Білім саласындағы жүйелік мәселелерді мұғалім мен ата-аналардан бастап президентке дейін айтып жүр
12.09.2023, 12:30
1920
Білім саласындағы жүйелік мәселелерді мұғалім мен ата-аналардан бастап президентке дейін айтып жүр. Реформа көп, шешілген түйткіл аз. Сапа жағынан артта қалып бара жатқанымыз тағы бар. Орта білімде орын алып жатқан үрдіс пен оның себеп-салдары туралы 20 жылдан бері мектеп қабырғасында сабақ беріп келе жатқан мұғалім, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлымен тілдестік.
– Өмір мырза, Қазақстандағы қазіргі білім жүйесінде бірқалыпты процесс жоқ. Жаңашылдықтарға қарамастан, орта білімдегі сапаның артуы байқалмайды. Оң өзгерістердің болмауына не себеп?
– Мектеп – қоғамның кішкентай моделі. Өйткені қоғамдағы барлық келеңсіздік пен кесел мектепте дәл сол күйі көрініс табады. Қазіргі білім жүйесіне келсек, жағдайдың мәз емес екені бәрімізге белгілі. Көпшілік ашық мойындамаса да, мұны айтпасқа болмас. Біздегі реформалар ретсіз болғандықтан, оң өзгерістерге жете алмай отырмыз. Мәселе осында, реформаларда бірізділік пен салмақ жоқ, ұшарын сай, қонарын жел біледі. Әйтеуір тоқтамайтын процесс, алайда нақты нәтиже көрінер емес. Бұл мәселені шешу үшін толыққанды саяси реформа керек. Ал ол үшін алдымен реформаны жасап отырғандар өзгеруі тиіс. Анығы сол, министрлік өзгермей, білім жүйесі өзгермейді.
– «Реформа» сайын мұғалімдерге келетін нұсқаулықтар қаншалықты жиі ауысады?
– Министр ауысқан сайын реформа жүреді. Сол үшін де педагогтардың министрлікпен арпалысы біткен емес. Сонау 2015 жылы сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке мәселелер мен ұсыныстарымызды айтып хат жазғанбыз. Ол министр болған 3 жылға жуық уақытта түйінді мәселелердің ешбірі тарқатылмады. Одан соң Ерлан Сағадиевтің «жаңашылдықтар» легі басталды. Біраз пәнді орысша, тағы бірнешеуін ағылшынша оқыту керек дегенді шығарып, бір дүрліктірді. Әрине, педагогтар өре түрегелді, қарсы болдық. Сол кезде Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы мені шақырып алып, «айтқандарыңыздың бәрі дұрыс, бірақ айтпай-ақ қойыңыз» деп былш еткізді. Сөзінше, Сағадиев мені қара тізімге алыпты-мыс. Егер Шымкенттің қуысындағы бір мектептің қатардағы мұғалімін қара тізімге алып отырса, министрде басқа шаруа жоқ екен дедім де, қолымды бір сілтеп, кетіп қалдым. Осы оқиғаның ізі суымай, Сағадиевтің атақты орынбасары Эльмира Суханбердиева Шымкентке іссапармен келді. Мектеп директорларын жинап алып, «Реформаларға қарсы болып отырғандар – жалқаулар, өзгергісі келмейтіндер. Ондай мұғалімдерді жұмыста ұстамаңдар», деп әңгіртаяқ ойнатқан. Сол кезде олар осы қызғыштай қорыған реформаларының аяқсыз қаларын білмеді. Ең сорақысы, 2016 жылы «Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылғы бағдарламасы» қабылданып, бюджеттен 1,5 трлн теңге қаржы бөлінгені хабарланды. Бірақ сол уақыт аралығында мен сабақ беріп жүрген мектеп-лицейде ештеңе өзгермеді. Тіпті өзгерістің иісі де келген жоқ. Сағадиев кеткенде есебін сұрадық. Әдеттегідей жарытып жауап берген жан баласы болмады. Сол миллиардтар сол күйі қайда кеткені белгісіз, ұмыта салдық. Одан кейін министрлік тізгінін алған Күләш Шәмшидиноваға да «Қазақстан педагогтары» қауымдастығының атынан ашық хат жолдадық. Онда айтылғанның дені сонау Сәрінжіпов кезінен келе жатқан бұрынғы мәселелер. Үш айда Шәмшидинова да кетті. Қанша министр ауысса да, олардың нұсқаулықтары түрленсе де мәселелер сол күйі қалды.
– Сіз айтып өткен кембридждік технология мен үш тілде білім беру реформасының басы басталып, педагогтар жаппай курстардан өтіп, біліктілігін арттырып жатты. Бұл технология білім жүйесіне, балалардың білім сапасына әсер ете алды ма?
– Кембридждік технологияөз табиғатында жақсы дүние. Бірақ оның бізде қалыптасқан жағдайға сәйкес келмейтін тұстары көп. 2013 жылы аталмыш технологияның бірінші деңгейін оқыдым. Әлбетте, маман ретінде шеберлігім мен білімім артты. Жеке өзім үшін көп нәрсе үйрендім. Әрі деңгей алған мұғалімдердің жалақысына 100 пайыз үстеме қосыла бастады. Бірақ 2016 жылы жаңа бағдарлама келді де бұл технологияны ары итеріп тастады. Яғни бәрі жайына қалды. Осылайша, жекелеген мұғалімдер өзгергенімен, жүйелік өзгеріс бола қойған жоқ. Бәлкім, министрлік дұрыс дамыта білсе бір нәтиже шығар ма еді. Жәй ғана миллиардтаған қаржы ауаға кетті. Бұдан бөлек, үш тілде білім беру бастамасы да ақша шашудың нақ өзі. Мұғалімдерді жинап ала салды да, оқыта салды. Топырлаған адамдар. Олардың арасында кезінде французша, немісше білім алғандары да бар. Ешнәрсені ескермей, базасына қарамай, әріп танисың ба деп сұрамастан асығып, әрбірін 6-7 айлап оқытты. Не таптық? Сол мұғалімдер қазір ағылшынша физика, химия, дүниежүзі тарихын оқытып жүр ме? Күліп отырып жылайтын дүние.
Мұндай шала күйінде енгізілген жаңашылдықтардың тағы бір келеңсіз тұсы бар. Мәселен, кембридждік технология негізінде зерттеу жүргізуге бағытталған «Лессон стади» деген бағдарлама біліктілік санатын көтеру үшін бәріне жаппай міндеттелді. Бұл бағдарлама концептуалды тұрғыдан қарасақ, керек нәрсе. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, біз кейбір модульдерге әлі дайын емеспіз. Қалыптасқан жағдайға қарай мұғалімдер мұндай зерттеуді өз бетінше жасай алмайды. Бірақ санатты көтеру қажеттілігі тағы бар. Осы кезде қолында тұрғандар ашық ақша жасады. Бәрін қойып, чатта отырып алып сертификат сатты. «Министрлікке жалған есеп, жалған ақпарат берілген, Қазақстан мұндайға дайын емес» деп жүріп, ақыры алғызып тастадық. Сондағысы – бағдарлама небәрі 1,5 ай тұрды. Осындай ұсақ-түйек, шала-пұла нәрселер өте көп.
Жалған санаттың жыры мұнымен бітпейді. Бір жылы қалалық білім бөлімі 18 адамды жоғары санаттардың біріне ұсынды. Біздің деңгеймен шын мәнінде мұндай 10 санат та шықпайтынын мен білемін. Өйткені өзім сол жолда еңбектеніп, зерттеулер жасап, процесті көрдім. Ал білім бөлімі болса, 18 адам мегаполис деген атымызға ұят, 50-60-қа жеткізейік деп тарс еткізді. Бұл барлық өңірде солай. Ал енді артынан антикор тексеріп, бәленше жалған санат, түгенше жалған диплом анықтапты деген жаңалықтар шығып жатыр. Арасында сотқа дейін жеткендері де бар. Осындай жағдайда реформа туралы қалай айтамыз? Педагогикада мораль маңызды. Оны ескеріп отырған, жағдайды толық түсініп отырған министрлік жоқ.
– Оқу бағдарламасымен бірге оқулықтар да өзгеріске ұшырап жатыр. Әсіресе жаңартылған білім бағдарламасына сәйкестендірілген оқулықтардың мазмұны бұрынғымен салыстырғанда мүлде басқаша сипатта...
– Соңғы уақытта мектеп бағдарламасындағы кітаптардың сауатсыздығы мен салмақсыздығын ата-ана да, бала да, ұстаздар да сынап жүр. Оқулықтың әрбірін пән мұғалімдері айтып-айтып болған сияқты. Жеке өз пәнім бойынша, тарихты айтар болсам, бірізділік жоқ. Ал тарихтың өне бойы идеология. Яғни аса мұқияттылық пен жүйелілік керек. Бізде асығыс, әртүрлі, тұтастығы жоқ тақырыптар. Мәселен, елбасы ұғымы енгізілгелі тарих оқулықтарының бетінде аталмыш сөз күрт көбейді. Тұрақтылық қалыптастырды, тағысын тағы деген дүниелер жиі ұшырасады. Қаңтар оқиғасынан кейін сабақ басталғанда дәл сол тақырыптар кеп қалып, қатты дағдарғаным бар… Тарихты өзгертуге, жазуға асықпай, барынша сақтық таныту керек. Оқулық деген ойыншық емес.
– Бұрынғы министрлер мен олардың нәтижесіз реформалары туралы айттыңыз. Ал халық пен педагогтардың көңіліне жаққан Асхат Аймағамбетовтің кезінде қандай өзгерістер болды?
– 2019 жылы жаңа министр Асхат Аймағамбетов қызметіне кірісе салысымен белсенді мұғалімдерді жинап, тыңдады. Сонда барлық мұғалімдер Сәрінжіповтен бастап бұрынғы «реформаларды» сынады. Ой-пікірлерін, ұсыныстарын жеткізді. Осы жерде айтылған, қордаланған мәселелердің бірқатары шешілді де. Оң бетбұрыстар болды. Оны халық та сезінді. Өйткені Аймағамбетов ашықтықты қолға алды. Соның арқасында білім жүйесіндегі мәселені біршама түсініп, түгел болмаса да көп нәрсені өзгертті. Бірақ басқа сыпырғыш басқаша сыпырады демей ме? Жаңа министр келіп, бағыт-бағдар қайта бұлыңғырланып кетті.
– Иә, министрлік екіге бөлінді. Оқу-ағарту саласын басқарып отырған Ғани Бейсембаев министр болғалы 8 айдан асты. Осы уақыт аралығында мектептерде не өзгерді?
– Министр ауысып жатқан кезде жазушылар одағының сол кездегі орынбасары Ақберен Елгезек хабарласып, «Астанадан бір жігіт бара жатыр, сізбен кездеспекші» деді. Әлгі жігіт келді. Ғани Бейсембаевтың кеңесшісі екен. Ақыры белсенді мұғалімдердің тізімін сұрап алып кетті. Сөйтіп, жаңа министрмен кездесуге жиылдық. Жылап үйреніп қалғанбыз, жаңа министрге жағдайды тағы айттық. Министрлік жағы бас изеп қалған. Содан бір ай өтер-өтпес Бейсембаев Шиеліге барып, өзін оқытқан ұстазына «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін табыстапты. Ол апайы зейнеткер екен. Лайықты марапатын мамандарға жұмыс істеп жүргенде беру керек. Мемлекеттік марапатты оңды-солды үлестіру емей не бұл? Әлде министрді оқыттың деп көрінгенге атақ бере береміз бе? Оның үстіне, 30 жылдан аса жұмыс істеген ұстаздың бәріне бірдей медаль тағамыз деп айды аспанға шығарды. Бұл – таза популизм. Мемлекеттік марапаттың қадірін кетірмеу керек. Осы дүниені ашық айтып, қарсы болдық. Артынша Дулат Текебаев деген біреу қол қойған қағаз бас прокуратура мен ІІМ-ге жолданған. Министрліктің аппарат басшысы 5 мұғалімнің үстінен шағым жазыпты. Мазмұны ар-абыройды таптады дегеннің айналасы көрінеді. Мені әлгі пікірім үшін, басқа мұғалімдерді тағы сол секілді себептермен айыптапты. Мән-жайды білмекке оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмаханға хабарласып, сұрасам, әлгі аппарат жетекшісі сол шағым жолданғаннан кейін көп өтпей жұмыстан шығып кетіпті. Осындай жағдайлардан соң қазіргі министр Бейсембаев бірнәрсе бітіреді дегенге сенімім аз. Ұсақ-түйекке басы қатып жүрген оның жүйені жетілдіруге ынтасы да, уақыты да жоқ сияқты.
– Министрлердің жұмысы тиімсіз, ал реформалар нәтижесіз дейсіз. Осы олқылықтарды түзету үшін қайтпек керек?
– «Сиынғаннан сүйенгенің мықты болсын» деген. Біз сүйенетін министрліктің шығарып жатқан құжаттарының бәрі шикі. Мен жұмыс істеп жүрген соңғы 20 жылда министрлік шығарған құжаттарда «қабілет» деген сөз жоқ, мұндай ұғым қолданылмайды. Қалай болса да нәтиже бересің дейді, бітті. Ал оның мүмкін еместігін соншама реформалардан кейін де білім сапасының айтарлықтай артпағаны дәлелдеп отыр. Сарбона университетінің маңдайшасында «Құдай бермегенді Сарбона бере алмайды» деген жазу бар екен. Әзіл-шыны аралас сөз. Сол секілді мұғалім баланы аша алу керек дегенмен, оқушының жасы мен қабілеттері әрбір шешім қабылдарда ескерілуі керек. Ал біздің министрлік өз бетінше, реалды жағдайды ескермей, ойына келген бағдарламаны қабылдай береді. Осылайша, біздегі министрлік бөлек, білім жүйесі бөлек, мектеп бөлек, бір-біріне қатыссыз жұмыс істейді. Сол үшін де бірнәрсе өзгертем десек министрліктен бастау керек. Алдымен ондағы кадрлар ауысып, білімді, реалист, жүйелік тұрақсыздық пен қажеттіліктерді түсінетін мамандар жинақталса, қалғаны түзеледі. Екіншіден, мектептер мен білім бөлімдері жергілікті билікке емес, тікелей министрлікке бағындырылуы қажет. Себебі әкімдіктердің ойы сапада емес, рейтингте. Әрі қанша жерден «Педагог мәртебесі» десек те, мұғалімдер әлі күнге сайлауда жүгіргіш, шапалақ соққыш, орын толтыратын сандар ғана. Әкімдер үшін біз тек қағаздағы статистикамыз. 2020 жылы тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармасына қаратылған. Ал облыстық білім басқармасының басшысын министр емес, облыс әкімі тағайындайды. Яғни біз әлі де әкімдіктерге бағыныштымыз. Аймағамбетов бірінші бөлігін жүзеге асырғанымен, екінші бөлім министр ауысқан соң аяқсыз қалып отыр. Бұл мәселер шешілмесе, білім сапасын көтереміз деген мақсат орындалмаған күйі қала бермек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР