«І» мен «Ы»-ны тықпалай беруден не ұтамыз?

Қонысбай АҚПАН

07.04.2021, 08:11

2424

Жуырда «Жас Алаш» газетінде Б.Нұржекеұлының қазіргі және бұрынғы президенттер атына жолданған үндеу мақаласы жарияланды. Мазмұны жаңа латын әліпбиіне байланысты қазақ сөздерінің айтылу-жазылу мәселесі. Мен де осы жарияланымға байланысты өз пікірімді білдіргім келеді, таза қазақи сөздер туралы. Ал орыс т.б. тілдерден енген кірме сөздердің айтылу-жазылу мәселесі бөлек әңгіме болғаны жөн. Автор келтірген кем-кетіктердің құптайтын, келіспейтін, әлі де зерттейтін тұстары баршылық. Тіл маманы емеспін, сондықтан жілікше шағып, ішіндегі майын ғана алу қолымнан келмес. Сонда да өмірлік тәжірибесі бар тіл жанашыры ретінде өз ойларымды ортаға салайын. Осы газетте бұрын да жаңа әліпбиге байланысты пікірімді білдіргенмін. Көтерілген мәселеге қатысы болғандықтан, солардың кейбіреуіне қайта оралайын.

       Менің түсінігімде қазақ әліпбиіндегі барлық әріптердің дыбысталуы тек қана ы, і дыбыстары арқылы жүзеге асады. Бұлар өздерімен қоса, басқа әріптердің де жуан-жіңішке, сондай-ақ өте қысқа, қысқаша, созылыңқы дыбысталуын қамтамасыз етеді. Мысал үшін кез келген әріпті (басы дауға қалған у мен и әрпі де бар) осы екеуінің бірінсіз тіпті де айта алмаймыз. Бұлар – бейнелеп айтсақ, орнынан тұра алмайтын мешеу адамды орнынан тұрғызып, жүргізетін нағыз көмекшілер. Мен айтып отырған осы уәж Бексұлтан Нұржекеұлы көтерген мәселенің кейбіреуін дұрыс шешуге септігін тигізеді деген ойдамын. Автор «президент» сөзін жаңаша «Пірезійдент» деп жазған екен. Осы бір ауыз сөзді әліміз жеткенше талдап көрейік. Біріншіден, бұл кірме сөз. Екіншіден, бұрынғы тоғыз әріптен тұратын сөз он бір әріпке өсіп кеткен. Үшіншіден, өзінен кейінгі «е» дыбысының ықпалына түскендіктен, «р» дыбысын жіңішкелеу мақсатында «і» әріп дыбысы қосылған. Егер де осы «е»-нің орнында «а» тұратын болса, жуандық белгі ретінде «ы» деп дыбыстаған болар едік. Әріптерді атау кезінде ы немесе і дыбысының естілуі табиғи құбылыс, басқаша айтсақ, дауласуға болмайтын аксиома. Осы  аксиоманы ескермегендіктен, Б.Нұржекеұлы жобасында «ы» мен «і» әрпін кез келген сөзге қосып жазу  орын алып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, осы екі дыбыс сөз ішінде негізгі буын  ретінде  дыбысталып  тұр ма, болмаса көмекшілік рөлін атқарып тұр ма, осыны ажыратсақ бәрі де өз орнына келеді.

       «И» әріп-дыбысы туралы бірер сөз. Мысал үшін «би», «ит» сөздерін алайық. Шындығында, екі сөзде де «і» дыбысы онық естіледі. Неге бұлай екенін түсіндіріп көрейін. Бірінші сөздегі «і» дыбысы әуелі «б» дыбысын жіңішкелеу мақсатында жартылай, содан соң «и» дыбысы үшін екінші рет жартылай, қорытындысында толық «і» болып естіледі. Ал екінші сөздегі «і» дыбысы «и» дыбысын шығару үшін толықтай көмекші рөлін атқарып тұр. Енді бій, ійт түріндегі сөздерді талдап көрелік. Тіл заңы бойынша екпін дауысты «і» дыбысына түседі, яғни ол әдеттегіден үндірек әрі созылыңқы дыбысталуы тиіс. Осылайша айтып көріңіз, біій, іійт деп айтқан адамды кездестірмеппін, бәрі де екпінді «и»-ге түсіріп, біии, іиит деп айтады. Бұны да аксиома деуге болады. Олай болса, мақала авторы ұсынғандай, «й» әрпінің алдына «і»-ні қосып жазудың  ешбір қажеттілігі жоқ, бір ғана «и»-мен жазу дұрыс.

       «У» әрпін дауысты, дауыссыз деп таласудың ешбір қажеті жоқ, бірде дауысты, бірде дауыссыз екені рас. Салыстырмалы түрде айта кетелік, ағылшынның W әріп-дыбысы буын басында дауыссыз делінсе де, буын соңында  қос дауыстының екіншісіне айналады. Әр тілдің өз ерекшелігі бар дегендей, біздің ерекшелігіміз де осындай. Бір ғана «у» әрпімен жазылған «тууы туралы куәлік» сөзіне зер салып қарасаңыз, олардың автор айтқандай әртүрлі дыбысталып тұрғанына көз жеткізесіз. Осылай қала беруі керек пе, әлде түзетеміз бе? Әрине, түзетеміз. Әліпби ауысуына байланысты су, ту т.б. сөздер сұу, тұу болып, ал куәлік күуәлік болып өзгертуге жатады. Ал сөздегі өзінің алдындағы жуан-жіңішке дауыстыға тәуелді болғандықтан (ау, әу), ыу, іу болып естілетін «у» дыбысы ы мен і-сіз жазылсын, бұл да жоғарыда айтылған аксиомаға сәйкес. Қазақта түу деген сөз барын мойындап, тұу деген сөз жоқ дейтін тіл мамандары табылса, онда мамандарға да жетіскен екенбіз! Ағылшын, орыс сөздерінде де біздегідей ы, і дыбыстары өте қысқа, қысқаша түрінде естіле береді. Бірақ олар буын құраушы емес, көмекші дыбыс рөлін атқаратындықтан  жеке таңбаланбайды. Бұл да қосымша дәлел. Осы айтылғандар тіл мамандары мен тіл жанашырларына сәл-пәл  болса да ой салар деп үміттенемін.

БАҚ пен журналистерге өтініш

       Назарларыңызды өзіме ұнамайтын екі сөз, бір сөз тіркесіне аударғым келеді. Біріншісі – баспасөз бетінен түспейтін «һәм». Бұл қазақтың төл сөзі ме, әлде кірме сөз бе? Егер һ әріп дыбысының қазақта жоқ екенін ескерсек, араб немесе парсы тілінің бірінен болар. Қолданыстағы мағынасы түсінікті, әйтсе де өзіміздің «және, сондай-ақ, сонымен қоса» деген сөздері тұрғанда осы сөзді қыстыра берудің қажеттігі жоқ деп есептеймін. Оған қоса, құлаққа да тосаң естіледі және күнделікті тұрмыста айтылмайды.

        Екіншісі – «айтылмыш». Осы сөздегі «мыш» жалғауы (жұрнағы) тек осы сөзде  ғана қолданылатынын байқадым. Дұрыс түсінсем, түркітілдестің бірінен болар. Сөз түбірі «айту» болса, «айтылған» сөзінен ерекшелігі неде? Бұл жалғау (жұрнақ) соншалықты қажет болса, неге «жазылған, қазылған»  сияқты сөздерді «жазылмыш, қазылмыш» деп айтпай жүрміз? Мәнсіз, құр еліктеудің қажеті бар ма?

       Үшіншісі – «халық қалаулысы». Өтірігі бар, шыны бар, совет заманында депутат халық қалаулысы болды, себебі даусыңды тікелей аты аталған кандидатқа бердің. Ал қазір ше? Қазіргі сайлауда  даусыңды бюллетеньде көрсетілген партиялардың біріне бересің, яғни болашақ депутаттың кім екенін білмейсің. Тағы да сол шыны  бар, өтірігі бар, көп дауыс жинаған партия осылар депутат болады деп, сайлауға  дейін тізімге енгізілгендер ішінен нақты адамды  атайды. Міне, осылар әр партияның өз қалаулысы мен сүйіктілері, бірақ халықтың емес. Осыны түсінбегендік пе, БАҚ-тарда «халық қалаулысы» деп айту, жазу қойылар емес. Дұрысы – «Нұр Отан», «Ақ жол» т.б. партиясының қалаулысы деп немесе мәжіліс, сенат, мәслихат депутаты десек, жеткілікті ғой. Ал «халық қалаулысы» мысқыл сөздің тұздығы ретінде қала берсін.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.04.2021, 08:53
Маскалық режим халықты қанаудың бір түрі ме?!

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24