Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?

Елеусіз МҰРАТ

05.03.2021, 09:19

2438

Елімізде сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталып, сотталып жатқан ұлықтардың ұзын санында есеп жоқ. Оларға тағылатын айыптаулар да бір қалыптан шыққандай  ұқсас болып келеді. «Пара алу үстінде ұсталды», «өз өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекет қаржысын ішіп-жеп қойған» деген тәрізді   жұрттың әбден құлағы үйреніп, еті өліп  кеткен жалпақ жұртқа белгілі  құлақсіңісті  кінәлар.

Осы таяуда  ғана Алматы облыстық білім басқармасының басшысы пәленбай мың  теңге көлемінде пара алу үстінде қолға түсіп еді, суыт хабардың  ізі суымай жатып  Жамбыл облысынан  да  ардан безген кейбір  шенеуніктердің  індетке қарсы күреске бөлінген қыруар қаржыны қалталарына басып кеткені туралы   мәлімет  шаң беріп қалды. Кіл осындай мазмұндағы көңіліңді  ортайтатын жағымсыз ақпараттар.   Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  пен міндетті медициналық сақтандыру қорлары басшыларының   қаржы саласындағы  былықтары үшін  жауапқа тартылғаны күні кеше ғана сияқты еді, енді  таяуда Астана қаласы әкімдігіндегі ұлықтардың  мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңды майшелпекке айналдырып, миллиардтан астам қаржыны өңештерінен өткізіп жіберіп,  түк болмағандай тымпиып отырыстары анау.  Бір сөзбен айтқанда, жемқорлыққа  қанша жерден  қатаң  шара қолданылса да,  еліміздегі араны ашылған  ашқұрсақ  шенеуніктердің тойымсыздығына  әзірге  тосқауыл  боларлық күш табылар емес.  

Соңғы жылдары  жемқорлар туралы  деректер көбейген сайын, бұл індет те  шабысын  үдетіп, күшейіп бара жатқан сияқты.  Құқық қорғау органдары үшін  атқа мінген алпауыттардың заңның шеңгеліне бірінен кейін бірі арандап, топырлап түсіп жатқанын  жақтары сембей  хабарлау статистика үшін қажет те шығар, ал шын мәнінде ол  қуанатын  емес, керісінше, қоғамды  жерге қарататын жағдай. Алайда  ұят деп бет шымшысақ та, бұл үрдіс ішін тартып, іркілген емес. Пейілі тоймайтын жемқорлар мен погон таққандарды бір-біріне  аңдытып қойған заман. Тек бір таңданарлығы,  біздегі  құқық қорғау органдары  қылмыс жасалып, қаржыны өңгерген жемқор шенеунік жер сипатып, қашып кеткеннен  кейін ғана  аттандап атқа қонады. Бейне бір погондылар мемлекет қаржысының қолды болып кеткенін алыстан  бақылап, қасақана күтіп отыратын сияқты.  Әншейінде ұрлық-қарлық бола қалса, тайлы-тұяқтарымен ат сабылтып жетіп келетін қылмыстық қудалау органдары  ел байлығын тонаған   ұлықтарымыз ұрлаған дүниелерін өңештерінен өткізіп,  кекірік атқан сәтте ғана салып ұрып жетіп келіп тұрады.  Отыз жылғы тәжірибеден көңілге бір түйгеніміз – бізде қазына қаржысына енді  қол салайын деп  жатқан  шенеуніктердің ұсталатыны   кемде-кем. Егер қаптаған күштік құрылымдар  қылмыстың алдын алу шараларын  жүргізіп, халықтың маңдай терімен тапқан қаржысын  сұғанақтардың сұғынан сақтап қалып жатса, «ау, бұларың қалай?» деп беттерін қағып жатқан ешкім жоқ қой.   Керісінше, Ата заңымыздың 83-бабының прокуратура органдарына   жүктеп отырған  міндетінің  бірі сол  емес пе?!

Өкінішке қарай, қазақстандық  прокуратура органының  заң жүзіндегі  қуаты таудай болғанымен,  іс жүзіндегі  қарымы  қауқарсыз. Қазіргі прокуратураның  айбынын 90-жылдардың  аласапыран жылдарындағы    парламенттің бір  отырысында  сол тұстағы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Үркімбаевқа қыр көрсетіп, «залдан ұстап әкетемін»  деп сес көрсеткен қадағалау органының қауқарымен салыстыруға  мүлде келмейді.  Қазақстандық прокуратура органдарының жылдар бойына жинап келген беделі  мен аспандаған айбыны  сол тұста билік қорғап қалған  Үркімбаевтан  кейін біржолата   төмендеп кеткен сияқты болып  көрінеді де тұрады.

       Әңгіменің ашығын айту керек, сол жылдары  ел арасынан  өсіп шығып,  Одақтан қалған мал-мүлікті жекешелендіріп алып, қарындарына шыр байлаған  шенеуніктер мен тамырын тереңге тарта бастаған қылмыстық топтарға   прокуратураның   бұлайша сес көрсетуі   ұнай қоймады.  Олар қадағалау органын беделден айыру үшін   қазіргі шенеуніктердей ар-ұятты жинастырып қойып,    заң атаулыны тізеге  салып таптаған жоқ, аса сақтықпен қимылдады. Алдымен қоғамдағы  беделді тұлғалардың бірі,   марқұм Нағашыбай Шәйкеновтің аузына  «прокуратура өзі қадағалап, өзі тергеу жүргізсе, қаралаушы органға айналып кетеді емес пе» деген тәрізді  үрейлі  сөз  салып, ақыры тергеу комитетін құру арқылы   тергеуден айырып,  басынан бағын ұшырды.  Мұның өзі сол тұстағы мемлекет басшысының  «Ресейдің парламентін танк таратса, Қазақстанның парламентін  Таня (Татьяна Квятковская) таратты» деп, жылы жымиып айтатын  саясатын еске түсіретін нәрсе еді. Расында да,  билік басындағылар  марқұм Нағашыбай Шәйкеновтің  қолымен от көсетіп  алғаннан кейін Одақтың кезінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеп, тексеріп келген прокуратураны тергеу құзыретінен  айырып,  тек  заңдылықты  қадағалайтын, бірақ  қанаты кесілгендіктен, еркін самғап ұша алмайтын  жай ғана үй құсына айналдырып қойды.

       Өзі тергеу амалдарын жүргізбейтін, алайда  қылмыстық қудалау органдарының   тергеуден өткен  істерінің заңдылығын қадағалап, қажет деп тапса  сотқа жолдайтын немесе   бюджет  тарапынан қаржыландырылатын министрліктер мен ведомстволардағы   қаржы, кадр мәселелерінің  заңға сәйкестігін тексеріп, қылмыстық іс қозғап беріп шара алатын немесе  тергеуін жүргізуді  өзге  құқық қорғау органдарына   тапсыратын  прокуратура тек Қазақстанда ғана шығар. Тегінде көзіқарақты заңгерлер қауымы  қадағалау функциясын тергеуден  жеке-дара бөліп қарамайды. Олардың ойынша, тергеу мен заңдылықты қадағалау  біртұтас дүние.  Амал нешік, бір құлаған қайыңның  қайта көктемейтіні сияқты  бас прокурор лауазымына келген көптеген басшылар уыстан шығып кеткен тергеу  жүргізу құзыретін прокуратураға қайтарып, салмағы түсе бастаған  беделді  қайта қалпына  келтіру үшін   нендей амалдарға  барса да, 90-жылдары көз жазып қалған тергеу  құзыретімен қайта  қауышу бұл органның маңдайына  жазылмай-ақ қойды.   Шын мәнінде  дәл қазіргідей ауыр қылмыстардың саны артып, жемқорлық дерті  өршіп тұрған мынандай кезеңде заңдылықты қадағалайтын органға тергеу  амалдары  аса қажет те еді. Сол себептен де баз бір бас прокурорлар  прокуратураның  тергеу мектебінен  өтпеген   мамандарын  ішкі істер органдарының  тергеушілерімен бірге жұмыс істеп, солардан   үйренсін дегендей де  күлкілі бұйрықтар шығарды. Тергеудің заңдылығын қадағалап, істің кем-кетігін тергеушіге көрсетіп, нұсқау  беретін прокурорлар  білмейтін нәрселерін   өздері ақыл айтып, жөн-жоба көрсететін полицияның тергеушісінен  үйренетін болса, онда оларда  қандай бедел болады?!

 Өзге мемлекеттердің прокуратура органдары жемқорлыққа қарсы тегеурінді тергеу амалдарын жүргізіп, алып күшке айналып жатқан тұста  қазақстандық қадағалау органы бәрінен құр алақан қалыпты деген сыннан  ақталу мақсатында бас прокуратураның жанынан ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергейтін арнайы топ та құрылды. Бірақ ол сонау 90-жылдарға дейінгідей  прокуратура органдары жаппай тергеумен айналысады деген   ұғымды білдірмейді. Тіпті бүгін-ертең прокуратураға тергеу құзыреті беріле қалған күннің өзінде де, оны іле көтеріп, дөңгелентіп әкететін маман жоқтың қасы. Кезінде аса ауыр қылмыстарды тергеуде өзіндік тәжірибе қалыптастырған, кез келген күрделі істі прокуратура органына ғана тән әдіспен тексеруге машықтанған мықты кадрларды мемлекеттік тергеу комитеті тоз-тозын шығарып жіберді. Қазір оларды шам алып іздесең де таппайсың.

Алайда «мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, прокуратураның баяғы  аспандаған айбынына малданатындар әлі де сол баяғысынша қадағалау органдарына арыз-шағымдарын жолдап, жүгініп  жатады. Десе де, ол  Одақтың тұсындағыдай  көкірегіне нан пісетін кез келген ұлықты заматында  сесімен ықтырып, тәубесіне келтіретіндей сұсы бар прокуратурадан гөрі   азаматтардан түскен арыз-шағымдарды көбінесе басқа мекемелерге  жолдап, сырғыма жауап беруге дағдыланып алған органға айналып кеткен.  Әйтпесе Ата заңымыздың  83-бабындағы  прокуратура «… заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен  жою жөнінде  шаралар қолданады» деген  құзыретті  ешкім де өзгерткен емес.  Көптеген мемлекеттерде  кез келген мекемеден төбе көрсетіп қалатын  заңсыздықтарға   алдын ала тексеру жұмыстарын жүргізіп, заңға сәйкес  шара алу бір кездері  орыстың   қатын патшасы Екатерина ІІ  «Мемлекет билеушісінің көзінің қарашығы» деп абыройын аспандатқан  прокуратура органдары  жемқорлыққа қарсы күресте көш бастап тұр.  Ал қазақстандық прокуратура органдары   сыбайлас жемқорлық пен  түрлі заңсыздықтарға қарсы күресте неге   соншалықты  дәрменсіз?  Әйтпесе елімізде   «ішіп қойды», «жеп қойдыдан» бөлек,  қарапайым жұртты қан қақсатып, жиған-тергенінен айырып отырған  қаржы пирамидалары мен түрлі жолдармен  мемлекеттік  сатып алу тендерлерін өткізіп, миллиондаған қаржыны жамбастарына басқаннан кейін қыр асып кететін күмәнді компаниялардың  кезінде  қандай жолмен әділет органдарына тіркелгенін, қандай лауазымды адамдардың көмегімен тендерлердің  жеңімпазы  атанғандарын  анықтаудың   прокуратура  үшін түк те қиындығы жоқ қой.  Өкінішке қарай,   орган қызметкерлері   әккі   алаяқтардың әрекеттері шектен шығып жатса да, түк білмегендей кейіп танытып отыра береді. 

 Бәлкім,  кейбір прокуратура  мамандары  елімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын  жаппай  тексеруге мораторий жарияланған  деп  бұл ескертпемізге қарсы  уәж де айтар, алайда   әңгіме халықтың салығы есебінен  жиналған ақшамен    қаржыландырылатын   мемлекеттік мекемелердегі заңдылық туралы болып отырған жоқ па?  Соны прокуратура органдарының екі айда бір рет тексеріп, қажетті  қаржының  аман екеніне көз жеткізіп тұруға не кедергі?  Осы міндет  дер кезінде атқарылғанда  күні бүгіндері  жұрт «Ермегияев ішіп-жеп қойыпты», «Бишімбаев пәлен қаржыны қыр асырыпты», «Біртанов  халық қаражатын қалтаға басыпты» деген  тәрізді  желге ұшқан қаржылар жөніндегі  халыққа берер пайдасы жоқ хабарларға жұрт  малданып отырмас еді. Қазына қаржысына қол салған жемқорларды  болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес агенттігі қызметкерлерінің  ұстап алып, соттатқанынан  қандай пайда бар? Онымен  қарынға түсіп кеткен қаржы қайта қоя ма?   

Мемлекеттік мекемелердегі бір басын шапсаң, ар жағынан алты басы өсіп шыға келетін айдаһардай қаптаған жаны сірі жемқорларды айтпағанда, күнделікті өмірімізде  алға басқан қадамды кері тартатын басқа да заңсыздықтар жетіп-артылады. Лауазымды адамдармен жасалынатын қылмыс   тек дәрі-дәрмекке бөлінген қаражат пен бюджет қаржысының түрлі жолдармен   жымқырылып,  ысырапқа ұшырауымен  ғана шектелмейді. Соңғы кездері   мемлекетіміздің  солтүстігі мен шығысындағы  қауіпсіздігіне  іріткі салуды көздейтін казактардың  қарулы топтары пайда болды. Әлі күнге тексеруден өтпеген  ресейлік вакцинаның қауіпсіз екені рас па?  Бұл сауалдарға  прокуратурадан басқа кім жауап беруі керек? Қазақстанның бөлінбейтін  зайырлы мемлекет екенін, оның тұстастығына  күмән келтіретіндердің  заң алдында жауап беретінін ең алдымен прокуратура органдары зерттеп, зерделеп, еске  салуы тиіс емес пе? Ал прокуратура үнсіз.   Сондай кездері  сот отырыстары барысындағы  пікірталастар барысында да   жекелеген азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың орнына  мемлекеттің мүддесін қорғап кететін,   қоғамдағы  басқа да   заңдылықтардың сақталуын  қадағалаудағы  белсенділігі төмен прокуратура органы шынымен де қазақ  қоғамына қажет пе деп ойланасың. Ол Ата заңымызда көрсетілген өз міндеттерін ойдағыдай атқарып жүр ме,  әлде  оны қазіргі жүзеге асырып отырған қызметінің көлеміне қарай  қыруар қаржы жұмсап, жеке-дара  орган етіп  ұстағанша әділет министрлігінің құрамына қосқанымыз әлдеқайда  тиімді болар ма еді...

Тегтер: орган мәселе түйін қадағалау бақылау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24