Газеттер дар алдында тұр!

Ө.ПІСТЕБЕК

26.05.2022, 08:35

2338

Қанаты қырқылған құс ұша ала ма? О, байғұс жалғызбасты мұң кешкен ғаріптей ортасынан жырақтап, Күнді де сүймей, Түнді де сүймей, бұл әлемде не ғып жүргеніне өзі де түсінбей бейшара күй кешері хақ.

Қазақстан саясаты газет-журнал мәселесіне келгенде, дәл осындай аяғы бар, басы жоқ идеология ұстанып отырғанын айтайық...

Әкесі баласына «Өйтпе қарағым, бүйт. Өйтсең, оңбайсың, тыңдамасаң, өлесің», деп тұяғының болашағын ойлап, күні-түні насихат айтып, бала алдында тұрған долы толқынды өмір дейтін мұхитқа баптаса, ол жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендірген отағасының басты идеологиясы емес пе?

Жақсыны көрсету, жаманды мансұқтау – бұл да газеттің тірлігі. Мейлі ол, мемлекеттікі болсын, мейлі ол жекенікі болсын, бәрібір мұңдайтыны елдің мұңы, жырлайтыны елдің жақсы ісі, жайдары жандары, нұсқайтыны – даңғыл жол.

«Бірақ...», «Алайда...», «Өкінішке қарай...»  

Қазақстанның барлық жобасының сәтсіздіктерін баяндайтын осынау жаттанды әттеген-айды айтатын болсақ: – Өкінішке қарай, қазір газеттер мүшкіл халіне қарамай, Дар алдында қасқайып тұр! 

Дарға апарған не  себеп? – Біріншіден, қазақ газеттері тақыр кедей. Жарнама, хабарландыру иелері – бәрі-бәрі орыс тілді басылымдарға басымдық береді. Экономикамыз орысша сөйлеп, орысша түс көргенде, кімнен, нені талап етесің?

Екіншіден, дәп мемлекеттің өзі жекеменшік газеттерді  экономикалық қыспаққа мәдени түрде арқанмен байлап алған. Қай газет болмасын, биліктің халыққа қарсы тірлігін сынады ма, бітті, ол газет тираж ала алмайды. Бұл экономикалық қысым.   

Үшіншіден, тендер дегеннен «ұтып» шыққан мемгазеттерге миллиондап теңге бөлінгенімен, олардың оқырманы жоқ!

Төртіншіден, Білім министрі А.Аймағамбетов бастаған топтың дайындаған «Педагог мәртебесі» Заңында мерзімді басылымдарға мұғалімдерді мәжбүрлеп жаздырмау туралы бап бар. Осы бапты малданған мектеп директорлары мен мұғалімдер бізге газетке жазылуға мүлдем болмайды, деп  қарсылық құралы етіп алды. Мемлекеттік газеттердің қалың оқырманы педагогтар еді, енді бұл оқырманнан да айырылды. Ең жаманы, осы заңның   ызғары балалар газеттері мен журналдарына қатты тиіп, онсыз да шықпа жаным шықпа, мойынтұрықпен жүрген басылымдар қылғынып қалды. Аты дардай – Балалар жылында мұғалімдер шәкірттерін өз газеттері мен журналдарына жаздыра алмайды. Ал кішкентай күнінен газет-журнал оқымаған бала үлкейгенде, көркем әдебиет кітаптарын оқу былай тұрсын, қолына ала ма?

Құрметті А.Аймағамбетов мырза, өзіңіз айтқандай, 55 жастағылар бүгінде көркем әдебиет оқымайды екен, ал сіз тәрбиелеп жатқан бүлдіршіндер бұл жасқа келгенде, «Кітап» деген сөзді айтар ма екен?

Қазақстанның идеология майданында ыстығына қайнап-пісіп, суығына үсіп-тоңып жүргеннің бірі, әрі бірегейі – газет еді. Оның күні қараң болды.

Қазақта «Сүрінгенге құлаған күлген», деген сөз бар. Сол айтпақшы, билік өз идеологиясын жүргізем деп, өз газеттеріне тендер арқылы миллиондаған теңге қаржы бөліп тұрып, оның оқырмандарына газеттерге жазылмаңдар, деп заңмен ашықтан ашық айқайлап айтып, киіз шекпенді қызылдар сияқты ұрандатқаны біртүрлі қызық екен.  

                                                    

Тегтер: басылым пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33