Оталған орман...

Сағындық РАХЫМЖАН

27.09.2022, 14:15

1593

Петропавлда кәсіпкер күре жолдың бойында жайқалып өсіп тұрған қайыңдарды шауып тастады. Айтуынша, жер өз меншігі, не істесе де құқылы. Осылайша, табиғатқа жаны ашымайтын бизнесмен орманның орнына техникалық қызмет көрсететін орталық салмақ.

          Петропавлға кіреберістегі Лесхоз ауданы жайқалып тұрған жасыл желегінен айырылды. Қазіргі таңда ағашты отау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.   80 сотық жерде кәсіпкер Фамиль Абдуллаев автосервис орталығын салмақ. Жергілікті шағын аудан тұрғындары наразылық білдіріп, орманды отап, күре жолдың шаңынан қорғап тұрған «тірі қалқаннан» айырылғандарына шағымданып отыр.

– Орманды отап тастады. Маңай кәдімгідей жалаңаштанып қалды. Жолдың шуы қатты естіліп тұрады. Маңай қап-қара шаң болып кетті. Балаларымызды далаға шығаруға қорқамыз. Бұл жерде бизнес нысаны болса, кім болса сол келеді. Жүк көліктері тоқтайды. Кәсіпкер ҚР Заңдарына бағынып отырған жоқ. Ешқандай рұқсатсыз ағаштарды аяусыз кесіп тастады, – дейді қала тұрғыны Эльмира Қажымұратова. 

Тұрғындар дабылынан кейін ағаш отаушылар жұмысы тоқтаған. Бірақ көп ұзамай, қайта жанданды. Осылайша, орманның жартысын бұтап тастапты. Бүгінде қаланың кіреберісі сұрқай тартып, сәнінен айрылып қалған.

Қаланың бас жоспарында бұл аумақ – орманды алқап ретінде көрсетілген. Яғни, көшенің де ауданның да сәнін кіргізіп тұрған жасыл массив. Экологиялық ахуалы алаңдататын теріскей өңірінің табиғи қорғаны болатын. Енді ол да жоқ. «Жер иесі» Фамил Абдуллаев «ағаштың киесінен» қорықпайтын сыңайлы. Өйткені ол оны сатып алған. Бар болғаны 300 мың теңгеге...   

– Бұл жерді ағам 2007 жылы әкімдіктен сатып алған. Қанша төлегенінде шаруам жоқ. 2011 жылы маған 300 мың теңгеге сатты. Өз мүлкімді қалай пайдалансам да өз еркім. Қалалық әкімдікке хабарладым. Қолымда барлық тиісті органдардың рұқсаты бар. Жарық пен су құбырын тартып қойдық. 2007 жылы 270 гектар жер орман алқабынан шығарылып, жер үйлер салынды. Ағашты отап, тұрғын үй салғанда, неге бизнес нысанын салуға болмайды екен, – дейді Ф. Абдуллаев. 

Кәсіпкердің айтуынша бұл жерге қонақ үй мен автосервис салмақ. Миллиардтаған инвестиция салады, 200-ден астам адамды жұмыспен қамтиды-мыс… Оған кедергі келтіріп отырған ағаш екен. Түсінбей, азар да безер болып отырған тұрғындар қолбайлау болып отыр екен. Міне, кәсіпкердің сөзінен ұққанымыз – осы.

Оталған орман жанында жиналған халық қалалық әкімдік өкілдеріне шағымын жеткізді. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, аталған учаскені әкімдік мемлекет меншігіне қайтармақ болғанымен нәтиже шықпаған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі де бұл фактіні растады. 

«2006 жылы жер учаскесі орман қорынан шығарылып, сатылып кеткен. 2007 жылы қонақ үй, тұрақ салу үшін кәсіпкер Бахтияр Абдуллаев пен қала әкімдігі арасында сатып алу, сату келісім шарты жасалды. 2020 жылы қала әкімдігі ауданаралық сотқа жер учаскесінің берілуінің күшін жою туралы арыз жіберді. 2021 жылы апелляциялық сот кәсіпкер Фамиль Абдуллаевтың талаптарын дұрыс деп тауып, жер учаскесі бойынша құқықтарын сақтады. Кәсіпкерге учаскеде жобалау мен құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген. Петропавл полициясы ағаш кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізіліп жатыр. Былтыр осындай факт Қызылжар ауданында болды. Кәсіпкер рұқсатсыз ағаштарды кесіп тастады. Бұл жағдайдан кейін Қызылжар ауданының әкімдігі жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Қазір ақшалай өтемақы бойынша сот жалғасып жатыр», делінген СҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жер 2007 жылы сатылып кеткен. Сол кезде Петропавл қаласының әкімінің  қызметін Владимир Никандров атқарған. Қазіргі таңда ол кісінің қайда және немен айналысып жүргені беймәлім. Тек, соңғы жылдары Никандров басшылық еткен тұста қала аумағында учаскелердің көптеп сатылғаны жайлы мәліметтер  шығып тұрады. Оларды қайтару да мүмкін емес. Қалталылар иеленіп алған жерін оңайлықпен бергісі жоқ. Зардабын қарапайым халық көріп отыр. Лесхоздықтар да орманның орнында қандай да бір нысан салынғанын қалап отырған жоқ. Сотқа беріп, орманды қалпына келтіруін талап етіп отыр. Айдын күннің аманында үйінің алдындағы саясынан айырылғанымен қоймай, күні-түні ығы-жығысы толастамайтын мазасыз көршіні кім ұнатсын?!

Дегенмен мәселе бұл ғана емес. Жергілікті халықтың көзінен де сөзінен де қазақтың жерін келімсектер қашанғы иелене береді деген сауалды көрдік. Ал 80 сотық жер сол кезде қаншаға сатылғанын қалалық әкімдік те, кәсіпкер де жасырып отыр.

Осылайша, айдын-күннің аманында орманынан айырылған қарапайым халықтың бүгінде соттан басқа сенері болмай тұр. Прокуратура араласып, құқығымызды қорғаса,  әділдік тапсақ деген үміті бар. Бірақ күдік те жоқ емес секілді. Егер кәсіпкер өз меншігім деп айтқанынан қайтпаса, ал жергілікті билік бизнесті қолдаймыз деп тұрып алса, жергілікті тұрғындарға «ұнамаса көшіп кет» дейтін тағы бір адамның табылғаны дей беріңіз.

Тегтер: төтенше жағдай апат оқиға

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Серік МӘЛЕЕВ 10:00
Роман Скляр сатқын ба?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:59
Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.11.2022, 08:41
Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.11.2022, 09:30
Журналист киллерге кешірім берді
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:30
2023 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 25.11.2022, 07:22
Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43