Мақаншының мұңы бар, айтары бар...

Сайт әкімшілігі

26.04.2022, 14:10

2369

Өткен 2021 жылы қараша айының екінші жартысындаҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров мырзаның «Қазақстан» телеарнасынан «Ашық алаң» пікірсайысына қатысып, шекаралық аудандар туралы өз ұстанымын барынша нақты айтқаны көңілімізге үміт ұялатып, «өлместің күнін көріп отырған бұрыңғы аудан орталықтарының күйін күйттеген азаматтар да бар екен ғой», деп ризашылығымызды білдіріп едік. Халық қалаулысының туып-өскен өңірі – Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы тілектес азаматтармен тілдескенімізде, олардың да Ерлан бауырымыз туралы жақсы пікірде екенін естідік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «шекаралық аудандар мәселесін қайта қарап, оны дамытудың кешенді бағдарламаларын дайындау жөніндегі үкіметке берген тапсырмаларына сәйкес және 2022 жылғы қаңтар айындағы парламент депутаттарының халықпен бетпе-бет жүздесу үшін ел арасына шығып, жағдайды өз көздерімен көру жөніндегі тапсырмалары елге біршама сүйіспеншілік туғызғаны шындық еді.  Осы тапсырмалар себеп болған болуы керек, іле-шала парламент мәжілісінің депутаты, Үржар өңірінің тумасы Әмірқан Рақымжанов та елге келіп, біраз жұртпен кездескені бар. Сең қозғалған шығар деген ниетпен сөзіміз жеткенше айтып қалдық, жетпегенін қолымызға қалам алып, қағаз бетіне түсіріп, біздің де жоғымызды жоқтап, сөзімізді сөйлесе деген тілекпен парламенттегі Ерлан Бияхметұлы мен Әмірқан Мұратбекұлы сияқты екі комитеттің өкіліне жолдаған болатынбыз. Тілегіміз қабыл болып жатса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қызметтеріне табыс тілейміз. 

         Біздің Мақаншы өңірі Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан  шекаралық аймақ.  Қытай Халық Республикасымен шекарамыздың ұзындығы 220 шақырымға жуық қашықтықта, таулы, жазықты аймақта шектесіп жатыр. Шекара бойындағы Үржар ауданы бойынша шекара басқармасына (бұрынғы  Мақаншы шекара отрядына) қарасты 3 комендатура арқылы 13 бекет (застава)  орналасқан. Олардың ара қашықтығы 15-тен 20 шақырымға дейін созылады. Шекара бекеттерінде бар жоғы 15-20 жауынгердің айналасында 1 немесе 2 ғана офицер және сержанттық лауазым иесі ғана бар. Оның барлығы күзет жұмысына тартылмайтыны айдан анық. Олардың ішіндегі келісімшартпен жүргендерінің мақсаты – қоғамда қайткенде күн көріп, еңбек ақы табу,  отбасын  асырау.  Сонда күзетте  тұратын аз ғана жауынгерлердің әрқайсысының бақылау ара қашықтығы қанша болатынын ойлап көріңіз. Бұл дегеніміз – шекарамыздың әр метр жерінің кез келген уақытта ашық қалатынын көрсетеді. Шекара бекеттерінің материалдық базасы әлі төмен, соңғы электронды техникалармен жабдықталмаған. Шекаралық аймақтың өңірлері ашық. Бақылау жолдарын шаң басқан, жауынды күні лайсаң. Жол бойын бірер жауынгер жаяу немесе атпен жүріп шекараны бақылайды, бұрынғыдай жақын маңға орналасқан халық та жоқ, әскерилер жетіспейді. Тіпті қысқаруға ұшырап жатыр. Бұл шындық сөзіміз. Бұрынғы 40-60 адам қызмет ететін кейбір бекеттер (заставалар) қазір күзет постыларына айналған. Заставалардағы ауыз су тасымалды, бұрынғы су көздері төмен түсіп кеткен. Тіпті Шағантоғай заставасында 30 жыл бойы электр жарығы үшін дизель пайдаланылып келгені, оның таяуда ғана электр жүйесіне қосылғаны жасырын емес. Жауынгерлердің тұрақтылығын сақтау шаралары қарастырылмаған. Бұл масқара емей немене? Техника үшін керекті артық бөлшектер (запчастілер) нарықтағы бағадан да бірнеше есе қымбатқа әкелінеді. Соған қарағанда әскери қызметте де жемқорлық жайлаған ба деп қаламыз.

      Біздің таңғалатынымыз, көрші Қытай мемлекетінде шекара бойына ішкі жақтан халықтар әкелініп шоғырланып, ауылдар салынып, шекара бойы нығайтылып жатқандығы. Бүгінде Бақты шекарасынан бар жоғы 20 шақырым қашықтықта орналасқан Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласының халқы біздің бір облыстың халқымен тең болып барады. Шағантоғай, Дөрбілжін Толы аудандарының халық саны да еселеп артып келеді. Шекара маңында соңғы бір-екі жылда көп қабатты биік үйлері бой көтерген, жаңа қала, зауыттар салынуда. Ауылдар мен кенттерде, қыстақтарда тұратын халық өздерін «двизия жасақтары» санайды. Бұл дегеніміз – ертең ел басына күн туса, олардың әрқайсысы қолына қару алуға моральдық жағынан дайын деген сөз. Ішкі жақтағы экономикасы дамыған  аймақтардан  келіп,  шекара  маңына  жаңа  үйлер салынып жатқандығы, сол арқылы бұрынғы шашыраңқы отырған ел жинақталып, ауылдарға шоғырлануда. Ал олардан қалған бос жерлерге ішкі  аймақтан «хансу» ұлтының өкілдері көшіріліп әкелінуде. Ол жақтың шекара бойының әр 100 метр ара қашықтығы бақылау камераларымен бақыланып, шекара бойы электр жарықтарымен қамтамасыз етілген. Шекара бойының бағандары жанындағы бақылау жолдары асфальтталған. Әскерилер джип көліктерімен жүріп өтеді. Әр мөлшерленген уақытта күзеттегі әскерилер ел байрағын көтеріп шығып, бақылауындағы 100-500 метр жерді жүріп өтеді. Міне, мемлекеттіктің айбары, елдің иесі бар екендігінің дәлелі.

        Ал бізде ше? Керісінше, елдің адамдары өз ауылдарын тастап, шекара бойынан қотарыла көшіп жатқандығы. Қала жағалап, балаларының қолына  көшіп жатыр. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы Мақаншыдағы 2186 шекара жасағының (отрядтың) таратылып, оңтайлануы, оның бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Үржар аудандық шекара басқармасы болып қалуы. Жасақтың ғасырға жуық сақталған туының әкетілуі – әскеріміздің айбынын төмендетті, жауынгерлердің рухын түсірді. Болашаққа ұмтылған елдің туы қашан жығылып еді. Бүгін алдыңғы шептегі туымызды өзіміз түсірсек, ертең не болмақпыз. Тудың иесі қайда, Өскемендегі мұражайдан іздейміз бе?  Қазір шекарашылардың өңір халқымен арадағы тығыз байланысы жоқтың қасы. Сайып келгенде біздің ең болмаса Батыстағы Украина мемлекеті сияқты халқымыз көп емес қой, қуатымызда шамалы, уақыты келе қалса шығыстағы «айдаһардың» асы болып кетпесімізге кім кепіл?!

       Сөз ұғатын адамның қалмағандығы болар, біз 1997 жылдан бері Мақаншы  шекаралық ауданын қайта қалпына келтірсе деген ұсыныс-пікірлерімізді президент әкімшілігіне, үкіметке, парламенттегі мәжіліс депутаттарына жолдап, оң шешімін табуын күтіп, ізденген де едік. Мақсатымыз – билік пен мансап іздеп портфель ұстау емес, іргесі сонау 1928 жылы қаланған  шекаралық ауданымыздың тынысы кеңейсе, жастарымыз тұрақтаса, ел іргесіндегі шекарамыз бүтін болса деген ой еді. Мақаншы шекаралық аудан болған. Кедендік бақылау заңдылықтарына сәйкес шекарадан қашықтық 3-тен 60 шақырымға дейін орналасқан. Ұлы Жібек жолының үстіндегі Бақты кедені орналасқан еліміздің қақпасы сияқты. 1993-1997 жылдары тығырыққа тірелген  уақыттың өзінде, аудан өз күш-қуатын сақтап, әр жылды таза пайдамен аяқтап отырды. Тіпті көрші Үржар ауданына қосылған кездің өзінде 1997 жылғы бағам бойынша ауданның бюджетінде еркін қалдығы (свободный остаток) 23 миллион теңге таза пайда болып еді. Ауданымыз ешқашан мемлекеттен дотация алып күн көрген емес. Осындай ауданның таратылып кетуі мақаншылықтарға әлі күнге жұмбақ болып қалды.   

      Бұрынғы Мақаншы ауданы өңірінің халқының саны 1990 жылғы санақ бойынша 47 000 адамнан қазір 32 000 адамға дейін азайған, әсіресе жастар  ауылдарда тұрақтамайтын болды. Шекара маңындағы орналасқан Ақшоқы, Саз, Бұғыбай, Қарабұта, Бақты, Қаратал, Арасан, Қарабұлақ, Қызылбұлақ, Көктерек ауылдарында халық саны бұрын 1500-3500 аралығында болса, қазір 700-ден 1500 адам аралығында қалды. Бұрын «Ел шекарасын – бүкіл халық қорғайды»  деуші едік. Қазір бәрі керісінше, тіпті ата-аналар шекара әскеріне қызмет етуге балаларын жібермеуге тырысуда. Бұл – масқаралық қой. Шекарада қызмет ету  қазір «балабақшаға» айналып кетті. Бұрынғы Мақаншы ауданы таратылып  Үржар ауданына қосылғаннан кейін, шекара бойындағы ауылдар аудан орталығынан 100-170 шақырымға дейін алыстап кетті. Мектептердегі оқитын балалар саны азайды. Бүгінде 13 мыңның шамасында халық тұратын Мақаншы ауылында 2000-ға тарта бүлдіршіндер болса, олардың балабақшаға баратыны 1500. Ал оларға арналған бар жоғы 2 ғана балабақшасы 150-ге жуық баланы қамтып отыр. Бір ғана анықтама алу үшін арысы 100-150 шақырым жол жүріп аудан орталығы Үржарға келген адам, сол күні мақсатты жұмысын бітіре алмай қаншама қаржы  шығарып ауылына қайтады. 

        Жалпы  шекара бойының  бос қалуы саяси және мемлекеттік жағынан да ой салып, мән беретін мәселе болып отыр. Қазір еліміздегі экономикалық  жағдайдың бір қалыпты тұрақталғанын сақтау, барлық сала бойынша даму  стратегиясын қолға алу қажеттілігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған жолдауында баса айтқан  еді. Оны  әрбір  адам  айқын  сезініп  те  келеді.  Алайда  еңсеміздің  тік  болғанынан  не  пайда,  ертең етегіміз ашылып, іргеміз сөгіліп жатса. Сондықтан шекаралық  аудандарды қалпына келтіру, кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе алыс шет елмен шектесетін  шығыстағы санаулы 4-5 аудан. Соның бірі – Мақаншы өңірі. Бүгінде өңір халқының саны азайды десек те, мұның өзі Шығыс Қазақстан аймағындағы аудандық мәртебесін бұған дейін сақтап қалған – Абай, Бесқарағай, Күршім, Курчатов, Көкпекті, Қатон-қарағай сияқты аудандардың халқынан әлдеқайда көп. Олай болса халқымыздың саны біздің аудан болып  аяғымыздан тік тұрып кетуімізге толық мүмкіндік береді. Жердің табиғи байлығы да жетерлік. Жалаңашкөлдің көмірі, Еміл өзенінің бойындағы мұнай қоры, Бақтының халықаралық кедені, Алакөлдің туристік әлеуеті – біздің болашағымызға жол ашар үмітіміз.

        Біз ауданды құрудың бір күнде шешіле салмайтындығын да білеміз.  Байқасақ кедергілер де жоқ емес сияқты. Мақаншы аудан болып құрылған жағдайда шекаралық аудан, шекаралық аймақ деген ұғымдар ел ішінде  қалыптасар еді. Бүгінгі таңда біздің Мақаншы өңірі Үржар үшін шикізат өндіретін, пайда әкелетін өңір болып қана отыр. Жалпы айтқанда шекаралық аудандарды сауықтырымыз деп қаржы бөлу – ақылға симайды. Нақты айтар болсақ ол қаржы біреудің жемі. Алматы облысының Нарынқол ауданы сияқты, тек аудан мәртебесін қайтарған күнде ғана шекара бойындағы қаймана қазақтың қолы аузына жетері анық.

         Үржар  шығыс  өңірдегі  аудандар ішінде өз әлінше мегаполис болып  қалыптасқан елді мекен. Оның экономикасы құлдырамайтыны даусыз. Есесіне шекараға таяу орналасқан Мақаншының экономикалық және әлеуметтік  құрылымы  дамыса, ол еліміздің айнасы, әрі қақпасы  болары сөзсіз. Өңір халқы да өзінің қайда жүргенін сезінер еді. Облыс әкімі Д.Ахметов 2020 жылы бізге хат арқылы берген соңғы жауабында «Мақаншы ауданын қайта қалпына келтіру үшін 9-12 миллиард көлемінде қаржы керек», – деп жазған екен. Бұл атүсті, дәлелсіз алынған цифр. Мақаншы ауданын қалпына келтіруге сонша қаржы да қазір қажет болмайды. Олай дейтініміз – бүгінгі таңдағы Үржар ауданының қазіргі бюджеті ішінде өңірдің біршама шығыны қарастырылған. Өңірде орналасқан 11 ауылдық округтің, 20-ға жуық елді мекендегі барлық мектептер мен аурухана және емдеу орындары да өз қаржылары бюджетте бекітілген. Сондай-ақ кадр мәселесі де шешілген. Одан басқа да аудандық деңгейде жұмыс істеп отырған Мақаншыдағы 40-тан астам облыстық, республикалық бюджеттен қаржыланатын мемлекеттік ұйымдар, инфрақұрылымдар, басқару жүйелері, ірі кәсіпкерлік сала мен шаруа қожалықтары өз жұмыстарын жалғастыруда.

      Осы тұста үстіміздегі жылдың 16 наурыз айындағы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауын тыңдап, Жаңа Қазақстанды барша халықпен бірге құруға қадам басқан жаңа қоғамымыздың болашағы кемел болатынына үлкен үмітпен қарадық. Азда болса күдігіміз сейілгендей болды. Әсіресе жаңадан құрылатын үш облыстың халқының қуанышында шек болмады. Ал біздің көне Семей өңірі ендігі жерде Ұлы Абайдың атымен аталып, рухымызды асқақтатып жатса, оған қуанбасқа шара бар ма? 1997 жылы таратылып кеткен облыстың шырағы қайта жанғандай болды. Ендігі біздің арманымыз – осы облыстың құрамында болып, Үржарға қосылып кеткен Мақаншының тағдыры не болмақ? Ол өз алдына аудан болып бөліне ме? Жоқ әлде тағы да атқамінер пысықайлардың құрбандығына шалынып, Үржардың ықпалынан шыға алмай қаламыз ба? Оңтүстік-Шығыстағы көрші алып елмен шектесетін шекаралық аймақтың шынымен ашық қалғаны ма? Бізді мазалайтын міне, осы мәселе. «Жыланның үш кессе де кесірткілік жаны бар» дегендей, өңіріміздегі 32 мыңға жуық халық мекен етіп отырған 11 ауылдық округтің 1 138 966 шаршы шақырым жерінің байлығы, (оның ішінде 863 096 гектар жайылым, 159 600 гектар егістік алқап, 30 мың гектар суармалы жер) Мақаншыны ешқашан артта қалдырмаған. Оның үстіне болашаққа үміттеніп, жаңа заманмен күн кешіп жатқан халықтың қайрат-жігері мұқалмаған. Бүгінде Үржар ауданының барлық бюджетінің 60 пайызға жуығын осы Мақаншы өңірі көтеріп отыр. Алакөлдің инфрақұрылымы дамып келеді. Бақты кеденінің кешенді істері де Мақаншы үшін қызмет етеді. Ал «Жалаңашкөл» көмір кешені, «Барлық-Арасан» демалыс орны біздің табиғи байлығымыз емес пе?

         Өңірде бүгінгі таңға 60 мың басқа таяу ірі қара, 150 мың басқа жақын қой-ешкі, 20 мың шамасында жылқы бағылуда. Бұлардан басқа аймақ көлемінде  300-ге тарта шаруа қожалықтары, 180-нен астам іскер кәсіпкерлер, базарлар, Алакөл көлінің жағасындағы 300-ге таяу ірілі-ұсақты демалыс орындары  Мақаншы өңірінің дамуына үлкен жол ашуға дайын. Мақаншы аудан болып құрыла қалған күнде жекеменшікке өтіп кеткен ғимараттарды меншік иелері қайтарып беруге даяр отыр. Шекара бойындағы аудан дамып, халқы қоныстанып, ажарланса – ол мемлекеттің айнасы емес пе? Былайша айтқанда, Мақаншы өңірінің аудан болып қалыптасуына толық мүмкіндігі бар.

         Ойымызды қорыта келе айтарымыз: Ең  бастысы  шекара  шебінде жатқан елдің еңсесі түспей, ел іргесінің бүтін болуы. Біз үшін аудандық мәртебе қайтарылып, шекара өңірінде дүниеге келіп, шекара бойындағы елдің тыныс-тіршілігін білетін азаматтар көп болып, елі үшін, елінің қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етсе деген тілек басым. Бұл тілек бір Мақаншы ғана емес, ауданын қалпына келтіруге толық мүмкіндігі бар өңірде тұрып жатқан барлық шекарадағы аймақ жұртының тілегі. Ұзаққа созылған үміттің ақталар күні  болса игі еді... 

   

Е. Ахметов

еңбек ардагері,                       

Т. Жирентаев

Үржар ауданының Құрметті азаматы,

Ж. Жақанбаев

Үржар ауданының Құрметті азаматы,

Т. Қалықжанов

Үржар ауданының Құрметті азаматы, 

М. Құлжатаев

еңбек ардагер,

Қ. Күдеров

еңбек ардагері,

Т. Мешелов

Үржар ауданының Құрметті азаматы,  

О. Рахметов

еңбек ардагері,

Ә. Разуев

ҚР Мәдениет қайраткері,

А. Садырбаев

зейнеткер, еңбек ардагері,

Г. Сәдуақасова

еңбек ардагері, ұстаз

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы Мақаншы ауылы                                

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33