Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

13.05.2021, 09:43

2221

Денсаулық сақтау саласының жұмысын жандандыруда медбикелердің орны ерекше. Ол шындық. Қарасы қалың қара нарлардың қажымас ерлігінің арқасында қаншама науқас аяғынан тік тұрып жатыр. Оны  түйсігімізге түйіп түсініп  жүрміз.  Әйткенмен оған былтырдан бері әлемді әлекке салып жатқан коронавирус кеселі кезінде тағы көз жеткізгендейміз. Десек те, сырқаттарды сауықтыру жолында ерен іс тындырып жүрген жанкешті жандардың еңбегі мемлекеттік деңгейде елеп-екшелмей келеді. Адамзат өмірінде әуелгі байлық саналатын саланың  екінші санаттағы мамандардың  мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету  әлі күнге дейін кейінге ысырылып келеді. Тіпті төл салада, одан қалды,  қоғамдағы атауы бір ізге түскен жоқ. Ресми түрде бекітілмегендіктен,  адам жанының арашашыларын  әркім ыңғайына қарай «мейірбике», «медбике», «мейіркеш» деп ала-құла айтып келеді. Медбикелерге қатысты күрмеуі қиын  мәселенің басы кәсіби орта оқу орнын бітірген сәттен басталады. Бүгінде бұл өзекті проблеманың тамыры тереңге енген.

Тобықтан қағар тосқауылға тыйым керек

Облыстағы медициналық колледждерді  40 жыл басқарып келе жатқан Аманжол Нұрбеков жас мамандарға жанашырлық көзқарас жоқтығын ашына айтты. Қолына диплом алған жас медбикені әбігерге салу  «әп» дегеннен, яғни жұмысқа орналасу кезінде кесе-көлденең алдынан шығады.

— Түптеп келгенде, сергелдеңге салатын сертификат соңғы кезде түлектерді сорлатып тұр. Колледж қабырғасында біз студенттерді теориялық біліммен сусындатамыз. Өйткені  кез келген оқу орнында алдымен шәкірттерге кәсіби   ілім негізін қалыптастыру басты шарт. Сөйте тұра, жұмыс берушілердің тәжірибесі жоқ түлектен сертификат талап етуі кереғар қайшылық тудырып отыр. Әрбірден соң,  бұл еңбекпен қамтушылардың жас мамандарға жасап отырған қисынсыз қысастығы деп түсінуге болады.

       Тағы бір сорақысы,  олар  сертификатқа  ақылы түрде ғана  қол жеткізеді.  Өзін-өзі асырауға көк тиын таппай ашығып тұрған маман ақшаны қалай  және қайдан таппақ?  Бұған бас ауыртып жатқан бірде-бір  жанашыр жан жоқ.  Осылай қайраңға шыққан балықтай күй кешкен жастар  қазір «ағалап», «көкелеп»,  әлгі кепілдік қағазын алып жатқан жайы бар. Бірақ мың  күн сынбаған шөлмектің бір күні сынары анық. Қанша айтқанмен, кеңес кезеңінде мұндай жүйесіздікке жол берілмеді. Жаңа бітірген мамандар кедергісіз жұмысқа алынды. Әрбір жас маманға жеке тәлімгер бекітілді. Міне, осы жолды қайта әкелу керек. Әділдігіне келсек, еңбекке енді  араласқан медбикелерден сертификат талап етпек түгіл, олардан үш жылға дейін ешқандай сынақ алынбауы керек. Түптеп келгенде, сергелдеңге салатын сертификат соңғы кезде түлектерді сорлатып тұр, – дейді жоғары санатты дәрігер, білгір маман Аманжол Нұрбекұлы.

Финляндия, Ұлыбритания, Ресей секілді келешектің қамын жасаған елдер секілді Қазақстан да, орта білімді медицина саласы қызметкерлерін дайындау ісін заман көшіне  қарай  жандандыру  қажет. Ол үшін республикамыздағы мықты  медициналық колледждерді «Академиялық бакалавр»  деңгейіне  жеткізу қажеттілігі туындап тұр. Сала мамандарының пікірінше, осы бетбұрыс арқылы ауылдық жерлердегі жоғары білімді дәрігерлердің тапшылығын академиялық білім алған медбикелермен толықтыруға болады.

— Аймақта ертеден ғылыми атағын иелеген медицина саласының мықты мамандарының шоғыры қалыптасқан. Солардың  қатары әлі де түгесілген жоқ. Біздің колледждің өзінде бір ғылым докторы, үш медицина ғылымының кандидаты, жетң магистр сабақ береді. Демек, сапалық жағынан  бәсекеге төтеп беретін Қарағандыдағы медициналық колледждерге  академиялық білім беру құқығы берілсе, институт статусын иемденеді. Мұнымен мейірбикелердің басқа да  түйткілдері  автоматты түрде шешіледі. Ол дегеніңіз – жоғары білімді дәрігерлермен теңескен жалақы алады, мәртебесі көтеріледі, қызмет орнын таңдау еркіндігіне ие болады, – дейді  медбикелерге арналған Интерколледждің директоры Аманжол Нұрбеков.

      Қарағанды облысында бес медициналық колледж бар. Оны жылына  500 түлек бітіріп шығады. Кенді өлкенің қаршадай медбикелері емдеу мекемелерінің табалдырығын аттаған  сәттен-ақ  жоғарыдағы  қатпар-қатпар қиындыққа шырмалса да, шыңдағы шынардай шыдамдылық танытып келеді. Соған қарағанда біздің елде медбике болып көбіне көнбістер істейтіндей көрінеді. Өркениетті елдер бірегей жандарға біздей емес, биік өремен қарайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 12:35
COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар режим бұзғаны үшін жазаланады
Күлтегін БЕК 03.06.2021, 09:08
Қара тасқа қашап жазған тарихын...
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 01.06.2021, 08:24
Бекзат болмысты Бекзат
Елеусіз МҰРАТ 29.05.2021, 10:12
Жалған жарнаманы насихаттағандарға жауапкершілік неге жоқ?
Батыр ЖАСҰЛАН 27.05.2021, 11:04
Қазақтың үні қашанғы қалыс қалады?
Қамысбай Бесінбергенұлы 25.05.2021, 09:08
Ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиетімізді дәріптеуге неге қарсымыз?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02