Қанат Тасыбеков: Қазақтілді және орыстілді қазақтардың екі бөлек әлемі бар

Жарас КЕМЕЛЖАН

26.08.2021, 09:51

3501

       Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері айтылып, жазылып, тіпті, ақжемі шыққан бір тақырып бар. Ол – қазақ тілінің халі, мемлекеттік тілдің мәртебесі. Ауық-ауық тартысқа түсіп қалатын мемлекеттік тілдің көсегесі неге көгермейді? Жыл сайын миллиондап ақша бөлінсе де, қазақ тілінің түйткілі неге шешілмейді? Бұған не кедергі? Қазақстандағы қазақтілді орта мен орыстілді қауымның басы неге бір қазанға сыймайды? Осы сауалдарды тіл жанашыры, «Ситуативный казахский. Диалоги» кітабының авторы Қанат Тасыбековке қойдық.

–Қанат мырза, сұрақты бірден мемлекеттік тілден бастай берейік. Бұрын орыстілді болыпсыз. Қазақ тілін кеш үйрендіңіз. Тіпті, мемлекеттік тіл туралы кітап та жаздыңыз. Ана тілге бұлай біржолата бет бұруыңызға не себеп болды? Намысыңызға тиген нақты оқиға болған шығар?

– Иә, мен орыстілді болдым. Бірақ жұрт ойлағандай, мұрнына қазақы иіс, қазақы рух бармайтын көптің бірі болған емеспін. 1959 жылы өмірге келдім. Қазір 62 жастамын. Мен туған жылы Қазақстанда 29 пайыз қазақ болыпты. Бүкілодақтық халық санағы өткен екен сол жылы. Туған жерім Қазақстанның солтүстік өңірі. Бір көшеде екі үй ғана қазақ болдық. Бір сыныпта жалғыз қазақпын. Қалғандары орыс, неміс, украин, белорус, татар. Мен өмірге келген, өскен орта сондай еді. Қазағы аз, қазақылығы жоқ орта. Теріскейдегі қазіргі жағдайдың өзін жақсы білесіздер, күні бүгінге дейін өңірдегі қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Экс-президентіміздің «Қазақтың тең жартысы өз ана тілінде сөйлей алмайды», деп айтқан сөзі бар. Сол жарты қазақтың бірі мен едім. Былайғы жұрт қазақ тілін білмейтіндерді мәңгүрт, анау-мынау, деп жатады ғой. Қайсыбірінің аузына қақпақ боласың...

      Елу жасқа дейін қазақша білмедім. Ана тілімді үйренуіме, сіз айтқандай, намысқа тиетін себеп болған жоқ. Бірақ адам елуден кейін ойлана бастайды екен. Тілге деген қажеттілік те артты. Баламызға орысша емес, қазақша ақыл айтқымыз келді. Сөйтіп, қазақша үйрендік. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда орыстілді қауымның саны көп. Бұл шындық. Өз басым университетті, магистратураны – бәрін орысша оқыдым. Мен сияқты орыстілді қазақтардың дені білімді. Шетінен оқыған-тоқыған. Орысша сөйлеп, орысша ойлағанымызбен, біз өз ұлтымызды жақсы көреміз.

      Орыстілді қазақтардың да елде болып жатқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерге өз көзқарасы бар. Тіл, ұлт, латын әрпі, дін мен діл тақырыбына да біздің де өз ойымыз, ұстанымымыз бар. Кейбіреулер орыстілді қазақтарды «бұлар Отанының патриоты емес» дегендей, сыңаржақ пікір айтады. Бірақ олай емес. Біз де өз Отанымызды сүйеміз, өз тілімізді жақсы көреміз, өз тарихымызға құрметпен қараймыз. Осы тақырыптар туралы ойымызды орысша айтсақ, қазақтілді қауымнан бірден жеңілеміз. Бұл бір себеп. Екінші, өзіміздің де намысымыз бар: өз тілімді неге үйрене алмаймын, деп ойлайсың, намыстанасың. Міне, осындай түрлі себеппен қазақша үйренуіме тура келді.

– Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толды. Бірақ мемлекеттік тілді әлі тұғырына қондыра алмай келеміз. Не кедергі: мемлекеттік тіл туралы заң бар, қазақтілді орта бар. Тілді зерттеп жүрген мамансыз, қазақ тілінің көгермей тұрғанының себебі не?

– Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толса, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонғанына 31 жыл болды. Отыз жыл, бір қарағанда, аз уақыт емес. Бірақ тарихи көзбен, басқа мемлекеттермен салыстырып қарағанда, бұл соншалықты көп мерзім де емес. Әрине, қазақ тілінің бүгінгі жағдайына, көсегесінің көгермей тұрғанына көңіліміз толмайды. Мемлекет қазақ тілінің дамуы үшін жыл сайын қомақты ақша бөледі. Ол анық. Бірақ сол ақшаның қалай жаратылып жатқанын қадағаламайды. Тіл комитеті деген мекеме бар. Басшылары да тұрақтамайды: бір жылы біреуді, екінші жылы басқа біреуді әкеліп қоя береді. Комитет деген аты ғана. Оны ешкім қадағаламайды, бақыламайды. Төрегелді Шарманов ағамызбен сөйлескенімде: «Тіл комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетінен еш кем болмауы керек», – деген еді. Солай болуы керек, негізі. Оның үстіне, қазір тіл комитеті – мәдениет және спорт министрлігінің құрамындағы көп комитеттің бірі ғана. Жеке министрлік болуға, ҰҚК сияқты маңызды мекеме болуға тиіс еді. Амал қанша, ондай әлеуетке ие бола алмай тұр.

       Мемлекеттік тілдің көгермей тұрғанының тағы бір себебі – комитеттің жұмысы дұрыс бағытталмаған. Мысалы, кез келген мәселеге үш түрлі көзқарас болады. Қолдайтындар, қарсы келетіндер, бейтарап қалатындар. Қазақ тіліне де солай. Қарсы шығатындар бар, бірақ көп емес. Мемлекеттік тілді қолдайтындар көп. Бейтарап қалатындар одан да көп. Тіл комитеті сол мемлекеттік тілді жақтаушылармен жұмыс істейді. Конкурс өткізеді, жиналыс жасайды дегендей. Қарсы шығатындардың уәжін тыңдап, жиналыстарына шақырмайды. Он шақты жылдан бері мемлекеттік тіл үшін қызмет етіп жүрген менің өзімді елемейді. Еш жерге шақырмайды. Мемлекеттен бөлінетін ақшаны қызғана ма? Білмедім. Олардан ақша сұрап отырған жоқпын. Сосын, тіл комитетінің басшысы кілең ақын-жазушы, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен шешендер. Олай болмау керек. Ол мекемеде мемлекеттік тілді насихаттай алатын, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында қызмет ете алатын іскер адам басшы болып жұмыс істеуі керек. Өйткені бізде мемлекеттік қызметте отырғандардың арасында мемлекеттік тілді білмейтін адамдар өте көп. Соларға тіл үйрететін механизм қажет.  

       Бізде қазақтілді орта жоқ. Өзбекстанда өзбектілді орта бар. Бұл – қоғамның жан жарасы, дерті. Ауыр да болса айтайын, Қазақстанда бір-біріне қыз беріп, келін алмайтын құдалар сияқты орыстілділер мен қазақтілділердің екі бөлек ортасы бар. Олардың баратын мейрамханасы бөлек. Тыңдайтын әртістері, көретін телеарналарына дейін ұқсамайды. Бір мемлекетте осындай екі бөлек әлемнің адамдары өмір сүреді. Бір халық – екі түрлі орта. Бұл елдің дамуына, өркендеуіне оң әсер етпейтін фактор. Сондықтан орыстілді қазақтарды «шала қазақ» деп, кемсітпей, мін іздемей, қазақтілді орта қалыптастыруымыз керек. Бұл екі орта ит пен мысық сияқты. Мен осы екі ортада үнемі таяқ жеймін де жүремін.   

        Қазақ тілін насихаттау, жалпыластыру үшін қоғамның қосатын үлесі көп. Кеудемсоқтыққа салуға болмайды, бәрі қазақ тілін үйренсін, білмейтіндер елден кетсін, деп күш қолдануға да келмейді. Тіл – нәзік тақырып. Оған иненің жасуынан өтетіндей, нәзік жұмыс қажет.

– Францияда оқып, бірнеше жыл тұрыпсыз. Француз тілін қанша айда үйрендіңіз? Ал қазақ тіліне қанша жылыңыз кетті?

– Мен Францияға Кеңес Одағы тарамай тұрған, сонау 1990 жылы бардым. Мақсатым — ағылшын тілін үйрену еді. Кешігіп барғандықтан, француз тілі тобына қабылдандым. Он айлық курс. Әліппесінен бастап оқып, тоғыз айда француз тілін игеріп шықтым.

      Қазақ тілін де осылай тез меңгеруге болар еді. Егер мемлекеттік тілді үйрететін жақсы әдістеме болса… Бірақ ондай әдістеме болмады. Шенеуніктеріміздің бәрі орыстілді еді ол кезде (қазір де оңып тұрған жоқ). Қазақ тіліне пысқырмайтын, тіпті, қазақша түс көрмейтін де. Француз тілін үйрететін методика сияқты жеңіл, нәтижелі әдістеме болмағандықтан, мен қазақ тілін үйрететін өзімнің әдістемемді жасадым. Ағылшын және француз тілін үйретудің адам жасына қарай жасалған бірнеше түрлі жақсы әдістемелері бар. Өте өнімді. Ал бізде мектепте де, жоғары оқу орындарында да қазақ тілін үйрететін бір ғана методика.

        Қазақ тілін үйрену үшін мен алғашқы жылдары жиналыстарға көп бардым. Жанболат Мамайдың клубы болды, соған да бардым. Оппозициялық көзқарасы үшін емес, тіл үйрену үшін бардым. Одан шығып, Ғабит Мүсірепов театрына тартамын. Барлық қойылымдарын көрдім. Өз орным болды, сонда отырамын. Көремін, көкейге түйемін. Қазақша үйренуіме театрдың көмегі көп тиді.       

– Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», дейді. Дүниежүзінде қанша халық болса, сонша тіл болуы керек еді. Бірақ көбінің тілі жойылып, ұлт ретінде аты өшіп кетті. Дос-жаран, таныстарыңыз, орыстілді қазақтар Байтұрсынұлының осы жанашыр сөзін түсіне ме? Жалпы, олар мемлекеттік тілдің тағдыры туралы ойлана ма?

–Орыстілді орта Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзін білмейді. Түсінбейді деуге де болады. Бірақ қазіргі орыстілді қазақтар осыдан жиырма жыл бұрынғы «шала қазақтар» емес. Көбі қазақша түсінеді, шүлдірлесе де, қазақша сөйлей алады, ойын жеткізеді. Мемлекеттік тілді үйреніп те жатыр. Бірақ бір шындық бар, жұрт жұмыс істемей, нан таппай, жаппай қазақша үйренбейді. Ондай патриоттыққа ешкім бармайды, бара алмайды. Бәрін қойып тіл үйреніп кетсе, оның бала-шағасын кім асырайды? Дегенмен уақыт үйретіп жатыр. Тіл үйрену – интеллектуалды жұмыс. Мен барлық жағдайымды жасап, бала-шағама пәтерін, көлігін алып беріп, содан кейін ғана тіл үйренуге кірістім. Уақытыңды бөліп, ықыласыңды арнамай, тіл үйрене алмайсың. Тіл үйрену үлкен тәуекелді қажет етеді. Ондай тәуекелге бара алмай отырған орыстілді қазақтарды жазғырмаймын. Тіл үйрету үшін ақыл керек. Белден басуға келмейді. Оларға түсіністікпен қарайық. Оның себебін айттым.    

– Мемлекеттік тілді дамыту үшін отыз жылда не істелді? Тілді дамытуға жыл сайын қанша миллион теңге бөлінеді, отыз жылда қанша ақша бөлінді? Бөлінген ақша неге өз жеріне жетпейді? Бұл жерде де жеңұшынан жалғасқан жемқорлық бар ма?

– Тіл комитетіне бөлінген қаржы-қаражат туралы менде ешқандай нақты мәлімет жоқ. Әйтпесе, қазақ тілінің тағдырына күйінген адамның бірімін. Кітап шығардым, кітабыма Назарбаевтың өзі жақсы пікір айтқан. Тіл комитетіндегілер адамның еңбегін бағалауы керек қой. Оларда ондай жоқ. Барсаң, арқаңнан қағып, шығарып салады, болды. Тіл комитетін басқарып отырған жігіттерден талай естігенмін, алғашқы жылдары мемлекеттік тілді дамыту үшін миллиард теңгеге дейін бөлініпті. Кейінгі жылдары 600 мыңға, тіпті, 800 мыңға дейін азайып кетті, дегенді естідім. Сол ақшалардың қайда жұмсалғанын білмеймін. Талан-таражға түсті, деп ашық айтуға болады.

      Қайбір жылы комитеттің басшысы қомақты ақшаны жеп қойып, шетелге қашып кетті. Бірнеше жылдан кейін қайтып келді. Ұсталды ма, бостандықта жүр ме? Ол да айтылмайды. Менің анық білетінім, есеп болмағаннан кейін бақылау да болмайды. Өтірік есеп, өтірік бағдарламалар. Мысалы, тіл комитетінің былтырғы есебінде халықтың 90 пайыз қазақша сөйлейді делінсе, 2021 жылы 91 пайыз, 2025 жылы 95 пайыз халық қазақша сөйлейді деген. Олардың логикасына сенсеңіз, 2030 жылы Қазақстанда қазақша білмейтін адам болмайды. Дәл қазір 90 пайыздан асса, тіл туралы мәселе болмас еді, сіз де менен сұхбат алмас едіңіз. Демек, жалған мәлімет, өтірік есеп. Тіл комитеті 1 миллион сөздік шығардық дейді, бірақ біреуін көрген жоқпын. Бірнеше қалада бірнеше тіл курстары бар, деп жазды, бірақ жұрт тіл курстарын таба алмай жүреді. Соған қарағанда, қағаз жүзінде ғана бар-ау деймін.      

– Биліктегі шенділер қазақ тілі туралы неге әртүрлі әңгіме айтады? Қазақтілді орта шенеуніктердің мемлекеттік тіл туралы көңілге жақпайтын, қыңыр-қисық кейбір сөздеріне шамданып қалады. Әңгіменің төркінін түсініп отырған шығарсыз...

– Иә, әңгіменің төркінін де, менен сұхбат алып отырған мақсатыңызды да түсініп отырмын. Қазақтілді қауымның шамшыл, кінәмшіл екенін жақсы білемін. Орыстілді қазақтардың көзқарасымен қарайтын болсам, шенеуніктердің бір ауыз сөзіне бола оларды жау санайтын қазақтілді ортаның ұстанымын түсіне алмаймын. Қазір қазақтардың саны 70 пайыздан асты. Бұл аз емес. Кез келген мәселені сан шешеді. Ол өмір заңдылығы.

       Абай сонау Кеңес Одағы кезінде орыс тіліне, басқа да тілдерге аударылды. Қаншама қазақ жазушысының кітабы орысша сөйледі. Қомақты қаламақы төленді. Егер қазақ тіліне қарсылық болса, сол Кеңес Одағы кезінде осыншама бай мұрамыз орысшаға аударылмас еді ғой. Кейде біз түймедейді түйедей қылып жібереміз. Сіздің менен сұрап отырған сұрағыңыз, соның кері. Яғни түймедейді түйедей қылатындардың сөзі. Ешкім қазаққа жаулық ойламайды, ешкім қазақты жаман болсын демейді. Кінәні біреуден көру оңай. Бірақ соның қоғамға тигізер салмағын сезіну қиын. Бір халықты жау санау, бір ұлтты дұшпан көру басқаға емес, өзімізге зиян. Біз кейде мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан жақсы дүниені көрмейміз де, керісінше, болмашы бірдеңені алаулатып-жалаулатып, ұлттық трагедия жасап жібереміз.

        Біз жақыннан жау тауып, тырнақ астынан кір іздеп отырсақ, мемлекет құра алмаймыз. Оған уақыт жетпейді. «Таспен атқанды, аспен атып», дұшпанды азайтып, досты көбейтуіміз керек. Дәл қазіргі кезде біздің таңдаған жолымыз осы. Орыс тілі — жаудың тілі емес. Тарихи көршіміздің тілі. Орыс тілі орыстардың ғана тілі емес, орыс тілі кезінде Кеңес Одағына ортақ лингва франка болды. Қазір ТМД аумағында кіммен болсын, емін-еркін сөйлесеміз. Өйткені бәріміз орыс тілін жақсы білеміз, бұл соның арқасы. Қазір ағылшын тілі бүкіл әлемге ортақ тіл, яғни лингва франка. Араб елдерінде де лингва франка бар.

       Жұрт талқылап жатқан, қоғамды қозғаған әлгі бір ауыз сөз дұшпанның сөзі емес. Ол да өзіміздің азаматымыз. Қазаққа болсын демесе, жамандық ойламайтын адамның сөзі. Оқыған, тоқыған жігіт. Ол орыс үшін жұмыс істеп жатыр деп ойламаймын. Ондай азаматтар елдің тағдырын, мемлекеттің болашағын арыдан ойлайды. Көз аясы, көңіл айдыны кең. Мемлекетті бүгінмен емес, ертеңмен ойлап, не айтса да, тереңнен толғап айтады. Жауды жақыннан іздеу — өсетін елдің сөзі емес. Сосын, орыс тіліне соншалық ызғар шашудың қажеті жоқ.

— Әңгімеңізге рақмет.

                                                                 

Тегтер: сұхбат мемлекеттік тіл мәселе қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00