Өлгендердің санын жасыру кімге керек?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

27.04.2022, 05:00

4832

Шымкентте қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полицияның атқан оғынан 20 адам қаза тапты. Мұндай мәліметті өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратурадағы бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жария етті.  – Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратына қарулы шабуыл басталды. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға үш мыңнан астам адамнан тұратын агрессивтік топтың шабуылына тосқауыл қою қажет еді. Олардың көпшілігінің қолында атыс қаруы болды. Полиция қызметкерлері тек резеңке оқ пен жарық-шу шығаратын гранаталарды пайдаланды. Алайда қолданған шаралар қылмыскерлерді тоқтатпады. Керісінше, олардың өз күшіне деген сенімділігін арттырды. Тек үш қарулы шабуылдан кейін, қызметкерлердің өміріне нақты қауіп төнген соң, атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, 20 шабуылшы қаза тапты, – деді Елдос Қилымжанов. 

Бұған дейін Шымкентте 5 және 6 қаңтар күндері болған оқиғалар кезінде көптеген азаматтардың қаза тапқаны ақпарат құралдарында айтылғанымен, оны не әкімдік, не құзырлы органдар растамаған болатын-ды. Әкімдік тек қаза болғандардың арасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жоқтығын ғана мәлім етті. 18 қаңтарда адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Шахноза Хасанова жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Шымкенттің мәйітханаларына 18 азаматтың денесі жеткізілгенін мәлімдеді. Бұдан кейін оқиға кезінде тұтқындалған азаматтардың туыстарымен кездескен қала прокурорының орынбасары Нұржан Сейдалиев қаза тапқандардың санын 19 деп көрсетті. Қоғам белсенділерінің айтуынша, Шымкентте қаңтар оқиғасын зерттеу үшін комиссия құрылғанымен тәуелсіз зерттеу жүргізу мүмкін болмады. Себебі құзырлы органдар комиссия мүшелеріне құжаттармен танысуға мүмкіндік бермеді.

Оқиға кезінде қаза тапқандарға қатысты ақпарат сұраған «Жас Алаштың» тілшісіне қалалық Полиция департаменті және Шымкент қалалық әкімдігінің жауапты өкілдері мұндай мәліметтерді тек прокуратура бере алатынын алға тартқан болатын-ды. Ал Шымкент қалалық прокуратурасы қаза тапқандарға қатысты ақпаратты тергеу мүддесіне байланысты бере алмайтынын мәлім етті. Алайда өлгендердің санын жария ету тергеу мүддесіне қандай кедергі келтіруі мүмкін еді? 

Міне, енді Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде 20 адамның қаза тапқанын Бас прокуратура ресми түрде жария етті. Арада үш жарым ай өткенде  Шымкенттегі шындықты осыншама уақыт бойы жасырып отыру кімге қажет болды. Мақсат не?

Қаңтар қырғыны кезінде халыққа қарсы оқ ату, шабуылдаушыларды атып өлтіру жөнінде кімнің бұйрық бергені айтпаса да белгілі ғой. Ал тәртіп сақшылары осы бұйрықты орындау барысында барынша, адамгершілік танытты деуге болады ма? Олар қара бастарына қауіп төнген соң, қару қолдануға мәжбүр болғандықтарын, тиісті нұсқау, тәртіптің шегінен шықпағанын дәлелдей алады ма? Осы жөнінде тиісті тексеру амалдары жүргізілді ме әлде бәрі жылы жабылып қала бере ме? 

Шымкентте 5 және 6 қаңтарда болған оқиғалар кезінде наразы топ қалалық әкімдік пен оған жақын орналасқан ғимараттарды қиратты. «Көрме» орталығы толығымен дерлік жанып кетті. «Метро» сауда орталығы тоналды.  

Наурызда Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты «Метро» сауда орталығын тонауға қатысқан 4 азаматқа үкім шығарды. Сотталушылардың бәрі жиырмадан енді асқан жігіттер. Олардың екеуі студент, екеуі жұмыссыз. Үкімге қарағанда, жігіттер оқиға кезінде «Нұрсәт» шағын ауданында пәтер жалдап тұрған. Олар – 6 қаңтар күні түнгі мезгілде бүлік шығарушылардың «Метро» сауда үйін тонап жатқанын естіп, көшеге шыққан. Аталған сауда орталығына кіріп, азық-түлік және басқа да тауарларды алып шыққан. Ұрланған тауарлардың тізімінде тәтті сусындар, шоколад, кептірілген кеспелер, дәретхана қағазы, макарон, сабын және тағы басқалар бар. Төрт жігіттің олжалаған заттарының жалпы көлемі 202 684 теңгені құрапты. Олар  оны пәтерлеріне алып келіп, үш күн бойы ішіп-жеген. Кейінірек жігіттерді полиция қызметкерлері алып кеткен. Тергеу барысында айыпталушылар сауда орталығына келтірген шығындарын толығымен өтеді. Сот төрт жігіттің әрқайсысына 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сотта белгілі болған мән-жайларға қарағанда, жаппай тоналған «Метро» сауда орталығына 50 миллион теңгеден асатын шығын келген.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33