Қандай Құрылтай керек?

Дос КӨШІМ

29.04.2022, 15:30

5317

Билік халыққа жақындай алмай-ақ қойды. «Халықтың сөзін тыңдау керек» деген ұранмен осы отыз жылда қанша құрылымдар, «палаталар» мен «кеңестер» құрылды, оны бір Алла біледі. Менің өзім бес жыл «Қоғамдық палатаның» мүшесі, сегіз жыл Ассамблеяның ғылыми сараптама кеңесінің мүшесі, үш жыл президенттің жанындағы Адам құқығын қорғау комитетінің сарапшысы, екі мәрте «Жер комиссиясының» мүшесі, «Ел бірлігі» доктринасын дайындайтын жұмысшы тобының мүшесі, т.т. болыппын. Қысқасы, билік халықпен жақындасудың жолдарын іздеуді ешқашан тоқтатпаған және тоқтатпайтын да сияқты. Биліктің осыншама ақ тер көк тер болғанына жаным ашиды, бірақ оның сырын жақсы түсінемін – халық өкілдерінен құралатын, әділетті сайлау арқылы халықтың таңдауынан өткен құрылым (парламент) болмағаннан кейін «халықпен ақылдасудың», «халық өкілдерімен басқосудың» түрлі жолдары қарастырылады. Бұл құрылымдардың барлығына «ойын», «алдау» деген ат беруден аулақпын. Қоғамға аса қажетті нақты бір сұрақтың төңірегіндегі басқосуларда, көп жағдайда, қоғам өкілдерінің көзқарастарының жеңіп шыққанын да білеміз

Бір таңғаларлығы, өркениетті елдерде «халықпен жақындасудың» мұндай жолдары мүлдем жоқ екен. Қызық. Сонда олардың халықты көздеріне ілмегендері ме, әлде халықты, азаматтық қоғамды, оппозицияны ысырып қойып, өздерінің ойларына келгендерін жасай береді ме, деген ой келеді. Былай қарасаң, олар да ақымақ емес сияқты. Бірақ 500 ұлт өкілдері тұратын Англияда, не 400 ұлт өкілдері тұратын Францияда біздегідей, Халық Ассамблеясы жоқ. Ағылшындар «біз көп ұлтты, көп конфессиялы елміз», деп жар салмайды, бірақ Лондонның мэрі Садик-хан – мұсылман, ал Францияның футболшылары ғана емес, парламентінің де үштен бірі – қара нәсілді жандар. Өркениетті елдерде де заң шығарушы билік бар, олардың шығарған заңын жүзеге асыратын атқарушы билікте бар, бірақ құйысқанға қыстырылған «қоғамдық кеңес» деген атымен жоқ. Неге?

Меніңше, бұл «феноменнің» жауабы – тым қарапайым. Халық билігі жүзеге асырылмаған жерде билік иелері «халық өкілдерін» жинап, дүбәра бір құрылым жасайды екен. Сол арқылы билікке, билік шығаратын шешімдерге халықтың қатысы бар екендігін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, «халық пен биліктің – біртұтас» екендігін көрсетуге күш салады. Ал халықтың өзі өз билігін жүргізіп тұрған жүйеде ондай «кеңестер» мен «комиссиялардың» ешқандай қажеттілігі болмайды. Себебі – ол жерде сол халық өкілдерінің өздері отыр.

Соңғы жылдары Қазақ елінде Құрылтай көбейіп кетті. 2019 жылдан бастап, жаңсақ айтсам, кешірім сұраймын, бес Құрылтай өткен сияқты. Сол жылдың мамыр айында ғана сайлауға бойкот жариялағандар (Қосановқа қарсы, Тоқаевты жақтаушылар) екі Құрылтай өткізіпті. Былтыр бір күнде қазақтың екі Құрылтайы өтіп, тағы да ыңғайсыз жағдайда қалдық. Әрине, «қазаншының өз еркі...» демекші, ұйымдастырушылардың өз жиындарын қалай атаймын десе – өз еркі, бірақ қазақтың әр сөзінің нақты мағынасы бар екенін де ұмытпайық. («Асау» деген сөз – тек жылқыға қатысты қолданылады, оны «тышқан» сөзіне қосақтауға болмайды). Қазақтың қасиетті сөзін барлық жиынға жапсырып, кез келген жерде пайдаланып, мазмұны мен мағынасынан айырып, арзандатып, беделін түсіру – ешкімді ұшпаққа жеткізбейтін әрекет.    

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, Құрылтай сөзін билік те пайдалануға көшкен сияқты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өзінің жолдауында «сенім комиссиясының» орнына Құрылтай жасақталады деген пікір айтты да, оның міндетіне, жасақталу жолдарына, құзыретіне жан-жақты, терең тоқталған жоқ. Ол түсінікті де, себебі біріншіден – жолдаудың форматы ондай кең деңгейдегі түсініктеме беруді көтермейді, екіншіден –  Құрылтай ережесі арнайы құжат ретінде кейін дайындалуы керек.

Өз басым, «Ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылау керек», деген пікірді толық қолдаймын. Әлеуметтік желіде немесе газет-журналдың беттерінде талқылау бір бөлек те, ашық пікірталастың жөні мүлдем басқа. Сонымен бірге Құрылтай тек қана биліктің дайындап берген «ұлттық жобалары» мен «стратегиялық құжаттарын» талқылаумен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Құрылтай мүшелері өздері өкілеттік алған топтардың (мүмкін, аймақтардың) атынан өздерінің көзқарастарын –  жобалары мен қоғамның дамуының басты бағыттарын ұсынуға, оны дәлелдеуге мүмкіндік алуы шарт. Байқайсыздар ма, осы уақытқа дейін билік тарапынан дайындалған кейбір «жобалар» мен «стратегиялық құжаттарды» халықтың көпшілігі қабылдаған жоқ. Қарсы болды. Тоқтатуды талап етті. Алайда билік өзінің бағытынан айныған емес. Жерді сату мәселесінде, халыққа «сендер түсінбейсіңдер» деді, министрлерге «түсіндіре алмайсыңдар» деді, жоғарғы сыныптарды ағылшын тілінде оқыту мәселесінде де, халықтың жанайқайына қарамай, миллиардтаған ақшаны босқа шашып, мұғалімдерді ағылшын тіліне оқытты, «Әліппені» алмаңдар дегенге қарамастан, алып тынды, жоғары оқу орындарындағы «Қазақстан тарихын» алып тастап, «Қазіргі Қазақстан тарихы» деген пәнді енгізді, «Сбербанкпен» шарт жасасуға ниеттенді, т.т. Бірақ сол жобалардың тиімсіздігін, жемқорлық үшін көтерілген ақымақ жоба екенін кейін өмірдің өзі дәлелдеді. Қазір сол жобалар тоқтатылды. Бірақ «сол уақытта Сіздердікі дұрыс екен», деп бірде-бір билік өкілі айтқан жоқ… Мүмкін, Құрылтай биліктің осы бір «өзім білемін» деген ауруына тосқауыл қоятын болар. Ол үшін Тоқаев мырза айтқандай, «жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды». Ол үшін Тоқаев мырза айтқандай, «Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтайтын» болуы керек. Дала демократиясы дәстүрі сонда ғана жаңғырады. Демек, ең басты мәселе – Ұлттық Құрылтайдың құзыретінде.

Әрине, президенттің жолдауынан кейін, астананың солтүстік жағалауындағы көлеңкелі кабинеттердің бірінде Ұлттық Құрылтайдың ережелері жазылып жатқаны анық. Олардың алдындағы сұрақтар – қоғамның да алдында тұр. Солардың екеуін талдап көрелік:

Бірінші сұрақ. Құрылтайды кімдер жасақтайды, кім ұйымдастырады, кімдер басқарады, қысқасы, «ойын ережесін» кім жасайды? Өз басым, бұл жауапты жұмысты билікке тапсыруды дұрыс деп санамаймын. Олардың халық жиынына нақты құзырет беретініне күмәнім бар. Осы уақытқа дейін осыған ұқсас құрылымдарды ой елегімізден өткізсек, «сөз сөйлеу», «пікір айту», «ұсыныс беру» кезеңінен соң, шешім шығару мәселесі – не тасада, не билікте қалатын. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың ережесін жасауға азаматтық қоғамның өкілдері – оппозиция, журналистер, қоғам қайраткерлері, т.т тікелей араласуы қажет. Басты мәселенің бірі – Құрылтай мүшелерінің өкілеттігі. Оны кім анықтауы керек? Жолдауда президенттің аузынан «Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ оған парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады», деген сөз шықты. Меніңше, парламент пен ассамблея өкілдерінің биліктің «жобалары» мен «құжаттарына» әсер ететін мүмкіндіктері жетерлік, сондықтан оларға Құрылтайдан орын беру – артық сияқты. «Өндіріс пен ауыл шаруашылық еңбеккерлері, бизнес өкілдері» деген сөз – бұрынғы Кеңес заманындағы Жоғарғы Кеңеске депутаттарды жасақтауды есімізге түсіреді. Ленин орденді, Социалистік Еңбек Ері деген атағы бар қойшылардың Кремльдің съездер сарайында қалғып-мүлгіп отыратынын ұмыта қоймаған болармыз. Бұл – еңбеккерлерді, не бизнес өкілдерін жиынға шақырмау деген емес, олардың ішінде де қоғамға танымал, халықтың қамын өзінің қалтасынан жоғары қоятын жандар жеткілікті, бірақ соларды қалай таңдап аламыз? Бір ауыз сөзбен айтқанда, таңдау шарттары қандай болмақ?

Бұған дейінгі осыған ұқсас «халықпен пікірлесу» жиындарында таңдауды биліктің өзі жасайтын (Жоғарыдағы сексен де жиырма тәсілі). Егер Ұлттық Құрылтай да осы жолмен жасақталатын болса, қандай нәтижеге жететінімізді білу үшін балгерге барудың қажеті шамалы деп есептеймін. Егер Құрылтай мүшелері азаматтық қоғамның негізгі көрсеткіші болып табылатын үкіметтік емес ұйымдардан жасақталса, жиырма мың қоғамдық ұйымның ішінен таңдап алу да оңай жұмыс болмайды және оны кім таңдайды деген сұрақ тағы да алдымыздан шығатыны анық. Меніңше, Ұлттық Құрылтайды жасақтау мәселесін шешкеннен соң ғана, бұл – Жаңа Қазақстанның белгісі болып табылады ма, әлде Ескі Қазақстанның «халықпен жақындасудың» бұрынғы ойынының жалғасы ма, деген сұраққа жауап бере аламыз.

Өз басым, отыз жыл бойы осы жүйеге қызмет жасаған, оның атқарушы билігі мен идеологиялық бағытына беріле жұмыс жасаған адамдарды Ұлттық Құрылтайға кіргізбеу туралы арнайы шарт, заңдық норма қабылдау керек, деп есептеймін. Осы шарт арқылы мен оларды екіжүзділік пен тұрақсыздықтан құтқарып алғым келеді. Құрылтайда «заман өзгерді – мен де өзгерейін» дегендер емес, «заманды адамдар өзгертеді» деген жандар отыруы керек. Назарбаев пен оның іс-әрекетінің «сабақтастығын» (президенттің өзінің сөзі) ұстанып отырған Тоқаев мырзаның жүйесіне қызмет жасаған адамдардың Ұлттық Құрылтайда отырғаны – президентімізге сын.  

Екінші сұрақ. Ұлттық Құрылтайдың құзыреті қандай болмақ? Бастама көтерген президентіміздің сөзіне қарағанда, бұл – президенттің жанындағы ондаған кеңесші органдардың бірі сияқты. Бірақ аты дардай… Егер оған мүше болатын адамдарды (жоғарыдағы сұрақтың бірінші тұруының себебі де осы болар) халық таңдайтын болса, парламенттің жағдайы қиын болады… Онда не Құрылтай, не парламент, екеуінің бірі қалуы керек. Парламентте халық қалаулылары отырған жоқ, қолдан жасалған партиялардың, сол партияны ойынға қосқан биліктің таңдаған адамдары отыр. Бір тойда екі жар жоқ. Егер қазақ дәстүріне сай құрылған Құрылтай болса, оның шешімдері – талассыз шындық, нақты ақиқат, заңды шешім! Парламенттің міндеті – сол шешімге сай заңдарды қабылдау. Бұған бүгінгі билік көнеді ме?  Бұл да сұрақ. Құрылтай халыққа жақпайтын заң жобаларын қалайша тоқтата алады? Құрылтайда дауыс беру арқылы қабылданған шешімді президент не парламент бұза алады ма? Бұл да сұрақ.

Бұл мақала – сіздерге ой салу мақсатында жазылды. Ұлттық Құрылтай – жаңа бастама. Бұл құрылымның қандай болуын тек биліктің шешуіне беріп қоюға болмайды. Өзіміздің пікірлерімізді білдірейік. Егер көңілімізден шықпаса, қарсылығымызды көрсетейік. Ережені жасайтын жұмысшы тобына кірейік. Шақыра қалса...

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33