Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

26.02.2021, 09:05

3123

       Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақ елін дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына қосты. Аталмыш халықаралық ұйымның мәліметінше, біздің елдегі дәрі-дәрмек бағамы Армения және Молдаван елі, Украина мен Беларусь елі, Қырғыз және Ресей елінен де аспандап тұр. Мысалы, Армения өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш – 5,5, Ресейде – 7,5, Қырғыз елінде 6,2 пайызды құрайды. Ал бізде сатылымға түсетін дәрі бағамына қосар үстеме баға 10-20-30 пайызға дейін жетіп үлгерген.

   

                                  Түйін көп, шешім қайда?

       Мұны ескерген арнайы мамандар елдегі дәрі-дәрмек бағамына мемлекеттік бақылау қойылуы керегін алға тартуда. Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы тіпті қажетті емін алу үшін қайсыбір дәрілерге кедей-кепшіктің  қолы жете бермейтіні, тегін берілуі тиіс дәрілердің саудаға түсіп кететіні айтудай-ақ айтылып жүр. Бұл ретте біз пікірлескен мамандардың дені «Қазір  еліміздегі фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалар дәрі-дәрмектің бағасын еселеп көтеруде. Бұл әрекет импорт препараттарын өндірушінің бағасынан 3-4 есеге қымбат болуына әкеп соғып отыр. Сондықтан дәрі-дәрмек бағасын реттеуді мемлекет өз қолына алған жөн» дегенді қаузағалы біраз болды.

        Мамандардың пайымынша, әсіресе мемлекеттен тегін берілетін дәрілерге бақылауды күшейткен абзал. Бұл салада түйіні көп мәселелер жетіп-артылады. Сондықтан болашақта кодекске арнайы өзгерту енгізіп, шұғыл түрде мемлекеттік реттеу қажет.

                  Жалған дәрі жарға жығып жүрмесін         Абзалында, дәрі-дәрмек жайын сөз еткенде, жалған дәрілер жайы да назардан тыс қалмауы керек. Бұл жайында мамандарымыз «елімізге елеусіз еніп кететін жалған дәрілерден түсетін табыс көзі есірткі айналымынан түсетін пайдадан да асып түседі» деседі. Мысалы, ресми деректерге жүгінсек, әлем бойынша бір жылда 1,5 млн адам осы жалған дәрінің салдарынан мерт болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жалған дәрілердің 47 пайызын антибиотиктер құраса, 18 пайызын психотроптық заттар құрайды, ал қалған 35 пайызы қолданыста көп пайдаланылатын, халықтың сұранысына ие өнімдерге тиесілі. Мамандарымыз бұған қатысты сырттан келетін дәрі-дәрмек атаулыға кедендік бақылауды күшейтуді жөн санайды.         Қорлан АБСАЛЫҚОВА, химик-ғалым:     – Жалған дәрі индустриясы гормондық дәрілерді, белсенді биологиялық қоспаларды да шарпыған. Сондай-ақ поливитаминдердің құрамында 15 дәрумен және басқа да минералды заттар бар деп көрсетіледі. Жалған дәрі бизнесімен айналысушылар көбінесе брендтік дәрілерді жасауды жөн көреді. Өз басым халықтың денсаулығымен ойнап, осылайша қылмысқа жол беріп жүргендерге жазаны күшейту керек деп ойлаймын. Қажет десеңіз, Тәжікстан елінде дәрі-дәрмек атаулының жарнамасын асырып, мақтағаны үшін заң алдында жауап береді. Олардың үкіметі былтыр дәрілердің жарнамасына вето жариялап, жарқыраған жарнамаға сеніп,өзін-өзі емдейтін халықтың санын төмендетуді жөн көрді. Ал бізде тек қана дәріханаға барып, дәрі ала салып, өзіне-өзі ем жасаушылар республика халқының 82 пайызын құрап отыр. Сонда халықтың 18 пайызы ғана ауырған кезде дертіне ем іздеп дәрігерге барады. Ал қалған 82 пайызы өзіне-өзі ем жасайды. Міне, осылайша елде өзін-өзі емдеушілердің басым екенін пайымдасақ, біз дәрі-дәрмек саласына айрықша бақылау қоюымыз керек,дейді.

                        Дәрі өндірісінің өзіне ем керек

        Негізінде, біздің еліміз дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтынуда және оның жанама әсерлерін сауатты саралай алмауда да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейді. Қалай десек те, бұл саладағы заңсыздықтар мен жауапсыздықтарға жүген салу мақсатында мамандар тарапынан ұсыныстар айтылмай жүрген жоқ. Соның бір парасы ретінде: ірі қалаларда қаптап кеткен дәріханалардың санын шектеу; шекара асып келген дәрілерді жан-жақты талдайтын, зерттейтін веб-емханалар ашу; жалған дәрілік заттарды таратқандарға қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесін жиі көтеріп-ақ жүр. Жазаны қатайтамыз ба, әлде тек қана дәрі-дәрмек бағасына шектік баға тағайындаумен шектелеміз бе, оны алдағы уақыт өзі таразылар. Бірақ ұлттың саулығын ойласақ, бұл салада байыпты және лайықты бақылау орнатудың қажеттігі даусыз.  Бұл ретте мамандар «Дәріден бөлек, дәрігерлердің сауатсыздығы, олардың диагнозды дұрыс қоя алмауы да қазір қоғамның бітпейтін жарасына айналып тұр. Сондықтын үкімет тым құрығанда дәрінің бағасын арзандатуға күш салуға тырысуы қажет» дегенді алға тартты.

        Жалпы, былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы фармацев­тика саласында әр елде отан­дық өнім үлесі кемі 25 пайыз болуы тиіс, әйт­пе­се био және фармако­ло­гиялық терроризм қаупі төнуі ық­ти­­мал деген ұйға­рым­ға кел­ген болатын. Ал бізде 88 пайыз дәрі шеттен келе­ді. Отандық фармацевтика саласының қауқарының төмендігін былтырдан бері нақты көріп келеміз. Мәселен, былтыр елімізде эпидемиологиялық жағдай ушыққан кезде нарықтағы дәрі тасымалдаумен айналысатындар дәрінің бағасын мың құбылтты. Дәрінің бағасынан бөлек,  маска бағасының қалай құбылғаны әлі күнге елдің есінде.  Күн сайын елімізде 1,2 млн дана маска өндірілсе де, әлі күнге дейін маска бағасында тұрақтылық жоқ. Қазірдің өзінде OLX арқылы 25 теңгеге маска сатып алуға болатыны анықталса, қайсыбір дәріханалардан бетперденің бағасы 40-50 теңгеден тұр.  Бұдан бөлек, одақтас ел ретінде Ресей мен  Қазақстандағы дәрі бағасын салыстырсақ та, біздегі дәрі бағамының айтарлықтай қымбат екеніне көз жеткіземіз. Қалай десек те, елдегі дәрі бағамын реттеуге әзірге дауа болмай тұр. Жалпы, отандық фармацевтика ту­ра­лы сөз болғанда, біз ең алдымен «СК-Фармация» мекемесінің жылдар бойы жүргізіп отырған саясатын мысал етеміз.  «СК-Фармация» ЖШС 2009 жылдан бастап елімізде дәрі-дәрмек сауда-саттығымен айналысатын бірден-бір ком­пания. Дегенмен бұл серік­тес­тіктің  жұмысын бастағанына 12 жылдың  жүзі болса да, әлі күнге дейін басы дау-дамай­дан арылмай келе жатыр.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24