Өз балаңды өзекке теппеші

Жарлы БАЙҒАНИН

22.10.2020, 04:55

6812

Мен бұл жігіт ағасымен кездейсоқ танысып қалдым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Қытайшаға судай. Екеуміз оны-мұны жағдайды әңгіме қылдық. Бір кезде ол өзінің қайда жұмыс істегені туралы айтып қалды. Біраз уақыт Қазақстанның батысындағы облыстардың бірінде қытайдың мұнай компаниясында аудармашы болыпты. Жұмыстың қиындығын айтты. Үй-күйіңді көрмей, алыс далада еңбек етесің деді. Сосын қытайлардың қазаққа қалай мәміле жасап, қалай жұмыс істететінін айта бастады. Енді соған кезек берелік: Бір күні мұнай бұрғылап жатқан 60 шақырым жерден қалаға келдік, көлікті мен жүргіздім. Қасымда бір жас қытай бастық бар. Содан ол дүкенге кіріп, бірдеңелер алатын болды да, дүкенге кіріп кетті. Күн бұлтты еді. Ол шығамын дегенше, жаңбыр жауып, қытай бастық машинаға жеткенше, үсті аздап су болды. Кіре сала, әй-шайға қарамай, «иттің баласы, көлікті неге тура дүкеннің аузына тақап апармайсың, менің үстім су болды» деп кіжіне жөнелгені. Мен үндемедім, алайда ашудан жарылардай болып отырған соң, бірер ауыз қатқыл жауап берген болуым керек. Жыл соңында сыйлық ақша берген кезде әрбір қытай 10 мың АҚШ долларын алды да, маған 3 мың доллардай ғана берді. Міне, теңсіздік. Бұл секілді мысалдар көп… Бәрінен қорлығы тағы бір қытайдың маған қазақтардың бәрі «анаусыңдар» (.......) деп қойып қалғаны болды. Мен бар қазақты бұлай атағанына намысым келіп тұрса да себебін білейін деп «неге олай айтасың?» дедім. Сонда ол қытай маған былай әңгіме айтты: Мен екі жыл Араб елдерінің біріндегі қытай компаниясында өзімше үлкен бастықтардың бірі болып жұмыс істедім. Сол кезде біз мұнайға жауапты арабтардың кеңселеріне кіре алмай, зар илейтінбіз. Сондықтан оларға кезігудің ең бір сәтті уақыты арабтардың жұмыстан шығып көлігіне отыратын кезі болатын. Егер сол кезде де көлігіне отырғанша, үлгеріп барып, айтатын шаруаңды айтсаң, жолың болғаны. Олай болмағанда, оларды машинамен қууға тура келеді. Тіпті 70-80 шақырымға дейін ілесіп отырып, үйлерінің, не басқа демалыс орындарының қасына барғанда, сөйлесіп қалатынбыз. Сол кезде олар келген бізді көріп, көліктерінен түсіп те қоймайды. Терезесінен көз салып, «не жұмысың бар?» деп иек қағады. Бізді инвестор екен, шетелдік, басқа елдің адамы деп елеп те қоймайтындай. Біз олардың артынан осылай жүгіріп жүріп, шаруаларымызды реттеуге тырысамыз. Мен сол үшін оларды құрметтеймін. Олар өзін сыйлата біледі, басқалардың алдында өздерін өр ұстайды. Ал Қазақстанда мені және мен секілді бастықты көрсе, керісінше, осы жердегі мұнайдың иесі, соның айналасындағы бастықтар жалбаң қағып, қаумалап жүріп, кәукелектеп қалады. Сол кезде біз жаңағы арабтар құсап, өзімізді керемет сезінеміз. Ал жалпақтап жүрген қазақтардың құны жоқ, қадыры аз, өзін сыйлата да, бағалата да алмайтын халық секілді көремін. Сол үшін осы сөзді айтамын деді. Мен бұған қарсы дау көтере алмадым, өйткені оның менің бетіме басып отырғаны – өзім де көріп жүрген жайт еді… Жер болып, өтірік намыстанғаннан басқа амалың не?.. Міне, аудармашы жігіт осылай деді. Қазақтың қадірі неге қашты, ақша мен мансапқа құлдықтан ба, әлде жаншылған рухын оята алмай, рухани сана құлдығына тәуелсіздіктен кейін де әлі ойсыздықпен бас иіп отыруынан ба? Неге әлі басқалардың табанында таптала береміз?

Р.S.

Әлеуметтік желілерде желдей ескен осы бір жазбаның жан ауыртары жасырын емес.

Оған тағы бір себеп – биыл көктемде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында тұратын бір інішектің елде болып жатқан бір жағдайларға араласпақ болып, күйіп-пісіп жүргенінің куәсі болғанмын.

Сонда оның: «Тамақ үшін құл болып, өз бауырын жат етті!» деген осы, аға! деп «аһ» ұрғанын көрсеңіз.

Бақсақ, бақа екен демекші, әлгі жерде цемент зауытын салып жатқан қытайлар жұмысшы қазақтарға күн көрсетпейді екен. Отырса – опақ, тұрса – сопақ! Өздеріне дес бермеген соң, сол жердің жұдырығы жуан жігіттеріне ақша төлеп, өз қазағын сабататын қылыпты… Кімге өкпелейміз?!

Баяғыда есек пен қасқыр бір шөптің түсі тұрғысында қатты салғыласып өздері шеше алмаған соң, қазылыққа Арыстанға жүгінсе керек. Аң патшасы сөзге келместен, қасқырды қаматып тастапты.

Қазылыққа қатты қапаланған қасқыр өзінікін дәлелдемек болып, өзеурей бергенде, арыстан: Сенікі дұрыс, білемін. Бірақ мен сені есек пен есек болғаның үшін ғана қаматып отырмын, – деген екен.

Жаны бар әңгіме. Егер де есі бар соттың үкімі осындай болса, біз де Қазыға еш ренжімес едік пе, кім білсін? Бізде бәрі керісінше сияқты...

Сол айтпақшы, өз жерінде өгейдің күйін кешкен қазекең «Орысқа қазақша жауап қайтарсаң да орныңнан босатыласың» дегенге жүні жығылып қалғандай. Келімсек біткеннің барлығы, қазақты қорлап бітті. Асхана мен базарға кірсең, түрік пен ұйғыр басшыларының алдында қыбын табу үшін қылмыңдағаны қылмыңдап, қалғаны құрдай жорғалаған қаракөздеріміз. Оған енді қытай мен дүнген қосылды.

Араларында анклав жасап алып, енді автономия сұрағысы келіп жүргендер де жоқ емес. Тек «етектен алар» уақытын күтуде. Олар кешіріңіз, қазақтың тілі тұрмақ өзіне де түкіргені бар.

Божко ма, басқа ма, ата-бабаңды қорлап жатса да басынан сипап қоя саламыз да қит етсе, қазақты жазықты қылып шығарамыз, бұл не? Тек бұл жерге қасқыр мен есек туралы қағидатты қыстырудың еш қажеті жоқ!

Әрине, түгелдей дерлік, бір ұлт немесе ұлысты кінәлау да орынсыз болар. Сондықтан ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін біртұтас Ел болуды көздеген абзал. Ол үшін қит етсе, қазақты ғана кінәлі қыла бермей, ақ-қарасын анықтап, сот үкімін әділ шығарса болғаны.

Әйтпесе, тап осылай кете берсе, түбі жақсылықпен бітпесі анық. Олай болса, ойланған да жөн шығар?     

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ЖАҚАШ 09:25
Маминның «малы» мұхит асты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.11.2020, 16:48
Ауылда отырып айына 300 мың теңге табатын 13 жастағы баланың арманы не?
Бифат ЕЛТАЕВА 19.11.2020, 13:11
COVID-19: Дәрумендер шынымен дертке дауа ма, дәрігерлер қандай кеңес береді?
Қарлығаш Зарыққанқызы 17.11.2020, 09:32
Зейнетақы қоры ма, әлде маңдай тердің соры ма?
Тоқтар ЖАҚАШ 12.11.2020, 12:40
Алматының мәселесін шешуге әкім Сағынтаевтың әлі жете ме?
Қарлығаш Зарыққанқызы 12.11.2020, 10:27
Қош бол, инвестор!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56