31.01.2023, 09:00
1526
Біздер жақта аралас некеден туған балаларды сыртынан осылай атайтын. №36! Естеріңізде болса, осындай шай болды. Аралас шай. Үнді мен грузин шайының қоспасы. Үнді шайы қат заманда бұл шайдың да оңай табыла қоюы екіталай болатын-ды. Әжем, жарықтық: күрзинский ащы, мықты, бәрібір ана үнді шайының дәмін басып кетеді деп отыратын. Ол қайдан есіңізге түсіп отыр дейсіз бе, айтайын, мына бір грузиннің әңгімесі:
«Егер – дейді, ол – бізде грузин өз тілін білмесе, ұлт сатқыны деп есептеледі. Басқа ешқандай сылтау әңгіме алынбайды.
Грузин тілін білмейтін грузин Грузияда тұрмайды, тіпті, ол Мәскеуде тұрып өз тілін білмесе, біз оны грузин деп есептемейміз. Иә, оның аты-жөні, төлқұжаты грузинше болуы мүмкін, бірақ ұлты грузин емес, себебі ол тіл білмесе, кез келген кавказ ұлтының өкілі болуы мүмкін, адамның ұлтын тек тілінен ажыратуға болады, деп отыр».
Қалай ойлайсыздар, шындыққа жанасады ма? Олай болса, біз ше? «Ұлт болып ұйып келе жатқан кезде, Сан мәрте сүт күйінде төгіліпті» (Қадыр) дегендей, ұлт болып ұйыса алмай қалған жоқпыз ба? Жоғарыдағы сөзді Кавказ халқының ғана емес, өзіміздің өзбек, түркімен, тәжіктерің де тайлы-таяғы қалмай, қостай жөнелетініне еш күмәніңіз болмасын. Олар орыстан немесе өзге ұлттан қатын алмай жатқан жоқ. Сонда елден ала-бөле біздерге не болған? Әлде, әлгі үнді шайы секілді әлсіз, жасықпыз ба?
Олай демеске әлгі әңгіменің жалғасы: «Шынында да бет әлпеті қазаққа ұқсайтын қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, ноғай, тіпті, татарлар да жеткілікті екен-ау.
Дұрысы, адамның ұлтын тек тілі арқылы ажыратуға болады екен, себебі таза қазақ болса өз тіліне деген сүйіспеншілігі, икемі басым болуға тиіс.
Оның үстіне, орыстың отаршылық саясаты кезінде биліктегі адамдар әйелдерін татармен орыстан көбірек алатын болғаны да белгілі. Меніңше, қазақ тілін менсінбейтін шала қазақтардың негізі, метистер, оларда ұлт жоқ.
Осыған дейін кейбір қазақтардың қазақша білмегеніне түсіністікпен қарап, мен өзім әсіре ұлтшыл емеспін бе деген оймен, қанша дегенмен қаны қазақ қой деп ойлайтынмын, енді ол ойымнан арылдым», деп аяқталуы еріксіз осындай ойға жетелейді.
«Есек семірсе, егесін тебеді» демекші, шынымды айтсам, осындай кездерде кезінде қазақтарды ауылға айдап тастап, орысша оқытпаған басшыларға барынша, алғыс айтқың келеді!»,– деген жолдардың иесімен де келіспеске еш амалың қалмайды екен.
Қазіргі күні тіл туралы, ұлт туралы ұранды сөз тұрмақ жәй жаза қалсаң, өз қазағың: өй, тізесі шыққан тақырыпты қаузай беріп, десе мақсаты айқын мақтабастар: «Ұлтшыл! Нацист! Бандера!» деп басына көтере жөнелетін. Ресей мен Украин соғысынан соң біраз бәсеңсіген сыңайлы. Былай қарасаңыз, шынымен де айта-айта жауыр болған тақырып. Үкімет тарапынан да қаншама қаржы бөлініп жатқаны жасырын емес. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ, неге? Мүмкін, Ұлттық идеологияның жоқтығы шығар? Ал оған не кедергі?
Осы тұрғыда ұлт жанашыры Дос Көшім ағамыз: «Егер қазақ тілі қазіргі орыс тілінің деңгейіне көтерілер болса, шенеуніктердің 70 пайызы жеп отырған нандарынан айырылып, жұмыссыз қалады. Тіпті, олардың өздері тұрмақ, балаларының 80 пайызы, ал әлгі Швейцарияларда оқып жатқан немерелерінің 100 пайызы елде жұмыс таба алмай қалар еді», дейді. «Сондықтан да олар қазақ тілінің жоғары сатыға көтерілмеуіне барынша мүдделі. Қазақ тілінің өркендеуіне атсалысады деген көптеген шенеуніктің, керісінше, Ана тіліне қарсы шығу себептері де сол», – дегендей уәж айтады. Өтірік деп көріңізші. Міне, негізгі мәселе осы арада сияқты.
Соңғы уақыттарда қолға алынып жатқан мына бір-екі шараға көңіл бөліп көрелікші: Мысалы, Шығыс Қазақстанда тіл үйрену бағытында Англия, АҚШ, Германиялардағы секілді шетелдік студенттерді қабылдайтын отбасы тәжірибесін қолға алмақшы екен. Бұл жердегі бір ғана ерекшелік өз аймағының мектеп оқушылары. Бағдарлама 12-14 жас аралығындағы 500 баланы жазғы каникул кезінде қазақ тілді отбасына қосып, бір ай көлемінде тәжірибе жасамақшы.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, бұл жобаға Қатон-Қарағай ауданы бекерден бекер таңдала салмаған. Өйткені тек тілдік орта үшін емес, бұл жер табиғатының денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін ескере отырып, әрі жазғы демалыс ретінде де бір оқпен екі қоянды бір-ақ атпақшы. Несі бар? Дұрыс жоба. Дұрысты дұрыс дей білген де дұрыс сияқты, солай емес пе? Бұл мәселеге Даниалдардың өзі дұрыс мән беріп жатса, өмірдің шындап өзгере бастағаны шығар. Бұл жобаның тағы бір жақсы жағы бала қабылдаған отбасыларға әрбір бала үшін 181 мың теңге төленеді екен. Ол да орынды.
Әрине, бұл тұрғыда аудан әкімшілігі мен білім басқармасына да артылатын жүк жеңіл емес. Әрбір бала түсетін шаңырақтың санитарлық жағдайынан бастап, отбасындағы психологиялық ахуалға дейін қатаң сараптаудан өткізулері керек. Онсыз тағы болмайды.
Екінші: Үкіметтің мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде 2023-2024 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен орыс тілді мектептерде жыл соңында негізгі орталау білім (5-8 кластар), жалпы жоғарғы (10 класс) емтихан тапсыру туралы шешімін орынды көтерілген мәселе деп қабылдаймыз.
«Ештен кеш жақсы» демекші, 30 жылдан кейін болса да шындап қолға алынып жатқан шешімдерге қуаныштымыз. Тек әлгі, біздің елдің бүгін ашылып, ертесіне жабылып жататын аяқсыз зауыт-фабрикалары секілді болмауын тілейік.
Болмаса, үкіметтің осыған дейін неше түрлі жалған ақпар мен қоса 2021-2024 жылдар аралығында 90 пайызға дейін, ал 2025 жылға қарай елімізде жұрт жаппай 100 пайыз қазақша сайрайтын болады, әзірге, лекерлей тұрайық – деген сағызша созылған сайқымазағын ендігі жерде ешкім қабылдай қоймасы анық. Жергілікті ұлттың санын қалай жасырсаң да 70 пайыздан асып кеткені белгілі. Олай болғыза қоймас деп үміттенеміз. Ал халқының басым бөлігі, жергілікті ұлт көлемі 70 пайыздан асқан елдердің бір тілді мемлекет болып саналуға халықаралық құқығы барын жұрт білмейді емес, біледі. Олай болса, кімге де болса, жақсылап ойланатын уақыт жеткен сияқты.
Иманғали Тасмағамбетовтың: «Қазақ тілі алдымен бізге, өзімізге – қазақтарға қажет! Тіл бар жерде ұлт бар, тіл жоқ жерде ұлт жоқ! Бітті, бұл – аксиома!» деген сөзін естен шығармағанымыз абзал.
Тіл білсең, №36 емес, №96 болсаң да қазаққа сіңісіп кету негізі, қиын шаруа емес. Өзінің тілін құрметтеген «төбесі тесік» небір жаттың өзін жақынынан артық көретін қазекеңнің құшағы –даласынан да дархан.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР