Мамандықтың озығы бар, тозығы бар

Ажар ОРЫНБАСАР

22.10.2021, 13:32

1123

Бала кезімізде: «Өскенде кім боласың?», – деп сұрағанда біреуі дәрігер, біреуі мұғалім, ал енді біреуі ғарышкер боламын деуші еді. Алғашқы екеуіне күмәнсіз қарауға болатын, себебі заман өзгерсе де бұл мамандықтар өзектілігін жойған емес. Ал ғарышқа ұшу екінің бірінің қолынан келмейді деп, балалық қиялға балайтынбыз. Қазір ше? Қазір мамандыққа таңдау көп. Өйткені әлемде жыл сайын біз болжай алмайтын жаңа мамандықтар пайда болуда.

Цифрлық дәуірде еңбек нарығы тез өзгеріп, сәйкесінше физикалық емес,  ақыл-ой еңбегі бірінші орынға шықты. Бейресми деректерге сүйенсек, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар екен және олардың көпшілігі цифрлық революцияның салдарынан өзгеріске ұшыраған. Бұрын сұраныста болған, бірақ қазір жоғалып кеткен мамандықтар мен қызметтер жетерлік. Мәселен Гарвард ғалымы Марвин Сингх әлемдегі ең көне мамандық шаманизммен байланысты екенін жазады. Сарапшының айтуынша, шамандықтың белгісі саналатын  бақсылық  адамдарды аурулардан емдеп, зұлым күштерден тазартып, тіпті болашақты болжап, ауа-райын өзгерткен.

Ежелгі мамандықтар ғасырлар өтсе де сұранысқа ие болып отырғанын атап өткен жөн. Ең көне мамандық: журналистика, дәрігер, мұғалім, саудагер және шаштараз мамандықтары әлі күнге дейін өзекті. Екінші көне мамандықтың бірі «журналистика» екенін Роберт Сильвестр өзінің  1950 жылы жазылған «Екінші көне мамандық» романында баяндайды. Онда газет редакциясы басшысының: «...Ұлы жазушыларды жалдауға қиналмаңыз. Маған бүгін үшін жұмыс істеп, бүгін жазғандарын ертең ұмытып кететіндер қажет. Газет бизнесі – өнер емес, қолөнер. Бұл – ежелгі мамандық, бір сөзбен айтқанда бұл – екінші көне мамандық», – деген сөздері ойға келеді.  Аталмыш мамандық қашан да өзекті болғанымен, жаңа технологияның қарқынды дамуымен жұмыс жасау форматтарын өзгертті. 1967 жылы түсірілген әйгілі «Әлемдегі ең көне мамандық» деп аталатын француз фильмінде мүлдем басқа нұсқаны ұсынады. Онда жезөкшелік те бір уақыттарда кәсіптің бір түрі болғанындығы баяндалады.

Жердегі өркениеттің өзгеруі, климаттық жағдайлар мен мәдени дамудың әсері, қазіргі адамзаттың қажеттіліктерін анықтауға тырысты. Тарихты тағы артқа тастасақ, өткен ғасырдың 20-жылдары механизацияға дейін де ел естімеген біраз мамандықтар болған. Олардың көпшілігі сол кезеңде қажеттілік тудырғанымен, бүгінде құлаққа ерсі әрі қызықты естілуі мүмкін. Мәселен «дабыл соғушы» немесе «адам оятқыш» мамандығы Ұлыбританияда өнеркәсіптік революция кезінде өзекті болған. Бұл жұмысты әдетте балалар мен жасы келген кісілер атқарған. Олар зауыт жұмысшыларының терезесін ұрып, ұсақ тастарды лақтырып кейде арнайы ұзын таяқшаны қолданып, ұйқысынан оятқан. Мұндай адамдар аптасына бірнеше пенни ғана алған. Адам оятқыштарды жалдау үшін адамдар терезесіне «ояту керек» деген белгі қалдырған.

Ендігі мамандықтың бірі – дәріскер. Әдетте дәріскер (лектор) дегенде көз алдымызға университеттегі сабақ пен көпшілік алдында дәріс оқитын адам елестейді. Бірақ бұл термин бір кездері жұмысшылардың көңілін көтеру үшін қолданылыпты. Дәріскерлер темекі зауыттарындағы жұмысшыларды жалықтырмау үшін газеттердегі саясат пен өнеркәсіп жайлы мақалаларды дауыстап оқиды екен. Алғаш рет бұл мамандық Кубада пайда болып, артынша Нью-Йоркте танымал болған. Кейіннен аталған мамандықтың орнын радио алмастырды.

Қазір жойылып кету қаупі төніп тұрған мамандықтар қандай деген сұрақ әр адамды ойландыруы мүмкін. Өйткені бірі маман атануға таяу талапкер болса, енді бірі өз болашағына алаңдайды. Бұрын оқу орнын бітіріп, қолға алған дипломның сандықта сарғайып жатқанын күйінішпен айтсақ, қазір дипломсыз да жұмыс істеуге мүмкіндік өте көп. Біліктілікті арттыру курстары, шетелде тәжірибе алмасу, қос диплом секілді жан-жақты даму адамның бәсекелестік қабілетін айқындайды.

«Академия профессий будущего» сайты алдағы онжылдықта  57 мамандық жоғалып, 187 жаңа мамандық пайда болады деп болжам жасауда. Олардың кейбірі қазіргі заманға сай өзгеріске ұшырау үстінде. 2030 жылға дейін жойылатын мамандықтар тізімінде: есепші (бухгалтер), түзетуші (корректор), кітапханашы, мұрағатшы, турагенттіктер, заң кеңесшісі, банк кассирі, аудармашы секілді бірқатар мамандықтар көрсетілген. Аталған мамандықтардың жоғалу себебі оның орнын автоматталған технологиялар ауыстырады.

Журналистиканың ғұмыры ұзаққа бармайды, жазатын да, сөйлейтін де робот болады деген сыбыстар жайдан-жай шығып жатқан жоқ сыңайлы. Қазір атын білмесек те, затын білетін жаңа мамандар сұранысқа ие. Мәселен қазіргі журналистикада «фактчекер» маманы деген атауды жиі естиміз әрі бұл мамандық болашақта сұранысқа ие болмақ. Аталған маман газет редакцияларында, сайттарда, жеке жобаларда жұмыс істей алады. Жалпы фактчекер – журналистикаға жат емес. Ол жүз жылдан бері журналистикамен дос, алайда уақыт өткен сайын өз әдіс-тәсілдерін жаңартып отырды.

Көпшілік танымында «факт» және «чекинг» сөздері тек «ақпаратты тексеру» деп тікелей аударылғанымен, оның біз білмейтін қырлары жетерлік. Фактчекер – бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күдікті материалдарды, мақаладағы фактілерді, қоғам алдында жүрген белгілі тұлғалар, оның ішінде әкім мен депутаттардың мәлімдемесін тексереді. Фактчекинг журналистикаға жаңа термин ретінде еніп, жаңа тыныс болғанымен, оның мамандық ретінде пайда болғанына жүз жылдан асты. Алғашқы фактчекерлер қазіргі цифрлы технологиясыз баспа редакцияларында жұмыс істеп, фактілерді тексерумен айналысқан. 1923 жылы жарық көрген АҚШ-тың тұңғыш апталық басылымы «Time» тарихынан баспа процесінен фактчек элементтерін көруге болады. Басылымның негізін қалаған Люс пен Хедден мақала жазу кезінде зерттеу процесіне баса назар аударған. Сол кездерде Time редакциясы Нью-Йоркте көпшілікке арналған кітапхананы өз іштерінде «өлім көшесі» деп атаған. Өйткені фактчекерлер, яғни деректі тексерушілер ол жерге бума болып жиналған қағаздарын көтеріп барған деседі, ал қағаздарда белгілі тұлғалардың есімдері болған. Бұл басылымның қызметкерлері дереккөздерді кәсіби түрде тексерумен айналысқанын дәлелдейді.

Тағы бір қызықты дерек – алғашында ақпараттарды тексерумен тек қыздар айналысқан. Бұл кездерде университетті бітірген қыздар бірден өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмаған, сондықтан оларға редакцияда материал тексеру міндеті жүктелген. Оған дәлел: Time басылымның мұрағатында бір кездері қызмет жасаған Эдуард Кеннедидің памфлеті сақталған екен. Онда: «Егер материал болмай жатса… қөңілге қонбаса, қыздар мұның жолын табады», – деген әзіл өлең жолдары келтірілген.

Бүгінде фактчекинг жаңа формат ретінде қалыптасып, зерттеу журналистикасында дамып келеді. Қазақстанға фактчекинг украиндық тәжірибемен 2016 жылдары келе бастады. Бүгінде елімізде фактіні анықтаумен, зерттеумен айналысатын бірнеше жобалар бар.

Қоғамда көп айтылатын «мобилограф» мамандығы да жаңа технологиямен бірге пайда болды. Жеке мамандық ретінде пайда болғанына бес жылға жуықтап қалса да, тарихы фотоаппараттан басталады. Мобилограф сөзінің өзі «мобильді телефон» және «графо» (грек тілінен аударғанда – жазамын) деген сөзден шыққан. Яғни ұялы телефонның камерасы арқылы оқиғаны баяндау, ақпаратты жеткізу және бейнеролик жасау. Қарапайым тілмен айтқанда: мобилограф қызметі оператор қызметінің екінші әрі заманауи түрі. Бұрынырақта тв-журналистикада, кинематографияда ауыр камераларды көтеру қиыншылық туғызса, қазір қолдағы ұялы телефонның көмегімен кино түсіруге, көрнекі сюжеттер жасауға болады. Бүгінде мобилографияны адамдар арнайы курстар арқылы оқып үйреніп, түрлі салаларда сюжеттер жасайды. Мобилограф маманы орта есеппен айына  500 мыңнан бастап 2 млн теңгеге дейін ақша табады. Сондықтан болашақта бұл мамандыққа да сұраныстың артатыны сөзсіз.

Бар мамандықтың ғұмырын қазірден кесуге болмас. Дегенмен заманнан артта қалмаймын десең, жаңашылдыққа ұмтылмаса болмайды.

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14