23.05.2023, 10:44
3952
Қазақ елінің үш мың бес жүз жылдық тарихының құнды деректері қамтылған «Еуразияның шынайы тарихы» атты жаңа кітап жарық көрді.
Кітап авторы Асқар Селеубаев кәсіби тарихшы болмаса да, тарихқа терең түрен салып жүрген жазушы. Оның бұл кітабы несімен құнды, нендей өзгешелігі, ашқан жаңалығы бар ма? Бұл, былайша айтқанда, біз оқып жүрген Еуразия тарихына балама тарих. Әрине, айтылып-жазылғанның бәрін даусыз шындық дей алмаспыз, бірақ ізденушіге терең ой саларлық, айқын жол көрсетер тұстары барынша мол екені ақиқат.
Автор да отарлаушы империялар әдейі өшірген, құртып жіберуге тырысқан 3500 жылдық тарихымызды шамасы келгенше жазып, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу, соны дәлелді түрде айтып беруді мақсат тұтқан.
Мұрад Аджи болсын, басқа да көптеген ғалымдар адамзаттың өркендеуі Алтайдан басталған деген тұжырымды айтса,
автордың ойынша, адамзат баласының отаны Тұран жері, яғни Қазақ жерінің оңтүстік-шығысындағы Жеті Алатау аймағы, яғни жер жәннаты Жетісу өлкесі.
Адамзат баласы осы жақтан өсіп-өніп өркендеуінің бір дәлелі ретінде автор Қазығұрт тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған деген аңыз-әңгіменің бекер айтылмағанын алға тартады. Қазығұрт тауының терістік аймағында Ленгір деп кеткен жер барын жұрт біледі. «Шындығында бұл атаудың көне атауы Ілінгір болған. Ілінгір деп атауының себебі Нұқ пайғамбардың кемесін тоқтату үшін тастаған ілінгірі осы жерде тасталған. Содан Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына тоқтаған. Арада уақыт өте келе Ілінгір атауы тілге жұмсақ айтылуы үшін, «і» әрпі өзінен-өзі түсіп қалып, Ленгір болып қысқарып қалған.
Ал енді бүкіл дүниежүзі кемені тоқтататын осы ілінгірді өздерінше бұрмалап, якір, якор, енгор, ангор деп атайды. Осы атаулардың бәрінің басындағы я, а, е әріптері аздап өзгеріске түскен «і» әрпін білдірсе керек. Ал осы бүкіл атаулардың бәрі «р» әрпімен аяқталып тұрғаны біздің сөзімізді дәлелдейді. Бұл демек қазірге дейін кемені тоқтатып тұратын құралдың аты жерге тастаған кезде ілініп қалып, Ілінгір аталуы, оның тура мағынасын қазақ тілінде ғана беріп тұрғанын білуге болады. Ал басқа атаулар осы атаудың өзгеріске түсіп, тура мағынасынан айнып кеткен атаулары ғана.
Осы якор, енгор сияқты бұзылып аталып кеткен атаудың негізгі төркіні түрік-қазақ тіліндегі ілінгір атауы екені айтпаса да түсінікті. Бұл жағы да Нұқ пайғамбар мен оның елінің әу бастағы тілі бүгінгі түрік-қазақ тілі болғанын тағы да дәлелдеп отыр» дейді автор.
Еуразияның тіл бастауы ғана емес, дін бастауында да бабаларымыз тұр
Біздің бабалар сонау көне заманнан бір Тәңірге ғана табыну жолымен басқа діндердің бастауында, яғни сол діндердің басы-қасында да болғаны белгілі бола бастады. Буддизм дінінің негізін қалаған Будда Үнді жеріне солтүстіктен келген деп айтылатынын оқымыстылар біледі. «Оның шыққан елі Шака Муния, яғни Сақа Маны болғаны өзінің атауынан-ақ белгілі болып отыр. Бұл демек қазақ жерінен барған Бұда әлде Бұта деген адам Тәңірге апаратын ең жақын жолды іздеп, осы Буддизм дінінің негізін қалап кеткен» дейді автор. Ерте замандағы өркениеттердің көбінде жаратушы Тәңірге қатысты сөздердің көбі көне қазақ тіліне жақын атаулармен айтылатынын соңғы кездері ғалымдар жазып жүр. Тынық мұхитының аралдарында өмір сүретін халықтардың біразы өздерінің құдайларын Тәңір немесе Теңір деп атайды екен. Ертедегі Мысырда Бог Растения (Өсіру Тәңірі) – Осирис болғаны, яғни түрік-қазақ тіліндегі Өсіріс, Өсіру сөзі екені айтпаса да түсінікті.
Тәңірдің Мұса (Мойсей) арқылы жіберген алғашқы дінінің қорғаушылары көне түркілер – бүгінгі қазақтар болғаны да соңғы кездері жалғанның жарығына шыға бастады. Мәселен, Рим империясының жандайшаптары осы дінді ұстаған еврей халқын қудалап, қырып, күн көрсетпеген кездерінде, олар қашып, Қап тауының, Балқан түбегінің терістігіне, Орталық Азия аймағына босқанда, оларды қорғап, қанатының астына алған көне түрік-қазақтар еді. Хазар қағанатының қағандары, тіпті осы діннің негізгі қолдаушылары да болғаны тарихтан белгілі. Еуропа жеріндегі еврейлер, әсіресе Ресей еліндегі еврей халқы біздің бабаларымыз қорғап қалған сол еврейлердің ұрпағы екенін өздері де ашық мойындай бастады.
«Иса пайғамбарға түскен Інжіл (Библияның) алғашқы жазылған тілі түрік, оның ішінде арамей тілі екені де соңғы кездері оқымыстылар тарапынан дәлелденіп жүр. Осы діннің дұрыс бағытын ұстаған Исаның шәкірті Нестордың жолын ұстаушылар Таяу Шығыс пен Еуропада осы діннің адасқан жолын ұстаушылар тарапынан қудаланғанда, оларды шын көңілмен қабылдап, солардың дінін қабылдағандар да Азиядағы түрік халықтарының арасынан табылды.
Бір Тәңірге ғана табыну жолы Ислам дінін уағыздаушылар келгенде бір Құдайлық (монтейстік) дін исламды да ешқандай күмәнсіз, қарсылықсыз, мәжбүрлеусіз еркін қабылдаған түрік халықтары болды. Кешегі замандағы қазақтың қаңлы тайпасының ең көп бір тармағы Қай елінен шыққан Осман түріктері ұзақ жылдар бойы ислам дінінің қорғаушысы, уағыздаушысы, тірегі болғанын елдің бәрі біледі».
Міне, осылайша автор Еуразияның тілі ғана емес, дінінің де бастауында бүгінгі қазақтың арғы бабалары – ежелгі түркілер тұрғанына дәлелді түрде ой жүгіртеді.
Біздің аталарымыз сонау ерте заманда-ақ, әрісі әлмисақтан бастау алып, берісі бүкіл қазақтың түпатасы Арыс бабадан бері Тәңірге ғана табынса, олар өздерін жаратқан иесі – Алла Тағаланы білгені, олардың жердегі бірінші пайғамбар, әрі өздерінің түпатасы Адам атаны да білгені шындық болар. Оның дәлелі – жер бетіндегі халықтардың ішінде қазақтар ғана кісіні Адам дейді емес пе? Адам атаны біліп отырғанының өзі діннен хабары бар кез келген ғалымды ойландырса керек.
Олай болса, атақты ғалым М.Аджидің жазуы бойынша Гун (Құн) тайпасының көсемі Еділадан (Атилла) Еуропаға жасаған жорығында еуропалықтардың бір Құдайға табынып, құлшылық жасауды саналарына сіңірді дегені ақиқат болғаны ғой. Сол уақыттарға дейін, яғни біздің жерден Еуропаға қоныс аударғандардың барғанына дейін соның ішінде Еділаданның жорығының алдында гректер мен римдіктердің көп құдайға Зевс, Афина, Гефес, т. б. табынғанын білеміз. Осы ұлы ісі үшін оны еуропалықтар «Құдайдың бишігі» атаған.
Ол бүкіл Еуропаға билігін жүргізіп тұрса да, байлыққа, мансапқа қызықпаған. Еуропаның отыз бес халқын Римнің құлдығынан құтқарған. Өте әділ билігіне бола Еуропаның көптеген халықтары өздері келіп, оған бас иіп, бағынған. Нағыз қазақ қалпында қалып, алтын мен күміс үйіліп жатса да, ағаш ыдыс пен ағаш қасықпен тамақтанған, жібек, қымбат мата көп болса да киімдерін теріден тіккізіп киген. Сондай өте қарапайым қалпында өмір сүрген Еділадан шынымен-ақ қазақ топырағының түлегі болып шықса таңғалудың түкке қажеті жоқ.
Бесінші ғасырдың ортасында Елсау бидің баласы Дулы ұрпақтары Бумын мен Естем қаған Сары теңізден Боспорға дейінгі аралықты қамтыған әйгілі Түрік (Тугю, Дулы) қағанатын құрған. Сол есте жоқ ескі замандағы тасқа жазылған тарихтың барлығы дерлік «Тәңір» деген сөзбен басталған. 1893 жылы әйгілі лингвист Л. П. Томсен еуропа ғалымдарының ішінен бірінші болып Күлтегін ескерткішіндегі көне түрік (руно) жазуын оқығанда, бірінші жолда «Тәңір» деген сөзді оқыған.
Абыл – Азық тайпасынан шыққан атақты Махмуд Қашқари бабамыз XI ғасырда жазған өзінің «Түбі бір түркі тілі» атты кітабында: «Түрік Тәңір жарылқаушы Нұһ пайғамбардың ұлының есімі. Бұл есімді оған Тәңірдің өзі қойған. Оның ұрпақтары да түрік деп аталады.
...Қашқарлық Халафтың ұлы білімдар имам Құсайынның маған айтып беруінше белгілі ералық ұстаз Әбубәкір муфти ақыр заман жайында жазған бір кітабында мынадай жайды рауаят қылады. «Ұлы Тәңір айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды Түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын!
Бұл жағдай Түріктердің басқалардан ерекше екенін көрсетеді. Сондықтан Түріктерге Тәңірдің өзі ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлегіне қоныстандырып, «Өз қосыным» деп атаған. Оған қоса түріктер көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделерінде берік тұратын мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар» (20 бет), – деген.
М. Қашқари түріктер туралы шындықты айтқанын жоғарыда сөз қылып отырған түрік халықтарының тарихы дәлелдеп отыр. Сондықтан да жоғарыдағы Ғұн тайпасының патшасы Еділаданды еуропалықтар бекерден-бекер «Құдайдың бишігі» (Божий бич) деп атамаған. Көне түріктер де, Еділадан да, Шыңғыс хан да, Ақсақ Темір де, Үндістанды билеген Ұлы Моғолдар да М. Қашқари айтатын Тәңірдің «өз қосыным» деп атаған әскерінің басында тұрған ұлы жаһангерлер екені тайға таңба басқандай ақиқат.
Бүкіл әлемді жаулап алғысы келіп мансапқа, байлыққа ұмтылған парсы патшалары Кир мен Дарийді жеңген, грек патшасы А. Македонскийды тәубесіне келтірген де Тәңірге ғана табынған осы түріктер еді ғой.
Ұлы ғалым Л. Гумилев өзінің «Қиял патшалығын іздеу» деген кітабында монғолдардың діні туралы анық, дәл жазған: «Рубрук Мөңке ханға келгенде оған мұсылмандар мен христиандардың бірқұдайлық платформасында (бағытында) бірлесіп, буддашылармен айтысқан діни тартысқа қатысуының сәті түсті. Сол айтыс-тартыста Мөңке-хан да өз көзқарасын білдірді. Ол былай деді: «Біздер, монғолдар, аспандағы бір Құдайға сенеміз, оның еркін біз сәуегейлер арқылы біліп отырамыз. Міне, Рубрук қысқаша жазып алған монғолдардың дін жолы тап осындай еді» (299-бет).
Л. Гумилевтің сол кітабында Рим папасы жіберген екінші бір елшісінің Плано Карпини да бақылап көргені де Рубруктың жазғанымен мағынасы ұқсас. Ол да өзінің еңбегінде монғолдардың құдайды құрметтеуін жазған тарауында былай дейді: «Олар көзге көрінетін және көрінбейтіннің бәрін жаратушы деп өздері мойындайтын бір Құдайға ғана иланады, сонымен қатар оны осы дүниедегі шат-шадымандықпен бірге, азаптарды да жолдаушы деп біледі. Бірақ олар сол өз құдайын намаз оқып, дұға қылу немесе мақтап-мадақтау арқылы немесе тағы басқа ырым, жора жолымен құрметтемейді».
Жоғарыдағы үзіндіден бір Тәңірге ғана табынған біздің аталарымыз бен ислам дінінің негізгі қағидасы – көзге көрінбейтін жаратушыға, былайша айтқанда бұрын біліп, көріп, естімеген ғайыпқа сену. Бұл жерде де екі жақтың негізгі сенімдері бірдей болып отыр. Тәңір дініндегілер жаратушының еркін әулиелер арқылы біліп отырғанын да түсіндік. Бұл жердегі әулиелер деп отырғаны бақсылар екені өзінен-өзі түсінікті. Бақсыларды орыс тіліндегі және де басқа елдің дін танушылары шаман дейтінін білеміз. Кейбір діннен хабары жоқ шетел ғалымдары, кейінгі кездері өзіміздің ішімізден шыққандар да осы тәңір дініндегі бақсылықты жеке дін деп даурығып, шатасып жүр. Олардың ойынша түрік халықтары, оның ішінде біздің қазақтар да «бақсыларға (шамандарға) табынған». Сөйтіп, шатасқандар жаңа бір дін – шаманизмді ойлап тауып, шығарып жүр. Шындығында шаманизм дін емес. Шамандар, яғни бақсылар Тәңір дінінің әулилері ғана.
Қазіргі заманға дейін Сібір мен Қытайдың терістігін мекендеген халықтар шамандар- бақсыларға сенеді. Оларды орыс билігі шоқындырып жатса да, қытайлар пұтқа табындырып, немесе өздерінің басқа діндеріне алдап-арбап, зорлап енгізіп жатса да, өздерінің ата-бабалары ұстанған Тәңір дінін ұмыта бастаса да өздерінің шаман-бақсыларына сенуін жоғалтпай келеді. Осы шамандық сенім олардың ата-бабаларының Тәңір дінінде болғанын көрсетеді. Осыдан шығатын қорытынды – бір кездері өздерінің Тәңіріне табынған олар, енді сол діннің тірегі болған шаман-бақсыны піріндей көретін Сібір мен Қытай халықтарының көбінің түбі, яғни негізгі тегі түріктер екенін білдіреді.
Рим империясының жеңілгеннен кейінгі саясаты
Рим империясын біздің батыр бабаларымыз, яғни сол кездері Керман тайпалары деп аталатын Сақ, Құн, Анды, Мар, Алан, Кете, Ақ және де басқа елдердің батырлары күлін көкке ұшырып, быт-шытын шығарғаны белгілі. Олар Римнің құлдығында жүрген отыз бес елге бостандық алып берген. Бірақ сол жақсылықты Еуропа пен Жерорта теңізі жағалауының халқы бағалай білді ме? Олар кімнің арқасында құлдықтан құтылып, еркін ел болғанын естерінде сақтады ма?
«Жеңілген Рим империясы сол кездері аса қарқынмен бүкіл Еуропаға тарап келе жатқан Иса пайғамбардың христиан дінін өздерінің билігіне пайдалану әдісін қолға алуды ойластыра бастады. Сол кездегі барлық халықтарға өздерінің билігін зорлап жүргізіп, елдің бәрін құлдыққа салып келе жатқан Рим империясына, Иса пайғамбардың жаңадан алып келген дінінің абыройының өте жоғарғы қарқынмен өсуі ұнай қоймады. Сондықтан олар қандай да жолмен Иса пайғамбардың көзін құртуға тырысты. Олар тіпті сол жолға түсе бастаған Израиль халқын да қуғынға ұшыратты. Олар аман қалу үшін, бастары ауған жаққа қарай қашқаны да тарихтан белгілі. Еврей халқы сол Рим билігінің қудалауының кесірінен дүниежүзіне тарап кеткен.
Төртінші ғасырдың соңынан бастап Рим билеушілері Керман тайпаларынан жеңіліп, Еуропа жақтағы өздерінің билігінен айырылып қалған соң, басқа әдіс ойластыра бастады. Ақыры, оның да жолын тапты. Сөйтіп, өздерін Иса пайғамбардың дінінің қолдаушысы ретінде көрсетуге тырысты. Тырысып қана қойған жоқ, тіпті сол дінді басқаруды қолға алып, өздерін христиан дінінің жақтаушысы ретінде жар салды. Біртіндеп күшейіп алғаннан кейін өздерін христиан дінінің көшбасшысы ретінде бүкіл Еуропа елдеріне жариялап, бастығын өз ішінен сайлап, бірден Рим Папасы болып шыға келді.
Рим басшылары христиан дінінің барлық тармағын бір орталыққа бағынатын каталық (католик), яғни одақ, бірлік болуы керек деген желеумен, барлық христиандарды өздерінің қоластында ұстауды ойластырды. Каталық аталатын себебі сол заманда барлық еуропа халқына ортақ тіл, бүгінгі түрік-қазақ тілі болатын. Елдің көбі, әсіресе билік басындағылар осы тілде сөйлейтін. Осы тілді пайдаланған Рим басшылары өздерін христиан дінінің одағын құрушы, яғни каталықтың басшысы-бабасы ретінде көрсетіп, өз ішінен сол каталықтың ұлы Бабасын (Папа) сайлайтын болды. Христиан дінін Каталық діні, яғни Католик діні, ал ол діннің басшысы Бабасы (Папа) болады деп бүкіл елді сендіруге тырысты.
Рим Папасы Иса пайғамбардың адамзатқа алып келген дінін бұрмалап, енді діннің көмегімен батыс елдерін қайта өздерінің құлдығында ұстау саясатын мықтап қолға алды. Сол кездері олардың қулығына сеніп, қапқанына түскісі келмегендер якобит, православ, протестант, несториан сияқты христиан дінінің тармақтарына бөлініп кетті.
Осылардың ішінен Иса пайғамбардың нағыз жолын ұстаушы апостолдарынан Нестор деген шәкірті Азия жеріне қашып келіп, осы жақта таза Иса пайғамбардың дінін таратқаны белгілі. Олар өздерін несториян, яғни Иса пайғамбардың апостолының атынан солай атаған. Осы адамгершілікке, бауырмалдыққа, сүйіспеншілікке негізделген таза дінді Азия халықтарының, оның ішінде түрік елдерінің көбі қабылдап, сол жолды ұстағаны белгілі. Осы Иса пайғамбардың шәкірті Нестор ұстаған таза жолды жалған дінге бет бұрған Рим басшылары «ересь» деп атады.
Олар Еуропа жерінде дінді көзбояушылық ретінде пайдаланып, билігін орнатып алғаннан кейін, қарсы болғандардың бәрін қудалап, көздерін құрта бастады. Бақсы-балгер, көріпкел әйелдерді отқа өртегені де содан. Рим Бабасы (Папасы) өздерінің жалған діні арқылы, Батыс аймақта билігін орнатып алғаннан кейін, енді Еуропа елдерінің бәрін өздерінің қарамағында ұстауға тырысты. Еуропа елдерінің басшылары-королдары Рим Папасының рұқсатымен ғана таққа отыратын болды. Рим Папасы енді әртүрлі қитұрқы жолдармен Еуропа халықтарын өзінің діні арқылы алдап, оларды ата-бабаларының тарихынан, дінінен, ділінен, тілінен, ата дәстүрінен бездіруді қолға алды.
Рим басшылары жауынгер Герман аталып жүрген түрік тайпаларымен майдан даласындағы көп жылғы күресте бірнеше рет жеңілгені белгілі. Сол заманда кешегі майдан даласындағы ашық соғыста жеңіп келген жауынгер германдар, ағылшын-сақсондар Римнің жалған жаңа дініне кіріп алғаннан кейін, енді қитұрқы саясатта, жалған дін арқылы олардан жеңіле бастады. Қарсы болғандарды Римнің жансыздары неше түрлі қулық пен зұлымдықпен қудалап, көздерін құртты.
Римнің жалған саясаты мен дініне қарсы болғандардың алдыңғы қатарында герман тайпалары тұрды. Өйткені олар Құдайдың өте сүйікті қызметшісі болса да, Иса пайғамбарды Құдай немесе Құдайдың баласы деген сандырақты қабылдай алмады.
Содан Римнің жансыздары инквизиция деген желеумен өздерінің иезуиттері арқылы олардың жалған дініне қарсы болғандардың барлығын әртүрлі жолдармен көздерін құртуға тырысып, елді қорқыту үшін отқа өртеді, тіпті олардың бала-шағасына дейін құртып жіберді. Содан олардың аман қалғандарының үріккені сондай, олар өздерінің ата-бабаларының тура дінінен, ата-тегінен, тарихынан, ата дәстүрінен қаша бастады.
Сол кездегі Еуропа жеріндегі жағдайды жақсы білген, ол жақтағы елдердің тілдерінің аяқастынан өзгеруін жазған Ю.Дроздовтың «Тюркоязычный Период Европейской Истории» атты кітабындағы айтылған деректердің түрік халықтарының тарихы үшін өте маңызды. Ондағы құнды мағлұмат арқылы Х-ХII ғасырлар аралығында Еуропа халқын өздерінің бұрынғы түріктік тілінен де, шынайы тарихынан, ата дәстүрінен де оларды Рим Папасының және солардың жан-жаққа жіберген айлакер зұлым иезуиттері алыстата бастағаны белгілі болып отыр. Берідегі Еуразия ғана емес, арыдағы Еуропа елдерінің шығу тарихы, олардың аттарының шынайы шығу тегі қазақ даласымен, арғы ата-бабаларымызбен тығыз байланысып жатқанын кітапты оқыған адам өзі қорытып алады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР