Парламент және «Жаңа Қазақстан»

Есбол ҮСЕНҰЛЫ

22.07.2022, 08:42

2146

Назарбаевсыздану үрдісі Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ғана емес, билік транзиті басталғанда-ақ көрініс тапты. Тоқаев сенат төрағалығына жұрт ойлағандай тұңғыш президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваны емес, Мәулен Әшімбаевты тағайындады. Парламенттегі орыннан дәмелі партиялар жаңа саяси атмосфераны сезініп, қал-қадірінше өзгертуге тырысты. «Бірлік» партиясы – «Адал», Коммунистік партия – «Қазақстанның Халық партиясы» атанды. «Нұр Отан» праймеризден өтіп, шал-шауқандардан арылып, жастар мен нәзік жандыларға орын берді. Гендер теңдігін сәулелендірді.

Қаңтар оқиғасынан кейін, бетбұрыс жаңа кезеңге аяқ басты. Халықтық референдумда Назарбаев орнатқан суперпрезиденттік жүйені жою мақсатында негізгі заңға өзгеріс енгізу бастамасы қолдау тапты. Жаңа нұсқаға сай, президент ешқандай партияға уәкілдік етпейді. Осылайша президент Тоқаев аты өзгерсе де заты өзгермеген Назарбаевтық партиядан, қасаң жүйеден өзін адақтап алды. Десе де бұл бастамасы ғана, саяси реформа әлі де жалғасады. «Жаңа Қазақстан» құру үкіметті, қаржылық құрылымдарды қайта жасақтаудан бастау алды. Экономиканы реформалауға қарағанда, саяси өзгеріс барысының күрделі де, нәзік шаруа екені айтпаса да түсінікті. Парламенттің таратылмай, депутаттардың өз орнында қалуының себебі сонда жатыр.

Өзгерістің парламентті айналып өтпесі анық. Тұңғыш президенттің сенат пен мәжіліс депутаттарын тікелей және жанама жолмен тағайындап қана қоймай, жекеменшік партиясы «Нұр Отаннан» тартып, парламентте қарайып отырған өзге партияларға да әмірін жүргізгені белгілі. Назарбаев дәуірінде ең жоғары заң шығарушы орган «Қалтадағы парламент» атауына ие болды. Кезінде тамаша тарланы марқұм Құдайберген Сұлтанбаев әріптестері жайында: «Депутаттардың бәрі актер, ішіндегі кәсібиі мен ғанамын» деп, әзілдеген еді. Назарбаев Ата заңға орыс тілінің ресми мәртебесін енгізгені сияқты, күні кеше атауын өзгерткен коммунистік партияны Кремль мен «Руский мирден» алыстамағанын көрсету үшін көненің көзіндей көріп, сақтап қалды. Парламенттен орынсыз қалдырмады. «Халық» партиясының орыс әлемімен іштей ниеттес екенін, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіне бармай-ақ, Қырғызстанда туылса да Қазақстандық білім ордаларында басшылық қызмет атқарған депутат Ирина Смирнова ханымның латынға көшу жобасы талқыланғанда, қолдаудың орнына, латынға көшсек, руский мирден ажырап қаламыз деп байбаламға басқанынан, тағы бір депутаты Ғазиз Құлахметовтың: «Олардың олай істеуге моральдық құқы бар» – деп, 9 мамырда Алматыда өткен Сталин мен Берияның суретін, Кеңес одағының жалауын көтергендерді ақтай сөйлеуінен көруге болады. Тәуелсіз қазақ тарихында тең төраға санының көптігімен (Бір мақсатқа жұмылмаған) есте қалған «Ақ жол» партиясының да, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімінен кейін, бір тобы парламентке қонжиып, енді бір тобы оппозицияның көрігін қыздырғаны белгілі. «Ауыл» партиясы төрағасы, сенатор Әли Бектаевтың жұмыссыз халықтың сөзін сөйлеудің орнына, Назарбаевтың «Екі сиырмен баю теориясының» ығына жығылып, әлеуметтік жағдайын түзеуді талап еткен жұртты «Масыл» дегені ел есінде.

«Партияға жан кіргізеді» деген оппозициядан билік партиясына өткен мақтаулы саясаттанушы депутаттардың қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекеттері де көңіл көншітпеді. Алаңға шыққан ереуілшілерге басында «көсемі жоқ митингшілер» деп айдар тағып, артынан билік террористік шабуыл деп басқаша сипат бергенде, «Бізге де қару беріңдер патриоттығымызды нақты әрекетімізбен дәлелдейік» деп желпінді. ҰҚШҰ әскерінің елге кіруін «Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық, сол үшін көмегіне жүгіндік» деп түсіндірді. Тоқаев мырза Петербургтегі экономикалық форумда орыс журналистерінің «Қазақстанды құтқарып қалдық» деген пайымының қате екенін дәлелмен терістеді. Аттаншыл терістік көршіміздің аузына кімдердің сөз салып беріп отырғаны айтпаса да түсінікті.

Айдос Сарым мырза кезінде билік партиясына өту себебін партияның мықты әлеуетін пайдаланып, үлкен жұмыстар тындыру деген мағынада түсіндіріп еді. Қарағанда «Нұр Отан» – «Аманат» деп атын ауыстырғанмен, ескі жұмыс стилін мүлде өзгертпеген сияқты. Оған Айдос мырзаның тәуелсіз сарапшы Досым Сәтбаевты «Популист» деп, «Өзің сынаған ортаға келіп, екі күн құжатпен айналысып көр, әуселеңді көрейін» деп пікір білдіруі соны аңғартады. Депутаттардың «Жаңа Қазақстан» құруға негіз болатын, шұғыл күн тәртібінде тұрған заң жобаларын дайындаудың орнына, каникулға кетіп, «Ел аралап, су кешуге» асығуы да формашылдықтан арылмағанын көрсетеді.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41