Отарлық сананың мызғымас ошақтары

(Петропавл және Павлодар атаулары хақында)

Талас ОМАРБЕКОВ

14.01.2021, 14:05

2586

Арғы тарих не дейді?

         Қазіргі терістік Қазақстандағы Петропавл және Павлодар қалаларының атаулары Ресейдің кейбір саясаткерлерінің Қазақстан аймағының қалыптасуы туралы ұшқары да негізсіз тұжырымдар айтуларына байланысты тарихымызда арнайы назар аударуды қажет ететін мәселеге айналатын түрі бар. Айтарымыз: қазақ даласында мұндай қалалар бой көтермей тұрып-ақ, сандаған ғасырлар бұрын бұл аймақ түркілердің (түркіттердің) және олардың бабаларының ерсілі-қарсылы көшіп жүрген атамекені болатын. Қытай жылнамаларына назар аударсақ, бұл аймақты ежелден-ақ түркітілдес теле және телес тайпалары одағына кіретін халық мекендегенін аңғарамыз. Орта ғасырларда бұл өлке Түрік қағанатының құрамына енсе, ал VIII ғасырдан бастап мұнда, Ертіс бойында және одан оңтүстік-батысқа қарай бұрын түркітілдестердің Сір-Енда қағанатына қараған қимақтар мен оғыз-қыпшақтар орналасқанын көреміз. Тарихқа Құлынды даласы деген атпен енген бұл аймақта біртіндеп арғы тегі дінліндерден және хұндардан бастау алатын қыпшақтар үстемдік алды және бұл «Қыпшақ даласы» деген атауға ие бола бастады. Ал енді қазақтың тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататынын тілші ғалымдар әлдеқашан-ақ дәлелдегені белгілі. Шығыстан бұл өңірді жаулай келген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы да қыпшақ тайпаларының этникалық бірлігін ыдырата алған жоқ. Қайта осы аймақ тұрғындарының ықпалына түсіп, оның өзінің де, ұрпақтарының да қыпшақтана бастағанын білеміз.                                                                      Алғаш Жошы ұлысы, Ақорда, онан соң Қазақ хандығы құрамына енген бұл аймақта орыс отарлауы қарсаңында Алты Алаш бірлестігіне енген қазақ ру-тайпалары мекендеген еді. Халық орыстар келді екен деп, ата-баба мекенін тастап кете қойған жоқ. 1890 жылы Петропавл уезінде 100 886 адам тұрып жатқан болса, соның жартысынан көбі қазақтар еді. Бұл аймақ арғын, қыпшақ, керей, уақ тайпаларынан тараған рулардың атамекендері болатын. Павлодар уезіндегі халықтың негізін арғындар және оларға аралас қоныстанған қыпшақ және найман рулары құрады. Қыпшақтар уездің солтүстік бөлігінде Ертістің екі жағына орналасса, найман, уақ, керей рулары  осындағы әртүрлі аймақтарда қыпшақтармен және арғындармен араласа қоныстанған еді. Алайда қазақ жерін отарлаушылар күшпен ру-тайпалар мекеніне сыналай кірді және оларға өздерінің тілін, салт-дәстүрлерін зорлап таңды.                                                                         

Бүгінде тәуелсіздік алдық, Қазақстан дербес мемлекет ретінде қалыптасты десек те, терістіктегі алпауыт көршіге ұзақ уақыт отар болып, сағы сынған еліміз бұрынғы Ресей мемлекетіне тән кейбір атауларды «сары майдай» сақтап келеді. Осы, саяси тұрғыдан «қауіпті» аймақтағы ірі қалалардың орысша атауларының өзгермеуі біздің ресми құжаттарымызда жиі айтылатын «Тәуелсіз ел» және «Мәңгі ел» деген ұғымдардың болашағына өзіміздің азаматтарымызды және ресейліктерді күмәнмен қарауға еріксіз итермелейді. Ресей думасының кейбір беделді депутаттарының біразының осындай пиғылда екендері осының нақты көрінісі. Зерттеуші болғандықтан, осы мәселеде біз аталған қалалардың атын өзгертуге қарсы немесе немқұрайды қарап отырған азаматтарды кінәлаумен әуестене алмаймыз. Өйткені біздің ұғымымызда олар бүгінгі күннің саяси мүддесімен ғана өмір сүріп үйренгендіктен, шын мәнінде және ең бастысы, осы орыс тіліндегі қалалар атауларының шығу жөніндегі тарихи білімдерден мүлде мақұрым қалған жандар деп ойлаймыз.

                                      Алғаш Кереку, онан соң  Павлодар

         Тарихшы М.Қозыбаев өзінің Ермакқа байланысты әйгілі мақаласында куәгерлер естеліктеріне сүйеніп, Павлодар өңірін жергілікті қазақтардың Қызылшырпы атағандарын айтады (Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. А.,1992. 200-201 бб.). Алайда мұндай атау тарихи деректерде кездесе қоймайды. Біздіңше, әңгіме Қызылағаш атауы туралы болып отырған тәрізді. Ол орыс экспедициясының материалдарында бар. Иә, алысқа бармай-ақ,  ХІХ ғасырдағы осы аймақтардағы болыстар атауларына шолулар жасасақ, «қызыл» атауының бұл аймақтарда жиі кездесетінін айқын байқаймыз. Мысалы, Павлодар уезінде Қызылағаш, Қызылтау деген болыстар кездесетін болса, осы маңда тағы да Қызылшоқы, Қызыладыр, Қызылқұм, Қызылсор атты жер аттары да кездеседі. Алайда Ертіс бойында Павлодар форпостының салынуы көп кешікпей-ақ мұндай қазақы атауларды ығыстырып шығарды. Мұның өзі патша өкіметінің солтүстік Қазақстандағы отарлау саясатының күшейе түсуінің нақты нәтижесі еді. Ертіс бойындағы әскери казактардың қазақ жерін жаулау әрекетін осында көшіп келген орыс шаруалары да нығайта түсті. Олардың бір бөлігі осында жаңа жерлерді игерумен қатар, тұз кәсіпшілігін өркендетумен де айналысты. Мұндай тұзды көлдердің бұл аймақта өте көп кездесетінін кезінде тарихшы А.И.Левшин де атап көрсеткен болатын. Осындай тұзды көлдердің бірінің маңынан Коряков деген орыс казагы тұз өндіретін кен орнын ашады. Оның есімін қазақ тіліне икемдеп алған  жергілікті қазақтар Кереку дейтін болды.

       1716 жылдан бастап Ертістің оң жағалауында патша өкіметінің әскери отаршылдық саясатының тірек пункті ретінде орыс казактарының күшімен тағы да бес қамал салынды. Олардың  ішінде 1718 жылы Семипалатинск, 1720 жылы Усть-Каменогорск бой көтерді. Осы қамалдарды өзара байланыстыру үшін олардың араларына жеті форпосты салынды. 1720 жылы отарлаушы Сібір казактары осы жерде форпосты, яғни әскери бекініс орнатып, оны Коряков әскери бекінісі деп атады. Бұл орыс-казак қамалы әйгілі Құлынды даласының оңтүстік-батыс жағында, Ертіс өзенінің оңтүстік жағасына орналасқан еді. 1838 жылы осында Коряков  станицасы салынды. 1861 жылы Столыпин реформасынан кейін солтүстік Қазақстанға орыс шаруаларының жаппай қоныстануы бұл аймақты біржолата орыстандыруға жол ашты. Енді аталмыш станица атауының қайдағы бір елеусіз Коряков дегеннің есімімен аталуы орыс шенеуніктерін қанағаттандыра қойған жоқ. Сондықтан да орыс келімсектері есебінен көлемі қарыштап өсе түскен  бұл елді мекен енді Петр ІІІ мен Екатерина ІІ ұлы император Павел І (1754-1801) есіміне сәйкестендіріліп, Павел форпостысы (Павлодар) деп аталатын болды. Ол енді Семипалатинск облысына қарайтын Павлодар уезінің орталығына айналды. Мұның өзі бұл қаланың біртіндеп нығая түсуіне жол ашты. Дегенмен жергілікті қазақтар жаңа атауды бірден қабылдай қоймай, бұл қаланы бұрынғы орыс көпесі Коряковтың есімімен байланыстырып, Кереку деп атап жүрді.        

         Кейбір әдебиеттерде осы күнге дейін Павлодар қаласының атын Әулие Павелдің атымен байланыстыру орын алып келді. Кеңестік кезеңде жарық көрген кейбір әдебиеттерде Әулие Павел апостолдар қатарына жатқызылып жүрді. Шындығына келсек, шіркеу рәсімі бойынша Жаңа өсиетте (Інжілде) көрсетілген Айсаның (Христостың) 12 шәкірті болып есептелетін апостолдар (елшілер) қатарында Әулие Павелдің кездеспейтінін кейінгі зерттеулер көрсетіп отыр. Мұны «Әулие Павел» деген есімнің тарихи деректерде аталмауы да аңғартады. Егер Петропавл о баста «Әулие Петр» қамалы аталған болса, ал Павлодар атауының ешбір әулие есімімен байланысы жоқ. Әулие Павел атында қазақ жерінде ешқандай да қамалдың немесе форпостының болмағанын 1832 жылы қазақ тарихынан іргелі еңбекті жарыққа шығарған А.И.Левшиннен де аңғарамыз.                                           Ал енді қалаға есімі берілетіндей  Ресей императоры Павел І кім еді? Оның өмірбаянына көз жүгірткен адам оның қазақ жеріндегі қаланың қалыптасуына ешқандай да еңбек сіңіре қоймағанын айқын аңғара алады. Ол ең болмаса орыстардың қазақ жерін жүйелі  түрде отарлау ісіне де елеулі үлес қоса алған жоқ. Орыс тарихшыларының өздері кезінде Павел І-ге төмендегідей сипаттама берген болатын: «Мелкая придирчивость Павела І, усугублявшаяся его психической неуравновешенностью, самодурство, рост централизации и бюрократизации гос. аппарата вызвали недоволство даже среди дворян (в т.ч. части сановного дворянства)… В среде гвардейских офицеров созрел заговор против Павела І… В ночь с 11 на 12 марта 1801 в Михайловском замке заговорщики убили Павля І» (Цамутали А.Н. Павел І.//Советская историческая энциклопедия. Х том, 798-709 б.). Ал енді осы айтылғандардан мынадай логикалық сауал туындайды: өзінің елінде қадір-қасиеті төмендеп, халық алдында абырой-беделден айырылып, бәрін масқара өліммен аяқтаған осындай патшаның есімін әспеттеп Қазақстанның ірі қалаларының бірінде сақтап қалуға қандай қажеттілік бар бүгінде?

                            Петропавл атауы қалай пайда болды?

          Ал енді елді мазалап жүрген Петропавл атауы қайдан шықты деген сауалға да жауап беруге тырысып көрелік. 1740 жылы В.Беринг пен А.Чириков бастаған ресейлік екінші экспедиция алыстағы қар басқан Камчаткаға келіп жетті. Олар осында жаңа әскери бекіністің негізін қалады. Бұл бекініс олардың өздері мініп келген «Святой Петр» және «Святой Павел» атты кемелердің атауларына сәйкес, екі әулиені біріктірген Петропавл атауына ие болды. Қазақстанда  отарлау жүйесінің күшеюіне байланысты Ертістің бойында жаңа бекіністер мен форпостылар салына бастаған кезде олардың бірі осы, орыс жерінің шалғай аймағын қорғап тұрған Камчаткадағы  Петропавл бекінісінің құрметіне аталды. Бұл, бір жағынан, теріскей қазақ даласын Ресей аймағына айналдыруға бағытталған алғашқы қадам еді. Петропавл қамалы Сібір казактарының  Горкая Линия деп аталатын жаңа әскери қамалдар тізбегіндегі басты бекіністердің бірі болды және ол алғаш Әулие Петр қамалы атанды. Мұнда  жаяу әскер батальоны, драгундардан, казактардан, башқұрттардан құралған әскери гарнизон орналасты және осында қару-жарақ қоймасы орнықты. Петропавлдан шығысқа, Омбыға қарай қатар-қатар төрт қамал және тоғыз редут орналасса, ал батысқа қарай  алты қамал орналасты. Жыл өткен сайын Сібірдің шекаралық шептеріндегі бекіністер саны да көбейе берді. 1755 жылы осында  2991 шақырымға созылған шекарада 18 қамал, 13 форпосты, 31 редут, 23 станция және 35 маяк жұмыс істеді. Мұның өзі қазақ көшпелілерінің Ертіс, Есіл және Тобыл, сондай-ақ Ертістің оң жағалауы аралықтарындағы жазғы жайылымдарының ауқымын тарылтып, қазақтар мен Сібір казактарының арасындағы жерге байланысты алакөздікті өршіте түсті.

         А.И.Левшин өзінің еңбегінде  Желдібай көлінің Әулие Петр қамалынан оңтүстік-батыста 135 шақырым қашықтықта жатқанын айтады. Алғаш Әулие Петр атанған және қазақтың Қызылжар аймағында орманды далада бой көтерген бұл қамал отаршылдардың әскери бекінісі ғана  болатын. Қаланың іргетасы 1752 жылы қазақ жерін отарлаушы Сібір казактарының әскери бекінісі ретінде қаланғаны белгілі. Бұл Петр І-нің шығысты отарлау саясатымен тығыз байланысты болды. Алайда әскери бекіністің бұл маңда бой көтеруінің бір себебі бұл жерде о бастан-ақ қазақтардың Еңқыстау деп аталған елді мекені бар еді. Сонымен қатар бұл аймақ сол тұста өзенге төніп тұрған қызыл жардың атымен Қызылжар деп те аталатын еді. Алғашында әскери форпосты ретінде салынған бұл бекініс кейіннен Сібір татарларының  (түркілерінің) қаласы атанды. Өйткені іргелі сауда орталығында орналасқандықтан, мұнда татар саудагерлері де көптеп қоныстана бастады. Бірақ шын мәнінде қаланы билеушілер орыс казактары, әскерилер еді. Қала о бастан-ақ патшалық Ресейдің солтүстік және орталық Қазақстанда отарлау саясатының басты тірегіне айналды. Алайда орыстардан басқалардың бәрі бұл жерді бұрынғыша Қызылжар деп атаудан бір жаңылған жоқ.                                   ХVІІІ ғасырдың 70-80 жылдарында қамал орыс құжаттарында бірде Әулие Петрдің есімімен аталса, бірде Петропавл атауымен көрсетілді. 1782 жылы Абылай ханның ұлы Уәлиді орыстар хан көтергенде бұл қамал әлі Әулие Петр атында болса, ал 1798 жылы Петропавл атала бастады. Ол 1838 жылы Есіл округінің, 1868 жылы Ақмола облысының құрамында уездік қала ретінде өркендеді және Сібір мен Түркістан сауда жолында орналасқан бұл қала Ресей мен Орта Азия хандықтарының қазақ даласы арқылы өтетін сауда- саттық қатынастарының басты орталықтарының біріне айналды. Орта жүздің ханы ретінде Екатерина ІІ тарапынан мойындалған Абылай хан осында ірі сауда орталығын ашуға рұқсат алды. Тарихи деректерден Абылай ханның осында өзіне арнап  үй салдырғаны белгілі. Осыған байланысты Левшин былай деп жазады: «К султану Аблаю велено немедленно послать инженерных офицеров, с тем, что бы они построив ему дом со всеми нужными принадлежностями и помещениями, обнесли они валом в виде крепости, для самолюбия киргиза такой знак отличия был очень  важен». Отаршылдарды әшкерелеген Левшин онан әрі қырғыз сұлтандары мен Абылай ханның орыстарға бодан болуы туралы  келісімін алу үшін осындай әртүрлі әдістер қолданылғанын атап көрсете келіп, Абылай ханға  Петропавловскі қамалына қарсы бетте біраз жыл өткен соң, шынында да, үй салынғанын жазады. Шындығына келсек, Абылай ханның бұл қалада үй салдыруының өзіндік саяси астары бар болатын. Абылайдың әрекеті шын мәнінде орыстардың солтүстік Қазақстан аймағына тереңдеп енуіне кедергі жасау пиғылынан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ ханының жаңа шаңырағының орыс қамалына қарсы салынуы және Абылай үйі төңірегіне татарлар мен қазақтардың көптеп қоныстана бастауы сол кездегі қазақ даласындағы отаршылдыққа қарсылықтың нақты көрінісі еді.

                   Әулие Петр мен Әулие Павел туралы не білеміз? 

          Әулие Петр мен Әулие Павел атын жамылған отаршылдық орталығы Петропавл туралы айтқанда бұл аталған әулиелер кімдер еді деген сауалға  жауап беруге тура келеді. Бұл туралы кезінде орыс тарихшыларының өздері нақтырақ жазған болатын.Әулие        Петрдің евангелия бойынша басты апостолдардың бірі болып табылатыны белгілі. Оның христиандықты қабылдағанға дейінгі есімі – Симон. «Матвейдің евангелиясында» ол он екі апостолдар арасында алғашқы болып көрсетілген және оны шақырған тасқа шіркеу салынған. Алайда дәл осы евангелия оның Христостан үш қайтара бас тартқанын да атап көрсетеді. Шіркеу аңыздары бойынша Петр Римнің алғашқы епископы болған және Неронның тұсында христиандарды қудалау кезінде өлім жазасына кесілген. Христиан шіркеуінде басты орынға ие болу үшін Рим папалары өздерін осы Петрдің мұрагерлері ретінде көрсетеді. Ерте христиандық кезеңде жаңа дінде иудаизмнің кейбір элементтерін, мысалы сүндетке отырғызу дәстүрлерін, сақтап қалуға шақырушылар өздерін осы Петрдің жолын қуушылар ретінде көрсетіп келді. Бірақ кейініректе мұндайлар шіркеу тарапынан еретиктерге жатқызылып, қатты қуғындалды.                   Енді Әулие Павел дегеннің кім екеніне тоқтала кетсек. Павел ерте христиандық дәстүрде апостолдардың бірі ретінде көрсетіліп келді. О бастағы есімі – Савл. Оны жаңа өсиетке кіретін 14 жолдаманың авторы ретінде көрсететін дінтанушылар да бар. Бірақ бұл жолдамалардың шіркеу аңыздары бойынша І ғасырда өмір сүрген Павелдің тұсында емес, одан кейінгі жүзжылдықта, яғни ІІ ғасырдың орталарына дейінгі тарихи кезеңде және бір емес, бірнеше адамның күшімен құрастырылғаны анықталған. Павелдің қызметі «Деяния апостоловта» нақтырақ көрсетілген. Ол бойынша ол алғаш христиандарды қудалаушы ретінде көрсетілсе, кейіннен «қайта туып» шоқынған соң, өзінің есімін Савлдан Павелге өзгертіп, христиандық ілімдерді қолдауға көшті. Ол діндарлар арасында иудизмнен бас тартқан, христиандықты қолдаушылар көсемі ретінде мәлім. Бұл ағымның христиандықта ІІІ ғасыр басында жеңіске жеткені белгілі. Алайда кейінгі зерттеушілер, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Павелдің апостол болғанын теріске шығарады. Осындай күмәнділікті отарлаушылар да айқын байқап, Коряков бекінісін Әулие Павел бекінісі деп атауға бара қойған жоқ.                   Қазіргі кезде Қазақстандағы Петропавл және Павлодар қалаларының атауларын өзгертуге қарсы шығушылар әдетте осы біз әңгімелеген екі әулие есімдерін құрметтеуге шақырады. Республика халқының басым көпшілігі мұсылмандар, ал негізгі халқы қазақтар болып отырғанда айдаладағы және ежелгі Рим аймағынан шыққан әулиелер есімдерін тәуелсіз Қазақстанның көрнекті қалаларында сақтап қалуға қандай қажеттілік бар? Оның үстіне екі әулие есімдерін бір қаланың атына біріктіріп тұрған Петропавл атауын осы қалаға бергендердің еш бас қатырмастан Қазақстаннан алыстағы Камчаткадағы қаланың атын ойланбай қайталағанын көріп отырған жоқпыз ба? Тіптен Камчаткадағы Петропавлдың атын қойған экспедиция мүшелерінің өздері де ондағы қаланы екі әулиенің есімімен емес, өздері мініп келген «Святой Петр» және «Святой Павел»         атты кемелерінің атымен атады емес пе? Ал енді бұл экспедицияның біздің бүгінгі тәуелсіз елімізге және оның облыс орталықтарына айналған іргелі қалаларына қандай қатысы бар?          Осындай сауалдарға жауаптар іздестіргенде біздің Қазақстандағы Петропавл және Павлодар қалалары атауларының дін әулиелерін немесе тарихи ірі тұлғаны әспеттеу ретінде, сондай-ақ Камчатканы ашқан экспедицияның ғылыми ерлігін құрметтеу тұрғысынан қойылмағаны айдан анық бола түседі. Шындығына келсек, кезінде аталмыш қалалар төңірегінде қоныстанған және көшіп жүрген қазақтарды көзге де ілмеген және мүлде менсінбеген отарлаушылар үшін жаңа әскери бекіністер қалай аталса да бәрібір, бірақ міндетті түрде орыс тілінде және жоғарыдағы патша ағзам төңірегіндегілерге ұнамды да түсінікті естілуі керек болды.                

                                     Қазақ қан төгіп қорғаған...

         Солтүстік Қазақстан өңіріндегі аталмыш орыс-казак қамалдары о бастан-ақ қазақ ауылдарына жортуылдар жасап, қанды жорықтар ұйымдастыруды  әдетке айналдырды. Мұндай жортуылдардан тіптен белгілі сұлтандардың ауылдары да тыс қала алған жоқ. Тарихи деректерде бұрын Қызылжар атанған бұл аймақты орыс отаршыларына бермеу әрекетін Кенесары ханның да жүзеге асырмақ болған әрекеттері айтылады. Берік Әбдіғалидың Әлімбайұлы Дөскей ел аузынан жинап, жариялаған Кенесары туралы әңгімелерінде мынадай жолдар бар: «Қызылжардың жерін біржола өлшеп алуға келген инженер және әргерей генералдың келгенін көрген Кене хан біраз сарбаздармен барып, оларды түріп айдап шықты. Олар Николайға «Кене бастаған қазақ батырлары бізге қарсы шықты» деп арыз етті. Николай көп солдат жіберді. Николай солдаттарын Кене бастаған қол «бері өткізбейміз» деп, қанша қолмен қарсы тұрды. Николайдың солдаты қаптап келіп қалды. Тарақты Байғазы батыр мен арғыннан Ағыбай, төртуылдан Жанайдар батыр және Танаш батырлар бастаған 250 қол Николайдың солдатымен ұрыс салды. Қызылжар басында жеті күн, жеті түн керемет ұрыс болды. Екі жақтан да адамдар көп қырылды. Батырлар оңынан да кірді, солынан да кірді. Бірсыпырасын Кене әскері қырды. Әбден қызыл қанға батып, өшікті. Ақырында жауыз Николайдың солдаттары әбден жеңіле бастаған соң, зеңбірек атылады. Кененің нөкерлері зеңбіректен қорқып саспады. Алға ұмтыла түсіп, бекіністерді алды. Көп солдаттарын қолға түсірді. Николайдан 250-ден астам солдат қырылды. Кененің 500 нөкері өлді, жарым жартысы қолда қалды. Сонда Ағыбай батырдың Кенекеңе айтқан сөзі: «Қазақтың мақалы бар еді ғой: «Орыс көп пе, орман көп пе?» дейтін, мұның ар жағынан келе беретін ләшкарлар көп, санаулы ләшкарлары болмаса, елдегі дұшпандарымыз да аз емес еді ғой». Иә, Кенесары тәрізді азаматы бар халық бақытты. Дегенмен де жоғарыдағы жолдарды оқыған әрбір қазақты біз Кенесары қалдырған ұлт рухына адал болып қала алдық па деген сауал мазалауы керек емес пе?!                                                     

Жоғарыда айтылғандардан төмендегідей қорытындылар өзінен-өзі  туындайды:

1) Петропавл мен Павлодар атаулары бізге отарлаушы патшалық Ресейден қалған тарихи «мұра». Тәуелсіз елдің мұндай «мұрадан» жалтақтамай бас тартуы және  аталған қалаларға сол аймақтағы байырғы тарихи атауларды қайтаруы керек. Мұндайда мемлекет құрушы халықтың тарихына күмән туғызып, көлеңке түсіретін кез келген атаудан батыл түрде арыла алмаған елдің болашағы әрқашан да күңгірт болып келетінін ұмытпаған жөн.

2) Көрші мемлекеттер арасында дау туғызып, қазақ деген халықтың ар-намысын таптап отырған мұндай тарихи атаулардан шұғыл түрде бас тарту қажеттігін еліміздегі басқа ұлттарға белсенді түрде түсіндіруге міндеттіміз.

3) Мемлекеттік органдар мен партиялық және қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы тәрізді органдар жалтақ та жасқаншақ, құлдық психология құрсауынан құтылып, осындайда тәуелсіздік мүддесіне сай әрекеттерге барып, өздерінің мемлекет құрушы ұлт төңірегіне тығыз топтаса түсуге дайын екендіктерін нақты істерімен дәлелдеулері қажет деп ойлаймыз.

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44