Мәсімов Иуда болса, Сатыбалды кім?

Жарас КЕМЕЛЖАН

22.11.2022, 05:53

1082

Біреулер саясатты ағаш ат деп жүр. Біреулер сайтанның ойынына теңейді. Не десе де, саясат – лас тірлік. Ластығы соншалық, бүгінгі досың – ертеңгі жауың. Оның үстіне, Қазақстанда саясатта жүрген адамның жеке басының мүддесі мемлекеттік мүддеден биік тұратыны тағы бар. Отыз жылдан бері солай қалыптасты. Ауылдағы ағайын қойын құрттап, айранын ұрттап – өлместің күнін кешкеніне мәз. Ал Астанадағы саясаткерлер кірпік қақпай, сағат, минут сайын саяси ойындар ойнап отыр. Әркім қарақан басының қамын күйттеген... 

Әңгімені созбайық. Турасын айтсақ, президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев барып, дауыс беріпті. Мемлекеттік басылымдар «Назарбаев өз таңдауын жасады» деп жазуда. Әлеуметтік желідегі жұрт «Экс-елбасы таңдау жасамайды, таңдау жасатады» деп пікір білдірді. Әңгіме Назарбаевтың дауыс беруге келуінде немесе таңдау жасауында емес. Сайлау учаскесіне барған кезінде тілшілерге берген сұхбатында болып тұр ғой.

Журналистердің бірі «Мәсімовтің соты жөнінде не айтасыз? Ол кінәлі болса, оның артында кім тұр деп ойлайсыз?» деген сұрақ қояды. Сексен екі жастағы Қазақстанның тұңғыш президенті: «Мен де осы сұрақтың жауабын білгім келеді», деп, өзі де аң-таң, апам да аң-таң адамның керін келтірсін.

«Бұл әрекетке не үшін барғанын, оның артында кім тұрғанын білу үшін мен де тергеу мен соттың аяқталғанын күтіп жүрмін. Мәсімов ұзақ жыл менімен істеді. Бірақ қайдан білесің. Иса пайғамбар қасында отырған Иуданың сатқын екенін білді ме? Біз Құдай емеспіз. Сол себепті соттың аяқталуын күтейік», деп жауап берді. 

«Саясат – лас тірлік» дегеніміз сол. Назарбаевтың өзі айтпақшы, Кәрім Мәсімов ұзақ жылдар бойы экс-елбасының қасында жүрді. Айтқанына көнді, айдаған қызметіне барды. Бірақ ол қаңтар қырғынында мемлекетке өте ауыр сатқындық жасады. Оған осындай айыптар тағылды ғой. Қазір сол айыптар бойынша тергелуде.

Экс-елбасының Кәрім Мәсімовты Иса пайғамбарға сатқындық жасаған Иудаға теңеуінің өзі, бір жағынан қызық! Қызық болатыны, бұл жерде кім-кімге сенді, кім-кімді сатты? Мәселе осында сияқты. Назарбаев Мәсімовке сеніп, оны лауазымды қызметке қойды десек, ол сол сенімді ақтамаған болып шыға ма? Әлде Кәрім ағай өзін сүйрелеп жүрген Назарбаевқа сеніп, қаңтарда қанды қырғын жасады ма? Бұл сұрағымызға тергеуден кейін бірден жауап ала алмаймыз. Оған уақыт өте келе тарихтың өзі жауап береді. Ол жауапты қаңтарда оққа ұшқандардың жақындары ести ала ма екен? Біз үшін де кім-кімді сатты деген сауал өзекті. Мәсімов Назарбаевты сатқан болса, онда оның жазасы ауыр болу керек. Ал Назарбаевты арқаланып Отанға опасыздық жасаса, кімнің жазасы ауыр болатынын айтудың өзі қиын…  

Енді екінші сұраққа келсек. Тілші: «Немере ініңіз Қайрат Сатыбалдының соты әділ болды деп ойлайсыз ба?» деп сұрады. Назарбаев жөпелдемеде журналистерден мұндай сауал күтпесе керек. Жүруге оқталып тұрған жерінен кілт тоқтады. Басқа емес, немере інісі туралы қойылған сұрақ. Мұндайда бауырын қорғайтын шығар, қанға тартады деген туысқандық ойдың алға озатыны анық. Сөйтсек, «қария» олай жасаған жоқ, тағы да кәнігі саясаткерлігіне бассын.

«Ол соттың шешімін әділ деп ойлау керек. Әділ болмаса, оған сенбеген адам қарсы болып, өзінің арызын беру керек. Сондықтан бәрібір қайда барғанда да мәселені сот жүйесі шешеді», деп, әңгімеге нүкте қойғандай кейіп танытты. Егер Қайрат Сатыбалдының орнында Болат Назарбаев болып, тілші осы сұрақты қойғанда, ағасы не деп жауап берер еді? Қанша дегенмен Болат – оның туған інісі, Қайрат інісінің баласы ғой. Тұңғыш президенттің тұтқиылдан қойылған сұраққа «Сот шешімін әділ деп ойлау керек» деуі, әділ адамның кейпін жасап, немере бауырына бауырмалдық танытпауының сыры – бірге тумағанынан емес пе екен? Бұл да уақыт өте ақ-қарасы анықталатын сауалдардың бірі. Дегенмен осы жағдайлардан кейін сатыбалдылар мен назарбаевтардың арасында өмірбойы жылымайтын салқындық орнауы да мүмкін. 

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Серік МӘЛЕЕВ 10:00
Роман Скляр сатқын ба?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:59
Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.11.2022, 08:41
Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.11.2022, 09:30
Журналист киллерге кешірім берді
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:30
2023 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 25.11.2022, 07:22
Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43