Инновациялық ғасыр дерті

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ

03.03.2021, 13:35

2072

Қазірге дейін «ғасыр дерті» деп қатерлі ісік (рак) ауруын айтып келдік. Әлі де солай. Бұл аурудың «ғасырлық титулға» ие болуының жалғыз себебі – әл-әзірге емінің табылмай отырғандығы. Алайда өзінің «мәңгілік мәртебесінен» айырылуы да мүмкін. Бұлай деуге себеп – медицинаның болашағына сенгендік қана емес, ең бастысы – оған келгенде барша адам баласы бірауызды: емі жоқ дертке шалдығуды ешкім де қаламайды.

Онда инновациялық ғасыр дерті деп отырғанымыз не нәрсе? Шынына келгенде – бұл – аса құбыжық әрі мейлінше қитұрқы, экологиялық-«өркениеттік» аурулардың тұтас кешені. Солардың ішіндегі ең «жеңілін» айтсақ, аллергияның өзінің диагнозын қою да, түпкілікті емдеу де оңай емес. Сонымен бірге, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, қан қысымының ауытқуы, тіпті, кәдімгі тұмау-сымау секілді бұрыннан белгілі ауру-дерт түрлерінің кез келгені ғасыр дертіне айналып кете алады. Сөйтіп, біреуінің емін таптым дегенше, екінші, үшінші «инновациялық» (әлде «модернистік»?) түрлері шыға келмек. Ақырында, «әлемді бағындырған» адамзат өзінің құйтақандай денесінде өріп жүретін кішкентай құбыжықтардың алдында дәрменсіздік танытуы әбден мүмкін. Мұның қауіп-қатері қазірдің өзінде-ақ көптеп байқалуда. Бұл жолы біздің айтпағымыз – солардың бәрі емес, біреуі ғана. Оның аты – психикалық дерт. Мұның қитұрқылығы сол – көп жағдайда бұл ауру ресми түрде есепке алынбайды, еленбей жүре береді. Дәрігерлер оларды ауруы асқынып, шектен шыққан апатты жағдайда, яғни, медицина тілмен айтқанда, «соңғы стадиясында» ғана көреді. Бұл кезеңге жеткенге дейін психикалық кінәраты бар адам дені саулардың санатында «білгенін істеп» бағады. Ең қауіптісі сол – жүрегінің ауыратынын жасырмайтын адам жүйкем ауырады деп ешқашан айтпайды, өзінің психикалық осалдығын жасырады, ауру деп санамайды, тіпті оны басқалардан артық қасиетім деп ойлайтындар толып жатыр. Сәл нәрсеге бола өрекпіп сөйлеуді өрескел көрудің орнына, өзінің іс-әрекетінің дұрыстығын дәлелдеу деп біледі. Ал басқалар болса, олар да «бас жаққа барыспай», мұны бар болғаны мінезге жатқызып, «мінезі жаман» деумен тынады. Шын мәнінде мұның мінез емес, денсаулық мәселесі екенін білгендер де ойын ашып айтпай, аузын бағады. Осылайша, психикалық кінәраттың шатағы көп болғанымен, атағы жоқ болғандықтан, «көзге көрінбей», көп ішінде «елеусіз» күй кешеді. Жүрек, бүйрек, асқазан секілді басқа ағзаларын емдету үшін тіпті шет елдерге дейін сапар шегетін адамдар «жүйкем ауырады» деген шағыммен дәрігердің алдына өз еркімен ешқашан бармайды. Демек, бұл дертпен күрес әлі ашық жүргізілмей, «жабулы қазан» астында қалып келеді. Ал құбыжықтығына келсек, бұл – аса жұқпалы «атақсыз» дерт. Онымен ауыратындар өзгелерді де «қосағына» ала кетіп отырады. Осылайша, дертке шалдыққандар саны жылма-жыл үдемелі түрде, геометриялық прогрессия «заңымен» өсе бермек. Сөйтіп, әйтеуір бір кезде адамзат баласы «осы ауруды сен таптың ба, мен таптым ба?» деп аңтарылатын кезге де жететіні сөзсіз.

Психикалық дерттің, яғни жүйке ауруының диагнозын тап басып анықтау да оңай емес. Ол алуан түрде көрініс табады. Көпке танымал бір белгісі – әсіре ызақорлық-ашушаңдық болса, екіншісі – күйгелектік, тағы бір түрі – жоққа сену, ырымшылдық, үрейленгіштік. Ашушаң адам – жыртқыш аңға ұқсаса, күйгелек адам – күйзелісі «ішіне түсіп кеткен» мүсәпір жан. Күйзелісін сыртқа шығармай, «өзін-өзі жеп» тауысатынпендені – кейбіреулер жуас деп «мақтап» жатса, абайсызда «арс» ете қалатын ашушаңды «мінезі жаман» деп даттайды. Жоққа сенетін адам көз алдында тұрған сыртқы кедергілерге (өмірдегі әділетсіздікке, қиындықтарға, т.б.)  қарсы тұра білгеннің өзінде ішкі кедергілердің (үмітсіздік, үрейшілдік, т.б.) алдында шарасыздық танытады. Мұндай адамның көз алдына неше түрлі құбыжықтар  елестеп, кейде түсінде көреді, түсін өңімен шатастырады. Мұның бір себебі – адамның психикалық иммунитетінің әлсіреуі болса, екінші – әлеуметтік белсенділігінің төмендеуі. Өмірдегі қиындықтар мен келеңсіз әсерлердің барлығын не көбін санамен сараптаудың орнына, психикаға шектен тыс салмақ түсіру. Адамның осы осалдығын «тиімді» пайдаланып қалатын кейбіреулер көріпкел, емші, тәуіп атанып, онсыз да үрей үстіндегі байғұстың дегбірін одан әрі қашыра түседі. Мансаптан махаббатқа дейінгінің барлығы бизнеске айналған заманда бұл да – кәдуілгі («заңды») кәсіптің бір түрі. Алайда, шайтан екені не сойқан екені белгісіз елес-құбыжықтардан қорқып, үрейленгіш пенде өзінің бұл әрекеті арқылы Құдайға қос келтіру секілді Құранда тыйым салынған теріс әрекетке барып отырғанын түсіне бермейді. Мұның бәрі – дүниеге, қоршаған ортаға саналы көзбен емес, психикалық соқыр сеніммен қараудан болса, адамды осындай бейшаралыққа көп жағдайда қоғамның өзі алып келетіні жасырын емес. Бірақ, күйгелектік пен үрейшілдік те, ашушаңдық та – мінез емес, адамның болмысы, яғни денсаулық мәселесі екені ашып айтылмағаннан кейін, дәрігерлік бақылаудан тыс қала береді.

Психикалық дерт тек жекелеген адамдардың денсаулығымен ғана шектеліп қалмай, соңғы бірнеше он жылдың ішінде қоғамдық сипат алып, әлеуметтік санатқа ие бола бастады. Бұл сипат пен санаттың аты – ашкөздік, өмірдегі нақты көріністерімен атар болсақ – шектен шыққан және шексіз атаққұмарлық, мансапқа және байлыққа тойымсыздық. Ашкөздікте шек болмайды және ол бірте-бірте емес, бірден «шексіздікке» ұмтылады. Адам баласына тән психикалық дерттің бұл түрлері атам заманнан бері емге көнбей келе жатқанымен, әсіресе осы соңғы (үстіміздегі) ғасырда әдеттен тыс еркінсіп, есіріп барады. Бір жіберіп алған соң, енді оның «бетін қайыру» мүмкін бе деген қорқынышты дүдамал сұрақ бүгінде адамзаттың алдын кес-кестеп тұр. Жер орбитасында болатын барлық құбылыс атаулыға тән – ең жоғарғы нүктеге көтерілген дененің кезектегі келесі қадамы оны түпсіз құрдымға қарай «ғарыштық» жылдамдықпен құлдырататыны секілді, өркениеттің ұшар шыңына жақындап қалған адам байғұсты сол «антиғарыштық» құлдырау күтіп тұрмасына кім кепіл. Сонда біздің дарақы мақтаннан жарылардай болып дандайсыған дауасыз көңіліміз өркениеттің төріне енді жеттім дегенде кілт кері домалап, «қорқыттың көрінен» бір-ақ шығып жүрмесе игі. Немесе ертегіде айтылатындай, аждаһаның ашып қойған аузына барып жұтыла беретін жемтігіне ұқсап қалмасақ болды. Ал бұл аждаһаның аты – тағы да сол ашкөздік. Адам өзінің ашкөз көңілін жұбату үшін барған сайын қатыгездене түсуде. Ал қатыгездік – өз кезегінде психикалық дерттің бір қайнар көзі. Ең өкініштісі – «Енді өзіңді түзелер дей алмаймын» деп Абай атамыз айтқандай, адам баласының, тіпті тұтасымен адамзат мақұлықатының ашкөздік дейтін тәтті удан бас тарта қоюы енді екіталай.

Алайда бүгінде саны жеті миллиардтан асқан адамзаттың тойып болмас  ындыны мен нәпсісін толтыруға аюдың қолындағы қоянның көжегіндей ғана жер шары тым қораштық етеді. Оның үстіне, жердің үстін жалмап бітірген адам баласы соңғы бір ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде оның астын да тақырлап тауысуға таяғаны, кен байлықтардың кейбірі 40 – 50, қалғаны 70 – 80 жыл ішінде тақа түгесілетіні туралы нақты болжамдар айтыла бастады. Бірақ бара қоятын басқа «жері» болмай тұрған адам баласы бұл «қиындықтан» шығудың да «оңтайлы» жолын тапқандай. Ол жолдың аты – «бөле жемей, өле жеу». Сонда көптің көңілі көншімесе де, аздың айызы қанбақ. Бүгінде осы жолмен «қарышты қадам» басып келе жатқан адам қоғамының алдынан «көп сериялы көбік фильмдер» бірінен кейін бірі шығуда. Олар: рухсыздық, азғындық, кәсіби біліксіздік, көзбояушылық-халтура, жұмыссыздық, қылмыскерлік, жемқорлық, парақорлық, т.с.с. болып жалғаса береді. Біз көбінше осы аталғандардың әлеуметтік салдарын көреміз де, адам психикасына тигізетін орны толмас зардабын ескермейміз. Пенде шіркін «ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі». Қаршадайынан қатыгездіктің қыспағында өскен адамнан одан басқаны күту де – далбаса. Мектепте «Адам бол» деп қанша үйреткенмен айналасынан көргені басқа ол, жеме-жемге келгенде «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адасады».

Мектеп демекші… Біз қатыгезідк пен көзбояушылықтың «көкесін» бұғанамыз қатпай жатып, сол мектептің өзінен көретініміз де өтірік емес. Расында, үйде тойып тамақ ішпей, мектепте жарытып білім алмай, ата-ана, мектеп-ана деп аталатын екі емшектен де сүт орнына су сорған байғұс баладан қандай болашақ күтуге болады? Сүт орнына су… Үйдегісі түсінікті. «Бөле жемей, өле жеудің» заманында, ішер асқа жарымағандар су татыған ботқа мен бөкпеден басқа не ішсін. Ал мектептен білім алудың орнына, үйге тапсырма, тест, «ғылыми» жоба сұрақтарын алып қайтатын бала «су ми» болмай, кім болмақ? Жауабын өздері де білмейтін мұғалімдер сол тапсырмаларды баланың біліміне қарап емес, ата-ананың «білігіне» қарай «бағалайтыны» да көптен бері «дәстүрге» айналғаны жасырын емес. Көптеген кейбіреулер «бұл – жала!» дейтіні анық. Олар бірен-саран ар-ұяты мен білімі бар мұғалімді және өз бетінше білімін көтере алатын қабілетті баланы саусақтарын шошайтып көрсетеді. Бірақ адамзат қоғамы жағдайында 75%-дық дәлелі бар тұжырым шындық болып саналатынын әркім білсе керек. Осының өзінде де, мектептегі 100 мұғалімнің кемінде 25-і «қамшы салдырмайтын» үздік ұстаздар болуы тиіс. Онда осындай ұстаздар туралы аңыздар тарап, ата-аналар оларға «таласып» жатса керек-ті. Бірақ, барша жұрт жақсы білетіндей, ортасынан озған ерекше ұстаздар туралы аңыз да жоқ, сондай мұғалімдерге «таласқан» өтініш-«арыз» да жоқ – тып-тыныш. Өйткені ата-ананың да, баланың да «барға – мәзір» болып, көнгеннен басқа шарасы, білім беретін  мұғалім таңдау еркі, мүмкіндігі жоқ, ондай мұғалімнің табылуы да неғайбыл. Кейбіреулер ақылы мектепте жақсы оқытады, сапалы білім береді деп түсінетін болса керек. Шындығында, ақылы мектеп, ақылы емханалардың өзге тегіндерінен айырмашылығы – тек ақша алатындығында ғана. Әйтпесе, бәрінде қызмет ететіндер – сол адамдар, сол мамандар, бәрінің «таз кепеші» бірдей екенін білмеу үшін – өзің де сондай мәнжубас болуың керек. Осы орайда, мұғалімнің яки дәрігердің мәртебесін көтеру дегенді олардың жалақысын арттыру деп қана біржақты жалаң түсінуге болмайтыны айқын. Ең алдымен олардың білімі мен біліктілігіне, жауапкершілігіне қатаң талап қойылмақ керек. Министр ауысқан сайын қайтадан «басталып» жататын білім реформасы бағдарламаны үсті-үстіне күрделендіріп, ауырлатумен емес, шәкірттің нақты білім алуын қамтамасыз етіп, қадағалаумен айналысуы қажет. Мектепке керегі – осындай реформа!

Сөзімді жүйке аурулары туралы айтудан бастаған едім. Оқушыларды бағдарламада бар, бірақ мұғалімдер өздері дұрыстап үйретпейтін тапсырмалармен қинау – олардың психикасын зақымдап, жүйке ауруларына ұшыратудың тіке жолы екенін ашып айту керек. Сұмдығы сол – осылай қинаудың өзі қазіргі білім беру жүйесінің ең басты «методикасына» айналған сияқты. Сірә осындай «инновациялық» әдісті кезінде білім алу, білім беру дегеннің не екенін өздері білмейтін әрі қияли-мәңгүрт, «жаңалық» ашқыш атаққұмар біреулер шығарған ба деп қалғандаймыз. «Ғажабы» сол – осы «методика» ондаған жылдан бері мектептің өн-бойына тас кенеше жабысып, қалар емес, енді баланың қанын сорудан «рекорд» жасауда. Бұл сорақылықтан «SOS!» шақырып құтқарылудан басқа жол қалмай барады. Балаға дұрыс білім бермейтін, берейін десе, өздері ештеме білмейтін, білгенін үйретуден тағы ерінетін «кейбір» мұғалімдердің «қазіргі заманда осылай оқытпаса болмайды, бала дамымай қалады» дейтіні бар. Сонда қалай: малына беретін жем-шөбінен өзгеде шаруасы жоқ америкалық фермер біздегі өзі секілді шрауашылық қожайынынан артық дамыған ба, Қазақстан деген елдің, қазақ деген халықтың атын естіп көрмеген еуропалық профессор дамымай қалған ба? Мұның аты – білім беру саласын мифке айналдырудан өзге ештеме емес. Шамадан тыс ауыр жүкті («нагрузка») үнемі көтерте берсе, қабырғасы қатаймаған бала түгіл, үлкен адамның өзі де ауруға айналатыны сөзсіз. Сондықтан студенттердің көпшілігі бұл проблеманы мұғаліммен «тіл табысып» шешуге тырысқанымен, бәрібір білім алмайды. Ал мұғалімдердің таусылып бітпейтін «псевдотапсырмаларын» көз алдау үшін өтірік орындаудың өзіне тәуліктің 24 сағаты жетпейтіндіктен, тамаққа тәбеті жойылып, ойыннан да, ұйқыдан да қағылатын қаршадай бала, ертеңгі сабағына үлгеріп бару үшін, түн ортасы шамасында талықсып құлаған төсегінен таң атар-атпаста қайтадан тұруға мәжбүр болады. Күндегі жағдайы осындай бала 11 – 12 жыл ішінде білімнің калориясымен жарқырай ма, әлде аллергиясымен қалтырай ма?

Осыншама қатыгездік қайдан шыққан? Кемінде 90%-ы әйел адамдар болатын, өздері де бала өсіріп, немере сүйіп отырған мұғалімдердің аналық, аталық жүрегі қалайша қара тасқа айналған? Үлгі тұтылған мектептің ардагер мұғалимасының аузынан: «Оқушыға 20 тапсырма беру – аз, біз 60 тапсырма береміз» деген сөзді есту қандай ауыр? Сонда оқушы күн сайын үйіне 6 сабақтан 360 тапсырма арқалап қайта ма? Бұл – оқушыны білімге ынталандыру емес, керісінше, одан бездіру екенін қалайша түсінбейміз? Мен, әрине, мектепте баланы еркіне жіберсін, оқытпасын деп отырған жоқпын. Керісінше, мұғалім оқушыға тапсырма емес, білім берсін. Білім мен ғылымның, техника мен технологияның көшбасшыларын қабілетті, дарынды балалар мен жастардың арасынан адал жолмен даярлау керек. Дамыған елдер санатына осы жолмен ғана қосыла аламыз. Ғылымы мен техникасы дамыған елдердің өзіндегі интеллектуалдық резерв екі пайыздан аспайды. Ал біздің сыныптағы 25 баланы түгел ғалым етіп шығарғысы келетін «методикамыздан» көзбояушылықтан өзге еш нәтиже шығар емес. Осындай мектептің «тұтқындығынан» өлдім-талдым деп әрең құтылған бала қоғамдық ортаға «дап-дайын» псих болып қосылып жатпағанына кім кепіл. Көшеде, кеңселерде өзді-өзі жағадан алысып, бірін-бірі тепкілеп жататындарды теледидар күн сайын дерлік көрсетуі – «әдеттегі» жағдай. Осының өзі кездейсоқтық па? Әлде қоғамның «хроникалық» ауруының көрінісі ме? Басқа – басқа, тіпті халық қалаулысы деп аталатын депутаттардың да кейбірі микрофон ұсынған журналистерді кеудеден итеріп тастап кете беретіні қалай? Дандайсыған дарақылық па, әлде олар да мектептегі «темір тәртіптің»  өнімдері ме? Бұл жерде мектеп деп – бүкіл білім беру жүйесін, тіпті керек десеңіз тұтас қоғамды айтып отырғанымыз түсінікті шығар. Өйткені «Аға сұлтан дегеніміз – сұлтандардың ағасы» деп «анықтама» беретін профессор студенттерге «тапсырма» бергеннен басқа, өз жанынан не үйрете алмақ? Жалпы, айналасы қаптаған осындайлар екенін көрген тәуір ұстаздардың өздері де «ойланбай» ма, солардың соңынан ілеспей ме? Жамандықтың өзі де ауру секілді жұқпалы келетіні аян ғой.

Білім ордаларының қабырғасынан осылай қалыптасып шыққан жас адамның алдынан енді келіп, дию, пері, айдаһар, жалмауыз секілділер бірінен кейін бірі шығып отыратыны тағы бар. Табақтай дипломы бар маманға да, екі қолынан өзге сенері жоқ адамға да «жұмыс» деп аталатын жұмақ жемісінің табыла кетуі – жеті теңіз бен тоғыз таудың арғы жағындағы «бақыт шөбін» іздегендей арман. Мектепте мұғалімді, емханада дәрігерді таңдау, олардың ішінен өз кәсібіне адал қарайтын білікті маманды табу қандай мүмкін болмаса, жұмыс таңдау – одан да өтіп кеткен қиямет. Алда-жалда табыла қалса, ол жұмысты темір етіктерінің өкшесімен  тепкілеп істететін кішкентай қожайындары тағы дайын тұр. Осының бәрінен титықтаған адам байғұс өлдім-талдым деп, кешке үйіне барса… үй аңырап, қазан қаңырап тұр! Енді келіп, осы адам не істемек? Екінің бірі: не үміті сөніп, жүрегі мен жүйкесі семіп, екі жастың біріне жетпей ауруға ұшырайды, не «басқа жолмен» жан бағуды ойланады. Алғашқы жолдың апарар жері – аурухана болса, екіншісінікі – қылмыс пен түрме. «Қайда барса да – қорқыттың көрі». Қоғамның беталысының өзі осы болған соң, бұл тығырықтаншығу – екінің біріне бұйырмайтын сәттілік. Техника мен технология жетістіктері шарықтап дамыған сайын тығырық тарыла бермек. Бір-ақ рет сатып алатын техника тұрғанда, ай сайын жалақы сұрайтын адам жалдайтындай – қожайын ақымақ емес. Бір кездері базарда жүк таситын арбакештік орынды «жеңіп» алған жас жігіт министрдің креслосына қонжиғандай «бақытты» болатын күнге де жетеді. Сөйтіп, білім мекемелеріндегі ұстаздар тепкісінен «жарты ми» болып құтылған бала, «еңбек майданындағы» қожайын (жұмыс беруші) деп аталатындардың теперішін көре-көре, бірер он жылдар ішінде «супер су ми» болып шықса, таңғалатын ештемесі жоқ. Осының бәрі отбасы ошағының шайқалуы мен қоғамдық тәртіптің қожырауына апарып соқпайды деп айту қиын. Қоғамның салауаттылығы мен саламаттылығының кепілі де – құрғақ сөзге құрылатын пафос-патриоттықта емес, әрбір азаматтың денсаулығы мен отбасы бақуаттылығының қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын іс-әрекетте. Азамат пен отбасы қауіпсіздігін өмірлік ұстанымға айналдырмай тұрып, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне сенім арту – бір сәттік алдамшы көрініс қана. Қоғамдағы әр алуан әлеуметтік қысымдардың адам психикасына тұрақты және үздіксіз үдемелі түрде тигізетін кері әсері – сананы психикаға, соғысты төбелеске айналдырудың төте жолы. Дүниежүзілік соғыс – әрине, жаман. Ал дүниежүзілік төбелес бір басталып кетсе, оны тоқтату мүмкін емес. Сананы психика билеген кезде қоғам стихия қорабына айналмай тұрмайды. Бүгінгі, болашақ ұрпағымызды білім ордаларындағы жасанды дидактикалық-методикалық қыспақтан және қоғамдағы әлеуметтік-құқықтық қысымнан толық азат еткенде ғана елдің еңсесін көтерер, дені мен санасы сау, ойы сергек азамат тәрбиелей аламыз. Өзіміз үнемі қызыға қарап, үлгі тұтып отыратын Батыс қоғамы адамдарының тұрмыстық қарым-қатынасы мен өзара сөйлесу мәдениетінің артықшылықтары да осыған дәлел. Жайбарақат тыңдап, жауап қайтаруға болатын жарты ауыз сөзді көтере алмай, жүйкесі «шытынап» шыға келетін біздегідей әдет олардың адамдарында жоққа тән. Бізде ұрыс-керіспен басталып, сотпен де бітпейтін мәселелер ол жақта екеуара іскерлік кездесулерде шешіліп жатады. Бұлай болуы ол жақтағы адамдардың тұрмыстық санасының өркениетті дамуында ғана емес, адам психикасына салмақ түсіретін дидактикалық, әлеуметтік секілді, т.б. «инновациялық» қысымдардың таралуына жол бермейтін салауатты салт-дәстүрдің берік орнығуында деп білген жөн. Ұқсасақ – жақсыға ұқсайық!

Тегтер: медицина біліктілік. індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24