Олимпиада-2020: Токиоға жеттік, топ жара аламыз ба?

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан

20.07.2021, 11:26

1615

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Токио олимпиадасының талабы мен тәртібі, сән-салтанаты да басқа Олимпия ойындарынан өзгерек болатын түрі бар.Бұл бұрын-соңды болмаған ең инновациалық олимпиада болады деген ұйымдастырушылардың уәдесін былай қойғанның өзінде, коронавирустың «кінәсінен» көптеген шектеулер мен қатаң талаптар қойылатыны түсінікті. Сол қатаң талаптарды біз алғашқы сәттерден-ақ бастан өткеріп жатырмыз. 

Шектеулер мен қатаң талаптар

Елордадан Алматыға ұшарда, қонақүйде, «Ақ бұлақ» олимпиадалық орталығында, Токиоға келгеннен кейін де әуежайда, Sotetsu Grand Freza  қонақүйінде бірнеше рет ПТР-тест тапсырдық. Тағы үш күнге карантинге жабылғанымыз тағы бар.  Әрине, мұның барлығы өзіміз үшін, қоғам үшін және үлкен додада сынға түсетін спортшыларымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан қатаң талап пен тәртіпке түсіністікпен қарап, тіпті оған ептеп етіміз үйреніп қалған жайы бар.

Boeing 767 ұшағына отырған олимпиадалық комитеттің жауапты адамдары бар Қазақстан делегациясы Алматыдан 16 шілде күні түнгі сағат 23:00-де көкке көтерілді. Әуеде жеті сағаттан астам жолдыартқа тастап, Жапония астанасы ‒ Токиоға жергілікті уақытпен 09:15-те (Нұр-Сұлтан уақытымен – 06:15) жеттік. Токиодағы халықаралық екі әуежайдың бірі – «Нарита» құдды бір алып шаһардай көрінді. Ол Токиодан шығысқа қарай 75 шақырым жердегі Нарита қаласында орналасқан. Бұл жерде де әрбір адам қатаң бақылауда болады екен. Құжаттарды тексеріп боламын дегенше, «Наритада» төрт сағаттан аса уақыт жұмсадық. Бірақ түсінбеген жеріңді түсіндіріп, баратын жеріңе соңына дейін апарып көмектесіп тұрған әуежей қызметкерлері,  Хоу Хао (айтуы бойынша жазылды – автор) бастаған волонтерлары да жоғары деңгейде қызмет етуден жалықпады.

Сондай-ақ спортшыларды кім күтіп алғанын білмеймін, бізді Жапонияда бірнеше жылдан бері тұратын Әбдіқадыр деген қандасымыз күтіп алды. Күншығыс елінде дәрігер болып қызмет ететін Әбдіқадыр бауырымыз бізбен бірдей төрт сағаттан аса әуежайда болып, барлық жағдайымызды жасаумен қатар, тілмаш қызметін де қоса атқарып жүрді. Әуежайдағы толассыз тексерістен кейін бізді Sotetsu Grand Fresa Tokyo қонақүйіне дейін алып келді.

Жапонияның өз «сиқыры» бар

Жапонияның өз «сиқыры» бар сияқты. Себебі осы елде өтетін олимпиадаға, әйтеуір, бір кедергі шыға қалатыны бар. Жоғарыда Токио-2020 додасы коронавирустың кесірінен кейінге шегерілсе, Күншығыс елінің астанасына бұған дейін белгіленген үш олимпиада да өз уақытында өтпепті.

1940 жылы Жапония бірден екі олимпиаданы өткізуге дайындалып жатты: Токиода – жазғы және Саппорода – қысқы. Алайда көптен күткен спорттық іс-шарадан үш жыл бұрын Жапония Қытайға қарсы соғыс бастаған еді. Жапония империясы елге соғыс қимылдарын жүргізуге күш керектігін алға тартып, дүбірлі доданы өткізуден бас тартты.

1964 жылы жазғы олимпиаданы өткізу құқығын Токио бәрібір жеңіп алды. Бірақ тағы да кедергі. Бұл жолы олимпиаданың өтетін уақыты өзгерді. Оған себеп – шілде-тамыз айларында Жапонияда ауа райы қатты ыстық болатындықтан, жарыс барысында спортшылар үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін. Ал қыркүйек айында тайфунның маусымы басталады. Сол себепті ұйымдастырушылар Олимпия ойындарын 10-24 қазан аралығында өткізуді ұйғарды. Ал араға 32 жыл салып, 1972 жылы Саппорода қысқы олимпиада өтті. 

Олимпиада көрерменге арналмаған...

Осы жолы олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл Рио олимпиадасынан 33 медаль жиынтыққа көп. Токио олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.

«Токио-2020»-ның тағы бір ерекшелігі – ол көрерменсіз өтеді. Төрткіл дүние дүбіріне құлақ түрген доданың ең өкініштісі де сол. Жапония астанасында 8 шілдеде енгізілген төтенше жағдай 22 тамызға дейін жалғасады. Бастапқыда пандемияға байланысты ойындарға шетелдік жанкүйерлерді жібермеу туралы шешім қабылданған-ды. Жарыстарды өткізуге жауапты жапон министрі Тамае Марукава хабарлағандай, енді жергілікті көрермендер де жарысты тамашалай алмайды. Токиодағы барлық жарыстар, соның ішінде олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттары да трибуналарда көпшіліктің қатысуынсыз өтеді. Дегенмен жанкүйерлерге шектеу болғанымен, спортшыларға шектеу жоқ екенін мына дерекке қарап көз жеткізуге болады. Дүбірлі додаға 206 елдің 11 090 спортшысы қатысады деп жоспарланып отыр. Спортшылардың 49 пайызы – әйелдер.

Жолдама тағы біреуге көбейді

Бастапқыда Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарына қазақстандық спортшылар спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алған-ды. Жақында теннис спортына қосымша тағы бір жолдама беріліп, оны Зарина Диас иеленді. Бұл цифр алдыңғы Олимпия ойындарының қатысушыларынан төмен болғанымен, дәл қазіргі қиын жағдайды ескерсек, тәуір нәтиже екені сөзсіз.

Қазақстан тұңғыш рет олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Жай қатысып қана қоймай, Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев, әйелдерденМөлдір Жаңбырбаймен Софья Берульцева сынды әлемде көшбасшылар қатарында жүрген каратэшілерге сенім артып отыр. Құзға өрмелеуденРишат Хайбуллин де осал емес. Бағы мен бабы қатар шапса, алар асуы жоғары болары сөзсіз.

Токиода жеңіл атлет Ольга Рыпакова олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші олимпиада. Бүгінде Ольганың қоржынында олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Қай спортшыға сенім артуға болады?

Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен – сегіз салмақ бойынша қатысады. Бұлардың қатарына қыздар арасында жалғыз жолдамаға ие болғанНадежда Рябецті  қосыңыз. Сонымен, ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшылардың еншісінде.

Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдама алып, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Кезінде жерлесіміз Ернар Ерімбетов жалғыз өзі дүбірлі додаға қатысып, тәуір нәтижеге қол жеткізгенін көрдік. Миладқа Ернар ағасынан асып түсіп, олимпиаданың биік мінберінен көрінсе деген тілек білдіреміз. Сондай-ақ жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі. Отандасымыз Руслан ҚұрбановХалықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

2004 жылы өткен Афины олимпиадасынан кейін араға 17 жыл салып Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысыАлексей Луценконың қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол Қазақстанға, жалпы алғанда, Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Сондай-ақ тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша жерлестеріміз үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған велоспорт түрі бойынша Олимпия ойындарына қатыспаған.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы олимпиадада командалық жарыста бақ сынайды. Бүгінде 11 жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы шамада лицензия жеңіп алды. Теннисшілер – жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовте бар. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Алғашқы рейспен Токиоға каратэшілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсерлесу командасы, ауыр атлеттер мен боксшылар, жүзу спортының, су добы спортының өкілдері, жеңіл атлеттер, велошабандоздар, стенд ату мен нысана көздеуден құрама командалар, сондай-ақ дзюдошылар келді. Қалған 43 спортшы 28 шілдеге жоспарланған екінші рейспен Жапонияға жолға шығады. Олардың қатарында балуандар, көркем гимнастика, әртістік жүзу, бессайыс және жеңіл атлеттердің бір бөлігі бар. 

Олимпиадаға келген спортшыларымыздың бабы нашар дей алмаймыз. Ендігі Алаш баласының бабына бағы қатар шапса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенім мол. Ал біз өз кезегімізде елге ақжолтай cүйінші хабарды таратуға асықпыз.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 09:46
Токио күнделігі: Үміткер спортшылар азайып барады
Еркежан АРЫН 30.07.2021, 17:46
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетпен дау
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 28.07.2021, 08:35
Алдаусыратқан ұсыныстар, «хайп» қуған депутаттар
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.07.2021, 09:10
Жұрт кімге, неге сенерін білмей жүр?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 22.07.2021, 20:55
Ғалымбек Кенжебаев: Қоңқабаев кеткен есені қайтарады
Дос КӨШІМ 14.07.2021, 09:19
Шаңырақ оқиғасы: Дарынсыз билік, нанымсыз сценарий

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58