21.03.2023, 12:56
2312
Биылғы ҚР Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауының қалай өтіп жатқандығымен танысу мақсатында Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №5 округке қарайтын №558, 300 сайлау учаскелеріне бас сұқтық.
Сайлаудың өту барысы туралы бақылаушылардан сұрамақ болғанымызда, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері рұқсат бермеді. Әрі суретке түсіруге тыйым салынғанын айтты. Тіпті оны кітапшаларына заңнама ретінде тіркеп қойыпты. Бірақ сайлау өтіп жатқан зал іші тым-тырыс, тек бірді-екілі адамдар ғана дауыс беруге кіріп-шығып жатты.
Іштегі жағдайды сырттай бақылап болған соң, дауыс беруге келіп жатқан халықтың өтіп жатқан сайлау туралы пікірлерін білуді жөн көрдік. Біздің алғашқы әңгімелескен адамымыз өзінің кішкентай баласымен келген жас келіншек болды. Ол бізге кімге, қай партияға не себепті дауыс бергендігі туралы әңгімелеп берді:
— Мен партия бойынша дауыс бергенде, тек қана «Аманатқа» дауыс бермеймін деген себеппен дауыс бердім. Басқа партияларға да сенімді емеспін. Олай деуімнің себебі, «Республика» партиясы жуырда ғана құрылды. Ал оның артында кімдер тұр, қандай мүддесі бар екенін жеке сайлаушы ретінде білмеймін. Әрі олардың өздерін көрсетулеріне де уақыттары болған жоқ. «Ауыл» партиясына келсек, олардың халықтың арасында ешқандай беделі жоқ. Популист. Тіпті төрағалары да сенім тудырмайды. «Ақжол» партиясы мен «Қазақстан Халық партиясы» да сенімді деп айта алмаймын. Бұларды биліктің жобасы деп есептеймін. Өйткені бұл партиялар осы уақытқа дейін мәжілісте болғандарымен, ештеңе істеген жоқ. Назарбаев кеткенде, Перуашевтің жылағанын да көргенбіз. Осы жағдайлардан кейін қалай сенемін? Дегенмен күмәнді болса да, дауысымды «Байтақ» партиясына бердім. Себебі, бұл партия бұрыннан бері құрыла алмай жүрді. Төрағасы Азаматхан Әміртай да ұлтжанды азамат ретінде өзіме сенім ұялатты.
Бірақ «бұл сайлау бірдеңке өзгертеді» деп сенбеймін. Саясаткер болмасам да, ел ішінде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырамын. Мәселен, кеше ғана Шымкент қаласында бюллетеньдерді алдын ала қойып қойған деген жаңалықты оқып жатырмын. Бұл жағдай жалғыз Шымкентте емес, Қазақстанның барлық өңірінде болып жатқан жайт, – деді. Аты-жөнін сұрағанымызда «Мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін атымды айтпай-ақ қояйын» деп уәжін айтты.
Жанар есімді тағы бір келіншек: «Несін сұрайсыз? Өзім мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, «Аманат» партиясына ғана дауыс бердім» деп жауап берді. Ал кезінде мемлекеттік қызмет атқарған Болатбек Нұрмағанбетов есімді зейнеткер сайлауға мүлдем сенбейтінін жеткізді.
Бұдан бөлек, біз сөйлескен дауыс берушілердің көбі осы сарында пікірлерін білдірді. Бір қызығы, сайланушылардың көбін ешкім танымайды. Бірақ сонда да бұл сайлаудан үлкен үміт күтетіндерін, әрі әлі өздерін дәлелдеп үлгермеген үміткерлер алдағы уақытта өздерін көрсетіп, халықтың игілігі үшін жұмыс жасайды деп сенеді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР