Қарыздары триллион, жалақылары миллион...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

22.09.2022, 08:40

1424

Жыл сайын «Қазпошта» компаниясының еліміздің әр түкпіріндегі мыңдаған қызметкерлері жүз мың теңгеге де жетпейтін жалақыларының аздығына наразылық танытып, ереуілдетіп жатады. Өткен аптада да Алматы қаласындағы «Қазпоштаның» 200-ден астам қызметкері «айлық көтерсін» деп талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартты.

Осы орайда атап өтер жайт, өткен жылы «Қазпошта» компаниясының басқарма және директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысы мен сыйақысын төлеуге 208 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған көрінеді. Салыстырып қарар болсақ, жалақы мен сыйлықақы мөлшері алдыңғы жылмен салыстырғанда 42 пайызға артқан.

Егер 2020 жылғы пандемия кезінде ұлттық компания басшыларының әрқайсысы орта есеппен 17 292 000-ға жуық ақша алса, 2021 жылы топ-менеджердің жылдық табысы шамамен 30 миллион теңгеге дейін өскен. Қолда бар ақпаратқа сенсек,2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі басқарушы персоналға 7 адам кірген. Және негізгі басқарушы персоналға қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді сыйақылардың жалпы сомасы 208 264 000 теңгені құраған көрінеді. Компания директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысын төлеу қорының қаражатын 99 762 000-нан 183 984 000-ға дейін күрт арттырғанымен қарамағындағы мыңдаған қызметкерінің жағдайын ескермеген. Қызметкерлері түгілі компанияларын да ойламаған секілді. Қызметкерлері жалақының аздығына шағымданып, әлденеше рет ереуілдетіп жатса, компаниялары қыруар шығынға батқан. Өйткені компанияның шығыны 2021 жылы алдыңғы 2020 жылмен салыстырғанда 1,1 миллиардқа (46 пайызға) өсіп2,4 миллиард теңгені құраған. Ал өздері сонда да миллиондаған жалақысын қысқартпақ түгілі жыл өткен сайын өсіру үстінде.

Компаниялары құрдымға кетіп жатса да, қызметкерлерін аз жалақының жетіспеушілігі көшеге ереуілге шығуға мәжбүрлеп отырса да «басшыларының мұртын балта шаппайтын» секілді. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында кадрлық шығындар 1 миллиард 900 миллион теңгеден асса да, еңбекақы қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өспеген. Керісінше, 46 миллион теңгеге азайыпты. Ал жыл басында «Қазпоштаның» қатардағы қызметкерлерінің жалақысы көтерілетіні және бұл өсім қызметкерлердің 93 пайызына әсер ететіні хабарланған болатын. Айтпақшы, кешегі жолғы алматылық қазпошталықтардың ереуілінде де басшылары «қаңтар айына дейін шыдаңыздар, сосын жалақы өседі» деп алдарқатқан. Дәл былтырғыдай. Яғни бұл қарамағындағы қарапайым қызметкерлеріне жыл сайын берілетін өтірік уәде. «Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебі.

Осы орайда атап өтер жайт еңбектерін жоғары бағалайтын «Қазпошта» басшыларының жұмысын дұрыс жүргізе алмайтынының бір мысалы – еліміздегі қазақ тілді баспасөздің түбіне жетіп, баспасөзге жазылу науқанын қолдан тұншықтырып отырғаны бөлек мәселе. Соған қарамастан, жазылымнан да пайда көріп, осы жұмысты ұйымдастырғандарын желеу етіп, үкіметтен де субсидия алуда. Яғни «екі жеп биге шығудың» жолын жақсы тапқан. Жұмыстары кері кетсе де, жалақылары тек алға жылжиды. Оны жақында тағы таратып жазамыз.

 Қарамағындағы қызметкерлерін қанап, өздеріне миллиондаған жалақы тағайындап алып жататын тек «Қазпошта» ғана емес, былтыр «Самұрық-Қазына» қорының басқарма мүшелері бір жылда 275 миллион теңгеден астам табыс алған көрінеді.2021 жылы «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының сегіз мүшесі 275,2 миллион теңгеден жалақы мен сыйақы алған. Оның үшеуі 2021 жылдың көктемінде қызметінен босатылған. Яғни бір басқарма мүшесіне айына орта есеппен 2,8 миллион теңгеден келеді, –делінген FINANCE.kz Telegram каналы.

Атап өтер жайт, бұл көрсеткіш 2020 жылғы көрсеткіштен аз екені нақтыланған. Ол кезде басқарманың бес мүшесі 266 миллион теңге алған екен. Бұл бір басқарма мүшесіне айына орта есеппен 4,4 миллион теңгені құрайтын көрінеді. Басшылары миллиондап алып отырған бұл компанияның да қарызы жетеді. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қазіргі таңда қордың жалпы қарызы шамамен 10 трлн теңгені құрайды екен. Ойбай-ау ең болмаса компанияларын қарызсыз басқаруды білмеген басшылар қай еңбегімен миллиондаған жалақы алады сонда?!

Қарапайым халық жүз мың теңгенің айналасындағы жалақыны қанағат тұтып отырғанда, олардың табысы жалақы, сыйлықақы, ақшалай басқа да ынталандырулар есебінен еселеніп отырған. Айтпақшы, еліміздегі орташа жалақының осы топ менеджерлер есебінен де салыстырмалы түрде есептеліп, қазақстандықтың орташа жалақысының көлемі шынайы жағдайдан әлдеқайда жоғары көрсетіліп отыратыны тағы бар. Ендеше, олардың жалақысын қадағалайтын біреу-міреу бар ма өзі? Жоғары жалақы алса қай еңбегінен, Қазақстанның дамуына еңбегі сіңген қай ісі есебінен алып отыр сонда?! Пайдасы қара бастарынан аспайтын, алайда, мемлекетті теспей сорып, компанияларын тұралатып отырған солар кімге керек өзі?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Күлтегін БЕК 06.06.2023, 09:46
Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 12:42
Жұмыссыз ерлер Қызылордада, жұмыссыз әйелдер Маңғыстауда көп
Күлтегін БЕК 31.05.2023, 09:42
Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 31.05.2023, 04:57
Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.05.2023, 16:26
172 мың түлектің үміті желге ұшты
Күлтегін БЕК 30.05.2023, 10:03
ЕАЭО жиынындағы екеу және басқалар

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11