НӘН-байдың заманы мен зауалы

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ

20.05.2022, 08:09

4739

Қаңтар зобалаңы тарих тақтасына қаралы, қанды әріппен таңбаланары хақ. Жүздеген ғұмыр қыршын қиылды, мыңдаған жанның көз жасы төгілді, миллиондаған жүрек ызалы кекпен сыздады. Осының бәрі не үшін? Назарбаевтық озбыр өктемдік: бөксеге тепсе, бетін тосатын ынжық, ез, қалай қорласақ та, төзе береді деп ойлайтын, момын, көнбіс, көнтері… ҚАЗАҚ неге аяқастынан шабтан түрткен шу асаудай, ертоқымын бауырына алып тулады? Шеттен келген «20 мың террорист» пен іште бұққан мысық тілеу жымысқылар «ез қазақтың» бойына ерлік вирусын егіп есіртті ме? Жоқ, ағайын. Мән жайдың байыбына үңілейікші. Кез келген дүбірлі оқиғаның тұтануына сәл ғана нәрсенің себепші болатыны тарихтан мәлім. Сол сияқты, газ бағасының қымбаттауы халық жүрегіндегі ышқынған алапат «Газға» сіріңке лақтырған жай ғана ұшқын еді. Дәстүрлі «мазасыз» Маңғыстау немесе азат рухты Алматы ғана емес, неге күллі Қазақстан бір сәтте дүр етіп, түп көтерілді? Интернеті жоқ, газы жоқ, суы жоқ қараңғы түкпірдегі жабайы ауылға шейін жаман тымағы жалбаңдап атқа қонды. Неге? Шеттен келген шайтандар мен іштегі әзәзілдің азғырындысына арандады ма? Жоқ, ағайын. Тағы да жоқ! Сабыры самарқаулықпен құдандалы, байыбы бейғамдау, кеңетек қазекем өзі шамырқанып ышқынбаса, біреудің айтағымен сүйресең де майданға шықпайды. Бұл әділдік ғарасатына әркімнің өз жүрегі алып шықты. Шынын айтсақ, сол бір сын сағатында, біз өзіміз де, көшеге шықпай, арындап-елеуреген бала-шағымыздың етегіне жабысып, есікті тарс жауып, табалдырықта көлденең жатып алсақ та, жан-жүрек, тілеуіміз көшеде бейбіт! Шерулеткен қараша жұртпен бірге болғанын жасыра алмаймыз. Бір біз ғана емес, қорлық пен зорлыққа булыққан миллиондаған жүрек бұл шеруге тілеу қосты. Шын мәнінде, бұл құлдар көтерілісі еді. Мен өзімнен бастап, танауынан есекқұрт ыршыған шөкімдей байшыкеш-бишікештерден басқа, бүтін қараша отандастарымды құл-құтан деп есептеймін: сайлау құқымыз жоқ, сөйлеу құқымыз жоқ, жеріміз жоқ, үйіміз жоқ, жұмысымыз жоқ,… жоқ, жоқ… бәрі жоқ! Құл емегенде, кімбіз? Бәріміз – Назарбаев заманының құлымыз! Адам адам болып жаратылғалы Құдайдың атын естіп, құлшылық қылғаны болмаса, түрін көрмеген шығар. Бірақ біздің маңдайының «бағы» бес елі қазақ құдайекеңнің түрін көру бақытына ие болды. Сөйтсе, қазекеңнің құдайы қарашығы ойнақшыған кәдімгі екі аяқты құбыжықтың бірі екен. Сол «құдай» бәрімізді тоңқайтып қойып, отыз жыл бойы ойына келген ойранын салып, төбемізден әңгіртаяқ ойнатты. Бір шыбықтың ұшымен жусатып-өргізді, кәдімгі өзіміз көтенін жейтін «баран» сияқты. Бар білетін өнері сол болған соң, бәрімізге өтірік өмір сүруді үйретті: өтірік күлдік, өтірік қуандық, көл-көсір өтірік махаббатпен 120% дауыс бердік, «құдекеміз» халықтар достығының құшағында «Аппақ-аппақ тошқандатып» «чөчаклармен» шошаңдап мойнын қылтыңдатқанда, көк жалаушамызды желбіретіп, «апыр-ай, сексенде де секеңдеп тұрған не деген бұраңбел биші еді біздің НӘНбай!» деп өтірік ду қолшапалақтадық, қолымыз жеткеніміз қолынан шөп еткізіп сүйіп, «Ақ патсам-ай!» деп өтірік өксідік… Ақ қағаздың бетінде гүлдеп, жарамсақтардың аузында алаулап жалын атқан жалған өмір гүл-гүл жайқалып, нұр-нұр жайнады; Шығыс Азия барысы боп өркениеттің асқар биігіне бір-ақ қарғып, әлемнің ең алдыңғы отыз елінің топ ортасына топ ете түсті. Пай-пай, шіркін, неткен ғажап!!!

   Ал шын өмір бұл шақта көтенішегі айналып, көтекарба сүйреп, құлбазарда жүрді; көшелер мен мешіттің айналасында қол жайып, қайыр тілеп тұрды; жол жиегінде шемішке сатып, өткен кеткенге жаутаңдады; ақар-шақар ақ сарайлы Астананың шетіндегі иттің үңгіріндей, жалдамалы жеркепеде түтінге тұншығып, шыр-шыр қағып, Сәби ­– өмір өртеніп жатты; арман қала – Алматыдан пана іздеген өмір – Ана несиесін өтей алмай, өз балаларын өзі бесінші қабаттан лақтырып, өзі бірге асфальтқа құлап өлді!.. Міне, шын өмірдің сиқы! Міне, Назарбаев орнатқан нұр жаннаттың гүл-шешектері! Әділетсіз зорлықтан күйінген, намысы тапталып, қорланған, азап пен жоқшылықтан титықтаған қолы күс, жүрегі шемен, үсті-басы алба-жұлба кір сасыған құл өмір ақыры, білегіндегі бұғауын сылдырлатып, атойлап, көшеге шықты. Онда да жолындағының бәрін қиратайын, талқандайын деген жоқ. Демократияның жібек желі қара түнектің көбесін сөгіп, жаңа үміт таңы арайлай бастаған кезеңде «халық үніне құлақ асатын Үкіметке» мұң-зарымызды жеткізсек деді. Өр кеуде Атырауда арқыраған ер дауысы Алтайға жетіп, жер қайысқан жүмлә жамағат көк туын желбіретіп, әндете шерулетті. Ақиқат сөзін арқалаған, адал ниет бейбіт шеру!.. Бірақ амал нешік, тосыннан киліккен қарақшы тобыр халықтың ақ тілеулі жиынын ала-топыр топалаңға айналдырып жіберді. Басалқы айтып, ақылға шақырған естілерге тоқтау бермей, елірген қара-шұбар қалың есірік арандатушылардың айтағына еріп, лап қойды. Бөгет бұзған алапат құла тасқын Алматы көшелерін өрлей соқты. Жолындағыны жайпаған кәдімгі жау жасағы: төңкерілген машина, қираған үй терезелері, тоналған, өртке оранған банк, дүкендер, атыс-шабыс… әкімдік, аэропорт басып алынды, Президент сарайы, телеканал ғимараттары мен полиция, ҰҚК бөлімшелеріне шабуыл жасалды… Дәл бір Сирия, Ауғанстан шаһарларындағы шайқас жүріп жатқандай. Һәм бір ғана Алматыда емес, көптеген облыс орталықтарында да қидаласқан осы майдан, осы ойранды апат. Қауіпсіздік Кеңесінің мәңгілік төрағасына ғана тікелей бағынатын күштік құрылымдар осындай қатерлі сәтте неге қауқарсыздық танытты? Содырлар басып алардан бір сағат бұрын аэропорттың қарулы күзетшілерін кім бұйрық беріп, үйлеріне қайтарып жіберген? Қалғымайтын қырағы мекеме қайда қараған? Тіпті кейбір жерде ҰҚК мен полиция бөлімшелерінің қызметкерлері кеңселерін тастай қашқан. Бұл қалай? Иә, көкейде өрген «Қалай?» көп.

Шын мәнінде қандықол қарақшылар мемлекеттік төңкеріс жасауға белбуған еді. Ел тағдыры қыл үстінде тұрды. Басымызға күн туған осынау сын сағатта Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы нағыз кемел ойлы көсемге тән кемеңгерлік танытқанын, дипломатиялық зор талантын көрсеткенін досы түгілі, дұшпаны да жоққа шығара алмас. Бірден батыл шешімдер қабылдап, жағдайды күрт өзгертпегенде, қазір алтын тақта баяғы әләуләйін айтып, Нүкең өзі отырар ма еді, әлде аяқ-қолындағы жіпті жіберіп тартып билететін жанды қуыршағы қонжияр ма еді, бір Құдайым білсін. Президент Тоқаев биліктің шешілместей, шие болған «Гордей түйінін» алмас жүзді ақинағын жалғыз-ақ сілтеп қиып түсті. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын «мәңгіліктен» өз қолына ала салысымен, қаһарлы мекеменің мұртты қожайынын командасымен қоса қамаққа тоғытты. Отанға опасыздық жасаған қылмыскер ретінде айыпталды. «Қасиетті кәрі өгіздің» туған немере інісі де тақтан тайдырылды. Осыған қарап-ақ, бүліктің бықсыған түтіні қай ауылдан шыққанын ішің білсін әләуләй. Алас-күлес қарбаласта ыстық қауып айтып қалған «шетелдік жиырма мың террорист» деген жалған мәліметті президенттің аузына салған қай көріпкел? Ізін жасырмақ болған жымысқы пиғылдың әрекеті емес пе? Және де шатырларда бұқпантайлап, үш жасар сәбиге дейін бейғам жүрген жандарды қақ шекеден көздеп атқан сұрмергендер кім?.. Бұл сұрақтардың бәріне уақыт, өз кезегінде жауап берер деп ойлаймыз.

  Қалыптасқан жағдайдың жүрек дүрсілін дөп басып, тамыршыдай таныған мемлекет басшысы дүрбелең ушыға берсе, аяғы немен тынарын түсініп, ОДКБ-нің біріккен мәмлегерлік күшіне жүгінуді жөн көрді. Қазір қоғамда түрліше пікір желдей ескенмен, бұл сол тұстағы бірден-бір ең дұрыс қадам екеніне еш күмәніміз жоқ. Бір аптаға жетер-жетпесте қауіптің беті қайтып, тыныштық орнай бастады, ел іші қалыпты тірлігіне көшті.

  Қыл үстінде қылпылдаған осынау қиын сәттердегі президент Тоқаевтың жанкешті еңбегінің әр сағат, әр минуты бүкіл қазақстандықтардың көз алдында. Халықпен үздіксіз байланыста болып, ахуалды бүкпесіз баяндады. Күніне неше мәрте мәлімдеме жасап, бағыт-бағдарды айқындап отырды. Апта бойы кабинетінде түнеді, күніне екі-үш сағат қана кірпік іліп, тынымсыз жұмыс істеді.

  Біз мемлекет басшысының бойындағы жарқырап көрінген шешімтал батылдығына, сарқылмас жігер-қайратына, кең шалқар эрудициясы мен шешендігіне, кемел парасатына шын тамсана тәнті болдық. Миллиондардың риясыз сүйіспеншілігіне бөленді. Сөйтіп, ол осынау аз күннің ішінде халық көңіліндегі әрі-сәріліктен арылып, бірден талассыз Ұлт Көсемі, шынайы Лидер боп, шыңдалып шықты, мерейлі даңқ олимпіне көтерілді.

Парадокстің ең ғажабы – президент Тоқаев тығырықтан шығар жол іздеп, жан алып, жан беріп жатқанда, «Кітапханадағы» кітап оқымайтын біздің кісі өз басын абыройсыздықтан қалай құтқарам, деп жанталасқа түсті. Қауіп бұлты сейіліп, кімнің көшесінде жеңіс маршы ойналатынын сезген бойда: «бұл жеңісте біздің де үлесіміз бар-оу, шырақтар» деген жымысқылықты аңқау қазақтың құлағына құя беру үшін, фейкшіл үкібай-сүкібайлар дереу іске кірісті: Түрлі алып-қашпа сөзге сенбеңіздер, Елбасы ешқайда кеткен жоқ. Өзінің атындағы нұрлы қалада тұрып жатыр, дүр. Күн сайын президентпен хабарласып, ақыл-кеңес беріп отырады, дүр… деп, жүгіртпе жолдар арқылы ресми телеканалдардан тынымсыз жылтыңдаумен болды. Оған Берік бауырымыз: президент ешкімнің ақыл-кеңесінсіз-ақ бар мәселені өзі шешеді, дүр,  деп «вежливо» мат қойды. Отыз жыл өтірікпен отыққан нәнбайлықтардың көн беті анау-мынауға шіміркенсін бе, одан ары өзеуреді. Барашканың етін жей-жей барашка боп кеткен қазақ аузына не салсақ та күйсей береді десе керек, сол жүгіртпе жолдар арқылы сумаңдап, сұңқылдап фейктетіп: С. Әбіш қызметтен кеткен жоқ… Қазір законный еңбек демалысында жүр, деп соқты. Оу, көкешім, қисын қайда, қисын! деп біз байғұс экранның бер жағында қылғынып, өліп қала жаздаймыз. Бүлік басталған күні-ақ президент ҰҚК төрағасының Бірінші орынбасарлығына М. Нұртілеу деген азаматты тағайындаған жоқ па? Сонда төрағаның екі бірінші орынбасары бола ма? Ең бастысы, «ер өліп, Ертіс бұзылып жатқанда», қызметтегі Сәкеңнің Дубайда қарнын тыр-тыр қасып, демалып жатқаны қалай? Осындай сандыраққа қай дорақ сенеді? Отыз жыл бойы бұлардың қай өтірігіне сенген жоқпыз? Біз дорақ сендік, әрине!

   Біз жүгіртпе жолға өкпелеп жүрсек, «қуырдақтың көкесі ­– түйе сойғанда» екен. Бүліктен ес жияр-жимаста бір күні экраннан Нұрдың өзі нұр жайнап, шыға келгенде, шалқамыздан түспесек те, ескі заман үңірейіп қайта кіріп келгендей, үрей құшқанымыз рас. Сабазың сол баяғы тозған патефонын шыр айналдырып, сайра-ап отыр. Баяғы «Мен»… «Мен ғана!» Сарыарқаның төсінде әлемде жоқ Нұрсұлтан! қаласын салдық… Орта Азия елдерінде бізге жетері жоқ… бәрінің алдындамыз, жайнап тұрмыз, гүлдеп тұрмыз… тэ-тэ-тэ… Бәрінен бұрын, 2019 жылдан бері қатардағы пенсионермін, ештеңеге араласпаймын, үйде жатқан жай бір «осырақ» шалмын, деп мүләйім бола қалғанына не дерсің. Қауіпсіздік Кеңесінің өмірбақилық төрағасы екені, оның пәрменінсіз күштік құрылымдардың бірі де тырп ете алмайтыны, ішкі, сыртқы мәселелердің бәрін президент сонымен кеңесіп қана шешетіні, т.т. тарс есінен шығып кетіпті. Әлде қойдың миын жеген мисыз қазақ бәрін ұмытып қалды дей ме екен? Қойдың миы түгіл қиын иіскемегелі біраз уақыт болған біз пақыр, әлбәтта, о кісінің кеше ғана тәуелсіздік мерекесіне орай,  президентпен жарысып, ақ сарайда өз атындағы орденді өзінің тоқал қайын атасынан бастап, талай жарамсақтарға өз қолымен үлестіргенін, түске дейін президенттің қабылдауында болған маминдердің түстен кейін «папин» боп, көкесінің алдында есеп беріп, сүлкиіп тұрғанын ұмыта қойған жоқпыз. Бүлікті Жаңа жылдың алдында «сен президент болсаң, мен одан да мықтымын» дегендей, Кетрампорға мықтының мүбәрак қолын алу үшін жеке самолетімен жарыса ұшқаны да шала миымыздың шарайнасында суреттей шапталып тұр… Енді, міне, соның бәрі ұмыт. Өзінде де, сөзінде де еш өкініш жоқ. «Көп қателікке ұрыныппын, осы бүлік-сойқанның шығуына мен де кінәлімін. Кешір, халқым» деген бір ауыз сөз естісек, айналып кетпесек те, көңіліміздің түкпірінде бір жылы ұшқын жылт етер еді ғой. Жүрегіміз суып кетті. Сексеннен асса да, кемел кемеңгерлік былай тұрсын, қой құрттап, айран ұрттап ауылда жүрген қатардағы шалдың бойындағы қарапайым қариялыққа жете алмағанына өкіндік. Осындай жанның шылауында отыз жыл итшілеп өткен қайран өміріміз үшін өксідік.

   Ұйытқыған дауыл тереңде шөккен қоқысты қопарып теңіз бетіне шығаратыны секілді, Қаңтар сұрапылы да ел өміріне кеңірдектеп енген талай кеселдің қоясын ақтарып тастағаны анық. «Бір жаманның бір жақсысы бар» дегенді де бірдеңе білетін бір баба қазақ осындайда айтса керек. Төгілген қан, көл болған көз жастың бодауына қарай, тұмшаланған шындық пен сұмдықтың шымылдығы алдымыздан айқара ашылды. Қара халық баяғыдан бастан кешіп отырған қайыршылық пен әділетсіздік тұңғыш рет мемлекеттік дәрежеде мойындалды. Қаңтар трагедиясының себебі мен салдарын зерделей келе, президент Тоқаев «бүкіл ел байлығының жартысынан астамы 162-ақ адамның қолына шоғырланғанын» ашына, қадап тұрып айтқанын етқұлағымызбен естідік. Бұл деген – Назарбаев заманына бір сөзбен берілген ащы да әділ баға! Бұл деген – назарбаевтық жүгенсіз жүйенің қылмысына тарих сотының шығарған үкімі! Құдайдың өзі қолын қақпайтын ол үпіл-мәлік 162 ұры-қары, тонаушылар кім? Әлбәтта, бірінші кезекте – нәнбайдың өзі, қалғандары – қыз-күйеу, туыс-тұқым, жарамсақ-жалбақай, ақша жасап беретін «кошелёгтар»… Олардың миллиардтап шетте жасырған ақшасы (ақпарат көздерінің айтуынша, бір Назарбаевтың жеке байлығы 200 миллиард доллардан асады), король замоктары, бүтін аралдар, яхталары… туралы мәліметтер бұл күнде айдай әлемге аян. Әйгілі 162-нің көшін бастаған «Семейка» бүкіл елдегі мұнай, газ, алтын, мыс, құрылыс, көмір аз болғандай, ең аяғы, қоқыс – «утильге» дейін басып алды. Тымпиған тойымсыз Тимка ең ақыры, қалт-құлт еткен мүгедек аналардың мардымсыз ризығына сұғанақ «лапасын» салған соң, не дерсің. «Биби – Ана» қорымен соттасып, мүгедек жандар күн көріп отырған аядай, жалғыз баспананы асқан «ерлікпен» тартып алды! Бұлардың ашкөздігінде, арсыздығында шек бар ма екен десеңші! Президент Тоқаев «Утильсборды» РОП-тың қармағынан мемлекет бақылауына алу жөнінде пәрмен түсіріп еді, Дубайда думандатып жүрген Әлияш ханым жұқа жеріне шоқ түскендей, шар ете түсті: «Ойбай, Тоқаев адал еңбегімізбен тапқан байлығымызды тартып алғалы жатыр!» деп әлеуметтік желіні жарып жібере жаздады. Міне, керемет! Бұлар ұрлықты, халықтың мүлкін тартып алуды адал еңбек деп есептейді екен-мыш. Қарапайым баукеспелер ұрлау үшін қараңғыда біреуді торуылдап, басын қатерге тігеді, ұрлағанын қалай сіңірем деп түн ұйқысын төрт бөледі. Бұларда ондай «еңбек» те жоқ. Сонда олар үшін сұраусыз келіп жатқан  ағыл-тегіл байлық, ұрлық-қарлық – адал еңбек, мораль болғаны ғой! Қыз-күйеу, іні-бауыр былай тұрсын, тоқалдарға дейін есіріп, ел пандемия қыспағында жыртығына жамау таба алмай жатқанда, шал қаладағы бір балеті аздай, Алматыдан 150 миллионға тағы бір тоқал – балет театрын салғызып жатыр!.. Құрсын, жіпке тізе берсек, итальяндық мафия туралы сериалдардың сүрлеуіне түсіп кетерміз.

  Жер көлемі төрт Франция, жарты Еуропаға шендес, асты – кеніш, үсті – пейіш, халқының саны бір Шанхайдың жартысына жетпейтін шөкімдей ғана елді тыриған кедейлікке душар еткен кім? Сол 162 құдық құлқын тонаушы ұрылар. Бабалар аңсаған қасиетіңнен айналайын Азаттықты Алла Тағалам өзі алтын табаққа сап, қазақтың қолына «мә, қоңқай!» ұстата салғаны рас. Бірақ қаймана халық оның рахатын көрмеді. Империялық құлдықтан құтылғанмен, қылмойнына қайыршылық пен рухани қорлықтың құл қамытын киді. Ашынған, қорланған, жоқшылықтан титықтаған құлдар: «Бүйткен тәуелсіздігі бар болсын, Совет үкіметіміз жақсы еді, ең болмаса, қарнымыз тоқ жүретін!» деп, қасиетті азаттығымызды қарғайтын дәрежеге жетті. Шын мәнінде сол 162 бастаған байшыкеш-бишікештер ғана барлық жағынан өздерін тәуелсіз сезінді. Ар-ұят, мораль, әділет сотынан азат болды. Шексіз билеп-төстеуге, шексіз баюға, шексіз ұрлап-тонауға еркіндік алды. Жердің асты-үсті түгелдей тоналды: завод-фабрика, мұнай-газ, алтын-мыс, уран-көмір дейсің бе… бәрі пышақ үстінде бөліске түсті. Жер сатылды, орман-көлдер пәленшекеңдердің меншігіне өтті. Қайтып күн көрдік деп ауылдағы абыржыған халыққа бәрін білетін кісі: «екі сиыр ұста, бірінің сүтін ішіп, бірінің сүтін сат, бизнес жаса» деп данышпандық ақыл айтты. Қаладағы «үй-күй жоқ» деп жылаған көпбалалы аналарға: «бала тап деген біз емес, өзің таптың – өзің асыра» деді. Сол аналар үкімет үйінің терезесін тақылдатып, есік алдында түнеп жатқанда, гуманист Дариғаштар парламент мінберінен: елімізде жарты миллионға жуық қараусыз қаңғып жүрген біздің кішкентай бауырларымыз – ит-мысық бар. Қандай тасжүректік, соларға приют салып, қамқорлық жасаумыз керек деп дауысы дірілдеп, көзін шытпен сүрткенде, біздің де жүрегіміз үзіліп кетердей, өксіп-өксіп жібергенбіз.

    Қыздар мен күйеулердің компаньондары бизнестің көрігін қыздырып, Алматы мен Нұр қаланы алып құрылыстың алаңына айналдырды. Жиырма метр жерге жиырма қабат сорайған үйлерді төпелеп салып, «нағыз жұмақ осында, келің-келің» деп, бүкіл елді осында үймелетті. Нәтижесінде, ел халқының үштен бірі осы екі шаһарға шоғырланып, аузы-мұрнынан шыға лықылдап, қара түтінге қақалып, не су, не ауа жетпей, мыңдаған проблеманың құрсауында, жағаға шыққан балықтай екі өкпесін қағып, тұншығып жатыр. Жұмыссыз сенделген жұрт қалаларға сыпырылып жөңкіген соң, ұлан-байтақ шекаралық аймақтар тыржалаңаш қаңырап қалды. Бұл батпан құйрықтың әлі-ақ сығырайған көршілердің көз құртын қоздырмасына кім кепіл? Міне, стратегиялық «көрегендіктің» майысып піскен мәуесі!

  Басшының экономикадағы, саясаттағы қателіктерін түсінуге де, кешіруге де болады – көрмеген жердің ой-шұқыры көп дегендей, құбылмалы жаңа заманның бұлтарыс-қалтарысында іс-тәжірибең, қарым-қабілетің жетпей, шалыс басуың бек мүмкін. Ал басшының, оның ішінде жоғары лауазым иесінің, адамдық-моральдік тұрғыдан азғындап-тозғындауын кешіруге бола ма?! Жоқ, әрине! Адамдық кемелдікке жетпеген, бойында тазалығы жоқ, ашкөз, мансапқор күйкі жанның билік тізгін ұстауы – бүкіл қоғам үшін зор қасірет. Бүгінгі қазақ шындығы – сол рухани апатпен бетпе-бет келіп отырғандығымыздың бірден-бір айғағы.

  Біздің кісінің билік басына қалай келгені аға ұрпақтың көз алдында. Қайтақұрудың ескек желіне желкенін керіп жіберіп, демократтың рөлін тамаша ойнады. Өзінен бұрынғы респубика басшысы Қонаевты жерден алып, жерге салды: ортағасырлық-феодалдық хан болды, өзін-өзі мадақтап, дәріптеумен айналысты, жылдар бойы бір орында табжылмаған адам өзіне сын көзбен қарау қабілетінен айрылады, басшылық жиі ауысып тұру керек, жастарға жол беру керек, т.т… Қандай асыл сөз, ғажап ұлағат! Жүрегіміз елжіреп, көзімізден жас ыршып-ыршып кеткен. Сөйткен адам не істеді? Бірінші күннен-ақ билікке тас жабысып, айырылмаудың амалына кірісті. Конституцияны өзіне икемдеп, қайта жазды. Депутаттар корпусын қол көтеріп, қол түсіретін қуыршақтардан жасақтап, «қалта» парламент құрды. Бірте-бірте билік те, байлық та бір әулет пен бір кісінің уысына шоғырланды. Сөйтіп, Қазақияңыз бір адам шексіз билеп-төстейтін ортағасырлық-феодалдық монархияға айналып шыға келді, тек ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс суперхан ғана үстемдік етті. Енді бұл кісіңіз «қазақ деген халқым бар еді-ау, соның арқасында, патша боп отырған жоқпын ба, басқа қай халық бүйтіп алақанына салып, билігін беруші еді? Басынан соры арылмаған, тілі мен дінінен айрыла жаздаған жаутаңкөз ғазиз жұртыма септігім тисін, өз жерінің байлығы мен өркениеттің игілігін көрсін» демеді. Қайта езіп, жаншып, құл ғып ұстауға тырысты. Сайлау, сөйлеу, еркін ойлау құқынан айырды. Тек менің бұйрығыммен өмір сүресің деген озбырлық үстемдік құрды. Бүкіл елдің басына үрейлі полицейлік террордың қара түнегі үйірілді. Көшеге көк шар ұстап төрт соқыр, бес ақсақ кемпір-шал шықса, бір батальон әділет сақшылары шоқпарын үйіріп, үстеріне қона түседі. Кез келген қарсылық аяусыз жазаланды. Нұр кісінің нұр жайнаған заманында әділет үшін жанын шүберекке түйген, билікке оппонент болған халқымыздың қаншама аяулы перзенттері ажал құшқаны баршамыздың есімізде. Қаншама ұлт зиялылары қуғынға ұшырап, шетте бас сауғалап жүр? Қаншама жайнаған жас өмір көктемей, солып, қорлықпен түрмеде азап шекті?

Қыза-қыза: «Қазақта бұрын мемлекет болмаған, шекара болмаған...» деп те соғып жіберді біздің бәрін білгіш көріпкеліміз. Оның бұл «тарихи» ұлы открытие-жаңалығына Кремльдегі көкесі: «дұп-дұрыс, дәл солай-ей!» деп ит терісіне мөр басып, тауарихатқа таңбалап берді. (Әлем әміршісі «путевый» путекеңнің Читадағы студент-жастармен кездесудегі сөзін еске алыңыз). Осыдан кейін екі ұлы дуалы ауыздан шыққан бұлжымас қағидаға қалай иланбассың? «Е-е, солай екен-ау» деп аузымыз аңқайып, имандай, ұйып түстік. Тек Қазақстандағы шырылдаған жалғыз әділетшіл Жасарал Қуанышәлин ғана сенбеді. «Жала! Өтірік!» деп аттан сап, сотқа берген. Бірақ Жәкең көкем де қып-қызыл «өтірікші» екен. «Өтірікші» емей немене, әлемдегі ең гуманный, ең әділетті, ең, ең… біздің сот: «сам дурак», сенікі жала, өтірік деп өзін екі жылға кәталәжкаға тықты да жіберді!

  Қысқасы, «бәрін істеген – мен, мен, тек мен ғана! Жоқтан бар жасап, әлемнің ең озық отыз елінің қатарына жеткіздім, маған қазекеңнің екі дүниеде де өкпесі жоқ!» деп көкірегінде күн күлген нұр дидарлымыз енді осы теңдессіз еңбегіне лайықты мәртебе, даңқ дәметті. Расында, Орталық Азияда, Азия дейді-ау, күллі әлемде мұнымен иық теңдестірер кім бар? Көзі тірі Ата-Түрік, Ганди, Дэн-Сияупиннің өзі емес пе! Ендеше, неге айрықша атақ алмайды? Мәселенки, «Лидер», «Елбасы» деген? «Түркімен башыдан» қай жері кем? Просто, позор! Неге Нобель алмайды? Неге ескерткіш тұрғызбайды?.. Неге? Неге?!!! Айналасындағы өңкей жалаңдаған қабақ танығыш, көңіл тапқыш жарамсақтар армиясы, бүкіл мемлекеттік аппарат жанталаса іске кірісіп кетті дейсің сол бойда. Көкемізге Нобельдің оймақтай қаңылтырын алып бермесек, несіне жер басып жүрміз, ойбай, деп жер тепкілесті. Қайран Нобель не істеткен жоқ? Педофилдерімен даңқы шыққан Ватиканның тірі өлік Папасының қалтыраған қолын да сүйді-ау! Одан түк шықпаған соң, дүниені билеген осылар ғой деген дәмемен, жойттардың раввині мешкей-мәшкейлерге алтын мөшектің аузын ашып қойды. Әлемдік авторитеттердің аузын майлап, ай сайын астанаға саммит, форумға шақырды… Құрсын, не істеген жоқ, сыйлыққа ұсынылудан кісіміз әлемде жоқ чемпион болған шығар. Он ба, он бес пе, санынан жаңылдық. Күн сипатты сәруарды біз ғана емес, күллі әлем бек матур сүйеді екен-дүр. Ең ақыры, бұл әділетсіздікке наразылық білдіріп, Шведтің велосипедшілер ұйымына дейін оны Нобельге ұсынды. Әттең амал не, әділдік жоқ деген осы. Оны көрмеген көз көрсоқыр-ау!

   Хоп, «бұралқы сөз күлмекке жақсы», шынымен сәруардың сәулетті заманында лайланбаған тұнығымыз қалды ма? Ең бастысы, санамыз қайта тазармастай, былғанышқа батты. 30 жылда мораль, әділет, ар-ұяттың басынан аттап, өте беретін, «ақша ­– бәрі!», ақшамен бәрін сатып алуға болады дейтін қатігез, есепшіл, жаны кембағал, жартыкеш ұрпақ қалыптасты. Бауырымыздағы баламызбен түсінбейтін тілде сөйлесетін халге жеттік. Бір жағынан, оларды кінәлау да қисынсыз. Көзін тырнап ашқалы көргені сол болса, қайтеді? Өмірдің бәрі ылпың-жылпың сауда-саттық, тамыр-таныстық. Парамен садикке барасың, парамен оқисың, парамен жұмысқа орналасасың. «Лохматая рукаң» болмаса, құның беш тиын. Онсыз басың алтын, артың күміс болса да, күнің қараң. Қалтаңа қос-қос дипломды қабаттап салып, аула сыпырасың, базарда арба итересің, ұзағанда, автотұрақта күзетші боласың.

  Бүкіл қоғамды бір адамды тәңір тұтып, табыну психозы жайлады. Жаппай жарамсақтану дертіне ұшырадық. Бөксеміз бұраң қағып, бұралқыланбағанда, қайтеміз, бүкіл тағдырымыз, болашағымыз, өсу мен өшуіміз бір соның қолында тұрса. Құдіретті сол ие бүкіл атақ-абырой, байлық, лауазымды жарамсақтарға «еңбегіне» қарай қайыр-садақа ғып үлестіре салады. Жалпақ елде жаппай жағымпаздар жарысы басталды. Небір дүлдүлдер шықты, небір таланттар жарқырап көрінді. Бірінен-бірі асып түсу үшін күн ойланды, түн ұйықтамады. Самайы ағарып, төбе шашы түсті. Адам баласы ойласа, не таппайды. «Охо, таптым! Астанадағы халықаралық әуежайға көкенің атын берейік!» деп атып тұрған бір қазанбас ертеңінде-ақ министр боп шыға келді. Алтын басымен ауылда қалай жүрген, облыстық ВУЗ-дың қатардағы деканы аяқастынан: «Сайлау жасап қайтеміз, үлкен кісіні референдум арқылы-ақ мәңгілік президент қыла салайық!» деп данышпандық бастама көтергені сол, ай өтпей-ақ бозқасқаңыз астаналық ең дөкей университеттің ректоры креслосына қонжия кетті. Бір қарасирақ жүгірмек, тіпті Алматыдағы Назарбаев көшесіне Назарбаевтың алтын һайкалын қояйық деп те атойлады. Обалы нешік, еңбегі елеусіз қалған жоқ, көп ұзамай, депутат болды… Осындай мың-миллион мысалды көре тұрып, біле тұрып, бәрін сұм жүрегің сезе тұрып, нұр сипаттының нұр шапағатына қалай шомылғың келмейді, қалай арқаң қозып, аламанға ат қоспай тұра аларсың?

  Әсіресе кез келген құбылысқа жүрегі ашық, сергек үн қататын біздің алымды да шалымды жазарман қауымның қапысыз сайыпқырандығына қайран қалмау, тіптен мүмкін емес. Бұл тарапта да аламанның алдын бермеді. «Таңнан шапса, кешке озатын, бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын» небір тайбурылдың таңы сөгіліп, айдарынан жел есті. Бағзыдан байды мақтап, биді жақтап, хан сарайдың есігінде қол жайған тіленші «талант» нұр заманда онекі гүлі бірдей ашылып, тіптен шешек атты. Жақында Алматыдағы жастар клубы әлеуметтік зерттеу жасап көрсе, Құданың құдіреті, нұр сипатты сәруарды таңдайы ойылғанша, жырлаған сарай сандуғаштарының саны да 162 екен! Қандай сәйкестік! Символикалық нышан! Отыз жыл бойы осы 162 бұлбұл жағы талмай сайрады. Том-том «Хан-нәме», «Нұр-нәмелер» кітапхана сөрелерінің белін қайыстырды. Жарысқа түскен жарапазаншылар сәруардың нұр сипатына теңеу таба алмай, қиналды. Бірінен-бірі асып түсуге жанталасты. Бірі: «заманымыздың Моисейі, Мұхаммед пайғамбар» десе, екіншісі: «Алланың жердегі көлеңкесі» деп дастандатты. Енді біреу: «Пайғамбарың не, ойбай, құдайдың өзі» деп кірпіштей, китәб жазар-дүр… Әлбәтта, мұндай махаббаттар ілтифатсыз қалған емес. Сәтін салып, қол сүю бақытына ие болғандар, көке, сен кереметсің деп шексіз сүйіспеншіліктерін білдірген бұраңбелдер осындай ерен еңбектері үшін «Ер» атанды, мәңгілік депутат болды, коттедж алды. Мемлекеттік Сыйлық дегенің әтпіш деген жарапазаншының мойнына іле салатын жылтырақ сөлкебей екен, асылтұқымды иттің абаданы да ондай қаңылтырға мұрын шүйіретін шығар.

  Жылдар бойы біз осы бұбұлдар сайраған, қазиттер жазған, «ошарлар» көрсеткен ғажайып өмірде өмір сүрдік. Солар жырлаған «Нұрлы жолмен» қарыштап, небір арайлы биіктерге қадам бастық. Бәрі жайнап, жарқырап тұрды. Қара нанды қылғына жұтып отырсақ та, экрандағы қазы-қартаның буына кекірдік; жалдамалы жеркепеде бүрсең қақсақ та, түсімізде зәулім сарайлардың төрінде шалқамыздан түсіп, шалжиып жаттық...

   Міне, достар, біз осындай тамаша қоғамда жасап келдік. Өзімізді шексіз бақыттымыз деп есептедік. Сөйтсек, әмсе біз бақытты емес екенбіз-дүр, бұлай өмір сүруге болмайды екен-дүр. Қаңтар қасіреті бұған әбден көзімізді жеткізді. Қоғамның қаншалық былыққанын, кімнің дос, кімнің қас екенін сын сағатта танып, білдік. 2019 жылдан бері үйде отырған жай пенсионермін деп мүләйімсігенмен, шын мәнінде билікке тіс-тырнағымен жабысқан назарбаевтық режим ешқандай лас әрекеттен жиіркенбеді. Президент Тоқаевтың демократиялық реформаларға бетбұру талабын сезген бойда, қолдарынан сусып бара жатқан тізгінге жанталаса жармасты. Мемлекеттік төңкеріс жасау үшін, «ұжымдық Гапон» бейбіт шеруді жымысқылықпен арандатып, халықты қанға бөктірді.

  Ескі тәртіптің сұмдығы мен шындығын жан-жүрегімен танып-білген президентіміз баршамызды Жаңа Қазақстанды бірге құруға үндеп отыр. Қан-сөлімізді сорып, сор боп отырған аттөбеліндей, олигополияны ауыздықтау, экономиканы сауықтыру, әлеуметтік ахуалды жөндеу саласында қазірдің өзінде-ақ батыл қадамдар басталып кетті. Осындай тағдырлы кезеңде әділет қана үстемдік құратын кемел де ізгілікті болашағымыз үшін, бәріміз Тоқаевтың туы астына топтасып, бір жүрекпен бір кісідей, тілек қосу – парызымыз.

  Бұл ретте, «күн жаманы кетер, кісі жаманы не тер?» деген атам қазақтың сөзін есте тұтқан абзал. Адам жаңармай, заман жаңармайды. Адамның ой-санасы жаңғырып, тазармай, жаңа қоғам құру мүмкін емес. Мәселенки, мен жеткіншек бүлдіршінмін дейін. Айналам толған – Нұр-Нұр. Кешіріңіз, әжетханадан басқаның бәрі Назарбаевтың атында. Назарбаев атындағы шаһарда тудым; Назарбаев атындағы көшеде тұрамын; Назарбаев атындағы балабақшаға барамын; Назарбаев атындағы мектепте оқимын. Ең мықты университет деген соң, ең мықты маман болайын деп барып ем, ол да Назарбаев атында екен. Балабақшадағы тәрбиеші апай миымызға құйған Нұрсәулетті туралы тақпақ пен мектептегі мұғалімдеріміздің әләуләйі аздай, мұнда да сол Нұр-талмут: бәрін жасаған, бәрін гүлдендірген, жоқтан бар қылған – сол, тек сол ғана. Терезеден басымды шығарсам, қарсы үйдің қабырғасынан соның суретін көремін. Көше бойындағы билборд біткеннен: өс, жеткіншегім, сенің бақытты өмірің үшін мен ғана тер төгіп жатырмын деп сол кісі елжірей қарайды. Қазитті ашсам да, радионы қоссам да, теликті бассам да, оқитыным, еститінім, көретінім тек сол кісі. «Онсыз біздің күніміз жоқ, ол – біздің құтқарушымыз, данышпанымыз, кемеңгеріміз, ол, ол деген!» Бақытты болудан әбден жалығып, басқа жаққа кетейінші деп, аэропортқа барсам, ол да Назарбаевтың атында боп шықты… Мінеки, иптәшлар, қанымның соңғы түйіршегіне дейін нұрланып кеткен, яғни «облучение» алып, «нұризм» дертімен сырқаттанған мен бейбақ қайтіп жаңарамын, қайтіп осы ескі ауруыммен Жаңа Қазақстанды құрамын? Өкінішке қарай, соңғы уақытта биік-биік мінберден сөйлеген үлкен-үлкен ауыздардан: Назарбаевтың атына қатысты ештеңені өзгертпейміз, кейінгі ұрпақ өз бағасын бере жатар деген сыңайда солқылдақ сөз шыға бастады. Теле-айналар да ескі кадрларды жылтыңдатып, қимас кісілерінің сүйікті бейнесін жандандыруға жанталасып жатқандай. Қалай дегенмен көңілге кірбің түсірер түсініксіз жай. Бір аяғымызбен алға басып, екіншісімен кері аттағанымызға жол болсын. Демек, Назарбаев заманының сынық арбасын шиқылдатып көшіміздің адымын ұзарта алмаймыз. Құлдық санадан ада, азат ойлы, асқақ рухты ұрпақ қана жасампаз. Залалды зардаптардан дүр сілкініп тазарам десек, «Елбасизмнің» күллі мұрасынан түбегейлі арылуымыз керек, сасыған сарқыншағын санамыздан сызуымыз керек. Балабақшадағы тілі әлі шықпаған бөбекке Әке, Ана, Отан деген сөзден бұрын Елбасы, Назарбаев деген сөзді үйретеміз. «Бұл – сенің Құдайың, онсыз күнің жоқ», дегенді миына тықпалаймыз, құл болуға тәрбиелейміз. Шын жаңарғымыз келсе, шын Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, балабақшадан бастап, бүкіл оқулықтардағы «тірі құдайға» тоңқаңдап, оқылатын дұға-мінәжатты, көптің мәзгасын майыстырмай, пірәдар-жарапазаншылар өз құжырасында оқысын. Назарбаевты пір тұту дертінен ада-күде арылмай, сырқат санамен адымымыз ашылмайды. Оның атындағы қала, көше атаулары өзгертілуге, ескерткіштер жойылуға тиіс. «Зорлықпен сүйікті бола алмайсың», деген қарапайым даналық бар. Нұр кісінің қаншалықты «сүйікті» екенін Қаңтар уақиғасы кезінде көрдік. Талдықорғанда нұрлы ескерткіш құлатылып, мойнына қыларқан байлап, символикалық дарға асты; Алматыдағы Назарбаев көшесіндегі аты жазылған тақталар түгел қиратылды. Міне, халықтың шексіз «махаббаты»! Есті адам өзінің жақсы атын, ең алдымен, халықтың жүрегіне жазып, ескерткішін халықтың жүрегінде орнатуы керек. Бәрінен бұрын  біздегі «Тұңғыш президент туралы» заңды айтсайшы! Дүние тарихында мұндай сорақылықтың аналогі бар ма, білмеймін. Онда «тұңғышты» бірдеңе деп сынауға, айыптауға… болмайды (короче, недотрога, просто, священная корова!); қандай қылмысты әрекет істесе де, жазаға тартылмайды, өзі ғана емес, бүкіл үрім-бұтағы да солай! Бұл не сандырақ? Өзіне сенімді, алажіпті аттап баспаған кіршіксіз адамға мұндай «атса оқ, шапса, қылыш өткізбейтін» жеті қабат берен сауыт – заңның қажеті не? Осының өзі-ақ: «мен – ұрымын, қылмыскермін, не істесем де еркім, жазам жоқ» деп тұрған жоқ па? Иә, ол кісіңіздің қорқатын да, айналасы үшін алаңдайтын да жөні бар-ау. Сонау ЦРУ-дің агенті Джеймс Гиффен деген шайтан жолдан тайдырып, басын «Қазақгейттің» дауына қалдырғаннан бері «ашап» қоятын тұмауға шалдыққаны көпке аян. 200-300 миллиардтар тыныш ұйықтатсын ба! Айтты-айтпады, «тұңғышқа» бөлек заң, қалғандарға басқаша заң деген не сандырақ? «Елбасының» өзі бірінші боп заңның үтір-нүктесін сақтауға міндетті емес пе? Ендеше, заң, әділет алдында көппен бірдей жауап берсін. Мұндай таразыға тартылып тазару, қазіргі басшылық үшін де, келер көсемдер үшін де тарихи сабақ болмақ.

Қысқасы, жалтақтап, жартыкештенбей, «Елбасизмнің» зардабынан, әсіресе рухани зауал-залалынан тез арада арылмасақ, жаңарып, жарқырағанымыз «құрттың атын малта» қойған әурешілік қана, қазақша гәпірғанда – мартышкин труд. «Нұрлы утильден» дүр сілкініп, ойымыз бен бойымызды тазартқанда ғана, президент Тоқаев контурын межелеп бергендей, заң ғана үстемдік ететін, демократия салтанат құрған, халқы бай, экономикасы қуатты, өркениет биігіне құлаш ұрған Жаңа Қазақстанның шұғылалы таңы алдымыздан арайлап атары гәміл.

                                

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33