Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс

Жарас КЕМЕЛЖАН

23.06.2022, 09:23

1127

Дабыл қақпасаң, дауыл тұрмайды қазір. Ресей мен Украина қақтығысынан кейін Қазақстанға ағылып жатқан көрші ел азаматтары туралы әңгіме көбейді. Әсіресе Алматыда ит жетектеген орыстардың қаптап кеткенін, Алматының орыстарына ұқсамайтын еуропа-типтілердің көбейгенін жұрт жазып жатыр. Бірақ солар туралы фейсбукте қоғамдық пікір тудырсаң, әлгілер жан-жақтап «талап», парақшаңды бұғаттап тастайтындарын қайтесің?! Басында бұған біз де аса мән бермегенбіз. Бірақ мәселе тереңдеп бара жатқан сияқты.

Кеше ғана сенатор Мұрат Бақтиярұлы журналист Нартай Аралбайұлының ютуб-арнасына берген сұхбатында: «Ресей азаматтарына Қазақстан азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керек», – дегенді айтты. Анық естідік. Есті адамды есеңгірететін, ессіз кісіні елең еткізетін әңгіме ғой, бұл. Сонда біз Ресейден көшіп келіп жатқан орыстарға азаматтық беріп жатырмыз ба? Қазақстан қақпағы жоқ қазан ба еді: ит келіп, ұрттап, құс келіп, құсып кеткені қалай? Қазақстан азаматтығы көрінген келімсекке тарата салатын шүлен бе еді? «Қазақстан – жер бетіндегі барша қазақтың Отаны. Қазақстан азаматтығы – ұлты қазақтарға ғана берілетін құнды құжат», деген әңгіменің бәрі бос сөз болғаны ма? Бір жылдары ресми орган қанша жасырып-жапса да, бір Алматының өзінде 5000 қытай Қазақстан азаматтығын алғаны туралы жазылған болатын. Кейін әлдебір саяси оқиғалар араласып, әлгі әңгіме ың-шыңсыз жабылып қалды.

Азаматтықты кімге беру, кімге бермеуді тәптіштеп түсіндіріп отыратын уақыт емес қазір. Ол уақыттан Тәуелсіздіктің басында, алғашқы Ата заңды бекіткен кезде-ақ өтіп кеткенбіз. Яғни «Қазақстан азаматтығы шетелден келген ұлты қазақ азаматтарға беріледі», дегенді біреуге айтып, түсіндірудің қажеті жоқ.      

Сонда Мұрат Бақтиярұлының: «Азаматтық беруді қатаңдату керек», – дегені қай сасқаны? Әлде, шынымен, Қазақстан азаматтығы Ресейден бас сауғалап, келіп жатқан орыстарға таратылып жатыр ма? Егер, біздің күдігіміз рас болса, онда Қазақстан азаматтығын таратып жатқан құзырлы орган қызметкерлері заң алдында жауап беруі тиіс! Бұл сырғыма жауаппен құтылатын шаруа емес.

Ішкі істер министрлігінің таратқан ресми мәлімдемесіне сәйкес, 2022 жылдың наурызынан бері 36 мыңнан аса Ресей азаматына Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріліпті. Қайталап айтайық, 3 айда 36 мың адам алған әлгі нөмірді. Сонда ай сайын 12 мың Ресей азаматы Қазақстанның ЖСН нөмірін алып отырған. Аз ба, көп пе? Осы көрсеткішті өткен жылмен салыстырдық. 16 есе көп екен. Былтыр 2230 адамға берілген. Биыл ЖСН алған украиналықтардың саны – 637 болыпты. Былтырғыдан 3 есе көп.

Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) дегеніміз – Қазақстан азаматтығы емес, әрине. Бірақ осы нөмір арқылы шетелден келген кез келген адам өз кәсібін жүргізіп, жұмысқа тұрып, бенктен есеп-шот аша алады. Қысқасы, Қазақстан азаматтары пайдаланатын барлық құқықтарға ие деген сөз.

Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали Қазақстанға ағылып жатқан ресейліктер туралы өз ойын былай жеткізді:

– Елімізге ресейлік азаматтар келіп жатыр. Халық бұл үрдіске наразы, себебі ұлттық мүддеге қатысты алаңдаушылық білдіруде. Ресейлік азаматтардың Қазақстанға ағылуының көптеген себептері бар. Ол азаматтық алу, Қазақстанға келіп, ЖСН жасату арқылы банктік карточка жасату. Себебі Ресей банктері санкцияға ұшырап, SWIFT жүйесінен ажыратылды. Ондаған мың ресейлік ЖСН жасатқаны айтылуда, оның барлығы азаматтық алды дегенді білдірмейді. Алайда 1999 жылы Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерімен жеңілдетілген негізде азаматтық алу бойынша келісімдер жасалған болатын-ды. Міне, осыған сай, азаматтықты заңда көрсетілген талаптарға сай алу жолдары аталмыш ел азаматтарына жылдам болуы мүмкін.

Сондықтан біздің заңда азаматтықты жеңілдетілген формада алуды тек қана қандастарға қалдырып, өзге жандарға керісінше, қатаңдату шараларын жасау керектігі маңызды. Бұл – қоғамды алаңдатып отырған басты мәселенің бірі. Азаматтық алуда жаңа талаптарды да енгізу маңызды, оның ішінде, мемлекеттік тілді білу мен ел тарихы жайында емтихан тапсыру (көптеген елдерде бар тәжірибе) міндетті болуы шарт...

Бұл, әрине, саясаттанушының пікірі. Жалпы, Қазақстанға босып келіп жатқан Ресей азаматтарына жасалған жеңілдік ЖСН берумен бітпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті басқармасының сарапшысы Берік Есқараевтың айтуынша, Ресей азаматтарына Қазақстанда жұмыс істеу үшін қандай да бір рұқсат алу талап етілмейді. Демек, көрші ел азаматтары біздің елде ешқандай кедергісіз, тайраңдап жүріп, жұмыс істей алады. Берік Есқараев: «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім бойынша Ресей азаматтарының елімізде жұмыс істеуі үшін рұқсат талап етілмейді. Олар елімізде кез келген жұмысқа орналаса алады. Ал Украина азаматтары үшін рұқсат керек», – деп түсіндірді. Осының өзі Қазақстанның көші-қон заңы кімдерге жұмыс істеп, кімдерге бұрылып тұрғанын аңғару қиын емес.

Қазақ «Жығылған үстіне жұдырық» дейді мұндайды. Жұмыссыздық жайлап, өз азаматтарымыз тұрақты жұмыс таппай, базарда арба сүйреп жүргенде, ресейліктерді жарылқап жатқанымыз ақылға сыймайтын әңгіме. Көршінің көңілі қалады дейміз бе, әлде көптігінен ығамыз ба? Басқасын қойшы, орыстар келсін, жұмыс істесін, ЖСН алсын. Бірақ Ресейден келген ұлты орыстарға Қазақстан азаматтығын беруге болмайды. Бұл – талқылайтын мәселе емес.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 17.06.2022, 14:05
Әр сала осындай белсенді әрекетке барса, қоғам оңалар еді

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33