Министр шешілмей жатқан түйінді «әлсіз ұстаздарға» артқысы келе ме?

Қарлығаш Зарыққанқызы

15.09.2020, 10:45

2950

      2019 жылы білім және ғылым министрі болып тағайындалғаннан бері құрметке бөленіп жүрген Асхат Аймағамбетов осы жолы тіл мен жағынан жаңылған тәрізді. Өткен аптада министр мектептегі білім мен «әлсіз мұғалімдер» проблемасын қозғады. 

 

                     Аймағамбетов  неден жаңылды?

       «Бұл мамандықты «әлсіз» түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасады. Мұндай маманнан сабақ алған оқушылар да әлсіз болады, мектептегі білімнің сапасы нашарлайды. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді», – деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында. Бірақ осы арада мұғалімдерді әлсіз немесе мықты деп бөлу қаншалықты негізді? Еліміздің бас ұстазының бұл сөзі қисынға келе ме?

       Министрдің сөзінше, бұрын педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің орташа балы 60-65, ал шекті балл 50 болған. Оған қоса, педагогикалық мамандықты таңдағандардың арасында мектепті үздік бітіргендер немесе «Алтын белгі» иегерлері аз болды. Ал жыл сайын жоғары білім алып шығатын 40 мыңнан астам түлектің төрттен бірі ғана білім беру мекемелеріне мамандық бойынша жұмысқа орналасады.

       Сонда, мұнымен министр не айтқысы келді? Білім саласының кем-кетігін осылайша «мұғалімдер әлсіз» деп, ұстаздар қауымына аудара салғысы келді ме, болмаса салада шынымен де әл-дәрмені төмен мамандар жұмыс істей ме? Талдап көрелік.

  

                                  Жүйкені жұқартқан жүйе

      Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері біздегі өзгеріске ең жиі түсетін саланың бірі білім және ғылым саласы екені даусыз. Бұл саладағы министр ауысқан сайын, жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім саласын әбден  былыққа батырды. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың»  ісі ел есінен әлі ұмытыла қойған жоқ. Жаңартылған білім жүйесі, оқушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік беру, ата-анамен қарым-қатынасты жаңарту, коучингтер өткізу, біліктілікті анықтайтын тест тапсыру, мұғалімдерді тіл үйренуге машықтандыру, «Күнделік.кз-тің» жыры деген, толып жатқан реформалар осы саланың берекесін қашырып, мұғалімнің дегбірін алғалы біраз болды. 

         Одан бөлек, сайлауалды науқандарға қатыстыру, көше аралату, сенбілікке шығару, мектепке комиссия келсе ақша жинау дейсіз бе, толып жатқан жүктемелерді мұғалімдерге артып қойғанымыз тағы бар. Бұдан сапалы білім бермек түгіл, ұстаздар қауымы аты-жөнін ұмытып қалатын деңгейге жетті. Қызды-қыздымен біздің реформаторлар оқу бағдарламасынан  «Әліппені» қуып шығып, «Сауат ашу» пәнін енгізді. Ал жаңартылған жүйемен оқу «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегеннен де асып түсті. Міне, осынша бас қатырғыш жүйеден шаршап жүрген ұстаздар енді пандемия салдарынан «онлайн оқуда озық боламыз» деп, жанталасып бағуда.

  

                              Онлайн оқу опық жегізді

      Онлайн оқу дегеннен шығады, біздің бұл бағытқа беттегеніміз де қызық. Ешқандай дайындықсыз, жүзу білмесе де, теңізге қойып кететін  Қожанасырдың әрекеті тәрізді  біз осы қашықтан оқыту, онлайн жүйесі дегенге  дайындықсыз ендік. Көктемде елде төтенше жағдай жарияланып, оқушыларды төртінші тоқсанды қашықтан оқытқанда-ақ бұл жүйеге дайын еместігіміз аңғарылып қалды. Айқайға басып жүріп өткен оқу жылын аяқтадық. Енді биыл «жаңа оқу жылында жіберген кемшіліктерден нәтиже шығар» деп үміттенгенбіз. Бірақ, керісінше, сервердің сергелдеңі, Зумның зобалаңы оқушылар мен ата-аналар алдында масқарамызды шығарды. Министрлік мақтаған Зум бағдарламасынан жік шығып, тіпті ұстаздар сабақ беріп отырғанда жалаңаш бейнелер көрсетіліп кетіп, бұл саланың жалаңаштанып тұрғаны тағы әшкере болды. Ал енді осындай ауыртпалықпен алысып, саладағы қағазбастылықтан, директордың дігірінен, министрліктің реформасынан шаршап жүрген ұстаздарды қалайша «әлсізсің» деп айта аламыз?

       Бұған қатысты пікір білдірген ардагер ұстазАманғайша Қасымжанова былай дейді:

    – Мұғалімді әлсіз немесе әлді деп екіге бөлуге болмайды.  Мұғалімнің қаншама жүктемесі бар. Онлайн оқуға дайын еместігіміз бесенеден белгілі еді. Мысалы, министр оқушыларды қамсыздандыру үшін «300 мың компьютер сатып алдық» дейді. Жақсы, компьютер сатып алынсын. Бірақ интернеті жоқ аймақтар не істейді? Оларға компьютер бергенмен не пайда?! Желіге оқушылар қалай қосылады?! Компьютерді алып төбеге шығып, оқып жүрген оқушыларды көрдік. Ал төбеде желі ұстамайтындар не істейді? Компьютердің тоғын мұрындарына тыға ма?! Сервер, желі дұрыс істемейтінін жоғарыда отырғандар біледі. Неге осыны үш ай жазда шешіп алмады?! Енді айналып келіп мұғалімді кінәлау қисынға келмейді. Алдымен сауатты жүйе қалыптастырсын. Содан кейін барып талап етсін. Қазіргі онлайн оқу опық жегізіп тұр. Мұны мойындау керек.

        Ал заң ғылымының кандидаты Еркін Әлиасқаровтың айтуынша, шындап келгенде, ұстаздардың бұл еңбегі өтемақыға лайық. 

– Негізінде, бірқатар дамыған елдерде коронавирус індетіне байланысты жүктеме артып отырғаннан кейін, ұстаздарға қосымша өтемақы төлене бастады. Мысалы, Оңтүстік Корея, Италия, Испания тәрізді елдерде ұстаздар осы жағдайға байланысты өтемақы алады. Ресей бұған қатысты ұстаздарға салмақ салмау керегін, жүктемені азайту қажеттігін жиі қаузап отыр. Бірқатар елдер ұстаздарды мүлік, табыс салығынан босатып қойды. Ал бізде не сапалы сервер жоқ, не зырлап тұрған интернет жоқ, бұған келіп «әлсізсіңдер» деп мұғалімдерді кінәлаймыз. Бұл қисынға келмейтін дүние, – дейді заңгер Еркін Әлиасқаров.

 

               Министрге депутаттар да шүйліге бастады

     Жалпы, қазір білім министрлігіндегі олқылықтарды жіпке тізушілержетіп-артылады. Тіпті мұның қайсыбірін  Аймағамбетовтің қоғамға «сүйкімді» бола бастағанымен байланыстырып, мұны  соған қарсы ұйымдастырылған әрекетке балайтындар да бар. Ал, шындығында, проблеманың бар екенін көретін, еститін кезең келген тәрізді.

      Мысалы, басқаны қойып, пандемия кезінде тырс етіп үнін бір шығармаған мәжіліс депутаттары да қазір білім саласына қатысты қатты сын айта бастады. Шамасы, депутаттардың өздері де «балаларын оқытамыз» деп шаршаса керек. Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова «Қазақстанның e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған 30 миллиард теңгесі далаға кетті. Ешқандай нәтиже жоқ» деп ашынып отыр.

    – Жалпы алғанда, «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан-2020» сияқты бағдарламаларға, білім беруді дамыту шараларына соңғы бес жылда 72 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген, оның ішінде 30 миллиард теңге e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған еді. Ол ақшаны далаға кетті деуімізге болады. Өйткені ешқандай нәтиже жоқ, – деді депутат.

      Оның пайымдауынша, «білім беру платформалары қажетті ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, білімнің сапалы мазмұны жоқ. Оқу үрдісі қайта-қайта үзіледі. «Қашықтан оқуға интернет жылдамдығы жеткіліксіз, шалғай ауылдарда тіпті интернеттің өзі жоқ. 55 мыңнан астам мектеп оқушысы әлі күнге дейін интернеті жоқ 835 ауылда тұрады. 1 миллионнан астам оқушының компьютері жоқ», – дейді Жәмила Нұрманбетова.

      Бұдан бөлек, парламент мәжілісінің депутаты Дания Еспаева Дүниежүзілік банктен алынған қаржы игерілмесе де, шілде айында білім және ғылым министрлігі үкіметтен қосымша 74,2 миллиард теңге сұрағанын айтып отыр.

  • Жазда білім министрі Аймағамбетов жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жағынан қиындық болмайды деп сендірген. Алайда депутаттар өңірлерді аралап шыққаннан кейін шілде айында министрге тағы үндеу жолдап, жағдайдың түзелмегенін жеткізді. 2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Дүниежүзілік банктен 67,5 миллион теңге қарыз алынды. Жобаның атауы – «Орта білімді жаңғырту». Негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру. Осылайша 5000 мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге шешім қабылданды. Ауыл мектептерінің барлығына компьютерлер мен кеңсе техникасы жеткізіледі деген жоспар болды. Ең бастысы, интернет жылдамдығы баяу мектептерге қосымша сымсыз байланыс құралдарын орнату көзделген болатын, – дейді халық қалаулысы.

       Депутаттың айтуынша, бұдан да еш нәтиже шықпаған. Қазір көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүр. Көптеген елді мекенде интернет атымен жоқ.

                             Мәселе – мұғалімде емес

     Міне, біздегі жағдай қазір осылай қалыптасып отыр. Дегенмен бұған қатысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова: «Жаңа оқу жылы дұрыс ұйымдастырылмады» деген мәлімдеме шындыққа еш сәйкеспейді. Барлық мектеп қашықтан оқуға дайын. Мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды», – деген уәж айтып, мұндай сынмен келіспейтінін жеткізді. Әрине, вице-министрдің айтқаны орынды, қатардағы ұстаздардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл жерде әңгіме мұғалімдердің еңбегі жайында емес, Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін министрліктің жаңа оқу жылына дайындығы туралы болып отыр.

       Министрлік барлығын қатырып қойса, оқушылар неге төбе кезіп, шатқал іздеп, мұғалімдер мен ата-аналар жүйкесін тоздырып жүр? Тіпті елдегі әлсіз интернет, қолданушының көптігіне шыдамай жатқан тегін платформалар, сабақ кезінде қосылып кеткен порнография сол қатқан дайындықтың көрінісі ме?!  Мұның бәрі оқушылардың біліміне, ата-аналар мен ұстаздардың жүйкесіне кері әсер еткеніне шағымданған ата-аналар  офлайн оқуға көшуді өтініп, президентке, сондай-ақ  білім және ғылым министрінің атына петиция  жолдады емес пе?!

    Сонда «барлығы бес» болса, жұрт неге тыныш отырмай аласұрып жүр?  Ақиқатында, осындай жағдайда жұмыс істеп жүрген ұстаздарды «әлсіз» мұғалім деп, қалай бөле-жаруға болады?! Әлде бұл, жоғарыда айтқанымыздай, Аймағамбетовтің «біз емес, ұстаздар әлсіз» деген қисынмен барлық түйінді ұстаздарға итере салып, өзін-өзі ақтап алу үшін жасаған амалы ма?! Онда министрдің өзі «әлсіз» деп кемсіткен мұғалім еңбегінің артына тығылу қаншалықты қисынды болар екен?!

Тегтер: білім және ғылым министр мұғалім минист пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 13:26
Еліміздің 11 өңірінде үсік жүріп, жайын-шашын болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2020, 09:43
Алмат ҚОДАСБАЕВ: Адам жанын арашалауға ұмтылыс жеке басқа деген қауіпті ұмыттырды
Сайт әкімшілігі 18.09.2020, 10:09
Бидай қымбаттады, енді нанның бағасы өсе ме?
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 17.09.2020, 10:24
Бауыры суық қоғам және ағаның жан жылуы
Сайт әкімшілігі 14.09.2020, 11:00
Бас санитар қатаң карантиндік шектеулер енгізуге қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 14.09.2020, 09:43
Алексей Цой ресейлік вакицнаны бірінші болып салдырды

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27