Кешіріңдер, бізді, періштелер! Үкімет бес қыздың өлімінен сабақ алмады

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

23.02.2021, 09:26

1434

Өткен апта өрттің тілсіз жау екеніне тағы көзіміз жетті. Елде екі бірдей отбасы қара жамылды. Біріншісі – Қызылорда қаласында үйлердің бірінен өрт шығып, алты айлық нәресте шетінеді.  Бес баланың анасы төрт баласын терезеден шығарып үлгеріп, бірақ бесіктегі бөбегіне көмек бере алмаған. Бұл отбасы тапқан-таянғандарын пәтерақыға жұмсап келіпті. Көпбалалы ананың үй кезегінде тұрғанына үш жылдан асқан. Артынша осы оқиғаның ізін суытпай,  Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір отбасының  бес бірдей баласы қаза болды. Мұнда да «балаларды бағамыз» деп, еңбектеніп, тырбанып жүрген қарапайым отбасы қайғыдан қан жұтты. Осылайша алты бірдей періште өрттен опат болды.

        Еске салсақ, 2019 жылы 4 ақпанда астанада бес бірдей қыз бала өрттен қаза болып, бір ғана отбасы емес, бүкіл қазақ қара жамылған еді. Қазір де солай, елдің қабырғасы қайысып, еңсесі езіліп отыр. Сол 2019 жылғы оқиға көпбалалы аналардың наразылығын тудырғанда «осы оқиғадан кейін билік сабақ алар» деп үміттенгенбіз. Бірақ ана мен баланың жағдайы әлі толыққанды шешімін тапқан жоқ.

 

             Талап бар, оны орындайтын үкімет қайда?!

       2019  жылы бес қыздың өлімінен кейін үкімет мүлдем ұмыт қалдырған аналар мәселесі қоғамда жиі қозғала бастады. Осы оқиғадан соң, Қазақстанның барлық өңірінде көпбалалы аналар жиындар мен митингілерге шыға бастады.  Мұндай шаралар әлі де жалғасып келеді. Солжылыбас қалада өткен алғашқы митингіде көпбалалы аналар үкіметке бірнеше талап қойды.Олар үкіметтен:біржолғы берілетін жөргекпұлды 2 млн 525 мың теңгеге жеткізуді (сол жылғы 1000 АЕК), әрбір балаға кәмелеттік жасқа толғанша ай сайын ең төменгі күнкөріс мөлшерінде – 29 698 теңге жәрдемақы төлеуді, аналарға ең төменгі еңбекақы мөлшерінде – 42 500 теңге еңбекақы төлеуді, үш балалы отбасын баспана алу жеңілдігімен қамтамасыз етуді, төрт балалы және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандарға адам басына тиесілі шаршы метрдің халықаралық стандарттары ескеріліп, тегін баспана беруді,  бала 14 жасқа толғанша ана мен баланы тегін емдеуді, бастауыш сынып оқушыларына күніне бір реттік тегін тамақ беруді, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды жоғары оқу орындарында тегін оқытуды талап етті. Бірақ осы талаптар жүзеге асты ма?! Бұл ретте біздің сауалымызға жауап берген  «Аналитик» талдау орталығыныңбас сарапшысы Меруерт Молдабаеваның айтуынша,бұл талаптардың көпшілігі орындалған жоқ. Сол жылы үкімет әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы беруді енгізді. Артынша бір жыл өтпей жатып бұл жүйені алып тастады. Қазір әр балаға 10 625  теңге мөлшерінде ғана жәрдемақы беріледі.  

    – Рас,  «Бақытты отбасы» банкі арқылы 5 пайызбен баспана беру тәрізді бағдарламалар қолға алына бастады. Бірақ көпбалалы аналарда үй алуға алғашқы жарна жоқ екенін ескерсек, бұл бағдарламалардың нәтижесі де оңды деп айта алмаймын.  Аналар көшеге шығып, талаптарын қойып жатқанымен, оны тыңдайтын, орындайтын ведомстволар жоқтың қасы, – дейді сарапшы.

        Маманның айтуынша, үкіметтік деңгейде заңдар мен бағдарламалар қабылданып жатқанымен, оның орындалуы қиын. Себебі біз әлі күнге дейін мәселені шешудің  тиімді  әрі сауатты жолын таба алмай отырмыз.

                              Өзге елдерде қалай?

        Біз 30 жыл бойы тиімді жолын таба алмай келе жатқан мәселенің шешімін Ресей әлдеқашан оңтайлы шешіп алған. Ресейде  аналарға берілетін бір реттік «Ана капиталы» биылдан бастап өсті. Бұған дейін Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметтен алатын бір реттік «Ана капиталы» 453 026 рубль болса, бұл сома биыл 470 241 рубль болып өскен.

     Сол сияқты Жапония үкіметі де «Бала капиталын» 2020 жылдан бастап өсірді. Былтырдан бастап жапондардың екінші баланы өмірге әкелген аналары ай сайын жәрдемақы ретінде 500 евро жалақы алып отыратын болды. Сондай-ақ Ресей 2017 жылдан бері зейнетақы қорынан жағдайы төмен аналардың әлеуметтік жағдайын шешу үшін қаржы бөліп келеді. Көрші ел аналарының жоқ-жітігін түгендеу мақсатында зейнетақы қорынан былтыр 325 млрд рубль бөлген. Әрине, бұған қарап отырып қызықтық.

      Пайымдасақ, қазір көптеген елдер демографиялық саясатын оңдауға тырысып жатыр. Біз мысалға келтірген Ресей мен Жапониядан басқа, анасы мен баласына айтарлықтай жағдай жасап отырған елдер баршылық.  Әлеуметтанушы Серік Еңсебаевтың айтуынша, қазақ әу бастан демографиялық дағдарысқа бейім ел. Сондықтан бізге болашақта ана мен балаға қатысты саясатты нықтаған абзал.

     – Бізде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 200 мың теңгеден көп айлық алады.  Солардың өзіне бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемін үкімет 1 миллион теңгеден аспайтын етіп тастады. Тіпті кейбір  әйелдер 250-300 мың теңгеден асырып жалақы алса да, бала туғаны үшін 1 млн теңге ғана жәрдемақы алады. Жұмыс істейтін әйелдер үшін бұл өте аз сома. Сондықтан осы мәселені реттеген жөн. Ал жұмыс істемейтін әйелдердің алатын жәрдемақысы тіпті төмен. Нақтысын айтқанда, мұндай сома төлеп, демографиялық дүмпу емес, дағдарысқа апарып соқтырамыз. Негізінде, бұл мәселені реттейтін кезең әлдеқашан жетті, – дейді әлеуматтанушы.

 

«Үкімет халыққа жаны ашыса, аналардың жағдайын жасасын»

        Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, ана мен балаға жағдай жасау қай кезде де өзекті.

     – Қазақтың басынан түрлі нәубет заман өтті. Ал қазір сол бюрократиялық шешімдерден арылатын кез келді. Норвегия, Нидерланды елдерінде әйелдер ерікті сақтандыру қорларынан бір төлем алса, кәсіптік сақтандыру қорлары, яғни жұмыс орнынан ашылған қорлардан бір төлем және мемлекеттік сақтандыру қорларынан бір төлем алады. Сонда бірқатар елдердің әйелдері үш бірдей мекемеден декреттік төлем алып, үш жыл бойы алаңсыз бала күтімімен айналысады. Ал біз әйелдердің өз айлығынан бір ғана міндетті сақтандыру қоры арқылы жиған қаржыларын өздеріне қимай отырмыз. Алатын декреттік төлемі мардымсыз болған соң, аналар амалсыз баласын тастап, жұмысқа шығады. Мұның арты қайғылы жағдайға ұрындырып жатыр. Үкімет халыққа жаны ашыса, аналардың жағдайын жасасын, – дейді Серік Еңсебаев.  

             20 бала тапса да, жағдайы жасалғаны шамалы

       Мамандардың байыптауынша, біз көпбалалы аналарға жағдай жасауда бірқатар елдерден артта қалып отырмыз. Бізде 10 бала түгіл, 20 бала тапқан анаға да жағдай жасалмайтыны анық. Бұған дәлел келтірсек, елімізде 20 бала тапқан Қамаш Сейітжанова деген анамыз бар. 16 қыз, 4 ұлды дүниеге әкелген Қамаш апамызға да жақсы жағдай жасалып отырған жоқ. Ол кісі ауылдан көшіп келіп, өз күшімен Алматыдан үй алды. Балаларын да өз күшімен оқытты. Сол Қамаш апамыз «үкіметке телміргенімше, өз күшіме сенгенім жақсы» дейтін. Біздің елде өз күшіне сеніп жүрген осындай аналарымыз қаншама?! Алайда сол «өз күшіме сенемін, балаларымды жеткіземін» деп тырбанған ата-ананың бүлдіршіндері оқыс оқиғалардан опат болса да, біздегі шенділер сабақ алатын заман тумай тұр. Дүниеде кездейсоқ ештеңе болмайды. Қанша жерден жазым ғой деп жақауратқанмен, алдына жағдайыңды айтып барсаң, «баланы тусаң, өзің үшін тудың»; «сонша ақылды болсаң неге кедейсің?» деп қарап тұратын шенеуніктер еске түсе береді. Президентінің өзі «туарда бізбен ақылдастыңдар ма?» деп салатын ел едік, қарғысқа ұшыраған жоқпыз ба осы деген ой да жаныңды жегідей жейді. Өзге елдердің көпбалалы аналарына жасап отырған жағдайын көріп, бармақ тістейсің. Ал біздің  көпбалалы аналарымыз еліміз тәуелсіздігін алғалы бері  ала дорбасын арқалап, базар жағалап, баласының бір күндік тамағын тоқ етуді ойлап, бас қатырып жүр. Әр баласы үшін 10 625 теңге ғана алатын көпбалалы ананың жағдайы қайдан оңалсын?! Үкімет мүшелері осы 10 625 теңгемен бір күн күнін көре ала ма екен?!

      Бюджеттің, Ұлттық қордың  қаржысын холдингтерге, ұлттық компанияларға, банктерді қолдауға бөлуге келгенде аянбайтын үкімет халыққа келгенде қалтырауық. «Сараңның атын естісе, жұрт сөгеді» демекші, қазір үкіметтің әрбір ісін сөгетіндердің қатары тым көп. Ал мұның арты елдің сабырын сарқымасына кім кепіл?! Сондықтан үкіметке болашақта құрғақ уәдені қойып, ана мен баланың жағдайын жасауға қатысты шұғыл әрі нақты өзгерістерді жүзеге асыруға кірісу қажет.

Тегтер: ана бала өрт қауіпсіздік әлеумет қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44