01.02.2023, 07:26
1451
«Қазаққа ру мен жүзге бөлінбеу керек. Руға бөлінуінің кесірінен, Қазақстандағы биліктің бәрін бір ру меншіктеп басып алды. Бөлінгенді бөрі жейді деген осы», дейді белгілі кәсіпкер, ментор, халықаралық «Арман холдинг» компаниясының президенті Серікбай Бисекеев YouTube-тегі «Голос народа» каналына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, ғасырлар бойы қазақ бірігудің орнына бөлінуге құмар боп келді. Енді ережемізді өзгерту керек. Қарапайым адамдар түгілі, шенеуніктеріміз бен саясаткерлерімізге дейін ру мен жерге бөлгіш.
Кәсіпкер тағы былай деді:
– Сосын, Қазақстанда бәсекелестік деген нәрсе жоқ. Өйткені нарық атаулының бәрін біреулер меншіктеп алады да, өзінен басқа ешкімнің өсуіне жол бермейді. Біреу қатты көтеріліп бара жатса, оның бизнесін тартып алады. Ал шынайы, әділ бәсекелестік болмаған жерде әлемдік деңгейдегі өнім шығару мүмкін емес. Мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер белгілі бір олигархтарын қорғау үшін Қазақстанды әлемнен оқшаулайды. Нарығымыз жабық, бұғатталған.
Халыққа тиесілі шикізатты жерден шығарып алып, оны еш өңдемей, сыртқа сата береміз. Шикізат деген өнім емес. Және ол өзіңдікі де емес, халықтікі. Қазақстандағы кәсіпкерлердің басын қосатын «Атамекен» деген басты палатасымақты әу бастан халық таңдамаған, кәсіпкерлер қолдамаған, ешкім өз қалауымен қосылмаған. Сондықтан ол кәсіпкерлердің өкілі бола алмайды, отандық бизнестің мүддесін қорғай алмайды.
Қазақстанға ірі инвестициялардың келуіне еліміздегі коррупция үлкен кедергі жасап келеді. Жемқорлық деген барлық саланы жегіқұрттай жейді. Бірқатар халықаралық компаниялардың Қазақстан үкіметімен соттасқанын, әлі де соттасып жатқанын бүкіл әлем көріп отыр. Инвесторлар Қазақстандағы құқық деңгейін, ақпараттық ортасын, заңсыздығы мен «двойной стандарттарын» көреді, келіссөз жүргізетін, жобаға қол қоятын бір шенеунігі сотталып кетеді де, бір айдан кейін оның орнына басқасы келеді. Берекесіздік. Жүйелі қателік бар бізде. Апта сайын бір шенеунік сотталып жатады. Ендеше, жүйеміз ауру, оны жүйелі түрде емдеу керек.
Елді жақсарту үшін халықтың жалақысын көбейткен жөн. Конкурстардың бәрі ашық өтуі тиіс, қазіргідей 2-3 адам өзара өтірік өткізіп жібермеуі тиіс. Вакансиялар, аттестациялау дегендер ашық, әділ болса, көптеген лауазымдарға шынымен де мықты кадрлар келер еді, бизнестен болсын, басқа саладан болсын. Солар ғана мықты мемлекет, тиімді министрлік құра алады. Ал енді өмір бойы шенеунік болған, қағаз-құжатты уақытылы бастығының алдына қойғаны үшін ғана кішкентай шенеуніктен жүре келе ірі шенеунікке айналған қулардың кесірінен, Қазақстан халқының әл-ауқаты жылдан-жылға нашарлап жатыр. Соңғы 15 жылдан бері еліміз теріс бағытқа қарай жүріп келеді. 2005 жылға дейін сенат пен мәжілісте тірі бәсекелестік болса, одан кейін үкімет биліктің жеке монополиясына айналып кетті. Коррупцияның кесірінен, тіпті, күштік құрылымдарда да лауазымдар сатылатын болды. Мемлекеттік қызметті шенеуніктер тек ақша табатын мүмкіндік деп қабылдайды.
Жаңа Қазақстанның жаңа парламентіне халықты алдарқату үшін бір мандатты округтерден жаңа адамдарға 5-7 пайыз орын берер, бірақ 70 пайыз көпшілік бәрібір билік партиясынан болатынын ескерсек, бас шұлғи беретін «Нұр Отан» дәуірі әлі де жалғасатын сияқты, өкінішке қарай. Кеше ғана елбасы дегенде, өле жаздағандар бір жыл өтпей, елбасыға қарсы шыға келді. Бірде-бір оппозициялық партияны өткізбеді – дейді ол.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР