25.05.2023, 10:00
3796
2022 жылы денсаулық сақтау саласына Ажар Ғиният министр болып тағайындалғанда бірқатар жаңашылдықтар күттік. Халық әсіресе министр мәні қашқан МӘМС-ті бір жүйеге келтірер деп үміттенді. Ол келе сала денсаулық сақтау саласына қатысты ұлттық жобаларды үкіметке ұсынып, медицинадағы олқылықтарды айтып дабыл қаққанда «мәселені көретін министр келген екен» деп ішіміз жылыған.
Алайда бастапқыда екпіні қатты болған министрге сын айтушылар көп. Дәрі-дәрмектің қымбаттығы, дәрігерлердің біліксіздігі, МӘМС жүйесіндегі кемшіліктер, тегін медициналық көмектің сын көтермеуі – елдің жүйкесін тоздырып-ақ тұр. «Тым құрығанда халыққа пайдасы аз МӘМС-ті бір жөнге келтірер» деген елдің үміті ақталмады.
«Барометр» талдау және сараптау орталығының сарапшысы Дәурен Арын біздің елде аталмыш қорға 3 пайыздық жарна төлеу арқылы ғана қызметкерін қаншама жеңілдіктен қағып отырған жұмыс берушілер бар дейді.
Арынның айтуынша, «денсаулығында кінәрат болса, емделуге жағдайы болмаса қандай да бір мекеме жылына бір мәрте қызметкеріне материалдық көмек тағайындауға міндетті. Бұл Еңбек кодексінде жазылған. Бірақ қазір МӘМС-ке жарна аударып отырғанын желеу ететін кәсіпорындар мен мекемелер арасында қарапайым жұмысшыға денсаулығына қатысты материалдық көмек беруден бас тартатындар көп».
Осыдан барып қызметкерлер емделуге өз қаражатын жұмсауға мәжбүр.
«МӘМС-ке алғаш енген тұста еліміздің әлеуметтік жағдайы сүзгіден өтті. Сол кезде халықтың алатын жалақысына қарай, тек 2 пайыз ғана жарна аудара алатыны белгілі болды. Артынша жұмыс берушіге 3 пайыз жарна аудару міндеттелді. 2022 жылы МӘМС-ке 823,2 млрд теңге көлемінде жарналар түскен. Жыл сайын 1 трлнға жуық жарна аударылғанымен, халық сапалы медициналық қызмет алып жатқан жоқ. Тегін медициналық көмектің мерзімі ұзап кететіндіктен халық ақыры ақылы қызметті тұтынып жүр», – дейді сарапшы.
Шынымен де МӘМС аясында немесе Кепілді тегін медициналық көмек арқылы медициналық қызмет алайын десең оның арасы ұзап кетеді. Медициналық көмекті тегін алу үшін темірдей төзім, сарқылмас сабыр керек. Ауырып ем іздеп, дәрігерге жазылсаң кем дегенде бір апта уақыт кетеді. Ол дәрігер қарап, толық диагностикалық тексеру жүргізіп, ем тағайындаймын дегенше бір айдан аса уақытыңды жоғалтасың. Ол арада төзімің таусылып, сабырың сыр беріп, ақыры аурухананың есігін тарс жауып, қалай безіп кеткеніңді білмей де қаласың.
Деректерге жүгінсек, қазіргі таңда ел халқының 83,6 пайызы немесе 16 млн адам МӘМС жүйесіне қатысушы болып табылады. Олардың шамамен – 72,5 пайызы (11,5 млн адам) жеңілдік санатындағы азаматтар, яғни оларға жарнаны мемлекет төлейді, ал 27,5 пайызы (4,5 млн) жалдамалы жұмыскерлер. Жүйкесін құртып, емделемін деп қалтасы қағылып жүрген де осы 4,5 млн жалдамалы жұмыскер. Олар МӘМС-ке жарнаны үзбей төлейді. Бірақ араларында ай сайын дәрігерге қаралып, медициналық көмекті үзбей алатындардың қатары аз. Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны Ілияс Мақсұтов МӘМС-ке жарнаны ай сайын төлеп отырғанымен, соңғы бес жылда мемлекеттік ауруханаларға барып, тегін медициналық көмекке жүгінбеген.
«Жарнаны ай сайын ұстайды. Бірақ соңғы бес жылда мемлекеттік ауруханаға бармадым. Барсаң ұзын-сонар кезек. Учаскелік дәрігердің өзіне кіру үшін кемі екі күн күтесің. УЗИ, МРТ, КТ жасау үшін бір ай тосу керек. Тура сол қызмет ауруханадағы ақылы кабинеттерде кезексіз-ақ өтіп жатады. Кейде МӘМС-ке не үшін жарна төлейтінімізді ұқпаймын. Бес жыл бойы сақтандыру қорына жылына 100 мың теңге құйсам да, сол қаражатқа медициналық қызметті тегін алмаппын. Мұндай жағдайда мемлекет пайдаланбаған қаражатымызды өзімізге неге қайтарып бермейді?» дейді ол.
Бірақ МӘМС қаражаты азаматтарға қайтарылмайды. Мұны денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өзі айтты.
«Заңда бұл жүйе (МӘМС) әлеуметтік және ынтымақтастық арқылы жасалғаны көрсетілген. Сондықтан ол жердегі қаражат қайтарылмайды. Орташа жалақыдан 100 мың теңге жиналған жағдайда биыл адам ауырмай, оған 50 мың теңге қайтарылса, келесі жылы оған миллионнан аса теңге көлемінде медициналық көмек керек болуы мүмкін. Сондықтан бұл көмекті барлығына көрсету үшін қаржы қайтарылмайды. Заң бойынша қаржыны қайтарып беру мүмкін емес», – деді министр.
Министр міндетті медициналық сақтандыруды енгізу елімізде медицинаны дамытуға мүмкіндік берген шара деп есептейді.
«Жылдар бойына қосымша қаражат түсті, денсаулық сақтау саласына инвестиция құйылды. Жаңа технологиялар пайда болды. Медициналық көмек бүгінде барлық азаматқа қолжетімді. Екі миллионға жуық адам тегін дәрі-дәрмек алды, қазір төрт миллион болды. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында біз халықтың денсаулығын жақсарттық», — дейді ол.
Алайда сала мамандарының арасында «МӘМС мақсатына жеткен жоқ. Бұл жүйе дәрігерлерді ұры қылды» дейтіндер де бар.
Жүйеде кемшілік бар екенін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Ашуев та ашық айтқан. Ол МӘМС арқылы көрсетілетін медициналық қызметтер бойынша 2022 жылдың 1 тоқсанында 207 мың кемшілік анықталғанын мысал етті.
Ашуев айтқан МӘМС жүйесіндегі кемшіліктер: жүйе қосылған алғашқы жылы халық тарапынан 10 мың шағым келіп түскен. Ол шағымдар әлі де толастаған жоқ. Ең жиі кездесетін шағым түрлеріне азаматтардың медициналық қызметті дер кезінде ала алмауы, учаскелік дәрігердің бейінді маманға, анализ тапсыруға жолдама бермеуі, сонымен қатар емханадағы ұзын-сонар кезек… Осылай кете береді.
Ал енді бұл кемшіліктер жойыла ма, оны жою үшін қор өз алдына, министрлік не істеп жатыр? Бұл сауалымызды біз арнайы Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадық. Министрліктің баспасөз қызметінің бізге берген мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп медициналық көмекті қаржыландыруды жақсарту жөнінде бірқатар шешімдер қабылдаған. Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша министрлік қормен бірлесіп қысқа мерзімде мынадай шараларды іске асыру туралы шешім шығарды. Бірінші, амбулаториялық деңгейде бірлескен орындаушылардан желілік шкаланы алып тастау. Екінші, көрсетілген қызметтердің мониторингінен кейін қосымша қаржыландырудың есебінен ақпан-наурыз айларында консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша орындалған көлемдерге ақы төлеу. Үшінші, медициналық көмектің жекелеген бағыттары бойынша тарифтерді көтеру. Бұған қатысты министрлік резервтік көздерден қосымша қаржы тарту арқылы ауруханаларда шұғыл травматология мен босану кезінде желілік шкаласын алып тастау жөніндегі шараларды қарайтын болады. «Кейбір ауруханалардың кредиторлық берешегін ескере отырып, қаржылық сауықтыру жоспарлары әзірленді, оған сәйкес жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен медициналық ұйымдардың борыштарын өтеу бойынша ведомствоаралық меморандумдар жасалды» дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік МӘМС-ті нәтижелі ету жөніндегі жұмыстарын осылай деп тәптіштеді. Әйтсе те аталмыш жүйеде кемшілік бары даусыз. МӘМС-тегі ең жиі анықталатын ақау – медициналық көмек көлемін жасанды түрде арттыру. Дәрігерлер былтырғы жылы 66,6 пайыз медициналық көмекті қолдан арттырған. Бұған қатысты да жалған жазба жасаған дәрігерлердің бәріне айыппұл салу керек деген мәселе де көтеріліп жүр.
Сонда мұндай жалған жазба не үшін жасалады?
Медицина саласын қаржыландыру МӘМС-ке өткеннен кейін медициналық мекемелер қазір қулыққа көше бастаған. Себебі аурухананың шығыны, атап айтқанда, коммуналдық төлем, әкімшілік шығын, медициналық қызметкерлердің жалақысы бәрін жабу үшін емхана күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеу керек немесе жалған тіркеу жасап, шығынның орнын толтыруы қажет. Міне, осыдан барып мекеме көрсетілмеген медициналық қызмет түрін «көрсеттік» деп жалған тіркейді. Есесіне, қағаз жүзінде бәрі жақсы, жұмыс істеліп, мекемеге ақша түсіп жатыр. Бірақ шын мәнінде халық ол қызметті көріп жатқан жоқ. Сондықтан дәрігерлерді ұры, халықты әбден мезі қылған МӘМС-тің жұмысын жедел реттеу керек.
Ал оны қалай реттейміз? МӘМС-ті халыққа пайдалы ету үшін не істеу керек? Жобадан бас тарту мүмкін бе? Бұл сауалдарды медицина ғылымының кандидаты Қайырғали Көнеевке қойып көрдік...
Халыққа обал болды...
– Қайырғали мырза, біз 1996-1998 жылдары медициналық сақтандыруды қолға алдық. Ол нәтижесіз болды. Бұдан соң 2015 жылы МӘМС жүйесін енгізу туралы тағы шешім қабылданды. Артынша 2020 жылы бұл жүйеге ендік. Үш қайтара қолға алсақ та МӘМС неге сынға жиі ұшырайды?
– Өйткені МӘМС күткен үмітті ақтаған жоқ. Шынын айту керек, бұл жоба халық үшін тиімсіз. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, іске кірістік дейді. Бізде шетелдің экономикасы тәрізді ашықтық жоқ. Халыққа ашық есеп берілмейді. Былтыр аудиторлық кеңес аудит жүргізіп, МӘМС-тен көп кемшіктер тапты. 2021 жылы аталмыш қор 240 млрд қаражат жинаса, соның 40 пайызын дұрыс жұмсамаған, ұрланған. МӘМС-тің айналасында жемқорлық өте көп. Қарапайым емханадан бастап, жоғарыдағы басшыларына дейін МӘМС-тің қаражатын жымқырған фактілер кездеседі. Жүйеде ашықтық жоқ, осыдан кейін барып сынға жиі ұшырап, елдің сеніміне селкеу түсті.
– МӘМС-ті халыққа тиімді етудің жолдары бар ма?!
– Бұл жүйені халыққа тиімді ету үшін ең алдымен мына нәрсені жою керек. МӘМС-тен қаражат алатын медициналық мекемелер мүлдем ақылы қызмет көрсетпеуі керек. Қазір азаматтар ауруханаға барып, медициналық тексеруден тегін өткісі келсе, бір ай немесе он бес күн күтеді. Ал егер сол адам тексерістен ақылы өтемін десе, дәл сол емханада, сол дәрігердің қабылдауына жазылып, ақшасын төлеп, сол жерде УЗИ-ға немесе КТ-ға түсіп, үш-ақ минуттың ішінде ақылы қызмет ала алады. Бұл емхана басшыларының қитұрқы әрекеті. Оны болдырмау үшін МӘМС-тен немесе Кепілді тегін медициналық сақтандыру қорынан қаражат алатын емханаларға үкімет талапты күшейту керек. Мемлекеттік мекемелерде ақылы қызмет түрі болмауы тиіс. Олар халыққа тек қана тегін медициналық қызмет көрсеткені абзал. Сонда жасанды маман тапшылығы орын алмайды. Үкімет емханаларға осындай талап қоя алса, халыққа тиімділік деген осы болар еді.
– Болашақта бұл жобадан бас тарту мүмкін бе?
– Негізінде, біздің қарапайым халық тәрізді салық төлейтін ел жоқ шығар. Табыс салығы, әлеуметтік салық, зейнетақы салығы, МӘМС жарнасы. Оның ішіне қаншама әкімшілік айыппұлдарды қоссақ, бюджетті осылай халықтың есебінен толықтыратын мемлекет кездеспейді. Елдің жалақысы аз бола тұра, төлейтін салығы, жарнасы көп. Соған орай сапалы қызмет алса мейлі ғой. Ол да жоқ. Халыққа обал болды. Ең қызығы сапалы қызмет көрсете алмайтын медициналық мекемелерге МӘМС өзі санкция беріп, айыппұл сала алады. Бұл дұрыс емес. МӘМС – сот емес, ол белгілі бір холдинг. Сондықтан бұл арада айыппұл тағайындау құзыретін сотқа беру керек. Олай етпесек, халықтың жарнасынан түскен қаражаттан бөлек, айыппұлдан түскен қаражатты МӘМС-тің шенеуніктері қалталарына басып алуы әбден мүмкін. Өз басым жұмысында ашықтық жоқ, халыққа тиімсіз бұл жобадан бас тарту керек деп есептеймін. Ал бас тарта алмаса, МӘМС-тің жұмысында толық ашықтық болу керек. Халық арнайы сайттардан, ашық платформалардан МӘМС қаражатының қайда кетіп жатқанын өзі көріп отыруы тиіс. Үкімет осыны қатты қадағалауға алуы қажет.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР