Қазаққа жаны қас «жау» бап

Елеусіз МҰРАТ

07.04.2021, 09:33

3060

         Кешегі  кеңестік идеология үстемдігін жүргізіп тұрған кезеңде  кемеңгер Құнанбайды  баласы Абайға қарап:  «Сен – бір жайдақ сусың, ал жайдақ судан ит те, құс та ішеді», – деп айтқан  жалғыз ауыз сөзі үшін  «әкесі ұлын   көпшіл болмай, қу қарақан басыңның қамын ойла  деп тәрбиеледі» деп, ағаш атқа теріс мінгізіп  келдік. Қазір ойлап отырсақ, коммунистік қоғамдағы сайқал саясаттың түпкі  көздегені  қазақты  ұлттық ұстанымынан айырып,  құлақкесті құлға  айналдыру  екен.  Мәскеуден келген дөкейлердің  қу мансап пен сылдырмақ үшін  нені болса да сатып жіберуге даяр тұратын  қазақтың жағымпаздарын арқадан қағып, «сендер қонақжай халықсыңдар, өздерің ішпеген асты меймандарыңа бересіңдер» деп өтірік марапаттағанының астарынан  басқаша ой іздейтіндер де   аз емес екен.  Қайбір жылы  мына іргедегі қысық көз ағайындар «бұл қазақтардың  келген қонақтарына жайылып жастық, иіліп төсек болатыны соншалықты – қойнындағы қатындарын да сыйлай салады екен» деген тәрізді намысыңды қамшылайтын  өсек  таратып, соңынан «байқамай қалыппыз» деп өтірік ақталғаны бар. Десе де, олардың ойындағысын айтқаны күмәнсіз шындық еді. Соңғы жылдары  қазақтарды Сібірдің кейбір күлкіге айналып жүрген ұлттарымен қатар қойып,   мәдениетіміз бен тілімізді, әдет-ғұрпымызды мойындамайтыны былай тұрсын, керісінше,  оны  келемежге айналдыратындар көбейді. Ондай пікірді айтатындар ғасыр ауысса да, баяғы кеңестік идеологияның «Қазақстан – ұлттар зертханасы» деген түсінігімен өмір сүріп келе жатқан биліктегі байбатшалардың өздеріне тістері батпай, айналып келгенде, Мәскеу жаққа жалтақтап, өз ұлтын жүндейтінін жақсы біледі. Сол себептен де  қазақты    қорлау түк болмай қалды.

        Әлеуметтік желі мен Ресейден тарайтын басылымдарды парақтап көрсең, қазақты  ашықтан-ашық  ғайбаттау, көпшіліктің көз алдында  қасиетті домбырасын сындыру, намыстарына тиетін былапыт сөздер айтып  қорлау тіршіліктің  дағдылы көрінісіне айналып бара жатқан тәрізді. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының  күштері ондай арандатушыларға  жүрмейді, айтамыз да қоямыз, болды.  Жеті ата-бабаңнан бері қарай сыпыра  сыбайтындарының  өздеріне сот жоқ, «ау,  ағайын, бұл  қай қиянатың» десең,  әлеуметтік желі арқылы  байқамай қалғанын, абайсызда  ондай сөздердің ауыздарынан  шығып кеткенін айтып кешірім сұрай салады,  іс сонымен  тәмам. Ондайлар ұлттық намысыңа  жуынды шашып болғаннан кейін түк болмағандай, әйгілі «Автомобильден  сақтан!» фильміндегі  Иннокентий Смоктуновскийдің соттағы айтқанындай, «кешіріңіздер, ендігәрі  ондай жасамаймын» деп ант-су іше салады.  Елімізде  ұлттық намысты қорлап, алауыздық тудыратындарға арнайы жауапкершіліктер де қарастырылған.    Тек  заң орындары Қылмыстық кодекстің сол  «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының талаптарын өзге ұлт өкілдеріне қолдануға келгенде жасып төмен қарайды, орысшыл шенеуніктердің қаһарынан жасқанады.  Сол баяғы одақтан қалған  жасықтық. Үстеріне төгілдіріп шапан киген  қазыларымыздың өздері  ақ пен қараны ажыратып, әділ төрелігін айтар кезде  әлдеқашан көрге көмілген  Коммунистік партия бейне бір  тіріліп келіп,  төбелерінен  қыдиып қарап тұрғандай  абдырайды.  

        Есесіне 174-бап  намысы қорланып, өзге ұлттан жәбір көрген қазақтың өзіне жау. Оны тәуелсіз елдің Қылмыстық кодексіндегі  заң демесең, ол өзінің қолданылуы жағынан  баяғы Сталиннің заманындағы талайларды  «халық жауы» деген айыппен  қорғасын оққа байлаған  58-бап тәрізді.  Соттар да  174-бапты қолданудағы  қалыптасқан саясатқа әбден  ыңғайланып, бейімделіп алған. Сірә да  ақ пен қараның аражігін ажыратып, әділ  үкімін кесетін қазыларымызға жоғарыдағы басшылардан «өзіңді аяма, сонда өзгелер қорқады» деген секілді астыртын жасырын пәрмен берілетін  секілді.

       Таяуда  Теміртауда сот  ұлттық намысты қорлаған  өзге ұлт өкілдерін  соққыға жыққан екі қазақ жігітінің біріне – 19, екіншісіне 20 жылдан  жаза кесті. Егер судьяның осы тағайындаған жазасының қаталдығын талдайтын болсақ, ол өзінің мазмұны жағынан Қылмыстық кодекстегі «Адам өлтіру» деп аталатын 99-бабының  адамды аса қатыгездікпен өлтіріп, жәбірленушінің  ағзалары мен тіндерін  пайдалану мақсатында және қылмысты бірнеше рет жасап, көрінеу кәмелетке жасқа толмаған адамға қатысты жасалған әрекеттерге жаза қарастырған 3-бөлігінің талабымен бірдей. Мұндай жаза  таяуда ғана Алматы қаласында «өрімдей қыздың денесін бөлшектеп,  азаптап өлтірді» деп айыпталып отырған күдіктіге ғана лайық. Ал теміртаулық жігіттердің мына оқиғасында соққыдан немесе алынған жарақаттан  өлген-жіткен ешкім жоқ, жәбірленушілер дін аман. Заң талабын дұрыс қолданса, әрі кеткенде бұзақылық бабымен дәрежеленетін әрекет. Бұл жерде істі қараған судья  қолданылмай қалған заңның киесінен емес, жәбірленушілердің  ұлты орыс екенінен жасқанған тәрізді немесе  тәжірибесі аз  судья үкім кесер кезде мансабынан қорықты,  не болмаса  жоғары тұрған соттардың  басшылары айтқан тапсырмалардың  ықпалынан шыға алмай қалды ма,  әйтеуір,  қолдануға   ешқандай  негіз болмаса да,  «айыпталушылар  жәбірленушілерді өлтіруге  қасақана оқталған» деген  тәрізді  дәлелі нақтыланбаған тағы бір  ауыр айыпты  күштеп қосып, сотталушылардың  хал-жағдайларын ауырлатып көрсетіп жіберген.

        Үкім шығарған судьяның  ұлт араздығы деген мәселеден үрейленіп, ауыр жаза  тағайындағанын  белгілі адвокат Абзал Құспан да айтып жүр.  Неге жиырма жыл? Бұған әзірге ешкім жауап берген емес. Былтыр Қарағандыдағы  төбелес барысында  қазақ жігітін  қасақана өлтірген армян жігіті де  мұндай жазаға тартылған жоқ еді. Неге  қарағандылық судья  ақылға сыймайтын қатал жаза тағайындап отыр?  Біздің ойымызша, судьяның  болған оқиғаға құқықтық баға беруге тәжірибесі жетіспеді немесе үкім  облыстық соттың апелляциялық алқасының төрағасымен  алдын ала  келісіліп барып шығарылған. Егер алдағы уақытта арнайы мамандандырылған сот  судьясының әділетсіз үкімі  апелляциялық сатыдан  қамшы салдырмай өтіп өзгеріссіз қалдырылса, онда күдік-күмәніміздің шындыққа айналғаны. Біздің бір байқағанымыз, судьялар мен прокурорлардың көпшілігі биліктегілер  жөткірінсе үш күн бойы естерін жия алмай, «жәрекімаллаларын»  айтып, «кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш» деген ұстаныммен өмір сүретін тәрізді. Жарымжан үкімді жоғарыдағылар   өзгертсе өзгерте берсін, ол үшін судьяны ешкім жазаламайды. Бүгінгі қалыптасқан  ұстаным осындай.

       Күні кеше ғана тараптардың татуласуымен аяқталған  Алматының іргесіндегі «Алтын Орда» базарындағы  төбелес барысында тұрақ жұмысшысын соққыға жыққан Николай Жигуновтың әрекетіне   жүргізушінің кінәлі екенін біле тұра, ұлтаралық жанжал сипатын беріп, оны ақтап алуға тырысқандар көп болды. Бір қызығы, сол атой салып жүргендердің  басым көпшілігі   өзге ұлт өкілдері емес, интернационализм  уағызының  уызын еміп өскен өзіміздің қандастарымыз. Жүргізушінің әрекетін  жақтайтындардың басым көпшілігі тұрақ жұмысшысын негізсіз   жазғырып, «не болды соншама, жүз теңгеге өлді ме» деп,  мәселеге заңдық тұрғыдан баға бермей, көңіл күй әуенімен кетіп қалды.  Олар өз-өздерін жерлеп,  қазақ орысты кемсітіп, балағаттады десе, заң атаулының өздерін қорғайтынын жақсы біледі.  Ал егер  мәселеге заңдық тұрғыдан қарап,  «мынау  қандасымыз қазақ, анау басқа ұлт өкілі» деп бөле-жармай,   ақиқат бағасын беретін  болсақ,   тұрақ  ақысының көлемі мен тәртібін  белгілейтін   жұмысшы емес,  ол базар әкімшілігінің  заңдастырып қойған  ережесін   орындаушы ғана.  Сол себептен де жұмысшының көлік иесінен ақы талап етуі орынды. Айыпталушы әйелінің  жәбірленушінің қолында пышақ болды, арымызға тиетіндей ауыз сөздер айтты деген  айыптары да негізсіз, ол  келіншектің күйеуін қорғау мақсатындағы жасаған жасанды  байбаламы ғана. Кейде  соттарымыздың көңіл күй әуенімен  айтыла салатын  сондай айыптарды да  негізге алып жіберетіні бар.   Тұрақ ақысын талап еткен  жұмысшының жүргізушіге  пышақ ала жүгіргенін растайтын да бірде-бір   дәлел жоқ, оны  жүргізуші  әйелінің қасақана оқиға орнына тастағаны да көрініп   тұрды.  Заңды ақыны талап еткен жұмысшының талабына құлақ аспай, төбелесті бастаған жүргізуші екені  де  бейнетаспадағы айғақтармен толық дәлелін тапқан.  Оны белгілі адвокат Жангелді Сүлейменов те  айтты. Жұртқа ұсынылған деректерде   тұрақ жұмысшысының кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті. Соған қарамастан,  осы істі зерттеумен айналысқан  құқық қорғау органдары   ұлт араздығы деген айқайдан қашып, түйенің жүгін аудырмай, арадағы дауды екі тарапты татуластырып  аяқтады. Оған құзырлы органдардың  әу бастан-ақ мүдделі болғаны ешқандай да дау тудырмайды. Олар, шындығына келгенде, күні ертең-ақ өзге ұлт өкілдерімен бірге жүзі қазақ болғанымен, жан дүниесі орысша қандастарымыздың  аттандап шығып, «заң орындары қазақты жақтап шықты» деген айқай-сүреңнен жасқанған сыңайлы.

         Қазақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейді. Бірақ  ол кез келген қысастық пен қылмысты кешіре бер деген түсінікті білдірмесе керек. Заңдарымызда  «заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды» деген қағида тағы бар. Солай бола тұрса да, соңғы жылдары заң орындары  «пәледен машайық қашыпты» дегендей, екі ұлт өкілі шекісіп жанжалдасып қалса,  жауапкершілікке  жергілікті ұлт өкілдерін  көбірек  тартатын болып жүр. Қонаев ақсақал айтқандай,  «Орыс өкпелесе Мәскеуге шабады, ал қазақ қайда барады?»  Әлемнің  көптеген мемлекеттерінде ел мен жердің иесі болып саналатын жергілікті  ұлттың  мүддесін  қорғауға көп жағдайда басымдық беріледі. Тіпті көршіміз Ресейдің президенті Владимир Путиннің өзі «орыс ұлтының өкілдері қай жерде, қай мемлекетте жүрсе де, олардың мүддесі  бізді бейжай қалдырмайды» деп ашық айтқанын сан рет естідік.

       Әрине,  Қазақстан – зайырлы  мемлекет,  жұрттың бәрі заң мен сот алдында тең.  Ендеше  тағайындалатын жаза олардың   нәсілі мен ұлтына қарай емес,  жасаған қылмысы мен әрекетіне қарай неге қолданылмайды?!  Бізде керісінше, қазақ ұлтына қарсы саясат жүріп жатқан сияқты. Қорлайды, соңынан «жаздым, жаңылдым» деп кешірім сұрап, ақталады. Осы күнге дейін қазақты қорлаған  қаншама адам  сауға сұраумен  жазадан жалтарып кетті. Тек құзырлы органдар  кешірім сұрау  дәл осы қалпында жалғаса берсе,   одан да   қадір-қасиет қашып,  жұрттың  заңдарымызға деген  сенімі жоғалатынын  түсінбейтін тәрізді.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24