Мусин міз бақпайды

Айдын ОЛЖАЙ

19.05.2022, 08:52

5156

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов цифрландыру министрі Бағдат Мусинге әлеуметтік желіде жай ғана сауал қойыпты. Орыстың кәрі әншісі Лев Лещенкоға неге Қазақстанда оп-оңай ЖСН бере салдық деп. Шынымен де ойланатын мәселе еді. Биыл 80-ге келген Лещенко 2014 жылы Қырымның оккупациясын қолдап шыққан, Украинаға қарсы соғысты жақтаушы, орыс сепаратизмін қоздырушылардың бірі ретінде танылған. Батыстың санкциясы салынған адам. Мұндай тұлғалардың қазақстандық ЖСН-дері оңды-солды тіркеле берсе, ертең олар Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы шығып кетпей ме?

«Ресей тақырыбына неге сонша емешегіңіз үзіле береді? Біресе Қазақстанға «Сберді» әкелмек боласыз, біресе «Буранды» Ресейге қайтарып беру туралы айтасыз. Қазақстанның ЖСН-і қашаннан бері кез келгеннің қолына ұстатыла беретін арзан дүниеге айналды? Әлде Қазақстанның цифрландыру министрлігі осылайша Ресей азаматтарының санкциядан жалтаруына жол ашатын саңылау ашып отыр ма?», деген нақты сауал қойыпты Әбенов.

Бұған Мусин жауап беріпті. «Заң бойынша резидент емес тұлғаларға ЖСН жасап беру қызметін Ішкі істер министрлігі атқарады. ІІМ нормативтік-құқықтық актіні қалай жазса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторлары немесе көші-қон полициясының өкілдері клиентке қызметті солай көрсетеді», депті. «Елді адастырмай, дұрыс ақпарат жазуыңызды сұраймын», деп тағы қосыпты. Бұл комментке қаптаған біреулер жан-жақтан лап қойып, лайктарын аямай басып-басып тастапты.

Байқасақ, біздің билік әлі де бет бақтырмайды екен. «Мынауыңыз ойланатын мәселе сияқты. Бұл бағытта біраз ойланайық, я болмаса, заңдарымызды қайта қарастыру жағын көтерейік» десе, кәне? Сын, батыл пікір, реніш, ұсыныс айтқан қазақтың бәрін жау көруге құмар. Әй, мынауың не дегеннің өзіне дүрсе қоя береді. Алаяқтардың кәдімгі психологиялық әдісі. Автобуста ұсталып қалған қалта ұрысы сияқты, бірден аттандап, ойбайға басып, ақталып, құтылып кетуді әбден меңгерген.

Бірбеткей, бетбақ билік елі мен халқын оңдырмас. Халықтың қиналған үнін еститін құлағы бар мемлекет дегендері қашанғы сөз жүзінде қала береді екен? Әлде, тағы отыз жыл күте тұрайық па?

Бір заңның бір жері дұрыс емес болса, оны ұлт пен халық пайдасына қарай реттеп, өзгертуге бізге кім кедергі? «Жүйе осындай екен» деп, шетімізден жаман болғанымыздан бірдеңе ұтамыз ба?

ЖСН тіркеу ережесін ІІМ әзірлесе, оны үкімет бекітті. «Менің қатысым жоқ» дейтін Мусин сияқтылардың ұлтқа қауіпті мәселелерді сырт айналып, бұғып қалғаны жөн емес. Қазақстанға Ресейден 200 мыңнан астам ресейлік мигрант келіп үлгерді. Уақытша келген шетелдік ретінде ЖСН алып жатыр, ешқандай тексерусіз, су тегін. Тіпті өзінің келуі де шарт емес, сенімхатпен жергілікті біреу арқылы да ала береді деседі. Қазақстанды жағалайтын ресейліктердің сондағы мақсаты – санкция салдарынан өзінің немесе өз бизнесінің жасай алмай қалған төлемдерін жүргізу. Осылайша олар біздің шенеуніктеріміздің қол қусырушылығын пайдаланып, Қазақстанға үлкен қауіп төндіруде. Батыс мигранттардың қозғалысын қадағалайды, әсіресе қаржылық ағыстарды бақылайтыны жасырын емес. Қазақстанды да санкцияның астына сүйрейтіні аздай, бұл мигранттардың арасында Қазақстанның тәуелсіздігін танығысы келмейтін, қазақ тілін менсінбейтін орыс әлемінің өкілдері де бар болуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек еді.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33