Олжас қосынында болдық

Семей ядролық полигонының жабылғанына – 30 жыл

Ғабит САПАРОВ

28.08.2021, 10:35

1774

Қазір «диван батырларының» көбейген уақыты. Әсіресе мынадай

интернет заманында. Соның ішінде «полигон туралы алғаш сөз қозғаған пәленше еді, оның еңбегін түгенше пайдаланып кетті» дегендей сөздер де естіліп қалады.

Иә, атом бомбасының зардаптары туралы бұрын да айтылған болуы

керек. Айтылмауы мүмкін емес. Бөденеліде, бала күнімізде, бір деректі фильм көрсетті. Ол кезде көркем фильмдер алдында міндетті түрде 15-20 минут деректі ленталар көрсетілетін. Бір аяғы ағаш (соғыста айырылған болу керек) қартаң киномеханигіміз болды. Кішкене клубтағы залдың басында (кезіндегі Жалтыр, Көктөбе клубтарындағы бөлек кабинада емес) киноаппаратын зырылдатып айналдырып жатады. Сол деректі фильм көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді. Фильм 1945 жылдың тамыз айында Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбаларының ауыр зардаптары жөнінде еді. Кішкентай балалары ойнап-күліп  жүрген әсем қалалар әп-сәтте талқаны шығып қирап, күлге айналған жоқ па? Сондағы фильмнен ерекше есімде қалғаны – атом бомбасы жарылған уақытта сол қалаларда болған адамдарды көрсетеді. Тірі. Бірақ толықтай адам санатына қосуға болмайтындай. Дәрігерлер әлгілердің қол, сан бұлшық еттерінен уыстап тұрып бір кесегін жұлып алады. Жаңағылар былқ етпей отыра береді. Қан ақпайды. Яғни денесі өлген. Тек жүрегі ғана соғып тұр.

Сол уақытта Бөденеліден 50 шақырымдай жерде, Курчатов

қаласы маңында бұдан 100 есе қуатты бомбалар сыналып жатқанын білмеппіз де ғой… Иә, әрине, біз есімізді білген тұста (1960 жылдардың ортасы) сынақтар жер астына көшірілген-тұғын. Бірақ 1963 жылға дейін (мен төрт жаста екенмін) ашық аспан астында, жер бетінде өткізіліп келді емес пе?! Осы тұста айта кететін бір жайт бар. Біздің алдымызда 1958 жылы туғандар ертерек зейнетке шығып кетті. Бірақ сол 1958 жылы туғандардың тең жартысы (маусым айынан бері қарай туғандар) зейнетке ерте, жеңілдік бойынша шыға алмай қалды. Ал мен сияқты 1959 жылы туғандар туралы сөз де болған жоқ. Сонда біз 4 сағат, 4 күн, 4 ай емес, бақандай 4 жыл сәулелену зардабын тартқан екенбіз, бірақ біздің ұрпақ еш жеңілдіксіз қалды. 1960, 1961, 1962 жылы туғандар туралы да соны айтуға болады. Сонда оларға полигонның зияны тиген жоқ па?!

       Тағы бір мәселе бар. Май ауданынан  немесе жалпы полигон аумағынан басқа жерге көшіп кетсең, саған «полигонный» төленбейді, еңбек демалысына 10 күн қосылмайды. Басқа жерге көшкенде полигон зардабы өздігінен жойылып кететін сияқты...

Жә, қош! Кезінде Ғабең – Ғабит Мүсірепов «Жапон балладаларында»

атом зардаптарын жеріне жеткізе жазды. Жапон елін жазғанымен, түпкі мақсаты «Қазақ елінде де осындай бомбалар жарылып жатыр» дегендік еді. Оны көзіқарақты оқырман көріп, білді де. Тағы да «Әнуар Әлімжанов биік мінберлерден айтты» делініп жүр. Айтса айтқан да шығар. Горбачевтың қайта құруы кезінде Қытайдағыдай «барлық гүлдер ашылып, барлық құстар сайрады» емес пе?

1988 жылдың желтоқсан айында Мәшһүр Жүсіп атамызға арналған

облыстық айтыс өткізілді. Оны ұйымдастырған сол тұста облыстық мәдениет басқармасының төрайымы болған Дина Оралова еді. Неге екенін, Май ауданынан келген екі ақынды да (белгілі айтыскер Қанат Шайғазин) бір жұпта айтыстырды. Айтыста полигонды айтамын деп үйден дайындалып келгенмін. Азын-аулақ заготовкам да бар. Қанатқа: «Сен үндемей-ақ қой, мен полигонды айтамын», – дедім. Баяғы «егер мені жауапқа тартса, істі болсам, сен аман қал» дегендік қой. Басқа ештеңе де емес. Содан айтыстың ортан белінде «Біздің Май ауданында халық қылтамақтан қырылып жатыр, 40 жыл атом бомбасын сынап келеді, осыған бір тоқтам бола ма, анау Америкада антиядролық «Невада» қозғалысы құрылыпты, бізде де неге сондай ұйым құрылмайды» дегендей 5-6 шумақты айтып шықтым. Алдыңғы қатарда отырған апалар (қазіргі Ж.Аймауытов театрының ғимараты) «Астапыралла!» деп жағасын ұстап жатты...

Айтыстан кейін ешкім жауапқа да тартқан жоқ, істі де болған жоқпын.

«Ел ішінде бір тентек жүре берсін» дегендері болар. Өйткені заман өзгерген-тұғын. Совет Одағының «бөтен ойлылармен» (инакомыслие) күрестен басқа да проблемалары шаш етектен  болатын. Азық-түлік сөрелері жылдан-жылға жұтаңданып, көшеге ел қатарлы киініп шығудың өзі зор проблемаға айнала бастаған...

1989 жылдың ақпан айында ақиық ақын Олжас Сүлейменовтің

Алматыдағы Жазушылар одағы ғимараты алдындағы митингіде сөйлеген сөзін айдай әлем естіді. Қазір бәріміз де, Невада–Семей қозғалысының басы-қасында болғандар, «Олжас бастады, біз қостадық» деп айтуымыз керек сияқты. Содан жер-жерде қозғалысты қолдаған митингілер өте бастады. Біздің облыс қана үнсіз. Өйткені сол кезде Павлодар облыстық партия комитетін Мещеряков деген біреу басқарып, аупартком хатшыларына «Үндеріңді шығармаңдар» деген нұсқау берген сияқты. Әйтпесе «партбилеттеріңнен айырыласыңдар, қызметтеріңнен кетесіңдер» деген ыңғайда. «Бізбен көршілес Семей облысының Абай ауданында митинг өтіпті, Олжас келіпті» деген сөздер естіліп жатты. Сол 1989 жылдың қысында жүгіріп жүріп, Невада–Семей қозғалысын қолдап, қол жинадық.

Абырой болғанда, 1990 жылдан бастап антиядролық митингілер біздің

Май ауданында да өте бастады. Полигон зардабын бізбен бірдей тартқан Баянауыл, Лебяжье аудандарында ондай митингілер өткен жоқ.

1990 жылдың қысында «Ақ қан» поэмам жазылды. Үйде бастыратын

машинка да жоқ. Салып ұрып Керекуге, Арман досыма (Арман Қани) тарттым. Ол сол кезде Байзақов пен Толстой көшелерінің қиылысындағы жер үйде тұрды. Жақсы, жүрдек машинкасы бар. Поэманы үш дана етіп, екеулеп басып шығардық. Енді қайда бастырамын?! Облыста баспайды. Басқа жолдарын қарастыруым керек.

Көктем мезгілінде Жалтырдағы үйіме Ержан Баяділов келе қалды. Ол

бізден екі курс жоғары оқыды. Негізі, Абай ауданының тумасы. Қазір Семейде тұрады екен. Қасында Тұрысбек деген жерлес досы бар. Айтқандай, сол кезде Павлодар–Семей арасына сол жағалаумен автобустар жүре бастаған. Жігіттер сонымен келіпті. Поэмамды солардан беріп жібердім. Бір аптадан соң Ержан қайта келіп тұр:

  • Мерғали Ыбыраев деген ақын ағаң жіберді. Поэмаңды басатын болды.

Фотосуретің мен қысқаша өмірбаяның керек, – деп. Сурет табылды, әйтеуір.

Сонымен, «Ақ қан» поэмам «Семей таңы» газетінің 1990 жылғы 5  

мамырдағы санында жарияланды.

Сол 1990 жылдың мамыр айының соңында Абай ауданының орталығы

Қарауыл маңында халықаралық антиядролық конгресс өтті. Мен сол жиынға жаңағы Ержан, Тұрысбек достарымның арқасында қатыстым. Біз Абай ауданына алдын ала жетіп, Арқат ауылында қонып, таңертеңгі автобуспен Қарауылға келдік. Олжасты сонда тұңғыш рет көрдім. Алдында «митинг таңертең болады» деген, түс ауып кетті. Әлі жоқ. Біз тау-тасқа шығып алып, анау-мынау әңгімемен отырмыз. Күн болса күйіп тұр. Әбден шөлдеуге айналдық. Бір кезде ақ автобус ыңыранып келіп тоқтай қалды. Ішінен Олжас бастаған топ түсе бастады.

      Митинг бір төбенің басында өтті. Ығы-жығы, кісі көп. Әйтеуір, микрофон бар. Олжас ашты, аудан басшысы Хафиз Матаев ағамыз, академик Харитон сөйледі. Атом бомбасының авторы. Еңкіштеу келген, мыжырайған орыстың сары шалы. «Алапат қаруды ойлап тапқан осы адам» десе, нанғысыз… Мен полигон туралы өлеңімді қағазға жазып, дайындап апарғанмын. «Өлеңін оқысын!» деп, Олжасқа біреулер жазбаша өтініш те түсірді. Оқытпады… Есесіне кешінде үлкен концерт берілді. Арнайы жасалған сахнада Абай ауданының атаққа шыққан әншілері түгел өнер көрсетті. Он шақты ақшаңқан  алты қанат киіз үйлер құрылды. Көрермендер үшін тақтайдан ұзынша орындықтар жасалыпты. Концерт аяқтала бере, рұқсат сұрап, сахнаға мен шықтым. Мені «Павлодар облысынан келген ақын» деп таныстырды. Өлеңімді сонда оқыдым.

1991 жылы Абраев Қуандық, Абылқасов Алтынбек, Әбілқасымова

Зәуре дәрігер болып, Май ауданы атынан Семейдегі «5–1» халықаралық антиядролық конференциясына қатыстық.

Олжастың «Мать» («Ана») деген бір сюжетті өлеңі бар.

«В Болгарии есть памятник матери поэта Димчо Дебелянова. На

каменной завалинке сидит, подперев щеку, старушка, окаменевшая от горя. Он был самым застенчивым парнем в селе. И оказался самым бесстрашным на войне. Был самым незаметным, стал самым славным.

Это – мамо:

  • Если ты человек, сотвори себе имя,

и, быть может, оно

станет символом племени,

молодым и угрюмым,

как вечная ива,

что склонилась

над холодом быстрого времени...

Так запомни, сынок,

где б ты ни был — везде:

будь заметен в беде.

Будь –

заметен в БЕДЕ».

      Бұл өлеңді мен 17 жасымда, 1976 жылы оқып, дәптеріме жазып алыппын. Маған айтыста алғаш рет полигон қасіретін айтқызған да, «Ақ қан» поэмамды жаздырған да, Невада–Семей қозғалысында, Олжас қосынында болдырған да осы өлең бе деп ойлаймын. «Признаюсь, я жил!» – деп Чили ақыны Пабло Неруда айтқандай, менің өмірімде де осындай сәулелі сәттер болыпты. Тәубе, Аллаға шүкір!

Тегтер: Невада- Семей қозғалыс шара 30 жыл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00