Қателікке көз жұму...

Азат ӘЛИХАН

23.11.2022, 10:25

1768

«Өз ісіне салғырттық таныту кез келген салада бар» дейтін шығармыз. Уақыттың төрелігіне қарай қателіктің орнын толтырып, өткеннен сабақ алатын болса, бұл айтылғанды түсінуге болады. Ал адам жанына араша болуға ант алып, «ақ халатты абзал жан» атанғандардың қателігін кешіруге бола ма?

Жуырда <a href=«aikyn.kz/226257/anayy-suret-salgan-zhambyl-oblysynda-okushylarga-koligin-zhugyzgan-mugalimnin-basy-dauga-kaldy/» style=«font-family:»Times New Roman",serif; color:#0563c1; text-decoration:underline">Жамбыл

облысында 31 жастағы ана жарық дүниеге жаңа келген нәрестесінен айырылып, қайғыдан қан жұтқан-ды. Оның үш айлық шақалағы түсініксіз жағдайда шетінеп кеткен. Айтуынша, үш айлық нәрестесін тексеру керектігін айтып, анасын ауруханаға шақыртқан дәрігерлер арада бес сағаттан соң сап-сау дүниеге келген сәбиінің жансыз денесін қолына ұстатыпты. Бірақ Меркі ауданындағы медициналық мекеме «нәресте инсульттан көз жұмған» деген диагноз қояды. Ал сәбидің анасы баласының қазасына медицина мамандарын айыптайды. Өйткені медициналық тексеруден соң дәрігерлер бірнеше сағаттан кейін анасы мен баласын қайта шақыртып, қаннан сынама алмақ болыпты. Білектен қан алмақ болған дәрігерлер сәбидің әр жеріне ине тыққылап, ақыры тамырды таппай қояды. «Сол сәтте баламның жаны қалай қиналғанын көрдім. Тыныс алуы қиындап, жан дауысы шығып жылады. Абдырап қалған медбике Амелияны менің қолыма ұстатып, өзі қашып кетті. Не істерімізді білмей шулап кеттік», – дейді сол қаралы сәтті есіне алған Милана Ратушина. Артынша, дәрігерлер есі кіресілі-шығасылы баланы жансақтау бөліміне алып кетеді. Алайда сол күні ана бөлімшенің жұмыс істемей тұрғанын, әрі ол жерде балаларға арналған тыныс алу аппаратының болмағанын айтып отыр. Арада бес сағат өткенде шақалақтың жүрегі біржола тоқтапты.

Сәби өлімінің себебін баладағы туабітті аурудан көргенімен, медициналық мекеме басшылығы үш айлық сәбидің дамуын бақылауға тиіс дәрігерлер өз міндетін тиісті деңгейде атқармағанын да мойындайды. Осы салғырттығы үшін жауапқа тартылады деп сендіреді. Әйткенмен қызметтік сөгіс пен тиісті тексеріс қайғыдан қан жұтқан ананың көз жасын құрғата ала ма? Ал үш жыл бұрын көрген азабын көзіне жас алып еске алатын елордалық Сара: «Күнімді дәрігерлерге көрсетпесе екен» деп, күні-түні дұға тілейтін болған. Себебі үшінші баласын босануға барған ана ауруханадан аман шыққанына әлі күнге сенбейді. «Астана қалалық №2 перзентханасында қызым жүрек ақауымен туылды. Дәрігерлердің сол кезде балам екеумізге көрсеткен азабын ойласам, әлі күнге дейін денем түршігіп, тамағыма өксік тығылады. Мекеменің дәрігерлері өздерінің жіберген қателіктерін жасыру үшін түрлі айла-әрекетке барып, ақыр соңында басқа ауруханадан бір-ақ шықтым. Гинекология бөлімінің меңгерушісінен бастап медбикелерге дейін бірге ауыз жаласып, хал үстінде жатқанымда жағдайымды білуге жарамады.Перзентхананың бас дәрігері, қазір қайтыс болып кеткен Иван Ли ауыр жағдайда жатқанымда көріп, кешірім сұрағаннан кейін ғана сең қозғалды. Егер менің жағдайым ол кісінің құлағына жетпегенде, жағдай қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі дәрігерлердің қателігінен бір емес, үш рет пышақтың астына түстім», – дейді Сара.

Алматы облысының тұрғыны Меруерт те бір жасында денесінің 20 пайызын күйік шалған қызының сол кездегі басынан өткен қиын күндерін дұшпанына да тілемейтінін айтады. Бір жасқа толмаған кезде қайнап тұрған шәугімдегі суға күйіп қалған қызын жедел жәрдеммен Кеген аудандық ауруханаға апарған. Дәрігерлер үш күн бойы жақпамайдан басқа ешқандай емдік шара көрсетпеген соң, амалы құрыған ата-анасы: «ешқандай талабым жоқ» деген қолхат жазып, қыздарын қалаға апарады. Ол жердегі дәрігерлер баланың жарасын көргенде көздері шарасынан шыға жаздаған. Себебі балаға алғашқы дәрігерлік көмекті дұрыс жасамағандықтан, ауру әбден асқынып, екі аяғы түгел іріңдеп кеткен. Облыстағы әріптестерінің әрекетсіздігінен үш ай аурухана төсегінде жатып, бірнеше рет ота жасалғанымен кішкентай қыздың денесінде ғана емес, жүрегінде де дақ қалды. Өйткені қазір бойы өскен сайын қызының денесі де бірге тартылып жатқан көрінеді.

Бұл қазір сала мамандарының салғырттықтан сабақ алуға асықпайтынын көрсетеді. Мәселен, жыл сайын медицина қызметкерлерінің үстінен шамамен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады екен. Ал соңғы төрт жылда 90-ға жуық медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Оның ішінде 70-і жауапкершілікке тартылған. Оның өзінде кейінгі жылдары 2 медицина маманы ғана түрмеге тоғытылған. Тоғызы шартты жазаға кесілсе, 11-і сотталғанымен, рақымшылыққа ілігіп кеткен. Сондай-ақ 19 дәрігер істің ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан босатылса, сот залында 11 адам ақталып шыққан.

Көріп отырғандай, қателік жіберген дәрігерлер жазалана бермейді. Бұл жұмысын дұрыс атқара алмаған кейбір дәрігерлердің бір жерден келесі жерге жұмысқа ауысып, ары қарай әуеніне басуына мүмкіндік береді. Себебі қозғалған қылмыстық істер тергеу кезінде дәлелденбегендіктен жабылатын көрінеді. Тіпті кейде дәлелі көзге көрініп тұрған қылмыстардың өзі сотқа жетпейді екен. Адвокат Айман Омарованың сөзінше, мұндай істерді тергеу ұзаққа созылады. Өйткені тергеушілердің медициналық білімі төмен. Одан бөлек, медициналық қателік бойынша тергелетін істердің көбі – сот-сараптамасына тәуелді. Ал сот сараптамасын жасайтындардың барлығы медицина мамандары. Яғни ұжымдық ынтымақтастық жүрген жерде барлығы жабылып, істің тоқтауына жұмыс істейтіні түсінікті.

Заң ғылымының кандидаты Бақытжан Асқаровтың айтуынша, біздің елде медицина саласындағы қылмыстарды қылмыссыздандырудың салдарынан дәрігерлер жіберетін қателіктер жиі түзетіле бермейді. Соның салдарынан әріптестерінің әрекетінен сабақ алмау қалыпты жағдайға айналған. Сол үшін өз міндетіне жүрдім-бардым қараған дәрігерлерге келтірген зиянын өтеудің ашық және тиімді тетігін енгізу маңызды. Неге? Мысалы, әлемдік тәжірибеде дәрігер қателігін алдымен тәуелсіз медициналық кеңес қарайды. «Яғни медицинада абайсыздық немесе әрекетсіздік жағдай бар. Көмек көрсетпеу немесе тиісті ем-дом жасамағаны үшін жауап беру керек. Науқас комаға түскенде оның өмірін сақтау үшін келісімін алмай, отаны бас­тауға тура келетін жағдай бар. Осындай кезде ота жасалмаса, дәрігердің әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғалады. Егер ота хаттама бойынша жүргізіліп, науқасты құтқару мүмкін болмаса, бұл қылмыс емес. Дәрігердің ісін қарайтын тергеуші аурудың ерекшеліктерін біле алмайды. Өйткені ол дәрігер емес, істі қарайтын судья да дәрігер емес. Сол үшін шетелдегідей медициналық қателіктерді тексеруге тәуелсіз медициналық комиссияларды тарту тәсілін қолдану қажет», – деген ұсыныс айтады.

Шетелдік тәжірибе жақсы ғой. Әйткенмен басы ауырып, балтыры сыздағанда ғана дәрігерге баратын емделушілердің жауапкершілігін қайтпекпіз? Себебі қазақы түсінікпен жүрген көбіміз шыбын жан мұрынның ұшына тірелгенде ғана шарасыздықтан дәрігерлердің алдына шипа іздеп барамыз. Алайда асқынған ауруға кейде дәрігер түгілі Жаратушының да жәрдемі тимеуі мүмкін. Ондай жағдайда қажетті ем-домды жасаған күннің өзінде дендеп кеткен дертке дауа жасауға медицинаның өзі қауқарсыз. Ал кейде дәрігер қателігін анықтауда әділетсіздікке тап болатын ақ халаттылар да бар екен. Соның бірі екі жыл бойы тергеушілерге кінәсіз екенін дәлелдей алмай жүрген қызылордалық балалар дәрігері – Серік. Оның айтуынша, өзі істейтін мекеме басшылығы мен әріптестері, баланың ата-анасына дейін науқастың қазіргі жағдайына кінәлі етіп шығарған. Бір қызығы, балаға диагноз қойған да, оған ота жасаған да басқа дәрігер. Оның бар кінәсі – науқас ауруханаға келгенде алғаш қабылдап алғанында. «Кінәсіз екеніңді дәлелдеудің өзі ақырзаман екен. Менің бар кінәм – баланы бірінші көріп, диагнозын нақтылау үшін бақылауға жатқыздым. Ал ары қарай аурудың себебін анықтап, ота жасаған басқа әріптестер бола тұра, барлық айып маған таңылып отыр» деп ашынады ол. Сөз арасында ол өзі істейтін балалар ауруханасында қарапайым медициналық құрылғы түгілі, кейбір дәрілердің өзі қат екенін айтады. Оның үстіне кейбір ауруларды емдеудің белгіленген ортақ бұйрығы 2015 жылдан бері жаңартылмаған.

— Біздегі сот-медицина сарапшыларын қайта оқыту керек. Кезінде оқып жүргенде «үлгерімі төмен студенттер сот-медицина сараптамасына барады» дейтін әзіл айтылатын. Қазір сол сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынына көзім жетіп отыр. Одан бөлек, шетелдегідей әр дәрігердің жұмысы бөлек, әрқайсының қасында бірнеше көмекші жүретіндей жағдай бізде жасалмаған. Біздегі дәрігерлер үлкенді де, кішіні де қарай береді. Ал бізде барлығына өзің үлгеру керексің. Кейде сенбі, жексенбі күндері науқастардың тарихын жазамын. Өкінішке қарай, ісіне немқұрайды қарайтын әріптестерім бар. Ол үшін медицинаға түсетін кезде іріктеу дұрыс жүру керек. Тағы бір айтарым, бізде бейінді мамандар жоқ. Мысалы, ауруханамызда балалар гинекологы деген жоқ. Ота үстінде гинекологиялық асқынулар болады. Сертификатты ойлауға мұрша жоқ, адамды аман алып қалу керексің. Ал ота сәтсіз болса, басың бәлеге қалуы мүмкін. Сосын науқастардың өз өміріне жауапсыз қарауы да бар. Үш жыл қатарынан босанған әйел адам болды. Өзі 3-ші дәрежедегі анемиямен ауырады. Соңғы келгенде бұлай болмайтынын, енді емделіп, 5-6 жылдан кейін кел дегенбіз. Бірақ сөзімізге құлақ аспады. Биыл бір бүйрегі сыр берді. Енді қазір туған-туыстары дәрігерді кінәлап жатыр, – дейді Серік.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын дайындапты. Атап айтқанда, ол пациентті емдеуден бас тарта алатын дәрігерлерді құқықтық қорғау жөніндегі құқықтық тетікті құру мүмкіндігін қарастыру мақсатында ұсынылған. Емдеуші дәрігер медициналық ұйымының (бөлімшесінің) тиісті лауазымды адамымен келісім бойынша пациентті бақылаудан және оны емдеуден 3 шарт бойынша бас тартатын мүмкіндік берілмек. Себебі тәжірибе көрсеткендей, науқастардың тарапынан медициналық қателіктер жібергендіктен дәрігерлерге шағымданып қана қоймайды.

Қорыта айтсақ, заң жобасында заңгерлердің пікірі мен медицина саласының жанайқайы ескерілсе дейсің. Әйтпегенде екі тараптың біріне қолдау көп болып, жауапкершіліктен жалтару жағдайды ушықтыруы да бек мүмкін. Ал кейде ауруы асқынған адамға адамгершілікпен қарап, жауапкершілікпен қараған дәрігерлердің өз басы дауға қалары да сөзсіз.

Тегтер: медицина сын пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Серік МӘЛЕЕВ 10:00
Роман Скляр сатқын ба?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:59
Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.11.2022, 08:41
Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.11.2022, 09:30
Журналист киллерге кешірім берді
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:30
2023 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 25.11.2022, 07:22
Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43