Қайырын күткен қайран іс

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

23.02.2021, 12:41

1986

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Жергілікті билік органдары халыққа қолжетімді болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде олай емес. Сондықтан тұрғындардың жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін пилоттық жоба ретінде енгізу қажет деп санаймын», – дегені бар еді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет, расында, тыңдауға тырысып жатыр ма?

Еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты әр мекемеге кіреберісте температура өлшейтін термометр қойған секілді, бірақ бүгін жалпақ жұрттың көңіл температурасын өлшейтін құрал ойлап табу керек сияқты. Себебі Қапшағай тұрғындарының көңілі қалалық инфрақұрылымға  бір ысып, бір суып тұруы қалыпты жағдайға айналып барады. Ана ауданның жылу жүйесі сыр беруде, мына ауданда газ жоқ, су, интернет, тағысын тағы. Осындай мәселелер бірінің артынан бірі өзі жайлы жергілікті әкімдікке бар екендерін ұмыттырмай, ара-тұра менмұндалап тұрады.   

Бұл жолы қаладан алыс дегенімен, «Қарлығаш» деген аты бар шағынаудан тұрғындары жергілікті шенділерге наразылығын білдірді. Сонау кеңес заманында мал бағып, бау-бақша өнімдерін өсіру сияқты істермен айналысатын қосалқы шаруашылық есебінде салынған жер қазірде барлық дерлік өркениеттен қол үзген. Ауданда жарық жүйесінің мәселесі толық шешімін таппаған, ауызсу да тапшы, кәріз жүйесі жүргізілмеген, газды былай қойғанда, интернеттің де жағдайы мүшкіл.

Тұрғындардың айтуынша, кезінде бұл ауданның жері сатылымға қойылғанда баспанасыздар жапатармағай жерді иеленіп қалуға тырысқан. Алайда өмір сүруге қолайлы жағдай жасау үшін жүйкенің тозатынынан барлығы бейхабар еді. Тіпті интернет мәселесі турасында шағымданып әкімдікке барғанда, «неге мұндай солқылдақ тұсы көп жерді сатып алғансыздар» дегендей жауап естіген. Осылайша баспана жұртқа пана болудың орнына бас ауруына айналған-ды.

Біреуге қоңырау шалу үшін тұрғындар үйдің шатырына шығып, желіні қағып алып хабарласады екен. Қашықтан оқитын оқушылар дәл осылай амалдап, орындалған тапсырмаларды мұғалімдеріне жіберіп отырған. Қалалық білім бөлімінің дабыл қақпай, шарасыз күйде отыруы да ел көңіліне секем салған.

Өткен жылдың күзінде қала әкімі Нұрлан Құматаев пен жауапты бөлімдердің мамандары аталған ауданды аралағанда «Қазақтелеком» АҚ өкілі 100 отбасыдан өтініш түскенін айтып, «бұл мәселені қараша айында шешеміз» деп уәде берген болатын. Айтқанындай-ақ, әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпан айындағы мәліметінше, былтырдан бері 35 отбасыға күші 50 мБит/сек болатын радиомост қойылған. Интернет қуаттылығын молайту мақсатында жақында «Қазақтелеком» АҚ мамандары осы шағынауданның желісін өшіріп, қуаттылығын көбейту бойынша техникалық жұмыстарды жүргізген. Қазіргі кезде бұл жүйе өз қуатына сәйкес жұмыс істеп тұр екен.

Бұл хабарлама тұрғындардың одан ары шамына тиген. Олар қағаз түріндегі жақсылықтан шаршағандарын айтып, орнатқан радиомост керісінше әсер еткенін де тілге тиек етті. Өткен жылдың аяғына таман интернет желісі әлсін-әлсін істеп тұрса, биылдан бастап желі қуаты төмендеп, жоққа жақындаған. Бұдан кейін де халықтың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған-ды. Бірнеше сектордан құралған ауданның кей секторында былтыр да, биыл да мүлде интернет болмағанын айтпай кетуге болмас.

Қала әкімінің жылдық есебіне сүйенсек, «Қарлығаш» ықшамауданында меценаттар тарапынан  4,2 млн теңге қаражат бөлініп, 70 отбасы − 108 бала интернетпен қамтылған. Жоғарыдағы аталған 35 отбасыға күші 50 мБит/сек болатын радиомост қойылғаны ше, сонда? Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы? Былай қарап отырсаң, ақпарат көзі – біреу. Мағынасы мен мәні бір ақпаратты түрліше бояудың қаншалықты қажеттілігі бар екенін ұға алмадық.

Интернеттің икемсіздігі жарықтың кемістігінен кейін тұрған жоқ. Қазіргі таңда тұрғындардың өз қалтасынан шыққан қаражат есебіне орнатылған бір ғана қуаты әлсіз трансформатор бірнеше сектор үшін қызмет етуде. Оның өзі жеке кәсіпкерге тиесілі болғасын адамдар амалсыздан жарықтың ақшасын жоғары тарифте төлеп отыр. Жүйеге қосылмаған кей үйлер көршілерінен электр сымын тартқан. Ал енді басқалары күніне 2-3 сағатқа ток генераторын пайдаланса, кейбіреулер тым болмаса кешкі уақытта жарықта отыру үшін үйлерінің шатырына күн батареясын орнатқан.

Жергілікті билік органының баспасөз қызметі аталған жайт жөнінде: «Бүгінде аталмыш ықшамауданға жаңадан төрт трансформатор, 125 жарық бағанасы орнатылды. Оның 350-ден астам тұрғын үйді жарықпен қамту мүмкіндігі бар. Дәл қазіргі уақытта трансформаторлар іске қосылған. Енді тұрғындарға техникалық талаптар беріліп, әр отбасы үйлерінің маңайына келіп тұрған токты қосуға өздері тарапынан әрекеттенуі қажет. Әлбетте, олүшін бір бума құжаттар жүргізіліп, рұқсатнамалар керегі анық», – дейді.

Тұрғындар осы күнге дейін сенделткен сергелдеңнен  жалыққандарын, құжаттарды жинауға құлықсыз екендіктерін айтып, «Алдымен жарықты үйге кіргізсін, сосын, қажетті құжаттарды жинап береміз. «Алаған қолым – берегеннің» тірлігін қыламыз» деп ультиматум қойып отыр.

Судың сұрауы бөлек әңгіме, қаражаты жеткілікті қарлығаштықтар су құбырын өз ақшасына тартқызса, көлігі бар кей тұрғындар литрі 10 теңгеден айналатын суды қаладан тасиды, керегіне жаратады. Қалғандары көше кезіп су іздейді, көршісінен сұрайды. Әкімдіктің жауабына назар аударсақ, қолданыстағы су бұру және су тұтыну желілеріне қосымша желілер жүргізу және бүкіл шағынауданды сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бюджеттік өтінім дайындалып жатыр.

 Қош делік, кем-кетікке көңіл  аударылыпты, құжаттар дайын болған соң, құрылысы бар, басқасы бар – шамамен есептегенде, ауызсу мәселесі екі жылда шешімін таппақ. Ақыры сол қырығына шыдаған жұрт қырық біріне де шыдауы тиіс дегенге тоқтадық.

Биыл Қапшағай қаласының «Гүлдер», «Қарлығаш», №8 және №10 шағынаудандарының жолдарын күрделі жөндеуге 400 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Жағымды жоспар алдымен су құбырларын жүргізіп болғаннан кейін ғана іске асса жақсы, әйтпесе қазақбайдың тенденциясында бірінші асфальт төсеп алып, сонан соң тас жолдың быт-шытын шығарып, су жүргізу де бар.

Халықтыкі «онжылдық уәденің арты дүдәмал тірлікке ұласпаса екен» деген ниет қана. Қолжетімді баспаналардың күнкөріске қолайсыздығы жандарына батады. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге әл-ауқаты жететіндер жұмылса, дүбәра тақырыптың дымы шықпас. Әйтпегенде бұқара базынасы биыл бітпейді. Абай атамыз айтпақшы, «көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел».

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44