Орыс тілі зор, қазақ тілі қор

Жарас ШӨКЕ

24.01.2023, 07:18

1456

Елге қарап, емексіп, жұртқа қарап, тамсанатын болдық. Қырғызстанның жоғары кеңесі қырғыз тілінің тағдырына алаңдап, мемлекеттік деңгейде шешуге кірісіп жатыр. Бұдан былай қырғыздың барлық мемлекеттік мекемелері қырғыз тілінде ғана сөйлейді. Ал біз ше?

Біз 31 жылда босағадан төрге оза алмаған қазақ тілінің мәселесін әлі езіп-қыртып жүрміз. Тіпті, қазақ тілінің төрт құбыласын көгертіп тастағандай, енді орыс тілінің мәртебесімен айналысатын болыппыз. «Орыс тілінің жылы», «Қазақстанда орыс тілі қағажу көруде», «Ұлтшыл қазақтар орыс тіліне күн көрсетпей отыр», деген әсіре ұрандар қайдан пайда болуы мүмкін?    

Журналистер мен қаламгерлер айтудан, жазудан қажыған бір тақырып болса, ол – осы тіл. Егер «google атайға» тілге қатысты бір-екі әріп жазсаңыз, құлаш-құлаш мақалалар шыға келеді. Қазақ тіліне қатысты материалдың көптігі соншалық ғаламтордың мишығына қалай сыйып тұрғанына өзіңіз де таңғаласыз. Материалдың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ оның бәрі қазақ тілінің жанайқайы, көз жасы.

Тілге анықтама беріп отыратын уақыт емес қазір. Бірақ тілі жойылған ұлттың өзі де жойылатынын жауыр болса да қайталап айтайық. Қазақ тілі биліктің тілі бола алмады. Анығы, болдырмай отыр болдырғызбастар. Мемлекеттік тіл экономика мен саясаттың, ғылым мен техниканың да тіліне айнала алмады. Оған да айналдырғызбастар айналдырмай қойды. Тәуелсіздік алған 31 жылда көші-қон туралы бір ғана заңның қазақ тілінде жазылғаны туралы бұған дейін де айттық, жаздық. Тіпті, қайталаудың өзінен ұяламыз қазір. Амал қанша, сүйінші сұрайтын басқа мысалымыз жоқ.

Тіл жанашырларының ешқайсысы қазақ тілінің тағдырына күйінгенде, ешқашан орыс тілін өзекке теппейді. «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп, Қадірше қадірлейді. Ал орыс тілінің жанашырлары ойдан өтірік құрап, орыс әлемін қазақтілді ортаға қарсы қоюға дайын. Неге?

Біреулер мұны саясат деп түсіндіреді екен. Ормандай орысқа көрші отырған соң, басқа амалың жоқ дегендей уәж айтады. Сонда қазақ тілінің мәртебесін төмендетіп, орыс тілінің аясын кеңейту – бұл қандай саясат? Мұндай зорлықшыл саясат қазақ тілінің тамырын қиып, тағдырын тұралатпай ма? Билік қазақ тілінің мәртебесін айқындап, беделін биіктетпесе де, аяғынан шалып, орыс тілінің табанына таптап беретіні несі? Әлде орыс тілін қайтадан тұғырына қондыру үшін қазақ тілін құрбандыққа шалу қажет пе? Неге орыс тілі өз әлеуетімен дамымайды? Дами алмайтыны аян болып тұр ғой. Демек, он жерден орыс тілін құйдан тартып, құтқармақ болсақ та, енді оның алтын дәуірі қайтып орнамайды. Мәскеу оң көзімен қарау үшін тілді көкпар қылатын арзан саясатты айналып өтетін уақыт жетті баяғыда. 

Қазақ тілі туралы заң 1989 жылы қабылданғанын ескерсек, одан бергі 34 жылда бұл заңның өзгеретін, толықтырылатын уақыты жетті. Жалпы, мемлекеттік тілдің көсегесінің көгермей тұруының бір себебі – тіл туралы заңның 7-бабының 2-тармағы екенін айтады тіл жанашырлары. Ал біз қазақ тіліне орыс тілін қосып қойған қоспақ заңнан құтылудың орнына, екінші тілдің мәртебесін көтерудің қам-қарекетін жасап әлекпіз.

Тегтер: тіл қазақ тілі мемлекеттік тіл орыс тілі ресми тіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16