Кімді алдап жүрміз?

Олжас ПАВЛИК

19.10.2022, 09:48

2592

Егемендігімізді алып ел болғанымызға биыл 31 жыл толмақ. Өз қолымыз өз аузымызға жетер уақыт болды. Бірақ ел арасында, халық арасында осы елдігімізді құртып, өз халқын улап жүргендер қаншама. Кезінде Абайдың айтқан қазақты құртатын әдеттерінен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Өз халқымызды құртатын сол баяғы өз қамын ойлаушылық.

Жақында қыркүйек айында шыққан «Ақиқат» журналындағы «Адал кәсіп – адал нәсіп» атты тақырыбында жазған Тұрар Сәттарқызының мақаласын көзім шалды. Мақалада көтерілген мәселе өте өзекті. Сайып келгенде, қазақтың әлі күнге дейін ұлттық бірегейлікті ұқпағандығын, өз қамын өзгелерден биік қоятындығы және ақша деген дүниенің жетегінде кеткен талай азаматтарымыздың тағдыры сөз етілген. Қазақ қашанда ар мен ұяттың өлімнен де күшті екенін бой тұмарындай ұстаған. Ешқашан арсыз дүние істемеген. Артынан ерген бауырлары мен балаларына сол дүниені үйретіп отырған. Ал қазір қалай? Мақалада Тұрар Сәттарқызы бұл мәселеге қатысты қызық мынандай бір мысал келтіреді: «Жақында бір қарт апайдың мынандай әңгіме естідім: «Оқушы немерем сабақтан кейін күніне 5 мың теңге төлейтін жерге барып жұмыс істейді. Осы маңдағы коттеджге барады. Біраз бала бар дейді. Сонда небір сұрыптағы шайларды араластырып, қып-қызыл болу үшін марганцовкаға салады екен». Сонда өндіруші кәсіпкердің шай шығымы жақсы болуы үшін арамдық жасап, онымен қоса сол дүниеге жас балалардың тартуын көреміз. Жақында әлеуметтік желіде тараған видеода шайды қайнамаған суық суға салғанда кесенің бәрі қып-қызыл болып кетуі – осыған дәлел. Бұл дегеніміз – ортамызда жүрген қазақ азаматтары өз ұлтын улап, тірідей көмгені. Қазақ қашанда ішіп отырған асының тазалығын, адал еңбекпен келгендігіне мән берген. Дәм-тұзын ерекше қастерлеп, бір түйір болсын нан қимының қалай келгенін қадірін әріден ойлаған. Асты аяқтың астына таптатпай, «Обал болады» деп обалына қалмай, жоғары көтерген. Дастарханның құт-берекенің бастауы екенін ұққан халқымыз келген қонағына адал асын ұсынған. Жоғары шығуын өтінген. Кезінде ашаршылықты бастан кешкен халықтың бір түйір нанға зар болып, соның қадірін ұққан да кездері болған. «Ас адамның арқауы» деген екен дана халқымыз. Сол адамзатқа арқау болып отырған астың бүгін де қадір-қасиетін өзіміз құртып отырмыз. Қымызға су қосу, сары майға маргарин қосу, арам етпен шұжық дайындау – ұрпағымызға балта шабумен тең. Сол дүниелерді істеп отырған өз қазағымыз. Арам етті жеп, сапасыз тағамдарды тұтынудың аяғы өмір сүру деңгейімізді түсіріп отыр. Апамыздың «Ауылдың сүтін, құртын жеңдер» деп отыратыны еске түседі. Сол ауылдан келген тағамдарды да қитұрқы әрекеттерімен сататындары да бар. Бүгін де «Ішіп-жеп отырған өз бауырым» дейтін азаматтарымыздың қатары сирек. Ақыр аяғында бала сүйе алмай, денсаулығы сыр бере бастаған мына қоғам тұтынған астарына бір үңіліп көрсе екен. Бұл заманда таза асты табудың, оны сараптап, саралаудың өзі қиын жұмысқа айналды. Тағам құрамына шошқа майын қосудан басталған істері сөзбен айтып жеткізе алмайтындай надандыққа дейін барады. «Бисмиллә» деп бауыздаған мал етін атып, не арам өлтірген еттен айыру мүмкін емес. Түрлі дүнгіршектегі «халал» деген жазуларға сеніп жүрміз. Және соған мәзбіз. Бұның бәрі түптеп келгенде арамды адалдан ажырата алмай қалған шарасыздығымызды көрсетеді. «Абай жолындағы» Абайдың Кәмшат есімді қарындасының ауру хәлін көргендегі сәті еріксіз еске түседі. Бөжейдің қыздарының «Ішің ауырса, аузың тый дейді! Бала неме біле ме? Өзі кішкентай түзеле берсе болды, кешке шейін бар тамақты малшылайды!» деген сөздері пәленің бәрі тілден де, астан да келетініне сөз жеткіземіз. «Ауру астан, Дау қарындастан», «Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр» деген даналық сөздер келтірген мысалға тұздық. Қазіргі ұрпақ асымыздың тазалығын, адалдығын тексеріп ішетін уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осындай опасыздық жасап отырған азматтарымыздың санасына ақыл кірсе екен. Бір күндік пайда үшін жасап жүрген күнәларын ертең алдарына салып берері хақ. Бүгінгі қоғамның капиталы – адам. Ал ертеңгі капитал – бала. Сол балаларымыз үшін «өзім жемеймін ғой» деп өзге адамдарға кесір тигізуге болмайды. Халқымыздың ұлттық бірегейлікті білмеуінің осындай дәлелін ұсақ-түйектен байқауымызға болады. Ар-ұятты бірінші орынға қойған дана халқымыздың ұрпағы осындай деңгейге түсіп, ұсақтанып бара жатуы көңіл қуантарлық жағдай емес. Сондықтан ұлттық дәрежеде емес, адамдық ойлау тұрғысынан мұндай қитұрқы істерді тоқтатуымыз керек. Және тоқтатуға міндеттіміз.

Келер ұрпақтың ауру-сырқаудан көз ашпаса елдің жағдайын ойлау бос әурешілік. Адамның тән саулығы мен жан саулығына, ал жан саулығы ой саулығына тікелей байланысты. Тән саулығының негізі кепілі – күнделікті тұтынатын асымызда. Бүгінгі күні азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт. Ұлттық тағамдарымыздың орнына тез дайындалатын дәмдерді қолдану белең алды. Осындай пайдасы жоқ, құнарсыз тағамдарды қолданып, болашағымызды балта шауып отырмыз. Жастардың арасындағы белсіздік, әлсіздік, анемия, құрт ауруларының көбейіп кетуі осыған дәлел. Күнделікті мектеп асханасында алатын балаңыздың тамағын қадағалау, сыртта жүргенде фаст-фуд тағамдарды қолданбауын тексеру сынды ұсақ дүниелерден бастауымыз керек. Дүкеннен алатын заттың құрамын оқуға да ерініп жатамыз. Кейін біреу айтқаннан кейін ғана аузымызды ашып, мұзға отырғызып кеткен балықшыдай күй кешеміз. Мақала авторы Тұрар Сәттарқызы ойын былай деп қорытындылайды: «Қандай арамдық жасасақ, оның зардабын ұрпағымыз тартады. Бес күндік мына жалғанда нанымызды адал тауып, ұрпағымызға адал ас жегізіп, адал ұрпақ тәрбиелесек, ертеңіміз еңселі, келешегіміз кемел болмақ». Шынымен де, өзімізге кесірі тимесе де ертең ұрпағымызға жасаған дүниеміздің кесірі тиюі хақ. Қазақта «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол келеді», деген сөз бар. Біреудің обалына қалып жүрмейік.   

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16