17.03.2023, 05:35
2717
Қымбатшылық. Азық-түліктің бағасы өсіп барады. Ал жалақы артып отыр ма? Баға мен жалақының арасындағы сәйкессіздік көп нәрсені көрсетіп отырғандай. Әлихан Смайылов үкіметі министрлер мен аймақтағы әкімдерге бағаны ауыздықтауға тапсырма бергенімен, нарықтың заңы бұған көнер емес. Қазақстанда кедейлердің саны көбейіп барады. Ал үкімет мұны жасырып әлек.
Жыл басында «Атамекен» сараптама қызметі Қазақстандағы кедейлік шегі туралы ресми статистика халықаралық стандарттан 4 есеге кем екенін мәлім етті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың соңында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (46 671 теңге) аз кедейшілік шегіндегі азаматтардың саны 5,3 пайызды құраған. Бұл, шамамен, 1 миллионнан асатын адам. Тұрмысы төмен азаматтар, әсіресе, Түркістан (9,1%), Маңғыстау (8,8%) облыстарында, Шымкент қаласында (7,2%) көп тұратыны анықталды. Алайда бұл шынайы дерек пе? Бүкіләлемдік банк мамандары «2020-2022 жылдар аралығында жүргізген сауалнама нәтижесінде, Қазақстанда тұратын халықтың 23 пайызы кедей тұрады» деген тұжырымға келген. Бұл енді, шын мәнінде, ақиқатқа жақындау дерек. Бірақ мәселе мынада: Үкімет нарықтағы осы жағдайды жасырып отыр. Ал оны жасырғаннан не пайда? Қайта Смайылов үкіметі елдегі тұрмысы төмен азаматтардың жағдайын жақсартуға батыл қадамдар жасамай ма? Үкіметтің тірлігі қазір «бөрі арықтығын білдірмес, итке жүнін қомпайтар» болып тұр ғой.
Жалпы, халықаралық сарапшылар «Қазақстандағы кедейлікті анықтаудың тәсілін өзгерту керек» деп келе жатқанына біраз болды. Жалпы, әлемдік стандарт бойынша азамат күніне 5,5 доллардан аз ақша жарататын болса, онда кедей болып саналады. Теңгемен бұл күніне, шамамен, 2500, айына 75 мың теңге. Баға қымбаттап, инфляция артты. Өмір сүру қиынға айналды. Үкімет мұны жасыруға тырысқанымен, жақында Сенат төрағасы бар шындықты мойындағандай болды.
– Қазақстандықтардың, шамамен, 5 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40,5 мың теңгеден аспайды. Елімізде азаматтардың осы санатының ұлғаюы 12 өңірде байқалады. Бұл жерде біз Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыстар туралы айтып отырмыз, – деді сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаевтың ойынша, «халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет». Ал бізде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 34 пайызға да жетпейді. Ал шетелдерде қалай? Анығы, шағын және орта бизнес – мемлекеттің әл-ауқатына жауап беретін сектор. Қазір Германия сияқты дамыған елдерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 70 пайызды құрайды. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып кеткен. Өкінішке қарай, біздің ел шағын және орта бизнестің үлесін 34 пайыздан асыра алмай отыр.
Ашығын айту керек, ауылда жұмыс көзі аз. Сондықтан жұмыс іздеп, немесе дұрыс өмір сүру үшін қазір қалаға қашатындар көбейді. Урбанизация деңгейі артты. Соңғы үш-төрт жылда қалада тұратындардың саны 4 пайызға артып, 61,5 пайызға жетті. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша ауылда тұратын халықтың саны кеміп, 38,5 пайыз шамасында қалып отыр. Әсіресе, еліміздегі оңтүстік облыстардың, Алматы мен Астана маңына шоғырлануы көбейді. Ауылда жағдай жақсы болса, халық Алматы, Астана маңына келіп несі бар?
Жалпы, бұл ғана емес, үкімет болашақта бюджетке салмақ салатын бір мәселені елеп, ескермей отыр. Қазақстан халқы қартайып барады. Мәселен, 2022 жылдың басында 65 және одан жоғары жастағы әйелдердің үлесі 10,1 пайызға жетті. Ал соңғы, онжылдықта 65 жастан асқан ерлердің үлесі 4,8-ден 6,1 пайызға дейін өсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының болжамынша, Қазақстанда қарттықтың демографиялық ауыртпалық коэффициенті 2025 жылға қарай – 14,1, 2030 жылға қарай – 15,9, 2040 жылға қарай – 17,1, 2050 жылға қарай 19 пайызға жетеді. Демек, елдегі кедейлерінің саны өсіп, қарттарының саны артып бара жатқан уақытта үкімет тығырықтан шығатын жолды таба ала ма? Әлемдік күрделенген геосаяси жағдай мен бағаның өсіп, қымбатшылықтың тұрмысты қысып бара жатқанын ескерсек, алдағы уақытта әл-ауқатымыз жақсара қояды деп айту қиын. Ал үкіметтің ресми дерегіне қарасақ, жалақымыз жақсы, өмір сүру қиын емес сияқты. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сенсек, Қазақстан бойынша айлық жалақының орташа мәні 2022 жылдың соңында 338 715 теңгені құраған. Бұл жалақымен өмір сүруге болар. Бірақ ең жоғары жалақы мен ең төменгі айлықты ала отырып, орташа жалақыны есептеп шығару, тіпті, қисынсыз. Бұл нарықтағы көрініске мүлде кереғар ғой. Елдегі кедейлердің санын кемітіп көрсетіп, тұрмысты орташа жалақының көрсеткішімен есептеп, жағдайды жақсы етіп шығару түк те ақылға сыймайды. Біз қашанғы мұнай мен шикізаттың есебінен қазынаның қоржынын толтыра береміз? Бір күні мұнайдың бағасы күрт құласа ше? Тағы да үйреніп қалғандай, үкімет Ұлттық қордағы қаржыға қол сала бере ме? Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Негізі, үкімет бюджет тапшылығымен өмір сүру синдромынан арылса екен дейміз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР