Қауіп қайдан?!

Қазақтың басына төнген бес қауіп-қатер

және одан шығудың жолдары

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ

03.12.2021, 08:48

2181

 

  Қазақ мемлекетінің басына төнген бірінші қауіп-қатер – ол Қытай мен Ресей. Біз 1997 жылы Қытайға 407 шаршы шақырым жерімізді бердік, қазақ-қытай шекарасын ішке жылжыттық. Сонымен қатар біз Қытайдың жекеменшігіне мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындарымызды саттық, олар: Ақтөбе облысындағы «Ақтөбемұнайгаз», «Көкжиде Мұнай», «Мартук Мұнай», «Құмсай Мұнай», Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай», «Құмкөл» ірі мұнай-газ өндіріс орны, Шымкенттегі ШНОС – жанармай өндіретін зауыты, Маңғыстау облысындағы «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Айдан мұнай», «Северные Бузачи» – бұл тізімді әрі қарай ұзақ жалғастыра беруге болады.

              Қазіргі кезеңде қытайлықтар Ақтөбе облысында мұнай-газ өндірудің 95 пайызына, Қызылорда облысының 65 пайызына және Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы мұнай-газ өндірісінің 35 пайызына бақылау жасайды. Жақында ғана қытай жекеменшігіне Түркістан облысындағы уран шығаратын «ДП «Орталық» кен орнының 49 пайызын саттық.

              Қытай алдындағы ақшалай қарызымыз 9 миллиард 700 миллион долларға жетті. Қазақстанда 2783 қытай компаниясы жұмыс істеп жатыр. Қытайдың Қазақстанға құйған инвестициясы 80 миллиард доллардан асады. Ал инвестиция дегеніміз – қарыздың бір түрі, себебі құйылған инвестицияны пайдасымен кері қайтару керек қой.

              Ресми ақпарат бойынша Қазақстанда 3689 қытай жұмыс істейді. Мысалы, 2019 жылдың бірінші жартысында қытай жұмысшылары біздің елден 38 миллион 600 мың доллар ақша алып кеткен. Нақты қанша қытайдың Қазақстанда бар екені белгісіз, алайда турист болып келіп, қалып қойып жатқандар көп. Ал егер Қазақстанда Қытайдың 55 зауытын салатын болсақ, қара қытайдың біздің экономикадағы үлесі тіптен көбейеді.

              Ресей мемлекеті де бізді Беларусь сияқты саяси одаққа кіргізуге барынша тырысып жатыр. Ресей мемлекеттік думасының депутаттары, сыртқы істер министрі, тіпті президенттің өзі біздің территориямызға көз алартып отыр. Олар Қазақстанда атом электр станциясын салып, бізді барынша қаржылай қарызға кіргізуге жанталасуда. Цифрлық үкімет жасап береміз деп, 500 миллион доллар сұрап отыр. Ресейден келетін импорттық тауардың жалпы құны 4,5 миллиард доллардан асты.

              Екінші үлкен қауіп – экономикада. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары биліктегілер «Карметкомбинат», «Қазақмыс», ГРЭС-1, ГРЭС-2, «Богатырь» – Екібастұз көмір өндіру комбинатын, Ақтөбе ферросплав зауыты сияқты ірі-ірі кәсіпорындарды шетелдіктердің жекеменшігіне сатып жіберді. Соның салдарынан ол зауыт-фабрикалардан түскен қыруар пайда жеке адамдардың қалтасына түсті. Тәуелсіздік алған 30 жылда экономикамызда диверсификация жүргізілмеді, соның салдарынан экономикамыз мұнай-газ, металл бағасының сатылу құнына тәуелді болып қалды. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының 90 пайызын шетелден таситын күйге ұшырадық.

              Экономикалық саланың бір тармағы – Қазақстандағы аграрлық саланың құлдырауы үшінші қауіп болып отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда билік колхоз-совхоздарды таратып, олардың мүлкін жекеменшікке үлестіріп берген болатын. Бұл үлкен қателік болды. Ауылда тұратын миллиондаған қазақ жұмыссыз қалды, олар қалаға көшіп, қаладағы үйсіз-күйсіз жұмыссыздардың санын көбейтті. 1,5 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жерлері жекеменшікке сатылып кетті. Ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сату шабындықтың, жайылымның жетіспеушілігіне әкеп соқтырды. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жемшөп жетіспеушілігінен мыңдаған мал қырылды.

              Аграрлық секторда ішкі өнім өндіру азайды, мемлекетіміз импорттық азық-түлікке тәуелді болып қалды. Ет пен сүтті айтпағанда, биыл шетелден 21 412 тонна картоп импорттаппыз. Ресейден 21 985 тонна колбасаны 40 миллион долларға сатып алып, ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші орынға шығыппыз. Ауыл шаруашылығына бөлінген 2,9 триллион теңге субсидияның 70 пайызы қайда кеткені белгісіз.

              Төртінші қауіп-қатер қаржы, банк жүйесіне тиесілі. Бүгінгі күнде Қазақстанның сыртқы қарызы 166 миллиард 700 миллион долларды құрайды. Әр қазақстандық 9100 доллар сыртқа қарыз. Үкіметтің жеке қарызы 35 миллиард доллардан асып кетті. Мұнай-газ саласында жұмыс істейтін шетел компаниялары өз қарызын 100 миллиард доллардан асырды. Олар мұны салықты аз төлеу үшін әдейі істеп отыр.

              Жеке азаматтардың банк алдындағы жеке кредиттік қарызы 8 триллион теңгеден асып кетті. Ал мемлекет басшылары қазынаның ақшасын ЭКСПО-ға (1,3 млрд доллар), ЛРТ-ға (300 млн доллар), шетелдік спорттық легионерлерге берекесіз шашып отыр. «Барыс» хоккей клубының хоккейшісі Даррен Диц айына 32 млн теңге жалақы алады. Осы жылдың басында Тоқаев билігі Азия даму банкінен және Қытай инфраструктуралық инвестиция банкінен 1,5 миллиард евро қарыз алды.

              Бесінші, ең негізгі қауіп-қатер – демографиялық тоқырау. Қытайда бір жылда 18 миллионнан астам бала дүниеге келеді. 2016 жылы Қытай «бір жанұя – бір бала» деген көпжылдық саясаттан бас тартты, ал 2020 жылдан бастап қалада екі бала тууға рұқсат берді. Қытай демографтарының есебі бойынша қалада 40 миллион жанұя екінші баланы дүниеге әкелуді жоспарлап отыр.

              Небәрі 449 мың шаршы шақырым жері бар Өзбекстанда 34 миллионнан астам халық тұрып жатыр және жылына 800 мыңнан астам бала дүниеге келеді.

              Қазақстанның территориясы 2,7 миллион шаршы шақырым және әр шаршы шақырымға 6-ақ адамнан келеді. Қазақстанда жылына дүниеге келетін баланың саны – 426 мың, ал одан статистика бойынша жылына қайтыс болатын 160 мың адамды шегеріп тастайтын болсақ, онда жылдық өсім 257 мың бала болып отыр. Бұл өте аз.

              Бір жағымызда – Қытай, екінші – Ресей, үшінші – Өзбекстан мемлекеттері қоршап тұрғанда демографиялық өсім ең негізгі мәселе болып табылады. Ресейдің біздің солтүстік территорияларымызға көз алартып отырғанының бір себебі – ондағы қандастарымыздың санының аздығынан.

              Бес қауіп-қатерден құтылудың жолдары:

              Ең бірінші Қытай меншігіне сатылған мұнай-газ саласындағы активтерімізді тез арада мемлекет меншігіне кері қайтару керек.

              Екінші – Қытай алдындағы қарызымызды жабу керек.

              Үшінші – қытай мигранттарының турист ретінде Қазақстанға кіруіне тосқауыл қою керек.

              Төртінші – Ресей бағытындағы шекаралық облыстарда қандастарымыздың пайыздық үлесін арттыруымыз керек.

              Экономикалық қауіп-қатерді жою үшін, ең бірінші, мұнай-газ секторын диверсификациялаған жөн. Мұнай мен газдан 300-ден астам өнім жасауға болады, сол зауыт, фабрикаларды салу керек. Ел экономикасындағы мемлекет меншігінің пайызын 70-80 пайызға дейін көтеру қажет. Ірі зауыт-фабрикалар салу арқылы мыңдаған жұмыс орындарын ашып, жастарды түгел жұмыс орнымен қамтамасыз еткен жөн.

              Ауыл шаруашылығындағы үшінші қауіптің алдын алу үшін төрт түлік малды өсіретін мемлекет меншігіндегі ірі фермаларды қайта құру керек. Жекеге сатылып кеткен 1,5 миллион гектардан 3 миллион гектарға дейінгі ауылшаруашылық суармалы, шабындық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керек, сол арқылы ауылдағы мал бағуға жер жетпейтін мәселені шешеміз. Ауылдық жерлерде ет, сүт, май шығаратын, тері илейтін зауыттарды салып, құны жоғары ауылшаруашылық тауарларын шығарып, ауыл халқын толықтай жұмыспен қамтамасыз ету керек.

              Қаржы саласындағы төртінші қауіптің бетін қайтару үшін сырттан қарыз алуды тез арада тоқтатып, мемлекеттік қарызды реструктуризация жасап, қайтарған жөн. Кез келген адамға жоғары пайызбен кредит бере беретін микрокредиттік ұйымдарды тез арада жабу қажет.

              Ұлттық қордан алатын трансфертті тоқтатып, салық төлеу тәртібін түзеу арқылы ішкі инвестиция көлемін арттыру керек.

              Инфляция мен азық-түлік бағасының өсуін тоқтату үшін ішкі өндірісті бес есе арттырған абзал. Қосымша құн қосу арқылы ішкі тауарлық өнімді арттыру ғана теңгенің әрі қарай құнсыздануын тоқтатады.

              Басқа елдерге көмектесіп, ақша шашуды, футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, велоспорттағы шетелдік легионерлерді бір тиын төлемей, елден қуып шығуымыз керек.

  «Нұр Отан» партиясын бюджеттен қаржыландыруға күніне 18 миллион теңге бөлініп отыр, сондықтан барлық саяси партияларды мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтату керек.

              Бесінші қауіп – демографиялық тоқырауды тоқтату үшін көпбалалы жанұяларға мемлекеттік көмекті арттырған дұрыс. Әр бүлдіршін ауылда да, қалада да ақысыз балабақшаға бару мүмкіндігіне ие болуы керек. Заманауи орта мектептер салынып, барлық орта мектептерді бір ауысымда жұмыс істеуге көшіру керек. Орта мектепте, колледждерде оқушылардың 11-сыныпқа дейін толық мемлекет есебінен тамақтандырылуын енгізу керек. Әрбір балаға төленетін ақша көбейтіліп, көпбалалы жанұяларға олар 18-ге толғанша әлеуметтік ақшалай көмек беріліп тұруы керек.

              Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан қандастарымызды елге көшіруді қайта жандандырған жөн, оған ақша аямау керек. Оларды солтүстік өңірлерге орналастырып, солтүстік облыстардағы қазақтың санын тез арада көбейту қажет. Қытайда 1,5 миллион қазақ бар, оларды қытайлықтар түзету лагеріне тықпалап, қорлап жатыр. Соларды елге көшіріп әкелсек (1962 жылғыдай), еліміздегі қазақтың саны миллиондап өсер еді. Егер шетелдегі қандастарымызды елге тез арада көшірмесек, олардың орнын болашақта қытай немесе өзбек басуы мүмкін.

               

Тегтер: мемлекет даму қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш Әбілдәқызы 09:15
Қазақстан тастанды ел ме!
Нұрай Рахым 25.01.2022, 09:38
Сенат пен Ассамблеяны тарату керек пе?
Қуаныш Әбілдәқызы 24.01.2022, 19:12
Қазыбек Иса «Құқық қорғау органдары жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатыр»
Сайт әкімшілігі 24.01.2022, 14:23
Жазықсыз жандар жазаланып жатыр – жазушы Думан Рамазан Ерлан Қаринге ашық хат жазды
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 21.01.2022, 16:04
Қасірет
Сайт әкімшілігі 21.01.2022, 08:36
Елімізді содырлардан қорғауға шамамыз неге жетпеді?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48