Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз

Жарас КЕМЕЛЖАН

26.05.2023, 10:25

3742

Тәуелсіздік алған отыз екі жылдан бері жемқорлықтың ұясына айналған, сүйкімі әбден кеткен бір орган болса, ол – көші-қон полициясы. Шеттен келген қаншама мың қазақтың қалтасын қағып, көз жасына қалған бұл салаға баяғыда реформа жасалуы керек еді.

Тау асып, тас басып келген ағайын атажұртқа табаны тигенде, ең алдымен, көші-қон полициясындағы қатқыл бұйрықтар мен суық қарым-қатынасқа тап болады. Содан кейін, есіктен есікке жүгірту, қисынсыз ақша талап ету сияқты бюрократиядан ығыры шығады.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылы қандастар көп шоғырланған өңір. Бұрын өз алдына жеке аудан болғанымен, қазір ауыл санатында. Аудан статусын алудан үмітті елдімекендердің бірі. Әңгіме ол туралы емес. Қандастар көп шоғырланғандықтан, ауыл болса да, мұнда көші-қон бөлімі жұмыс істейді. Қаракөздер үшін «қарашаңыраққа» айналып қалған сол мекеменің жұмысынан ши шығыпты. Айдын-күннің аманында 400-ге жуық қандасымыз Қазақстан азаматтығын ала алмай, қолдарындағы құжаттарының мерзімі бітіп, виза уақыты өтіп, ұлардай шулап қалған.

Бұл қандай бассыздық? Мәселенің мәнін зерттеп көрдік. Сөйтсек, ұзақ жылдардан бері Шелек ауылындағы көші-қон бөлімінде жұмыс істеп келген Дәулет Қожанов есімді инспектор қызметтегі кемшіліктеріне байланысты былтыр көктемде жұмысынан кеткен екен. Екі-үш жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген ағайындардың айтуынша, экc-инспектордың орнына келген Жігер деген жігіт шаруаның жайын білмеймін деп, бұрынғы әріптесін көмекке шақырған көрінеді. Оның көмегі сол – 136 отбасының құжатын қабылдап алып, азаматтықтарың әне-міне шығады деп, осы уақытқа дейін сағызша созып келіпті. Сөйтсе, үш жылдан бері бірде-біреуінің құжаты көші-қон базасына тіркелмеген.

Қожановтың есігін қаға-қаға қажыған ағайын ақыры «от алып, қопаға түседі». Журналистерді шақырып, мәселеге қоғам назарын аударғылары келеді. «Инспекторға құжаттарымызды өткізіп, өзіміз далада қалдық» деген жұрт жиналып, көші-қон бөліміне барады. Ол жерден жауапты кісілерді таба алмай шулап-шұрқырап қайтады.

Бізге телефон арқылы түйткілдің түйінін түсіндірген «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бәдигүл Қажыбекқызы әлгі Дәулет Қожановтың заң бойынша мұнда жұмыс істемейтінін айта келіп, мәселенің шешімі күрделі екенін жеткізді.

«Осы уақытқа дейін Қожанов дело қабылдап келген. Ал мына кісілер біздің қоғамдық бірлестікке арызданып барғаннан кейін, мен шаруаға араластым. Менен 10 күн уақыт сұраған қазіргі инспектор Жігер уәделі күні қашып кетті. Есік қаласындағы Талғат деген бастықтарына бардым. Ол «Біз бәрін қараймыз, реттейміз» деп шығарып салды. Бірақ ол жерде де бұл 136 отбасының құжаты болмай шықты. Одан кейін Алматыдағы Қабанбай батыр-126 деген мекенжайға бардым. Ол мекемеден де бірде-бір құжат таппадым», – дейді.

Сонда 400 адамның құжаты қайда?

Айтпақшы, Қажыбекқызының «Қабанбай батыр-126» деп отырғаны – Алматы облыстық көші-қон полиция басқармасы, ұзақ жылдардан бері қандастарға  құжат берумен айналысып келе жатқан мекеме.

Бәдигүл Қажыбекқызының айтуынша, Шелектегі қандастар мәселесі ұзаққа созылатын түрі бар. Соңы сотқа ұласуы мүмкін дегенді де меңзейді.

«Біріншіден, бұл кісілердің азаматтығы шықпайды. Екіншіден, бұлардың ешқайсысында виза жоқ. Паспорттарының уақыты бітіп кеткендері көп. Олар Қазақстан азаматтығын мүлде ала алмайтындар. Үшіншіден, көші-қон заңнамасы бойынша, паспортында виза бар кезде ғана азаматтыққа өтініш бере алады. Визаның уақытын ұзартып отыру керек еді. Ал бұл азаматтардың кейбірінің визасының уақыты екі жыл бұрын өтіп кеткен. Қолында құжаты болмаған соң, әрине, жағдай қиын», деп түсіндірді.

Қазақстан азаматтығын ала алмаған соң тұрақты жұмысқа да тұра алмайтыны анық. Ал әлгі 136 шаңырақта жұмыссыздар санын көбейтіп жүрген қанша адам барын шамалап есептеуге болады. Шелектегі көші-қон бөлімінің табалдырығын тоздырып жүрген ағайынның айтуынша, араларында Қазақстан азаматтығына құжаттарын ақылы түрде тапсырғандар да бар көрінеді. Өзін Баһаргүл Әлиханқызымын деп таныстырған келіншек аяғының ауыр екенін, ал Қазақстан азаматтығын ала алмағандықтан, баласын қандай құжатпен рәсімдейтінін де білмейді.  

«Бірдеме десек, ақылы дейді. Жарайды, оған да көндік, қанша ақша шаштық. Азаматтық алу үшін де ақша бердік. Енді не істейміз? Елге келгенімізге қанша жыл болды, біткен бір жұмысымыз жоқ. Сол сабылған бос жүріс. Не құжатымыз жоқ, не тұрақты жұмысқа тұра алмаймыз» – деп күйінеді. 

Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Қайасқаров жиналған жұрттың алдында Дәулет Қожановқа қатысты сұрақтың тексерілетінін, ал азаматтық ала алмай жүрген қандастардың аты-жөнін алып, мәселені майшаммен қарайтындарын айтқан. Оған дейін визасыз қандастар бірдеңе ғып күнелте тұрар, ал жаңа туған жас бала қайтеді?..

Редакциядан: Біз аталмыш мәселеге қатысты бірқатар заңгерлерге қоңырау шалдық. Заңгерлер «азаматтық ала алмағандардың қолындағы құжаттарын көзімізбен көріп, мәселені нақты біліп алмай кеңес бере алмаймыз» деген уәж айтты. Алдағы уақытта  осы түйіткілдің түйінін тарқату үшін тағы да зерттеу жасап жұмыс істейміз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:31
АХМЕТТІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ
Күлтегін БЕК 06.06.2023, 09:46
Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 12:42
Жұмыссыз ерлер Қызылордада, жұмыссыз әйелдер Маңғыстауда көп
Күлтегін БЕК 31.05.2023, 09:42
Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 31.05.2023, 04:57
Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.05.2023, 16:26
172 мың түлектің үміті желге ұшты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00