Маскалық режим халықты қанаудың бір түрі ме?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

08.04.2021, 08:53

3368

Қазір қарапайым халықтың басым бөлігі маскалық режим туралы сауалды еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовқа қойғысы-ақ келеді. Әттеген-айы, олар Қиясовты көзбе-көз көре алмайды, «қолмен ұстай алмайды». Себебі біздің шенеуніктердің бұқараның базынасын тыңдауға уақыты жоқ. Олар бар уақытын елге келген тәжтажалды тұсауға арнап-ақ жатыр.  

      Бірақ вирустың күшіне мініп алғаны соншалық – үкіметтің оған қарсы қолданып жатқан шаралары аса нәтиже берер емес. Төтенше жағдай, карантин, локдаун, маскалық режим іспетті түрлі жұмыстар істеліп жатса да, індет іргеден кетпеді. Неге? Көптің көңілінде бұған қатысты көп сұрақ тұр. Соның бірі – бір жыл бойы елдің бет-жүзін жасырып, тұмылдырықтай тағылған бетпердеге қатысты сауал көп. Халықтың басым бөлігі «осы маскалық режим халықты тонап, қанаудың  бір түрі емес пе» деп қынжылады. Біз өз тарапымыздан осы сауалдарға жауап іздеуді жөн көрдік.

         Есмағамбетова бастап, Қиясов қостаған қаулы

      Былтыр коронавирус қатты дендеп тұрған сәтте сол тұстағы елдің бас санитары болған Айжан Есмағамбетова  2020 жылы 26 маусымда №43 қаулыға қол қойды. Ол қаулыда: «Жабық нысандарда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйым, халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйым және тағы басқаларында), сондай-ақ көлік пен көшеде барлық адам қорғаныш маскаларын тағуға міндетті. Бұл талаптарды орындамаған адамдарға айыппұл салынады», – делінген. Сол-ақ екен, әрбір аймақтың бас санитарлары қаулының орындалуын қатаң бақылауға ала бастады. Маска тақпаған жекелеген адамдарға айыппұл мөлшері де бекітіліп берілді.

        Деректерге жүгінсек, осы уақытқа дейін елде бетперде режимін бұзғаны үшін 83 340 теңге мөлшеріндегі айыппұл ұзын-ырғасы 3467 адамға салыныпты. Өтелген айыппұлдың жалпы мөлшері 288,9 миллион теңгені құраған. Бұл туралы елдің бас прокуратурасы ресми  мәлімдеп отыр.

Тағы сол деректерді алға тартсақ,  жекелеген адамдарға маска тақпағаны үшін айыппұл 83 340 теңге болса, мекемеге адамды маскасыз кіргізген кәсіпкер 1,4 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Бұл ретте шағын бизнес болса айыппұл 100 АЕК – 277 800 теңге, орта бизнес болса 200 АЕК – 555 600 теңге, ірі кәсіп болса заңды тұлғаға 500 АЕК – 1 миллион 389 мың теңге болады. Міне, бір ғана бетперденің айналасындағы айыппұлдың көлемі бізде осылай құбылады.

       Есмағамбетова бастап, артынша Қиясов қостап отырған осы қаулыны  көпшілік қанша мәрте жұмсартуды сұрап, тіпті қатаң сынға да алып жүр. Бірақ қараша халық қанша сынаса да, үкімет айыппұл деңгейін төмендетуге асықпайды.

                         Атқарушы билік құлақ аса ма?

       Осы мәселеге қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген  қаржыгер Дәурен Арын:

     – Біздің үкімет былтыр індетке қарсы шараларды қолға алу барысында бизнеске біршама жеңілдіктер берді, сол тәрізді қарапайым халыққа да жұмысынан айырылғаны үшін 42 500 теңге төледі. Бірақ сол жеңілдіктерін осындай айыппұлдар салу арқылы халықтан еселеп қайтарып алды. Былтыр да, биыл да елдегі бизнес омбудсмендері мен қоғам белсенділері маска тақпағаны үшін салынатын айыппұлды 30 есеге, яғни 1 АЕК-ке төмендетуді, оның көлемін 3000 теңге етуді сұрады. Бірақ бұған құлақ асқан атқарушы билік жоқ. Меніңше, біздегі бетперде бүркемегенге тағылатын айып негізсіз. Атқарушы билік елдің пікіріне құлақ асуы қажет, – дейді.

                             Шаш ал десе, бас алу ма?

        Маманның пайымдауынша, Қазақстандағы маскалық режимге қатысты жазаның репрессиялық көрінісі басым. Бұл ретте Дәурен Арын:

  – ТМД елдерімен салыстырсақ, Ресей Федерациясында адам көп жиналатын орындарда және ғимарат ішінде бетперде тақпаған тұрғындарға біздің теңгемен есептегенде  28 604 теңгеге тең көлемде айыппұл қарастырылған. Өзбекстанда айыппұл көлемі біздің 9187 теңгеге бара-бар. Украинада бұл сома – 3846 теңге. Тәжікстанда – қарапайым адамдарға  4720 теңге, бизнес өкілдеріне 11 802 теңге. Осындай деректерге қарап-ақ бетпердеге қатысты айыппұл көлемі бізде тым жоғары екенін пайымдай беруге болады, – дейді.

        Сала мамандарының пайымдауынша, бізге болашақта  нақ осы санитарлық талаптарды сақтауға қатысты заңды түзеп, сауатты етуге тырысу қажет. Бұл ретте әділет министрлігі үкіметке арнайы заң ұсынып, айыппұлды кемітуге күш салуы тиіс.

      –  Мұндай сәтте меморгандар шапшаң қимылдап, халықтың пікірін билікке дер кезінде жеткізіп отырғаны жөн. Айыппұл қымбат. Елдің қалтасы көтермейді. Халыққа жұмысынан айырылғаны үшін 42 500 теңге төленеді. Ал айыппұл мөлшері – 83 340 теңге (!). Бұл нағыз «шаш ал десе, бас алу». Сондықтан тиісті ведомостволар үкіметке айыппұлды төмендету туралы ұсыныс айтуы керек. Рас, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі күшіне енді. Оған сәйкес, бұл кодекске қандай да бір түзету «Қазақстанның басқа заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізуді көздемейтін арнайы заңмен ғана енгізілуі мүмкін». Қарапайым тілмен айтқанда, айыппұлды төмендету үшін алдымен жеке заң қабылдануы керек. Әділет министрлігі әбжіл қимылдап, бұған қатысты жаңа заңды бірнеше күнде қабылдата алғанның өзінде, бұл іске ең кемі 1,5-2,5 айдай уақыт кетеді.  Демек, оған дейін құқық қорғау органдары және тексерушілер 83 мың теңге айыппұлды қолдана береді. Ал бұл шындап келгенде қарапайым халық үшін өте үлкен сома, – дейді заңгер Жандос Тұрақбаев.

                    Ас-ауқат аламыз ба, әлде маска аламыз ба?

      Мамандар айтып отырғандай, шынында да, бетперде тақпағанға салынатын айыппұл тым репрессивті. Тек сала мамандары ғана емес, бұл пікірді бизнес өкілдері де, қарапайым көпшілік те қуаттап отыр.  Бұл ретте көпбалалы ана Гүлназ  Жолдыбаеваның айтуынша, қазір өзі тәрізді көпбалалы отбасылар маскаға деген ақшаны ас-ауқатынан жырып отырған жайы бар.

     – Мен Алматының  «барахолкасында» біреуге сатушы болып жұмыс істеймін. Екі апта базар жабық болды. Былтыр екі ай жұмыссыз қалдық. Қаражаттан қиналып отырмыз. Жеті баланың анасымын. Төрт балам студент, оқушы. Қалған үшеуі кішкентей, көбіне үйде отырады. Қалаға төртеуі күнде шығады. 25 теңгеден деп есептегенде, төрт балама және жолдасым екеумізге бетпердеге 150 теңге кетеді. Шынын айтайын, бізде масканы әрбір үш сағат сайын ауыстырып тұру деген жоқ. Бір масканы күні бойы, яғни 12 сағат киіп жүреміз. Кейде күніне 150 теңгеге маска алуға ақша таппай қаламыз. Нан аламыз ба, маска аламыз ба? Өз денсаулығымыз үшін табармыз. Бірақ маска тақпаса, 83 мың теңге айыппұл арқалату – бұл енді халықты тонау. Соның есебінен бюджеттің жыртығын жамап жатыр ма? Неге айыппұлды төмендетпейді? – дейді Гүлназ Жолдыбаева.

        Шынтуайтында, бұл бір отбасының басындағы жағдай емес, қарапайым жұртшылықтың басым бөлігі осылай ойлайды. Тіпті көпшілік арасында «айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген халықты түрлі қарар, қаулылармен қорқыта бермей, шенеуніктерді неге тәртіпке салмайды» деген сауалды қоятындар да баршылық.

       Расында, ойлап қарасақ, карантиндік және маскалық режимнің негізгі салмағын қарапайым халық қана көріп жатыр. Себебі  біз былтырдан бері «карантин талабын бұзыпты» деген желеумен жазаға тартылған бірде-бір шенеунікті ести қоймадық. Жалғыз-ақ өткенде «қоғамдық орында маскасыз жүргені үшін Өскеменнің әкімі айыппұл арқалады» деген ақпарат тарады. Ал қалған шенділер бетперделерін киіп алып, халықтың ұсыныстарын, арыз-шағымын елең қылмай, осылай отыра беретін тәрізді. Егер бұлай болмаса, неге әрбір аймақтың, ауданның әкімдері маска төңірегіндегі 83 мың теңге айыппұлдың қара халыққа ауыр екенін үкіметке  жеткізбейді?  Министрлер неге үнсіз? Әр қаланың бас санитарлары «халық нан ала ма, маска ала ма, айыппұлды арзандатып, масканың бағасын түсіріп, түсіністікпен қарайық» деп неге үндеу тастамайды? «Вирусқа қатысты жағдайды үнемі бақылап отырмыз» деп есеп беретін бас санитар Қиясов неге айыппұлды жеңілдетуге қатысты ұсыныс айтпайды?   Ендеше Қиясовтың құлағына алтын сырға дейік. «Вирусты бақылауда ұстайтын» бас санитар, мүмкін, маска мәселесін үкіметбасы Маминге байыппен түсіндіріп берер.

Тегтер: маска карантин локдаун коронавирус шектеу шара айыппұл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06