөлген. 2011 жылы қала күні қарсаңында құрылыс басталатын жерге қадасы тұрғызылған. Кейін жоба тым қымбатқа шығып кеткен соң, оның баламалы түрін іздестіру мәселесі көтеріліп, 2014 жылы BRT жобасы қайта қаралды. Дегенмен көп ұзамай сол жылдың күзінде Тасмағамбетовтың орнына Әділбек Жақсыбеков әкім болып тағайындалған. Ол жеңіл рельсті трамвай құрылысын аяқтауды жөн деп тауып жобаны қайта мақұлдатқан. Кейін оның орынбасары болып қала әкімдігіне Нұрәли Әлиев келді. 2016 жылы шыққан бір сұқбатында ол: «Бұл жеңіл метро жүйесі, ол эстакада жолымен – жер үстінен өтеді осылайша дәстүрлі көлік жүйесіне жүктемені жояды. Бұдан бөлек, LRT қауіпсіздікті, мобильділікті, жолаушылар тасымалының жайлылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қозғалыс уақытын айтарлықтай қысқартады» деген.

         Жоғарыда атап өткен Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің LRT-ға жұмсалған қаражатты осы екі тұлғадан сұрасын деп отырғаны да содан болар. 2019 жылдың желтоқсанында Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» бұрынғы басшысы Талғат Арданға іздеу жарияланған. Былтыр 28 мамырда Астана соты аталған іс бойынша «Астана LRT-мен» серіктесе жұмыс істеген жеті адамға үкім шығарған. Ең ауыр жаза – 10 жыл түрме жазасы. Бірақ сотталушылардың адвокаттары сот үкімімен келіспейтінін, ұрлық фактісі дәлелденбегенін мәлімдеген соң жемқорлық ісі бойынша шыққан үкім 7 қазанда күшін жойды.

         Енді мұхиттың арғы жағынан жазып отырған Қанат Сұлтанбеков: «Мен ешқандай да ұйымдасқан қылмыстық топ құрғам жоқ, LRT мен BRT құрылысы бойынша ешқандай да ақша ұрлаған емеспін. Мен оның бір тиынын да алмадым» деп отыр.

Өзінің елордада әкімнің орынбасары болған уақыты – 2009 жылдың қазаны мен 2014 жылдың желтоқсаны арасы екенін және 2016 жылы әкімдіктен кеткен соң 2 жылдан кейін әкімдік LRT ақшасын (257 млн доллар) «Астана Банкіне» аударғанын әрі ақша сол күйі жоқ болғанын айтып ақталыпты. Жазбасында бұл іске Жақсыбеков пен Әлиевтен бөлек, жақында ғана күдікке ілінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен Әділбек Жақсыбековтың ұлының да қатысы барын жазған.

Көршіміз шаң қаптырып кетті

         Көрші Өзбекстанда осы сияқты жер үсті метросы жүретін айналма жолдың құрылысы бес жыл бұрын басталып, 2020 жылы 11 шақырымдық алғашқы бөлшегі жасалып болып, жер үсті метросы іске қосылған. Оған «Өзбекстан тәуелсіздігіне отыз жыл» деген атау берілді. Жалпы ұзындығы 52,1 шақырым болатын бұл жолдың құны небәрі 422 млн долларға бағаланыпты. Ал 22,4 шақырымдық Астана қаласындағы LRT-ның бітпеген құрылысына 1,5 млрд доллар қаражат далаға кетті. Айырмашылық сезіле ме?

«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да қымбатшылық аяқтан  шалып, халықтың әл-ауқаты төмендеген тұста дәл  осы LRT қаншалықты қажет деп отыр. «Осы LRT-ға  байланысты  дау  көп.  Әу  баста   бөлінген  миллиардтар  неге  жетпеді? Әрине осы  жобаның  маңайында жүргендердің көмекейіне түсіп кеткені белгілі. Тіпті іс  қозғалып,   жеті адам сотталды да. Бұл жоба 2005 жылы дүниеге келді. 2006 жылы Астана шаһарының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шүкеев техникалық негіздемесін даярлады. Бұдан кейін Астана қаласына әкім болған Асқар Мамин, Иманғали  Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласы әкімнің орынбасары Нұрәлі Әлиев, Бақыт Сұлтанов және бүгінгі Алтай  Көлгіновтардың да LRT-ға қатысы бар. Бұлардың  бірі  LRT қажет десе,  бірі BRT (жүрдек автобустар  жүйесі) қажет  деп,  бір сөзбен  айтқанда, ырың-жырың жасады. Әу баста жобаның құны 2,3 миллиард доллар деп  бағаланғанымен,  уақыт  өте келе 1,5 млрд  долларға  дейін  төмендеді. 2011 жылы алғашқы қадасы қағылып жұмыс басталды. Негіздемеде 61,1  шақырымға арналған жоба 41,8 одан кейін 22,4 шақырымға дейін  қысқарды. Қазір  тек  әуежаймен темір жол бекетін жалғайтын ғана бағыты қалған» дейді ол.

        

Асхат Асылбеков, қоғам қайраткері:

‒ Әкім Алтай Көлгіновтың LRT құрылысын жалғастыру идеясы – әзірше мәселенің бір шеті ғана. Шын мәнінде Көлгінов жай ғана орындаушы. Осы жобаның жыры басталғаннан бері елді басқарушыларға да, қарапайым азаматтарға да бұл халықтың ақшасын ұрлаудың кезекті амалы ғана екені баяғыда белгілі болған.  

Құрылыс жұмыстары енді басталған кезден-ақ қоғам оның тым қымбатқа түсіп отырғанын айтқан. Бір әкім оны салу жөніндегі жоспарды мақұлдап, ал басқасы келіп оның күшін жоюы да, белгілі бір топтардың арасындағы жасырын сауда болғанын көрсетеді. Нәтижесінде бөлінген сома көлемі өсе берді, бірақ ол сонда да жеткіліксіз болды.

Мысалы сондай LRT, ADDIS жобасын қытайлық мердігер 2015 жылы Эфиопияда бізден арзанға салды. 39 станциясын салумен қоса (тоннельдерде 3, көпірлерде 9 және жерде 27), ұзындығы 35,24 км болатын 2 желінің құны 475 млн долларға ғана шыққан. Сонда бір шақырымына 13,9 млн доллар кеткен. Онда 41 құрам пайдаланылады және 150 мың жолаушыға дейін тасымалдауға мүмкіндік бар. 

Ал біздің елдегі LRT жоспар бойынша 18 стансасының құрылысын қоса алғанда, ұзындығы 22,4 км болатын бір ғана желіден тұрады. Барлығы 19 құрам пайдаланылмақ және 2 мың жолаушы тасымалданады. Сондай-ақ жалпы сомасы 1 млрд 877 млн долларды әр шақырымға бөлгенде, бір киллометрге 83,8 млн доллардан шығады.  

Сол кезде Қазақстанның бас прокуратурасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қайда қарады? Жай ғана калькулятормен есептеп көрсе де, күмән туатын еді ғой. Барлық бақылаушы құрылымдардың осындай ашық түрдегі алаяқтыққа келісуі, олардың да қатысы барын және соған мүдделі екенін білдіреді.

Енді жоба ұзаққа созылды, бүкіл кінә мойнына артылғандар түрмеде отыр да, ал нақты бенефициарлар бюджетті қайта тонауды жоспарлауды жалғастыруда. Имидждің артына тығылып, тағы да асарын асағысы келіп отыр.   Одан да трамвайлар әлдеқайда ұтымды әрі үнемді болар ма еді?! LRT өзін ешқашан ақтамайды. Жолдың жиегінен де біраз участокты алып тұр. Мұндай қаражатқа қаланы троллейбустар мен электр автобустарымен жабдықтауға, оған қоса  жаңа ыңғайлы жолдар жасауға болар еді. Қылмыстық сыбайлас жемқорлықтың дәлелі боп тұрған бетон бағандарды алып тастау керек. Барлық жағынан да сол дұрыс болар.

Ирина Смирнова, ҚРПарламент Мәжілісінің депутаты:     

‒ Бәріміздің де прогрессты, дамуды қалайтынымыз, заманауи көлікпен жүргіміз келетіні түсінікті нәрсе. Алайда онсызда, осы күнге дейін нақты қомақты сомма жұмсалған немесе ақшасы тоналған LRT-ның құрылысын ары қарай жалғастырудың мәні жоқ шығар. Мәселен көп жылдық құрылыс пен енді ғана қолға алынатын құрылыс жұмыстарының реті бір-бірімен қаншалықты сәйкес келеді? Сондықтан оған бөлінетін қаражатты одан да басқа мәселелерді шешуге жұмсаған дұрыс деп есептеймін. Мысалы өткенде есептеп шықтым, біздің елде түрлі себептерге байланысты бір қолы немесе бір аяғынан айырылған 3 мың мүгедек адам бар. Солардың әрқайсысына ең сапалы әрі соңғы үлгідегі біздің елде дайындалатын протездерді салып берсе, бар болғаны 30 миллион доллар ғана кетеді. Қазақстанда протез жасайтын зауыт бар, бағасы шамамен 10 мың доллардың айналасында. Есесіне сол адамдарға қолайлы ортада өмір сүріп, еңбек етуіне бәлкім, табыс табуына мүмкіндік туатын еді. Елдің өркендеуіне де өз үлестерін қосар ма еді...

Алайда айналдырған сол 30 миллион долларға келгенде, қаражат таппай қояды. Протез сатып алу үшін бөлетін сондағы соммасы – 180 мың мен 500 мың теңгенің ар жақ, бер жағы. Ал ол протез тым ескі. LRT-ға ақша шашқанша, адамдарға осылай көмек тигізген дұрыс. Я болмаса, біздің елде мүгедек бала тәрбиелеп отырған 22 мың отбасы баспана алуға кезекте тұр. Соларға шамамен 50 мың доллар немесе одан сәл төмендеу бағаға пәтерлер сатып әперсе, LRT-ға қажет деп отырған 1 млрд доллардың құны шығады. Түсініксіз жобаны жалғастырғанша, осы мәселе маңыздырақ болар. Өйткені LRT қаладағы кептелісті бәсеңдете де алмайды. Оның бағыттарының өзі дұрыс емес, сондықтан ешқандай пайда әкелмейді. Ендеше мемлекет үшін аса маңызды жайттарға көңіл бөлген абзал шығар.

Арман Шораев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі, қоғам белсендісі:

‒ LRT мүлдем қажеті жоқ жоба. Себебі ол ақшаны жымқырудың ғана жолы. Жемқорлық жасаудың бір көзі болды деп ойлаймын. Ал қала әкімі оны ақтап жатса, демек өзі де соған араласқан ым-жымы бір азаматтардың біреуі деп есептеймін. Бұл жобаны 10 жыл бұрын бастағандарды да, қазір де қолдап жүрген шенеуніктердің бәрін, оның ішінде Көлгіновті де ҚР Қылмыстық кодексының баптарына сәйкес қатаң жауапқа тарту керек. Өйткені мемлекеттік бюджеттің ақшасын талан-таражға салу халыққа жасалып жатқан қастандық деп білемін. Мысалы осы үшін бөлінген сомма бойынша ешқандай шығын да орнына келтірілген жоқ, ешкім тиісті жауапқа да тартылмады. Сонда құзырлы органдардың ол адамдарға тісі батпай ма? Түсінбеймін.  

Менің ойымша алдыңғы шығынды жылы жауып қоя салып жатқанының себебі – қалталы азаматтар мен ең жоғары эшелондағы шенеуніктердің сол жобада ақшалай мүддесі бар. Егер әкім халық сайлаған адам болса, ол бұл жағдайға қатысты басқаша сөйлер еді. Ал бізде ешқандай сайлау болмайтындықтан, өкінішке қарай әкімдер өзін тағайындаған адамның аузына қарап солардың айтқан сөзінен шыға алмайды. 

Сондықтан LRT-ға тағы қаражат бөлінгенімен, одан ешқандай нәтиже күтпеймін. Оның шығыны ертең 1 млрд доллармен ғана шектелмейді. Небәрі 5 мың адамды тасу үшін құрылысты ары қарай жалғастыруға деп мемлекеттік бюджеттен жыл сайын миллиондап ақша бөлініп отырмақ. Бұл жоба ешқашан өзін ақтамайды.

             

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 08:07
Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ 20.05.2022, 08:09
НӘН-байдың заманы мен зауалы
Жарас КЕМЕЛЖАН 20.05.2022, 08:01
Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Айдын ОЛЖАЙ 19.05.2022, 08:52
Мусин міз бақпайды
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 18.05.2022, 06:17
Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
Дос КӨШІМ 17.05.2022, 05:00
Қайран 16 миллиард...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56