Маминның «малы» мұхит асты

Әулеттің дәулеті кімнің әлеуетіне жұмсалды?

Тоқтар ЖАҚАШ

24.11.2020, 09:25

9364

Қыркүйекте мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев премьер-министр Асқар Маминды  парламентке шақырып, пандемияға арнап бөлінген миллиардтаған теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіруді талап етті. Бірақ үкіметбасы Әлтаевтың депутаттық сауалына үш ай ішінде жауап берген жоқ. Сөйтсек, премьер-министрдің халық қалаулысының сұрағына жауап бермейтін де жөні бар сияқты.

     Жақында Telegram-каналдың Teletype лентасында премьер-министр Асқар Маминның жақын туыстарына қатысты қызық ақпарат жарияланды. Қазақстан қоғамын елең еткізерлік жаңалық жерде жатпауы тиіс.

Әңгіме премьер-министр Асқар Мамин әулетінің шетелдегі байлығы хақында.  Естеріңізге сала кетсек, Асқар Мамин үкіметті басқаруға 2019 жылдың ақпанында кірісті. Оған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарды. Ал оның туған бауыры Марат Мамин болса АҚШ-тан үй сатып алып, Еуропаның түкпір-түкпірінде фирмалар ашып тастады.  

      Марат Мамин алғашқы компаниясын 2000 жылы АҚШ-тың Флорида штатында ашыпты. Бірақ бұл фирма бар болғаны екі жыл ғана «өмір сүрген». Компанияны тіркегенде Марат Мамин «мекенжайым» деп Орландо қаласындағы арзандау үйді көрсеткен. Ол кезде «қазақстандық бизнесменнің» ісі шетелде өрлей қоймады. Фирманы жауып, Орландодағы жылжымайтын мүлікті бар болғаны 160 мың долларға сатады.  

      Марат Мамин бірінші әрекетінен біршама «тәжірибе» жинаған сыңайлы. Сондықтан әулеттің «малын» түгел батыс нарығына шығаруды ұйғарды. Ағасы «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарып барған жылы (2008 жыл) Флоридадан бірден Alerma-Eurasia LLC және EuroAsia-Alerma, Inc деп аталатын екі фирма ашты. Компания мұхит жағалауында орналасқан салтанатты сарайда тіркелген.

       Екіқабатты особнякта алты жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, машина қоятын екі орын, жылжымайтын мүліктің жалпы көлемі 770 шаршы метрді құрайды. Мәселені зерттеген журналистердің жазуынша, бұл ғимаратты Марат Мамин 8,2 млн долларға сатып алған. Екі жылдан кейін бұл жылжымайтын мүлікті 11 млн долларға сатпақ болады. Бірақ 6,5 млн долларға әрең өткізген көрінеді. Мұхит жағалауындағы сарайды сатқан соң, әлгі екі фирманы да жауып тастайды. Осымен Марат Маминның шығыс жағалаудағы «бизнесі» де тамам болғандай еді. Олай емес екен. «Қалта қалыңдағанда қатын құтырады» демекші, ендігі «іске» Мараттың әйелі Гүлмира да бел шеше кіріседі. 2009 жылы ерлі-зайыптылар бұғазға қарама-қарсы беттегі Adventura Marina One және Adventura Marina Two кондомимумынан екі пәтер сатып алады. Оның кішірегін кейін 500 мың долларға сатады. Жалпы көлемі – 278 шаршы метр, үш жатын бөлмелі, үш жуынатын бөлмесі бар пәтерді 1 млн долларға сатып алыпты. Қазір риэлторлар ол пәтерді 2 млн долларға бағалап отыр.

       Бұл да ештеңе емес. 2011 жылы Марат пен Гүлмира Чехияның Брно қаласындағы SIMEC s.r.o.компаниясын сатып алады.Істі жүргізуді Алексей Мустакимов деген азаматқа тапсырады. Бірақ Брно осы елдегі екінші қала болғанымен, мұнда инвестиция салу аса тиімсіз болып шығады. Сөйтіп, 2016 жылы фирманы жабу ісін қолға алады.

     Бірақ мұндай сәтсіздіктерден ерлі-зайыптының тауы да шағылмапты. Енді көрші Словакия елінде де бизнес жүргізіп көруге тырысады. 2006 жылы Astana Trade, spol. s r.o.компаниясын тіркейді де, 2014 жылы ол фирма сот шешімімен жабылып тынады. Үлкендердің бизнесі Еуропада осылайша «тасқа соғылады». Ендігі үміт кейінгі жас өскінде еді.

                                  Ұрпақтар сабақтастығы

      2014 жылы Марат Маминның ұлы Ернар Мамин Еуропа «сахнасына» шығады. Ұлыбританиядан Alerma Limited және Alerma C G Ltd. деп аталатынекі фирма ашады. Алғашқы бизнес-қадамы ретінде түбі нигериялық Ұлыбритания азаматына несие береді. Несие жабылғасын, дереу компаниядан шығады. Екінші фирма 2018 жылға дейін жұмыс істейді. Ернар мұнда 2016 жылға дейін директор қызметін атқарады да, кейін ол қызметті Ростислав Симоновқа өткізеді. Ал Ростислав Симонов болса Нұр-Сұлтан қаласындағы Маминдер әулетіне тиесілі «Еуразия» сауда-саттық кешенінің менеджері екені белгілі.

      Ернар Мамин фирманы тіркеу барысында өзінің тұрғылықты мекенжайы деп, терезелері атақты Гайд паркке қарайтын салтанатты таунхаустағы екі пәтерді көрсеткен.

Оның біреуі нарықта 8,5 млн доллар, екіншісі 6 млн доллар шамасында.  Ұлыбританияда тіркелген реестрге сүйенсек, бұл екі пәтерді де Маминдер әулеті жалға алған.

       Премьер-министр Асқар Маминның ұлы Данияр Ұзақбай да немере бауырынан қалысқысы жоқ. Былтыр ол да Швейцарияның Женева кантонында Standard Trade Solutions SA деп аталатын компания ашты.(Сілтемесін мына жерден көруге болады: <a href=«ge.ch/hrcintapp/externalCompanyReport.action?companyOfrcId13=CH-660-2726019-6&ofrcLanguage=4» style=«font-family:»Times New Roman",serif; color:#0563c1; text-decoration:underline">Registre du Commerce du Canton de Genève

). Қазақстанның Швейцариядағы елшілігінде бұрын қызмет атқарған Эльдар Ахметов Данияр Ұзақбайдың орынбасары болып тіркелген.

      Шетелге шыққан капиталды елге әкелу, ел экономикасына жұмсау туралы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қайта-қайта айтумен келеді. Басқасы басқа, үкімет басшысы Асқар Мамин бұл ескертулерді құлағына ілмегені ме деген ойға қаласың. Әулетінің дәулетін ел игілігіне емес, шетел экономикасына жұмсау қаншалықты дұрыс? Тіпті мұхит асқан «мал» түгелдей осы әулеттікі ме, әлде арасында қазақтың «қара қойы» да «адасып» кетті ме екен? Күрделі сұрақ. Бірақ оның жауабы жуық арада табыла қоймас.

Тегтер: жылжымайтын мүлік компания әулет дәулет нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15