Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?

Батыр ЖАСҰЛАН

21.03.2023, 06:37

1994

Өткен аптаның соңындағы болған оқиға Ресей билігінің маңайындағыларды тығырыққа тірегені анық. Кремль содан бері ойбайға басып жатыр. Енді ше, Гаага соты президент Владимир Путинді тұтқындау туралы ордер берді.

Бұл үлкен айыптау. Жалпы, Ресей басшысы неге жазықты болып қалды? Бірінші мәселе Ресей – Украина соғысы. Екіншіден, соғыс басталғалы Украинаның Луганск, Донецк, Харьков және Херсон облыстарынан Ресейге 16 мың бала күштеп әкетілген. Әрине, ресми Мәскеу «соғыс барысында балалар оққа ұшпасын деп әкеттік», деп ақталар. Алайда бұл ақтап алуға тұрарлық іс емес. Қазірдің өзінде Ресей басқыншыларының украин балаларын күштеп депортациялауға қатысты іс 40 томға жинақталған. Сондай-ақ Путинге қоса, Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белова да тұтқындалуы тиіс. Гаага соты «бұл әрекеттің бәрі Путиннің бұйрығымен жасалып отыр», деп санайды. Қысқасы, Ресей осыған дейін экономикалық жағынан құрсауланса, енді басшысы Путин еш жаққа шыға алмайды. 2023 жылдың наурыз айындағы мәліметке сенсек, әлемде Рим статусын қабылдаған – 137 мемлекет бар, алайда бұл құжатты бекіткен 123 ел ғана. Ал Рим статусы бұл – халықаралық қылмыстық сот. Ол халықаралық қауымдастықта адамзатқа қарсы қылмыс істеп, геноцид, басқа да жауыздық әрекеттерге барған, екінші елге әскери шабуыл жасаған елдің басшыларына қарсы қолданады. Бұл құжат 1998 жылдың 17 шілдесі күні Римдегі дипломатиялық конференцияда қабылданған, 2022 жылдың шілдесінде өз күшіне енген. Рим статусы конференциясының құжатына Ресей 2000 жылдың 13 қазанында қол қойған, бірақ 2016 жылға дейін оны бекітпей келген. Ал 2016 жылдың 16 қарашасында Владимир Путин Рим статусынан шығу туралы бұйрық берген.

Ал Гаага соты деп неге аталады? Гаага Нидерландының батысында Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан қала және қауымдастық. Ол – Оңтүстік Голландияның астанасы, Нидерланд үкіметі мен парламентінің резиденциясы. Гаагада БҰҰ халықаралық соты, Халықаралық қылмыстық сот, Халықаралық арбитражды соты секілді ірі халықаралық құқықтық органдар орналасқан.

Қысқасы, Ресей басшысы Владимир Путин енді Рим халықаралық құжатын бекіткен 123 елге аттап баса алмайды. Егер аталған елдерге барған жағдайда бірден ұсталып, Гаага сотына тартылады. Ал әлемдік тарихқа назар аударар болсақ, Гаага сотының ордері шыққан төрт мемлекет басшысы бар. Солардың бірі – Кот-д'Ивуардың президенті Лорана Гбагбо мен оның көмекшісі Шарл Бле Гуде. Екеуіне де Гаага соты «2010 жылы толқуға қатысқан 3 мың халықты аяусыз қанады, өлтірді, абақтыға жапты», деп айып таққан. Миллионға жуық адам елден босып кеткен. Алайда 2019 жылы дәлелденбегендіктен іс жабылған. 2011 жылы Ливия басшысы Муаммар Каддафиге де сот айып тақты. Алайда Ливия басшысы сотқа дейін өлтірілді. Гаага соты Судан президенті Омар әл-Баширді де тұтқындауға ордер бергенмен, ол да ұсталған жоқ. Ол Таяу Шығыс және Африка құрлығындағы елдерді емін-еркін аралады. 2019 жылы биліктен кеткенімен, Гаага сотының шешімі орындалған жоқ.

Сондай-ақ адамзатқа қарсы жасаған қылмысы үшін Сербия президенті Слобадан Милошевич те Гаага трибуналына тартылған. 2001 жылдың 1 сәуірі күні тұтқындалып, Гаага трибуналына жеткізілген. Алайда 2006 жылдың 11 наурызы күні ол түрмеде өлі күйінде табылған.

Міне, Гаага соты айыптаған төрт мемлекет басшысының тағдыры осындай. Ал бұдан келетін тұжырым, ешкім де, ешқандай ел де өзінің басшысын ұстап бере алмайды. Әрине, бұл жерде Путиннің де Еуропа елдері мен АҚШ-қа және Рим статусына ие 123 мемлекетке сапарлауы доғарылады. Сонда Владимир Путин қайда бармақ? Оқшауланған Ресей енді ТМД елдерімен қарым-қатынасты бұрынғыдан да жақсартады. Ресей басшысының сапары тек қана ТМД елдерінің төңірегінде болуы мүмкін.

Ал Гаага сотының шешімін АҚШ президенті Джо Байден қуана құптап отыр. АҚШ басшысы «Бұл шешім орынды, әскери қылмыс жасаған адам тұтқындылуы тиіс, жазасын алғаны дұрыс», деп есептейді. Бірақ Гаага сотының ордерін елеп отырған ресми Мәскеу жоқ. Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова: «Ресей Рим статусының мүшесі емес, біз үшін оның құқықтық салмағы жоқ», деп мәлімдеді.

Қалай айтқанда да, қазіргі кезде Владимир Путинге барлық жағынан қысым жасалынып жатыр. Экономика болса, тұралып барады. Ауыртпалықтан қашқан Ресей халқы жанбағыс үшін басқа елдерге босып кетті. Ал Ресей-Украина соғысы жылдан асты. Тоқтайтын түрі жоқ. Қайтпек керек, арағайындық жасайтындар да табылып жатыр. Алдағы бір-екі күнде үшінші рет қайта сайланған Қытай басшысы Си Цзиньпин Ресейге келмек. «Бұл сапар екі жақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан» делінгенімен, кездесуде не айтылмақ? Бұл жағы әлі мәлімсіз. Қытай тарапы Путинді соғыстан бас тартуға көндіре ала ма? Жүздесуде бұл мәселе талқыланбауы да мүмкін. АҚШ тарапы «егер Қытай Ресейге қару-жарақ беретін болса, оның салдары ауыр болатынын да» ескерткен. Қысқасы, қазіргі уақытта әлемнен оқшауланып, қыспақта қалған Путинге оңай болмайын деп тұр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:31
АХМЕТТІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ
Күлтегін БЕК 06.06.2023, 09:46
Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 12:42
Жұмыссыз ерлер Қызылордада, жұмыссыз әйелдер Маңғыстауда көп
Күлтегін БЕК 31.05.2023, 09:42
Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 31.05.2023, 04:57
Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.05.2023, 16:26
172 мың түлектің үміті желге ұшты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00